Жаңа әлемнің ғылыми тұжырымдамасы. П.Уоллейс. «Интернет психологиясы»

11 October 2018

Оның үстіне, өзіміз еңбекке араласқан 1990 жылдардың соңында өмірімізге интернет дендеп ене бастады. Оның Қазақстанға тарауы, жаппай қолданысқа ие болуы, түптеп келгенде, бас-аяғы 10-15 жыл ішінде қоғам санасына біз күтпеген өзгерістер жасауы шынында да көз алдымызда өтті. Белгілі бір дәрежеде интернет «жаңа әлем» қалыптастырды. Өкінішке қарай, бүкіл өмірімізге ерекшелік енгізген, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызып жатқан» осы жаңалық қазақ тілінде ғылыми жүйеленген жоқ, тіпті оның психологиялық әсері мен ықпалын түсіндіріп беруге талпыныс та болмаған сияқты.

Сондықтан алғаш 1999 жылы жарық көріп, Кембридж университетінің бағдарламасына енген, 2016 жылы екінші басылымы жарық көрген «Интернет психологиясы» еңбегі біздің қоғамға аса қажет болатыны сөзсіз. Автор өзі кітап кіріспесінде атап көрсеткендей, «оқулықтың бірінші басылымы шыққан кезде, кірпіш-кітап сататын дүкендер әлі де тұғырдан түсе қоймап еді. iPhone Apple-ден осыдан он жылдан соң ғана бөлінді, оған ілескен мобиль қосымшалардың тасқыны да кейінірек болып еді. 1990 жылдары интернет «адам аяғы басып көрмеген», кірудің өзі зор күшті қажет ететін аумақты зерттеуші пионерлерді қатты қызықтырды. Ыңғайсыз модемдер, «сәби» бағдарламалар, жүктеуге кететін артық уақыт және осал байланыс үнемі алдан шығып, жұмысымызға кедергі келтіретін. Ол кезде киберкеңістіктің түрлі қуыс-қуысының психологиялық қыры зерттеушілер назарын онша аудара қоймайтын. Десе де, интернетке уақыт жұмсаған әр адам осы нәрсенің адамның мінез-құлқына қатты әсер ете бастағанын байқай алатын-ды».


Мұндағы басты сөз – «ғаламтордың адам мінез-құлқына қатты әсер ете бастауы». Шындығында, дәл осы нәрсе ғалымдарды ғана емес, қазір басшыны да, қосшыны да, ата-ананы да, әріптестерді де қатты алаңдатады. Интернет адамдарды бір-біріне қатты жақындата түсуге де, бір-бірінен қатты алшақтата түсуге де қатты қызмет етіп жатыр. П.Уоллейс осының себебіне терең үңіліп, «кейде неге және неліктен тосын қимылға бой алдыратынымызды жақсы түсіну үшін» әлеуметтік ғылымдар саласындағы белгілі зерттеулерлерге терең ден қояды.


Психология, коммуникация, информатика, бизнес, саяси ғылымдар және басқа да салаларда жүргізілген белсенді зерттеулер адамның интернеттегі, әсіресе әлеуметтік желілердегі мінез-құлқы жайлы жаңа пайымдар туындатады. Қазір ғылыми айналымда «адам мінез-құлқы және компьютер», «компьютерлік-балама байланыс», «киберпсихология», «жаңа медиа және қоғам», «киберқолсұғушылық», т.б. терминдер пайда болып, қолданысқа еркін еніп кетті.
«Интернет психологиясы» кітабында автор бізді қызықтыратын сұрақтардың бәріне жауап табуға тырысады. Интернетке кеңінен анықтама береді, оның адам өміріне ену кезеңіндегі ерекшеліктері мен алғы-шарттарына мән береді, виртуал әлемнің шынайы өмірді алмастыру қабілетіне үңіледі. «Онлайн мінез-құлықты зерттеудің қиындығы – орталардың өзгеріп тұратынында, дегенмен бұл олардың әр түрлі мәлімет тарату құралдарын немесе байланыс ережелерін қолданатынына қатты тәуелді емес. Осы кітапта біз солардың психологиялық ерекшеліктерін қарастырамыз. Мысалы, қолданатын байланыс протоколына қарағанда, экранның көлемі мен смартфонның ұтқырлығы адамның іс-әрекеті үшін маңыздырақ» деп атап көрсетеді автор.
Үйлесімсіз пікірталас форумының не себепті қолданушылар үшін аса ыңғайлы болатыны да, әлеуметтік желілердің қоғамдық маңызы да, ғаламтордың адамның эгоистік сезімін күшейтетіні де, нарциссизмнің онлайндағы бет-бейнесі де кеңінен талқыланады.


Интернет адамдардың топтана әрекет етуіне де кең өріс ашты. Үшінші тарауда автор интернеттегі топ динамикасын қарастырады. «Онлайнда ұйымшыл топтар болуы мүмкін бе?», «онлайнда конформдылық қалай көрініс табады?», «топтық ережелер қандай?», «топтық полярлану деген не?» деген сұрақтардың бәріне жауап іздейді. Кез-келген тақырып пен тақырыпшаны ашу үшін Уоллейс дәстүрлі және заманауи зерттеулерге көп сүйенеді. Әсіресе, әлеуметтік психология саласындағы іргелі зерттеулерді молынан қарастырады.


Интернетте теріс пиғылды, өзгенің психологиялық азабынан ләззат алатын қолданушылар да көп. Оларға тән психологиялық ерекшеліктерді автор «Онлайн-агрессия психологиясы» бөлімінде талдайды. «Адамның агрессиясын не тудырады? Биологиялық факторлар, әсіресе тестостеронның жоғарырақ деңгейі маңызды рөл ойнауы мүмкін. Бірақ қоршаған орта факторы одан гөрі маңызды бола алады. Көп адам интернетті троллиңге, төбелеске және от-жалынға толы және агрессия жеке жағдайға қарағанда, қоршаған ортаның табиғатына сай тым жоғары деп санайды. Кейбір зерттеулер, әсіресе бұрынғы, жеке топтарға қарағанда адам аттарын, балағат сөздер мен тіл тигізудің таңқаларлық деңгейін айғақтаған компьютерлік байланыс (СМС) зерттеулері осы ойымызды растай түседі» деп көрсетеді ол. Онлайндағы анонимдік те ғылыми тұрғыда молынан ашылған. Көрінбеу факторының адамға табиғатында жоқ батылдық сыйлайтыны, дегенмен ішкі тежелу эффектісі өзін шектей ұстауға мүмкіндік беретіні де нақты зерттеулер нәтижесімен келтірілген.


Желідегі ұнату және жақсы көру үрдістері де арнайы тарауда қарастырылады. Сыртқы тартымдылық әдетте бетпе-бет кездесуде зор күшке ие. Тіпті, тартымдылық туралы қалыптасқан стереотиптер де жеткілікті. Ал бірін-бірі әлеуметтік желілердегі парақшалар арқылы ғана танитын адамдар қандай қасиетке жете мән береді? Бұл тұрғыда автор ұқсастық, юмор, дұрыс үйлесім табу сияқты факторларға талдау жасайды. Онлайндағы тұлғааралық ұмтылыстар себебіне үңіледі. Онлайн-танысу психологиясына да жан-жақты зертеулер нәтижесі арқылы қарайды.


Интернетте проәлеуметтік мінез-құлық та кең өріс алған. Зерттеуші назарын ерекше аударған тақырыптың бірі – осы. Интернеттегі қолдау топтары, қаржы іздеу және краудфандиң, куәгер эффектісі, үлкен топтардағы жауапкершіліктің төмендеуі сияқты мәселелер, осылардан келіп шығатын проәлеуметтік онлайн мінез-құлық жеткілікті дәрежеде талданған. Автор «Facebook»-тің тәжірибелі қолданушыларында күйзеліс көбірек болуы мүмкін» деген гипотеза ұсынып, соның себебін қызықты зерттеулер нәтижесі арқылы нақты көрсетеді.


Онлайн-ойындар психологиясы тарауы да ерекше қызықты. Автор алдымен компьютердің, одан кейін интернеттің қазіргі ойын табиғатын қатты өзгерткенін айтады. Балалардың да, тіпті үлкендердің де видеоойындарға құмарту себебін Уоллейс ханым алты негізгі себеп бойынша талдайды. Ойнау үрдісіндегі гендерлік рөл де, ойын дизайнының психологиялық принциптері де, ойын механизмінің күтпеген салдары да терең сарапталады. Видеоойындардың психологиялық әсері мен пайдасы салмақталады.


Баланың дамуына интернеттің әсері қандай? Гендер мәселесі және интернеттегі сексуалдылық неге онлайнда ерекше мәнге ие? Онлайн-құпиялық қажет пе? Бақылау мен қадағалау ше? П.Уоллейстің «Интернет психологиясы» еңбегін оқыған кез-келген біз өмір сүріп отырған уақыттың осындай сұрақтарының бәріне жауап табады.


«Интернет адамдардың мінез-құлқы мен әлеуметтік қатынастарды қорқынышты нәтижеге душар етеді деп қатты қорқудың да қажеті жоқ. Оның орнына мен тепе-теңдік сақтай отырып, оң және теріс тұстарына сілтеме жасай отырып, көп жаңа мәселе көтеріп, интернет психологиясы туралы зерттеулерден шынайы білетінімізді суреттеймін» дейді автор. Бұл еңбекте ол осы мақсатына нақты жете алған. Өмірімізге дендей еніп, тіршілігіміздің бір бейнесіне айналған интернет әлемі, оның психологиялық ерекшелігі туралы бұл оқулық жоғары оқу орындарының студенттеріне де, қарапайым оқырманға да қызықты болары сөзсіз. «Интернет психологиясы» осы күнге дейін қазақ оқырманы үшін «ашылмаған арал» іспетті болған кеңістіктің қыр-сыры мен ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік береді.


Есей ЖЕҢІСҰЛЫ, «Интернет психологиясы» кітабының аудармашысы және жауапты редакторы

Толығырақ: http://almaty-akshamy.kz/zha-a-lemni-y-ly-mi-t-zhy-ry-mdamasy/