Данышпандар даналығын дарытатын еңбек
Осы күрделі міндетті жеңілдету мақсатында, ол Батыс философиясы дамуының елеулі кезеңдерін көрсетеді деген 25 шығарманы іріктеп ұсынған. Бұл шығармалар әлемдік ақыл-ой дамуының белесті кезеңдері мен бай қазынасын танытады. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі философия тарихын қамтыған жинақ адамзат ақыл-ойының құнарлы нәрі мен көркем табиғатына енді ден қоя бастаған жас қауымға даналық мәйегін түсінікті де тартымды тілмен баяндайды. Жинақта әр философиялық шығармадағы түйінді идеялар талданып, түсіндірме берілген.
Аталған жинақ философияны оқып үйренгісі келетін әрбір адам үшін сол саланы ұзақ жыл бойы зерттеп, адамзат даналары жасаған мол мұраны қалай дұрыс оқып үйренуге болады, оның теориялық және тәжірибелік маңызы неде, ондағы қандай мәселелер арнайы мамандарға ғана емес, әрбір философияға қызығатын оқырман үшін пайдалы, оны жүйелі түрде оқытудың әдістемесі қандай болуы тиіс деген маңызды сұрақтарға жауап береді. Реми Хесстің аталған еңбегі философия тарихындағы ең маңызды деген жиырма бес ойшылдың философиясын, олардың бір-бір басты шығармасын қарастыра отырып, автордың жеке өмірбаяны, шығармашылығына тоқталып, еңбектің басты идеясын түсіндіру арқылы ойшылдың ең бірінші адами, кісілік болмысын тануға, ойлау ерекшелігін бағамдауға мүмкіндік береді. Себебі, философия қашанда тұлғалық сипатта. Яғни Реми Хесстің аталмыш туындысы философия тарихындағы Платоннан бастап қазіргі заман философиясына дейінгі айтулы тұлғалардың философиялық ілімдерінің мәнін, басты ерекшеліктерін жүйелік құрылым, өзіндік әдістеме негізінде қарапайым оқырман үшін де, осы саланы зерттеп, зерделеп жүрген мамандар үшін де, олардың жалпы философия туралы пікірі, түйген ойлары мен туындаған сауалдарына жаңаша қырынан қарауға көмектеседі. Мұндай әдістеме жасаудың терең білім мен асқан шеберлікті қажет ететіні белгілі. Ол болмыс пен ойлау, материя мен форма арақатынасы, дүние құрылымы, заттар мен құбылыстардың себептілік байланыстары мен ортақ принциптерін, табиғат, қоғам, ойлаудың жалпыға ортақ даму заңдылықтарын айқындаудағы философиялық ойлаудың тарихқа (ғылымға) қарағанда поэзия, шығармашылық өнермен ортақ жалпылық сипатымен түсіндіруге болатын өзіндік ерекшелігімен байланысты.
«Философтардың шығармалары арқылы ғана философияның тереңіне бойлап, шалқарына құлаш ұруға болады. Яғни бұл ғылымның тұнық тұмасы да, құнарлы мәні де сол төлтума шығармаларда жатыр. Бірақ олар қарапайым оқырмандарға оңай алдыратын, жедел игеретін, оңай-оспақ, жеңіл білім емес. Сондықтан оған алдымен, біршама дайындық керек, екіншіден неден бастап, қалай игеру керектігін аңдататын әдістеме керек» деп жазған автор кітаптың кіріспесінде.
Еңбектің басты ерекшеліктеріне келсек, оған біз шығармадағы философиялық білімнің табиғаты, философ болмысын түсіндіруге арналған Платонның «Думан» атты шығармасына арналған бөлімге тоқталмақпыз. Себебі, дәл осы бөлімде автор философиялық білімнің өзіндік ерекшелігін түсіндіреді. Ол философиямен алғаш танысқалы отырған оқырман үшін ғана емес, осы саланы көптен зерттеп жүрген мамандарға да қызық.
Реми Хесс бұл бөлімде бірнеше адам отырып талқылаған мәселедегі философиялық танымның орнын, оның өзге пайымдаулардан ерекшелігін бөліп көрсетеді. Яғни Платон мен Аристотельдің еңбектеріне түсініктеме беретін әл-Фараби сияқты әр бөлімге тақырыпшалар қойып, қарастыратын мәселені жалпының ішінен жеке бөліп алып, философияға тән ойлау бойынша оның басқалармен арақатынасы, байланысы, сол тұтастықтағы алатын орнын айқындауға мән береді. Сондай-ақ, философ болмысының мәні «көпті ешқашан місе тұтпай, тұтастықты ту етуде» екенін, яғни философ үшін жалпы дегеніміздің өзі – әлемдегі сан алуандылық пен дүниенің көптүрлілігі арасындағы бір қарағандағы ешбір байланыс жоқтай көрінетін заттар мен құбылыстар, процестер арасындағы жәй көзбен аңғару өте қиын бір-бірімен біртұтастықты құрайтын құрылымдық байланыста өмір сүретін тұтастай дүние болмысы екенін көрсетеді.
Реми Хесс Платонның «Думан» атты шығармасына арналған бөлімде туындыда қарастырылатын маңызды мәселенің философиялық білімнің табиғаты, даналық, махаббат туралы болғанымен оған қатысушылардың көптігі, пікірдің сан алуандығы, ойдың терең астарлылығына қарамастан сұхбатқа қатысушылардың кімдер және олдардың мәселеге байланысты қандай ұстанымда екендіктерін көпсөзділікке де түсініксіздікке ұрынбастан ойды жүйелі әрі байыпты түрде баяндау арқылы мәселенің мәнін түсіндіріп береді.
Таным тереңдететін пәлсапа парақтары
Реми Хесс өз еңбегінде Платонның әр түрлі көзқарастағы замандастардың арасында философиялық білім, онымен байланысты махаббат туралы өрбіген сұхбат туралы, ондағы мәселеге қатысты аподейтикалық ойлау әдісін меңгерген философ Сократтың ұстанымы, дүниеге деген көзқарасының ерекшелігін асқан шеберлікпен сипаттағанын көрсетеді.
Реми Хесс Платон философиясының «Думандағыдан» өзге маңызды қырларына да назар аударады. Атап айтқанда, оның таным теориясы, идеялар туралы ілімі (диалектикасы), қоғам, мемлекет, саясат мәселелеріне арналған көзқарастарының мәнін де жүйелі түрде түсіндіреді.
Енді, Реми Хесстің Платонның үңгір туралы әпсанасы, мемлекет, саясат туралы идеялары, таным теориясы мен эстетикасына байланысты ойларына тоқталайық. Реми Хесс айнала көзге көрінетін дүниені – «ол, абзал дүние емес, ақиқат – мәңгі өмір сүретін идеялар әлемінде» деп есептеген Платонның идеялар туралы ілімінің мәнін, білім мен білімсіздік табиғатын түсіндіретін үңгір туралы әпсанасындағы ой астарының ақиқатын ашып айтады. Әпсанада адамдар тіршілігінің күнді көру бақытынан айырылып, үңгірге қамалған өмірге теңелгенін, сондықтан да олардың жер бетінде шын өмір барын білмейтінін тілге тиек етеді. «Ақиқатты түсінген философ дегеніміз кім? Оның міндетіне не кіреді?» деген сауалға: «Шын мәнінде, философ үңгірден шығып, жарқырап тұрған күннің (Игіліктің) бар екендігін ашқан адам. Алайда, оның міндеті – адамдарға оралып, олардың көлеңкелер әлемінде тіршілік етіп жатқанын түсіндіріп, көмектесу» деп жауап береді.
Платонның таным теориясын, ғылым және эстетика теориясын дамытуға ұмтылып, осы ғылымдардың барлығы Қаланың (мемлекеттің) игілігі үшін дамуы тиіс деп есептегенін айтады. Қала (мемлекет) мүддесінің ол үшін әрқашан басты назарда тұрғанын түсіндіреді.
Әйгілі философ Сократтың ең дарынды шәкірті Платон болатын. Реми Хесс өз еңбегінде Сократ өмірінің, онымен байланысты философиясының, кейінгіге берген басты тәлімі мен аңызға айналған өлімінің де себебі жайында жүйелі әрі шындыққа ең жақын мағлұмат береді. «Сұхбаттасушыларға берген Сократтың ең басты тәлімі – ақылды болуға жәрдем беру, яғни оларға шынайы білімге өрлеудің жолын көрсету және соқыр сенімнен бас тартуға шақыру», – деп жазады ол.
Осындағы Сократ тәлімі, философиясының мәні туралы тарқата айтсақ, Афина көшелерін кезіп жүріп, адамдарды даналық ілімге үйреткен, басқаша айтқанда қоғамдағы жағдайларға ешқашан бей-жай қарамаған, келеңсіздіктерді ешбір айналып өтпеген Сократ ілімі философияны алғаш болып адам мәселесіне бұрады. Философияның ендігі жердегі мәселесі жеке алғандағы табиғат та, күллі ғарыш та емес, адам, оның әлемдегі орны, тағдыры, өмірінің мәні екеніне назар аударады. Бірақ оның көзқарасы софистердің болмыс, ақиқат туралы қандай нәрсеге де өз түсініктемелері дайын прагматикалық пайымдауларымен сәйкес келмейді. Сократтың хақиқат, білім, әділеттілік, әсемдік туралы көзқарастары оның маңдай көзімен көретін сыртқы сұлулық та, мардымсыз білім арқылы пайымдап түсінуге болатын хақиқат та емес. Ол сұлулық көзге ұрып көрінбегенмен, көңілді тербеп, жүректі асқақ сезімге бөлейтін жанға жақын тәңірі сұлулық.
Авторы: Әсет ҚҰРАНБЕК, философия ғылымдарының кандидаты, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры
http://almaty-akshamy.kz/dany-shpandar-danaly-y-n-dary-taty-n-e-bek/