Данышпандар даналығын дарытатын еңбек

24 тамыз 2018 ж.

Осы күрделі міндетті жеңілдету мақсатында, ол Батыс фило­софиясы дамуының елеулі кезеңдерін көрсетеді деген 25 шығарманы іріктеп ұсынған. Бұл шығармалар әлемдік ақыл-ой дамуының белесті кезеңдері мен бай қазынасын танытады. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі фило­софия тарихын қамтыған жинақ адамзат ақыл-ойының құнарлы нәрі мен көркем табиғатына енді ден қоя бастаған жас қауымға даналық мәйегін түсінікті де тартымды тілмен баяндайды. Жинақта әр философиялық шығармадағы түйінді идеялар талданып, түсіндірме берілген.

Аталған жинақ философияны оқып үйренгісі келетін әрбір адам үшін сол саланы ұзақ жыл бойы зерттеп, адамзат даналары жасаған мол мұраны қалай дұрыс оқып үйренуге болады, оның теориялық және тәжірибелік маңызы неде, ондағы қандай мәселелер арнайы мамандарға ғана емес, әрбір философияға қызығатын оқырман үшін пайдалы, оны жүйелі түрде оқытудың әдістемесі қандай болуы тиіс деген маңызды сұрақтарға жауап береді. Реми Хесстің аталған еңбегі философия тарихындағы ең маңызды деген жиырма бес ойшылдың фило­софиясын, олардың бір-бір басты шығармасын қарастыра отырып, автордың жеке өмірбаяны, шығар­машылығына тоқталып, еңбектің басты идеясын түсіндіру арқылы ойшылдың ең бірінші адами, кісілік болмысын тануға, ойлау ерекшелігін бағамдауға мүмкіндік береді. Себебі, философия қашанда тұлғалық сипатта. Яғни Реми Хесстің аталмыш туындысы философия тарихындағы Платоннан бастап қазіргі заман философиясына дейінгі айтулы тұлғалардың философиялық ілім­дерінің мәнін, басты ерекшеліктерін жүйелік құрылым, өзіндік әдістеме негізінде қарапайым оқырман үшін де, осы саланы зерттеп, зерделеп жүрген мамандар үшін де, олардың жалпы философия туралы пікірі, түйген ойлары мен туындаған сауалдарына жаңаша қырынан қарауға көмек­теседі. Мұндай әдістеме жасаудың терең білім мен асқан шеберлікті қажет ететіні белгілі. Ол болмыс пен ойлау, материя мен форма арақаты­насы, дүние құрылымы, заттар мен құбылыстардың себептілік байла­ныстары мен ортақ принциптерін, табиғат, қоғам, ойлаудың жалпыға ортақ даму заңдылықтарын айқын­даудағы философиялық ойлаудың тарихқа (ғылымға) қарағанда поэзия, шығармашылық өнермен ортақ жалпылық сипатымен түсіндіруге болатын өзіндік ерекшелігімен байланысты.

«Философтардың шығармалары арқылы ғана философияның тереңіне бойлап, шалқарына құлаш ұруға болады. Яғни бұл ғылымның тұнық тұмасы да, құнарлы мәні де сол төлтума шығармаларда жатыр. Бірақ олар қарапайым оқырмандарға оңай алдыратын, жедел игеретін, оңай-оспақ, жеңіл білім емес. Сондықтан оған алдымен, біршама дайындық керек, екіншіден неден бастап, қалай игеру керектігін аңдататын әдістеме керек» деп жазған автор кітаптың кіріспесінде.

Еңбектің басты ерекшеліктеріне келсек, оған біз шығармадағы философиялық білімнің табиғаты, философ болмысын түсіндіруге арналған Платонның «Думан» атты шығармасына арналған бөлімге тоқталмақпыз. Себебі, дәл осы бөлімде автор философиялық білімнің өзіндік ерекшелігін түсіндіреді. Ол философиямен алғаш танысқалы отырған оқырман үшін ғана емес, осы саланы көптен зерттеп жүрген мамандарға да қызық.

Реми Хесс бұл бөлімде бірнеше адам отырып талқылаған мәселедегі философиялық танымның орнын, оның өзге пайымдаулардан ерекше­лігін бөліп көрсетеді. Яғни Платон мен Аристотельдің еңбектеріне түсініктеме беретін әл-Фараби сияқты әр бөлімге тақырыпшалар қойып, қарастыратын мәселені жалпының ішінен жеке бөліп алып, философияға тән ойлау бойын­ша оның басқалармен арақатынасы, байланысы, сол тұтастықтағы алатын орнын айқындауға мән береді. Сон­дай-ақ, философ болмысының мәні «көпті ешқашан місе тұтпай, тұтас­тықты ту етуде» екенін, яғни философ үшін жалпы дегеніміздің өзі – әлемдегі сан алуандылық пен дүние­нің көптүрлілігі арасындағы бір қарағандағы ешбір байланыс жоқтай көрінетін заттар мен құбылыстар, процестер арасындағы жәй көзбен аңғару өте қиын бір-бірімен біртұтас­тықты құрайтын құрылымдық байланыста өмір сүретін тұтастай дүние болмысы екенін көрсетеді.

Реми Хесс Платонның «Думан» атты шығармасына арналған бөлімде туындыда қарастырылатын маңызды мәселенің философиялық білімнің табиғаты, даналық, махаббат туралы болғанымен оған қатысушылардың көптігі, пікірдің сан алуандығы, ойдың терең астарлылығына қарамастан сұхбатқа қатысушылардың кімдер және олдардың мәселеге байланысты қандай ұстанымда екендіктерін көпсөзділікке де түсініксіздікке ұрынбастан ойды жүйелі әрі байыпты түрде баяндау арқылы мәселенің мәнін түсіндіріп береді.

Таным тереңдететін пәлсапа парақтары

Реми Хесс өз еңбегінде Платонның әр түрлі көзқарастағы замандас­тардың арасында философиялық білім, онымен байланысты махаббат туралы өрбіген сұхбат туралы, ондағы мәселеге қатысты аподейтикалық ойлау әдісін меңгерген философ Сократтың ұстанымы, дүниеге деген көзқарасының ерекшелігін асқан шеберлікпен сипаттағанын көрсетеді.

Реми Хесс Платон философия­сының «Думандағыдан» өзге маңызды қырларына да назар аударады. Атап айтқанда, оның таным теориясы, идеялар туралы ілімі (диалектикасы), қоғам, мемлекет, саясат мәселелеріне арналған көзқарастарының мәнін де жүйелі түрде түсіндіреді.

Енді, Реми Хесстің Платонның үңгір туралы әпсанасы, мемлекет, саясат туралы идеялары, таным теориясы мен эстетикасына байла­нысты ойларына тоқталайық. Реми Хесс айнала көзге көрінетін дүниені – «ол, абзал дүние емес, ақиқат – мәңгі өмір сүретін идеялар әлемінде» деп есептеген Платонның идеялар туралы ілімінің мәнін, білім мен білімсіздік табиғатын түсіндіретін үңгір туралы әпсанасындағы ой астарының ақи­қатын ашып айтады. Әпсанада адам­дар тіршілігінің күнді көру бақытынан айырылып, үңгірге қамалған өмірге теңелгенін, сондықтан да олардың жер бетінде шын өмір барын білмей­тінін тілге тиек етеді. «Ақиқатты түсінген философ дегеніміз кім? Оның міндетіне не кіреді?» деген сауалға: «Шын мәнінде, философ үңгірден шығып, жарқырап тұрған күннің (Игіліктің) бар екендігін ашқан адам. Алайда, оның міндеті – адамдарға оралып, олардың көлең­келер әлемінде тіршілік етіп жатқа­нын түсіндіріп, көмектесу» деп жауап береді.

Платонның таным теориясын, ғылым және эстетика теориясын дамытуға ұмтылып, осы ғылымдардың барлығы Қаланың (мемлекеттің) игілігі үшін дамуы тиіс деп есептегенін айтады. Қала (мемлекет) мүддесінің ол үшін әрқашан басты назарда тұрға­нын түсіндіреді.

Әйгілі философ Сократтың ең дарынды шәкірті Платон болатын. Реми Хесс өз еңбегінде Сократ өмі­рінің, онымен байланысты филосо­фиясының, кейінгіге берген басты тәлімі мен аңызға айналған өлімінің де себебі жайында жүйелі әрі шындыққа ең жақын мағлұмат береді. «Сұхбат­тасушыларға берген Сократ­тың ең басты тәлімі – ақылды болуға жәрдем беру, яғни оларға шынайы білімге өрлеудің жолын көрсету және соқыр сенімнен бас тартуға шақыру», – деп жазады ол.

Осындағы Сократ тәлімі, фило­софиясының мәні туралы тарқата айтсақ, Афина көшелерін кезіп жүріп, адамдарды даналық ілімге үйреткен, басқаша айтқанда қоғамдағы жағдай­ларға ешқашан бей-жай қарамаған, келеңсіздіктерді ешбір айналып өтпеген Сократ ілімі философияны алғаш болып адам мәселесіне бұрады. Философияның ендігі жердегі мәселесі жеке алғандағы табиғат та, күллі ғарыш та емес, адам, оның әлемдегі орны, тағдыры, өмірінің мәні екеніне назар аударады. Бірақ оның көзқарасы софистердің болмыс, ақиқат туралы қандай нәрсеге де өз түсініктемелері дайын прагматикалық пайымдау­ларымен сәйкес келмейді. Сократтың хақиқат, білім, әділеттілік, әсемдік туралы көзқарастары оның маңдай көзімен көретін сыртқы сұлулық та, мардымсыз білім арқылы пайымдап түсінуге болатын хақиқат та емес. Ол сұлулық көзге ұрып көрінбегенмен, көңілді тербеп, жүректі асқақ сезімге бөлейтін жанға жақын тәңірі сұлулық.

Авторы: Әсет ҚҰРАНБЕК, философия ғылымдарының кандидаты, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры

http://almaty-akshamy.kz/dany-shpandar-danaly-y-n-dary-taty-n-e-bek/