«Философияның таңдаулы 25 кітабы»
Францияның белгілі философ-ғалымы Реми Хесс бұл еңбегінің қазақша басылымына алғы сөзді өзі жазып беріп, Ұлттық аударма бюросының жұмысына разылығын білдірді.
– Осы уақытқа дейін менің еңбектерім он екі тілге аударылған еді. Мен үшін енді қазақ тілі де жаңа бір мәдениетке жол ашқан қақпаға айналды. Енді бұл кітаптың жалғасын жазғым келеді. Мен оны «Қазіргі гуманитарлық ғылымдардың таңдаулы 25 кітабын» жазу арқылы толықтырмақ ойдамын. Кітаптың қазақ оқырмандары мен студенттеріне арналатынын білген кейбір әріптестерім (мысалы, Париж католиктік институтының профессоры Огюстен Мютюаль мен Мехико университетінің профессоры Роландо Еспиноса) маған: «Иә, бұл – шынында да, тамаша кітап!» деп қошемет көрсетті. Қазақ оқырмандарын философия ілімінің кәусарынан сусындатып, адамзат ақыл-ойының бай қазынасымен қауышуға жетелейтін аударма еңбектің келешегіне шын жүректен тілектестік білдіремін. Қоғамда экономист, архитектор, мұғалім, дәрігер, ауылшаруашылығы қызметкері, музыкант… немесе такси жүргізушісі болып-ақ философиямен етене сырласу – әбден мүмкін іс. Философия бізді оқуға, жазуға, өмір сүруге және ойлауға тәрбиелейді, – дейді автор.
Ой алыптарының еңбектері арқылы ғана философияның тереңіне бойлап, шалқарына құлаш ұруға болады. Яғни бұл ғылымның тұнық тұмасы да, құнарлы мәні де сол төлтума шығармаларда жатыр. Бірақ философия – қарапайым оқырманға оңай алдыратын, жедел игерілетін жеңіл-желпі білім емес. Оған алдымен біршама дайындық керек, сосын неден бастап, қалай игеру керектігін біліп алған жөн. Өйткені, бағзы заманнан бері даналық әлеміне ой қосқан ғұламалар мен олардың шығармаларына сан жетпейді.
Реми Хесс бұл кітапта батыс философиялық ой тарихының елеулі кезеңдерін көрсетеді-ау деген 25 шығарманы іріктеп ұсынады, сонау Платон мен Аристотельден бастап, Хайдеггер мен Сартр секілді ХХ ғасыр философтарына дейінгі ой дамуын сараптайды. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі бүкіл философия тарихын қамтуға талпынған автор адам ақыл-ойының құнарлы нәрі мен көркем табиғатына енді ден қоя бастаған жас қауымға түсінікті де тартымды болуы мүмкін деген шығармаларды таңдаған.
Әрине, бұл еңбектерді бірден оқып, түсініп кету оңай емес. Сондықтан жас оқырманның қабылдауына оңайырақ болуы үшін оларды қысқа және түсінікті тілмен талдап-таразылаған. Кітаптағы әр тараудың кіріспесінде аталған туынды философтың өмірі мен шығармашылығында қандай орын алатыны айтылса, одан кейін оның мазмұны қысқаша баяндалған. Осы және басқа да еңбектерінде философ көтерген негізгі тақырыптар мен мәселелерді анықтау үшін әр тарау түсіндірмемен аяқталған.
«Философияның таңдаулы 25 кітабы» жинағына философтардың мынадай шығармалары енген: «Симпозиум» (Платон), «Никомах этикасы» (Аристотель), «Тәубе» (Әулие Аугустин), «Әдіс туралы пайым» (Рене Декарт), «Левиафан» (Томас Гоббс), «Этика» (Барух Спиноза), «Азаматтық басқару туралы трактат» (Джон Локк), «Адам ақыл-ойы жөніндегі жаңа тәжірибелер» (Готфрид Лейбниц), «Теңсіздік туралы толғам» (Жан-Жак Руссо), «Таза ақылға сын» (Иммануил Кант), «Дүние ерік пен ұғым-түсінік ретінде» (Артур Шопенгауэр), «Құқық философиясы» (Георг Ф.Гегель), «Позитивті рух жөніндегі пайым» (Огюст Конт), «Үрей ұғымы» (Серен Кьеркегор), «Неміс идеологиясы» (Карл Маркс, Фридрих Энгельс), «Әлеуметтік әдіс» (Фредерик Лё Пле), «Мораль генеалогиясы» (Фридрих Ницше), «Сексуалдық туралы үш эссе» (Зигмунд Фрейд), «Уақыт феноменологиясы» (Эдмунд Гуссерль), «Шығармашылық эволюциясы» (Анри Бергсон), «Болмыс және уақыт» (Мартин Хайдеггер), «Ғылыми рухтың қалыптасуы» (Гастон Башляр), «Әдіс мәселесі» (Жан-Поль Сартр), «Жиынтық пен қалдық» (Анри Лефевр) және «Философиялық шығармалар. Сөздік» (жалпы редакциясын басқарған Жан-Франсуа Маттеи).
Жинақта әрқилы тарихи кезеңде өмір сүрген осы көрнекті философтардың қысқаша ғұмырнамасы да берілген. Сондай-ақ, олардың шығармаларындағы негізгі тақырыптар да барынша қамтылған. Мәселен, Платондағы махаббат, Әулие Аугустиндегі дін, Аристотель мен Спинозадағы этика, Гоббс пен Локктағы саясат, Фрейдтегі сексуалдық, Руссодағы әлеуметтік теңсіздік, Кант пен Шопенгауэрдегі таным, Гуссерль мен Хайдеггердегі уақыт, Гегельдегі құқық, Кьеркегордағы тіршілік мәселесі, Башлярдағы эпистемология, Ле Пледегі қоғам, Маркстегі идеология, Декарт пен Сартрдағы әдіснама…
Бұл жас ұрпақтың философиямен алғаш танысуына көмектесуге арналған кітап. Тізім «Философияның таңдаулы 25 кітабымен» әсте шектелмейді. Бұл – «осыдан бастаған жөн» дейтін кітаптардың алдыңғы легі, оқуға арналған таңдамалы кітаптардың сипаттама баяны ғана. Кітаптың тараулары хронологиялық тәртіппен орналастырылған. Алайда, олардың әрқайсысына жазылған арнайы ескертпелер бар, сол арқылы әр ойшылдың белгілі бір мәселеге қатысты ұстанымдарының ерекшеліктерін салыстыруға болады. Мысалы, кітаптың беташары біздің дәуірімізге дейінгі (шамамен алғанда) 385 жылы жазылған Платонның «Симпозиум» деп аталатын еңбегінен басталады. Бірақ бұл «Платонға дейін философия болған жоқ» дегенді білдірмейді. Философия есте жоқ ескі замандардан бері келе жатыр. Әйтсе де, бізге ежелгі философтардың көбінің шығармаларынан тек үзік-үзік бөліктері ғана жетті. Көне грек ойшылдары мұрасының ішінен бізге толығырақ, шығармалары бүтін күйінде жеткен тұңғыш философ – Платон. Кітаптың осы философтың шығармасынан басталуы да сондықтан.
Аударма – философия тарихында өзіндік орны бар күрделі шаруа. Өзге мәдениетке бойлау және оны өз ана тіліңде сөйлету – ерекше күрделі процесс. Кейбір дүниелер өзге тілге аударылғанда бастапқы мәнін өзгертіп, түпнұсқадағы қайталанбас реңін жоғалтқандай болады. Ондайда философияның өзіне ғана тән оңтайлы тілі бола ма деген де ой келеді.
Ешқандай тілге аударылмайтын арнайы терминдердің болатыны да сол себепті шығар. Мәселен, Мартин Хайдеггердің «Дазайн» деп аталатын ұғымы. Бұл сөз («Da-Seіn» деп жазылады) неміс тілінен қазақшаға аударғанда «осында-болмыс» деген мағына береді. Бүкіл әлем философтары мен зерттеушілері Хайдеггер шығармаларын талдап-таразылағанда, бұл сөз тіркесін өз тілдеріне тәржіме жасамастан, немісше айтылуымен «Дазайн» деп қолдануға келіскен. Біз де сол үрдіске сай осы күйінде қалдырдық.
«Философия дегеніміз – ой қорыту» дейді Гегель. Шығарманың философиялық терең мәніне оның тарихи құндылығы қосылса, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар жауһар дүниенің туғаны. Философия өзінше ерек ілім болса да, ол өзін қоршаған әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мен диалектикалық байланыста дамиды. Философия мәдениеті тарихта аты шыққан және ой әлемінде есімдері әйгілі авторлардың шығармаларын оқу арқылы қалыптасады. Бұл кітаптың да бірден-бір мақсаты – оқырмандарды аса көрнекті ойшылдармен және олардың шығармаларымен таныстырып, философия мәдениетін қалыптастыру.
Авторы: Сәкен СЫБАНБАЙ
Толығырақ: http://almaty-akshamy.kz/filosofiyany-ta-dauly-25-kitaby/