Қазақ әдебиетінің жауһарлары 6 тілге аударылады
Ағылшын, қытай, орыс, француз, испан, араб тілдерінде жер бетіндегі жұрттардың үштен бірі сөйлейді. Содан болар, БҰҰ осы 6 тілді өзінің жұмыс тілі деп ресми таныған. Міне, осы тілдерге алдағы уақытта қазақ әдебиетінің жауһарлары аударылып, өзге тілді оқырманға жол тартпақ. Бүгін авторлар мен аудармашылар жолығып, пікір алмасты.
Ақбар Мәжит, жазушы (Қытай):
- Қазақстанның мына саясаты дұрыс. Мұнда «Нұрлы жол», Бізде Жібек жолы. Екі ел тек бизнес, өнеркәсіпте ғана емес, мәдениетте де жақын қарым-қатынаста болуы керек. Екі жинақтан тұратын қазақ әдебиетінің антологиясына 60 автордың еңбектері енбек. Авторларды Жазушылар одағы іріктеген. Тек ағылшын тіліндегі антология кемі 10 мың данамен басылады. Бұдан соң жинақтар Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия сияқты елдердің негізгі кітапханалары мен оқу орындарына тегін таратылмақ.
Ақұштап Бақтыгереева, ақын:
- Мені тануы шарт емес. Қазақ әдебиетін тануы керек әлем. Сондықтан, екі өлең бе, бір шығарма ма, сонысымен Ұлы даланы танытса - біз үшін бақыт. «Бұл – ұлттық тіліміздің азаттық алуы», - дейді жиналғандар. Өйткені, бұған дейін қазақ әдебиеті әлем тілдеріне тек орыс тілі арқылы ғана аударылып келген. Аударылған антологиялар тек баспа түрінде ғана емес, электронды және аудио форматтарда да жарық көреді. Олар онлайн платформалардан орын таппақ.
Автор: Ғабит БӨКЕНБАЙ