Медиа саласына арналған кітап жарыққа шығады
Оксфорд университетінің баспасынан шыққан оқулықты австралиялық медиатанушылар Жейсон Бейнбридж, Никола Гок және Лиз Тайнан бірігіп жазған. Бұл – «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры тәржімалаған, биылғы тізімге іліккен таңдамалы 30 кітаптың ішіндегі шоқтығы биік қазына. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында баспаға дайындалып жатқан бұл кітап – алыс-жақын көрші мемлекеттердің ана тіліне аударыла қоймаған тың еңбек. Алғашқы басылымы 2008 жылы ағылшын тілінде бестселлерге айналған кітап 2011 жылы қайта толығып шықты. 2015 жылғы соңғы басылымы қазақтілді оқырман асыға күткен кітаптың бірі болғалы тұр.
Кәсіби журналистиканың қалыптасу тарихынан бастап, қоғамның қозғаушы күшіне айналған медиа cаласындағы соны өзгерістерді талдаған құнды еңбектің қазақ журналистикасының дамуына өз үлесін қосатыны анық. Әлемнің озық жоғары оқу орындары таңдаған кітаптың үшінші басылымы – медиа мен журналистиканың өзара байланысына қызығушылық танытқан кез келген оқырман көңілінен шығуы керек. Мәселен, кітаптың 6-тарауында: «Тақырыптың «Кино – жетінші өнер» деп аталуы қасаң қалып емес, көптеген киногер, жазушы мен сыншылар киноны ХІХ ғасыр философы Гегель атап көрсеткен алты өнердің (сәулет, мүсін, сурет, музыка, поэзия және философия) қатарына қояды. Неге кино «жетінші өнер» санала бастады?
Киноны өнердің бір түрі ретінде тану идеясы – киноөндіріс мамандары Гриффит пен Мельестен басталды. Киноны өнердің бір формасы ретінде тануы керек деген көзқарас білдірген. 1960 жылдары сыншылар мен ғалымдар да кино өнер ретінде танылуы керек деген салмақты ой айтты. Алғашқы он бес жылдық қарқынды дамуынан кейін кино ХХ ғасырдағы кескіндеме, мүсін, әдебиеттен маңыздылығы кем емес өнердің жаңа эстетикалық жетінші түрі бола бастады» деп жазады кітап авторлары. Көкейіңізде «Медиа және журналистика» кітабында кино неге жеке тарау болып жүр?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Постсоветтік ұғымда киноны әдебиеттің экранизациясына яки жеке өнерге балап, журналистикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын дербес сала санап келгеніміз ақиқат. Біздің ұғымға сіңісті боп қалған БАҚ ұғымының аясы «медиа» терминімен салыстырғанда өте тар. БАҚ санатына газет-журнал, телевизия мен радио, арагідік әлеуметтік желіні жатқызып жүрміз. Ал «медиа» ұғымын қамтитын санатқа кино, газет-журнал, телевизия мен радио, смартфоннан жолдаған SMS хабардан бастап, MMORPG ойындары (Massively multiplayer online role-playing games – жаппай көп қатысушыға рөл берілетін онлайн ойындар – авт.) да кіреді. Демек, аясы кең медиа ұғымын дұрыс түсіну үшін «Медиа және журналистика» кітабы пайдалы болмақ. «Төртінші билік» атанған журналистиканың шығу төркінін, бүгінгі жағдайын және келешек сын-қатерлерін анықтаған оқулық кім-кімнің де кәдесіне жарайды. Кітап жеңіл оқылуы үшін ішіндегі тапсырмаға сай кино қарайсыз, әр тараудан кейін пысықтау сауалдарына жауап бересіз, тұздық ретінде ұсынылған қызықты мәліметтерге қаныға аласыз.
Кітап тілі қарапайым және қызықты етіп жазылған. Бес бөлімнен тұратын кітапта: медиа мен журналистика ұғымы тарихынан бастап, медиаиндустрия өнімдерін талдау; қоғамдық ортаның айнымас бөлігіне айналған медиаға анализ жасайтын тәсілдер; жаңалықты тарату жолдары және медиаконтент; қазіргі және келешек коммуникацияның толық анықтамалығы түзілген. Сондықтан жаңалықтар өндірісіндегі идея, ақпарат ағынын шолу, тарату, келіссөз жүргізу сынды процестердің қыр-сырымен танысып, журналистік зерттеудің маңызына көз жеткізуге болады. Кітап авторларының бірі Лиз Тайнан «Қауым дабылы» атты тарауда: «Бұқаралық коммуникацияның басқа формаларымен салыстырғанда радио адам қиялына тез әсер етеді. Сондықтан басқа да осы сияқты көптеген себептерге байланысты телевизия дамудың шарықтау шегіне жетсе де, радио жоғалған жоқ. Бір кездері көпшілігі радионың ғұмыры өте қысқа деп ертерек жаназасын шығаруға асыққанмен, өз қызметін әлі күнге жалғастыруда» деп жазады. Демек, әрбір медиа форманың өз тұғыры бар. Кітапта өміршең радионың түлеуіне арқау болған подкаст сынды жаңа жанрлардың ерекшелігі егжей-тегжейлі талқыланады. Әлі күнге сауатсыздық деңгейі жоғары және коммуникацияның игіліктері толық жетпеген аймақтарда радионың әлеуметтік және экономикалық десі басым. Радионы зерттеу үшін баспасөз бен телевизиядан мүлде басқаша қарастыру керек. Себебі радионың өзіне тән ерекшелігі бар. Мұнда дыбыстан басқаша сенсорлық қабылдау жоқ, тек дыбыстың әмірі жүреді. Демек, кейбір елдерде радио – жұртшылыққа ақпарат таратушы жалғыз құрал екені сынды сүбелі мысалдар кітаптың өне бойында жетіп-артылады.
Кітаптың басты құндылығы – медиа маманы болуға талаптанған студентті немесе әуесқой блогерді журналистиканың негізгі принциптеріне баулиды. Ақиқатты айту, халықтың ақпаратты білу құқығын құрметтеу этикасынан бөлек, шындық үшін күресу және қоғам игілігіне адал қызмет ету жолдарын көрсеткен. Кітапта студенттердің өз бетімен іздене білу тәжірибесін қолдау үшін маңызды: «Жалпы, қазіргі журналистиканың даму бағыты дұрыс па? Журналистиканың қазіргі сипаты қандай? Жаңалықтарды кім таратуда? Оқиғаны нақты, дәлелді және шынайы түрде қалай таратуға болады?» сынды сауалдарға жауап берілген. Мультимедиалық ақпарат нысандары өзара бірігіп жатқан дәуірде ойын-сауық бағдарламалары мен жаңалықтар қарым-қатынасындағы арасалмақ күрделене түсуде. Сондықтан медиа қызметкерлері мен журналистер медиа теориясы мен практикасын білуі тиіс. Соны жете түсінген кітап авторлары медиаға сыни тұрғыдан қарап, олардың рөлін теориялық және практикалық тұрғыдан анықтауға тырысқан.
Кітап авторларының бірі Никола Гок жаңа медиадағы блогерлер қорқынышты білмейді яки ескертусіз емін-еркін жариялай алады, әсіресе тәуелсіз баспасөздің ескі дәстүрін қайта жаңғыртты. Олар журналистикаға жаңа леп пен инновация әкелді және ескі тәжірибелерге жан бітіріп, дәстүрлі журналистикадағы, яғни газет-журнал, теле-радиодағы әріптестерімен бірге ХХІ ғасыр демократиясына дем беруде деп бағалаған. Демек, медианың бір тармағы саналатын әлеуметтік желінің цензураға бағынбайтын қырлары жайында пайдалы кеңестер алуға болады. Одан бөлек, мақаланы мөлдіретіп жазу үшін қаламгерлік дағды мен тіл байлығын үйрететін, сондай-ақ медиа анализ бен жаңалық жасау жолдары, коммуникация этикасы секілді арнайы тараулары бар. Тасада қалатын ақпаратты қоғамның талқысына ұсыну – журналистиканың міндеті. Осы тұрғыда «Медиа және журналистика» кітабында Эдвард Сноуден, Жулиан Ассандж секілді күрескерлердің әрекеті, медиамагнат Руперт Мердокқа тиесілі баспасөздегі журналистиканың атына кір келтірген дау-дамай сынды келелі мәселелермен таныстырған.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қазақ тіліне тәржімалаған кітаптың ұлт руханиятына, әсіресе медиа саласына дем берері анық.
Дәурен ДАРИЯБЕК, «Медиа және журналистика: теория мен практикаға жаңа көзқарас» кітабының жауапты редакторы
Толығырақ: https://zhasalash.kz/20005/?fbclid=IwAR0Hc8voZTTGoxfht7V-aTp_Un1rbkonm21mD8vmDIrebgaB_JHb9-pWwc0