«Философияның таңдаулы 25 кітабы»    

13 шілде 2018 ж.

Францияның белгілі фило­соф-ғалымы Реми Хесс бұл еңбегінің қазақша басылы­мына алғы сөзді өзі жазып беріп, Ұлттық аударма бюро­сының жұмысына разылы­ғын білдірді.

 Осы уақытқа дейін менің еңбектерім он екі тілге аударылған еді. Мен үшін енді қазақ тілі де жаңа бір мәдениетке жол ашқан қақпаға айналды. Енді бұл кітап­тың жалғасын жазғым келеді. Мен оны «Қазіргі гуманитарлық ғылымдардың таңдаулы 25 кіта­бын» жазу арқылы толықтырмақ ойдамын. Кітаптың қазақ оқыр­мандары мен студенттеріне арналатынын білген кейбір әріптестерім (мысалы, Париж католиктік  институ­ты­ның  профессоры Огюстен Мютюаль мен Мехико университетінің профессоры Роландо Еспиноса) маған: «Иә, бұл – шынында да, тамаша кітап!»  деп қошемет көрсетті. Қазақ оқырмандарын философия ілімінің кәусарынан сусында­тып, адамзат ақыл-ойының бай қазына­сымен қауышуға жете­лейтін аударма еңбектің келеше­гіне шын жүректен тілек­тестік білдіремін. Қоғамда эконо­мист, архитектор, мұғалім, дәрігер, ауылшаруа­шылығы қыз­мет­кері, музыкант… немесе такси  жүр­гізушісі болып-ақ филосо­фия­мен етене сырласу – әбден мүмкін іс. Философия бізді оқуға, жазуға, өмір сүруге және ойлауға тәр­бие­лейді, – дейді автор.

Ой алыптарының еңбектері арқылы ғана философияның тереңіне бойлап, шалқарына құлаш ұруға болады. Яғни бұл ғылымның тұнық тұмасы да, құнар­лы мәні де сол төлтума шығарма­ларда жатыр. Бірақ фи­лософия – қарапайым оқырманға оңай алдыратын, жедел игерілетін жеңіл-желпі білім емес. Оған алдымен біршама дайындық керек, сосын неден бастап, қалай игеру керек­тігін біліп алған жөн. Өйткені, бағзы заман­нан бері даналық әлеміне ой қосқан ғұламалар мен олардың шығар­ма­ларына сан жетпейді.

Реми Хесс бұл кітапта батыс филосо­фиялық ой тарихының елеулі кезеңдерін көрсетеді-ау деген 25 шығарманы іріктеп ұсынады, сонау Платон мен Аристотельден бастап, Хайдеггер мен Сартр секілді ХХ ғасыр философтарына дейінгі ой дамуын сараптайды. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі бүкіл философия тарихын қамтуға талпынған автор адам ақыл-ойының құнарлы нәрі мен көркем табиғатына енді ден қоя бастаған жас қауымға түсінікті де  тартымды  болуы  мүмкін  деген шығармаларды таңдаған.

Әрине, бұл еңбектерді бірден оқып, түсініп кету оңай емес. Сондықтан жас оқырманның қабылдауына оңайырақ болуы үшін оларды  қысқа және түсі­нік­ті тілмен талдап-таразылаған. Кітап­тағы әр тараудың кіріспе­сінде аталған туынды философ­тың өмірі мен шығармашы­лығында қандай орын алатыны айтылса, одан кейін оның мазмұны қысқаша баяндалған. Осы және басқа да еңбектерінде философ көтерген негізгі тақырыптар мен мәселелерді анықтау үшін әр тарау түсіндірмемен  аяқталған.

«Философияның  таңдаулы 25 кітабы» жинағына философ­тардың мынадай шығармалары енген: «Сим­позиум» (Платон), «Никомах этикасы» (Аристотель), «Тәубе» (Әулие Аугус­тин), «Әдіс туралы пайым» (Рене Декарт), «Левиафан» (Томас Гоббс), «Этика» (Барух Спиноза), «Аза­маттық басқару туралы трактат» (Джон Локк), «Адам ақыл-ойы жөніндегі жаңа тәжірибелер» (Готфрид Лейбниц), «Теңсіздік туралы толғам» (Жан-Жак Руссо), «Таза ақылға сын» (Иммануил Кант), «Дүние ерік пен ұғым-түсінік ретінде» (Артур Шопен­гауэр), «Құқық философия­сы» (Георг Ф.Гегель), «Позитивті рух жөніндегі пайым» (Огюст Конт), «Үрей ұғымы» (Серен Кьеркегор), «Неміс идеологиясы» (Карл Маркс, Фридрих Энгельс), «Әлеуметтік әдіс» (Фредерик Лё  Пле), «Мораль генеалогиясы» (Фридрих Ницше), «Сексуалдық туралы үш эссе» (Зигмунд Фрейд), «Уақыт фено­менологиясы» (Эдмунд Гуссерль), «Шығарма­шылық эволюциясы» (Анри Бергсон), «Болмыс және уақыт» (Мартин Хайдеггер), «Ғылыми рухтың қалыптасуы» (Гастон Башляр), «Әдіс мәселесі» (Жан-Поль Сартр), «Жиынтық пен қалдық» (Анри Лефевр) және «Философиялық шығар­малар. Сөздік» (жалпы редакциясын басқарған Жан-Франсуа Маттеи).

Жинақта әрқилы тарихи кезеңде өмір сүрген осы көрнекті философ­тардың қысқаша ғұмыр­намасы да берілген. Сондай-ақ, олардың шығарма­ларындағы негізгі тақырыптар да барынша қамтылған. Мәселен, Платон­дағы махаббат, Әулие Аугустиндегі дін, Аристотель мен Спинозадағы этика, Гоббс пен Локктағы саясат, Фрейдтегі сексуалдық, Руссодағы әлеуметтік теңсіздік, Кант пен Шопенгауэрдегі  таным, Гуссерль мен Хайдеггердегі уақыт, Геге­льдегі құқық, Кьеркегордағы тіршілік мәселесі, Башлярдағы эписте­мология, Ле Пледегі қоғам, Маркстегі идеология, Декарт пен Сартрдағы әдіснама…

Бұл жас ұрпақтың филосо­фиямен алғаш танысуына көмек­тесуге арналған кітап. Тізім «Фи­лософияның таңдаулы 25 кітабы­мен» әсте шектелмейді. Бұл – «осыдан бастаған жөн» дейтін кітаптар­дың алдыңғы  легі, оқуға  арналған  таңда­малы  кітаптардың  сипаттама  баяны ғана. Кітаптың тараулары хронологиялық тәр­­тіп­пен  орналас­тырылған. Алайда, олардың әрқайсы­сына жазылған  арнайы ескертпелер бар, сол арқылы әр ойшылдың белгілі бір мәселеге қатысты ұс­та­нымдарының ерекшеліктерін салыстыруға болады. Мысалы, кітаптың беташары біздің дәуірімізге дейінгі (шамамен алғанда) 385 жылы жазылған Платонның «Симпозиум» деп аталатын еңбегінен басталады. Бірақ бұл «Платонға дейін философия болған жоқ» дегенді білдірмейді. Философия есте жоқ ескі замандардан бері келе жатыр. Әйтсе де, бізге ежелгі философ­тардың көбінің шығармаларынан тек үзік-үзік бөлік­тері ғана жетті. Көне грек ойшылдары мұрасының ішінен бізге толығырақ, шығар­малары бүтін күйінде жеткен тұңғыш философ – Платон. Кітаптың осы философтың шығармасынан баста­луы да сондықтан.

Аударма – философия тари­хында өзіндік орны бар күрделі шаруа.  Өзге мәдениет­ке   бойлау  және оны өз ана тіліңде сөйлету – ерекше күрделі  про­цесс. Кейбір дүниелер өзге  тілге  ауда­рылғанда  бастапқы  мәнін  өзгертіп, түп­нұсқадағы қайталанбас реңін жоғалтқандай болады.  Ондайда фило­софияның өзіне  ғана  тән оңтайлы  тілі  бола  ма  деген  де  ой  келеді.

Ешқандай тілге аударылмайтын арнайы терминдердің болатыны да сол себепті шығар. Мәселен, Мартин Хайдеггердің «Дазайн» деп аталатын ұғымы. Бұл сөз («Da-Seіn» деп жазылады) неміс тілінен қазақшаға аударғанда «осында-болмыс»  деген мағына береді. Бүкіл әлем философтары мен зерттеу­шілері Хайдеггер шығар­маларын талдап-таразылағанда, бұл сөз тіркесін өз тілдеріне тәржіме жасамас­тан, немісше айтылуымен «Дазайн» деп қол­дануға келіскен. Біз де сол үрдіске сай осы күйінде қалдырдық.

«Философия дегеніміз – ой қорыту» дейді Гегель. Шығар­маның философия­лық терең мәніне оның тарихи құндылығы қосылса, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар жауһар дүниенің туғаны. Философия өзінше ерек ілім болса да, ол өзін қоршаған әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мен диалек­тикалық байланыста дамиды. Филосо­фия мәдениеті тарихта аты шыққан және ой әлемінде есімдері әйгілі автор­лардың шығармаларын оқу арқылы қалыптасады. Бұл кітап­тың да бірден-бір мақсаты – оқырмандарды аса көр­некті ой­шылдармен және олардың шығар­маларымен таныстырып, фило­софия мәдениетін қалыптас­тыру.

Авторы: Сәкен СЫБАНБАЙ

Толығырақ: http://almaty-akshamy.kz/filosofiyany-ta-dauly-25-kitaby/