Заманалар көшіндегі музыка

09 September 2020

Иә, заманалар бойы музыка адамдардың шабытын оятып, көкке көтеріп, адамзатты тал бесігінде әлдилеп келді. Музыка алдында қарапайым шаруадан бастап құдіретті билеушілерге дейін бас иді. Музыка әр халықтың пайда болу, орнығу, жаңа жерлерді игеру тарихынан сыр шертті. Әр халық өз әуенін өздері ойлап тапқан аспап арқылы жан-жаққа таратып отырды. Ырғақ, әуез, әуен арқылы сөзге жан бітірді, көркемдік үстеді, өміршең етті. Кітапты парақтап отырып, әлемдегі әуеннің адамзатпен бірге жүріп өткен жолын байқайсыз. Ілкі заманалардан бүгінгі күнге жеткен дыбыс пен әуеннің түрлену тәсілдерін, технологиясын, жаңалықтарын жақсырақ түсінесіз. Тұрмыстық, ғұрыптық әндері, ұзаққа созылған ­сапарында шыққан және қазақы тілмен айтсақ «Ел ағын, су ағындағы» зарлы әуені де адамзат тарихының өлмес мұрасы болып қатталып ­отырды. Иә, әр халықтың музыкасы мен аспабы туралы материалдар жинағы ерекше қызғылықты, жаңа ой үстейді, тың бағыттарға жетелейді. Өнердегі кезеңдердің бары мен жоғын да осы кітаптан тауып алуға болады. Әр халықтың ­музыка аспаптарының жасалу жолдары ­туралы материалдар да ерекше.

Ана тілі


Кітаптың аңдатпасында айтылған­дай, «Әлем музыкасы заманауи медиа­ның дүниежүзіне жаһандануды тарататын өнімі емес, адамзат тарихындағы мә­дениеттер мен тілдерді, діндер мен өркениеттерді байланыстыратын үлкен мұра екені мәлім. Тарихқа көз салар болсақ, әлем музыкасы халықтардың түрлі салт-жоралғылары мен діндерінен, сан қилы тағдыры мен тұрмыстық ерекшелігінен тамыр тартады. Осы кітапта жинақталған мақалалар оқырманға Еуропа, Қытай, Үндістан, мұсылман елдері, Оңтүстік және Солтүстік ­Америка музыкасындағы байланыстар мен ­назар аударуға тұрарлық елеулі сәттерді ұсынады. Авторлардың жинақта ұсынылған мақалаларында мәдени қақтығыстар мен кикілжіңдер, ежелгі өркениеттерден бастап, ғылымның өзегі болған орта ғасырлардағы мұсылман ғалымдардың теориялары, Қайта өрлеу кезеңінен постмодернге дейінгі Еуропа музыкасы жан-жақты қарастырылған. Жалпы жинақ бүгінде танымал және классикалық музыка ретінде танылған түрлі халықтардың музыка тарихын егжей-тегжейлі ­баяндайды».
Кітап авторының өзі «Тарихты қаузаған еңбектер ұзаққа созыл­ған әрі шиеленіске толы оқиғалардан құралатындықтан, «Әлем музыка­сының тарихы» кітабында да осы дәстүр жалғасын тапқан. Кітаптағы мәліметтер 1990 жылдары талқыға түскен, музыканың дербес тарихы бар ма, әлде бұл тарихи еңбектердің жинақтарының бірінде қарастырылып келді ме деген даулы сұрақтарға ­жауап береді. Кітаптың құрылымы мен мазмұнына қатысты бастапқы кездегі талқы тарихтың (музыка тарихының) қайнар көзі қайда болуы мүмкін деген сұрақтар легін туғызбай қоймады. Жинақтағы баяндаулар әлемдік ­немесе универсалды тарихтан ­бастау ала ма? Әлде Батыстың әлемдегі үстемдігі мен постотаршылдықтың жауабынан келіп шыға ма? Ұлттық халық музыкасынан ба, әлде трансұлттық халық ­музыкасынан ба? Музыканы жаһандық ауқымда өндіретін құрылымдардан яки музыка атаулының барлығына қатысты білімді тарататын институттардан ба? Тарихнама мен музыка тарихнамасының ортақ моделі Еуропа мен Солтүстік Американың музыкалық ғылымына тәуелді болған­дықтан, бұл сұрақтарға мардымды жауап табу қиынға соқты. Сондықтан музыка антологиясына қатысты көзқарасымызды қайта ой елегінен өткізу қажет болды. Авторлар көтерген түрлі мәселе мен тартысты талқы бұл кітаптың әрбір сатысында туындады, көбіне әлем музыкасының кез келген тарихының өміршеңдігіне қатысты қалың күмәнға бой алдыр­дық. Осылайша, бұл кітап жүйесі Батысқа бұрыннан таныс әрі тарихта қалыбын тауып үлгерген музыка тәртібіне сай құрылмады. Сондықтан музыка тарихы мен музыка тарихнамасына жаңаша қарау үшін қалыпты шеңберден шығу авторлардың басты мақсаты болды» депті.


Кітаптың әр тарауы музыканың та­рихын ғана емес, адамзаттың ­тари­хын қағазға қаттаған. Бізге ­таныс Шығыс ойшылдары, олардың арасында өзімсініп бауырымызға тартатын біраз ғұламалар да бар, әсіресе әл-Фарабидің музыкалық ойлары мен тұжырымдарын талдауы қазақ оқырма­нына айрықша керек дүние деп ойлаймыз.
Ән тарихы дегеннен шығады, қазақ үшін «Елім-айдың» қадірі бөлек қой. Тұтас ұлттың қайғылы көшін түзеген сол бір әуенді естісе қалт тұра қалмайтын қазақ кемде-кем. Кітаптың «Үндістердің музыка ­тарихы» атты тарауында мынандай дерекке тап болдық: ««Әндердің, яғни Коппер-Ривер тұрғындары жағалауға көшу кезінде шығарған «Жүргіншілер мен тыныстаушылар» және «Билеу» тәрізді әндердің тайпалар тарихында алар орны ерекше. 1909 жылы ­Каадастин Свантонға өз бабалары осы сапар кезіндегі тұманда адасып жоғалған жолдастарын еске алып, шырқаған азалы әндер жайында айтып берген. Қырық жылдан кейін, 1949 жылы Сара Уильямс Фредерик де Лагуна үшін дәл осындай ән шырқады және ол осы әуендерді тайпа мүшелері, ­шынымен де, Мұзды шығанақты тапқан ­кезде шығарған шаттық әндерімен салғастырды: «Олар ана таудың астында биледі. Олар осы жаққа келгені үшін өздерін бақытты сезінді. Осында көп нәрсені бастан өткерді және [бұл оқиғалар туралы] әндер де бар»... Әлем музыка тарихы көшіндегі қазақ әуендерінің тарихы да осылай зерттеліп, қатталып, дүниежүзінің мәртебелі университеттері шығаратын оқулықтарға енсе, мұндай тарих пен әуені қабысқан оқиғаның да қатары артар ма еді деген ой келеді.
Шындығында халықты біріктіретін әндер, әсіресе сүргін көрген жұрттың көшінде ел мен жұртқа тіреу болғаны, сүйеу болғаны анық қой. Ендеше, халықты сақтап қалған әуен болып шықпай ма? Кітапта сол үндістер тайпасы туралы «Черокидің көз жасының іздері One Drop of Blood (Бір тамшы қан) сияқты арнайы гимннен көрінеді. Олардың бүгінде Оклахома деп аталатын жаңа аймағында жаңа би алаңқайлары бой көтеріп, осы жердің өздерінің мекені екенін дыбыс және ырғақ жолдарымен білдірді» деп көрсеткені біздің сөзімізге дәлел. Иә, музыка халықтардың бұрынғы қақтығыстарының, күрестері мен бейімделуінің қайта жаңғыруы. ­Музыкалар жүздесуінің міндеті шым-шытырық дыбыстар тарихын сақтау және түсіндіру болса керек.


Кітапта адамзат тарихына, мұ­хиттар мен құрлықтарды ашудағы географиялық жаңалықтарға да музыкатанушының көзқарасы тұрғысынан баға береді. Мәселен, Еуропа теңізшілері мен офицерлерін теңіздегі ұзақ сапар кезінде дәл осы музыка шынықтырып, сергіткені айтылады. Бір-бірін танымайтын және тілін түсінбейтін адамдар арасында байланыс орнату үшін музыка мен би пайдалы болғанын теңізшілер мойындаған екен. Мұхит аймағында тәжірибеден өткізген ең алғашқы еуропалықтардың бірі –Абель Тасман еді. Жаңа Зеландия жағалауына келген оларға маорилер ұлу кернейінде ойнап белгі берсе, теңізшілер кемедегі музыкалық аспаптармен жауап қатқан... Демек, ел мен елді музыка байланыстырған.


«Джеймс Куктің Жер шарын үш рет айналып шыққан сапарының ұтқан жері кемесінде тәжірибелі суретшілерді алып жүргені болды және ресми жазбалардан мұрын флейтасы мен барабанда ойнап тұрған арал тұрғындары иллюстрацияларын қосқанда, Полинезия музыканттары мен музыкалық аспаптарының жекелеген бейнесін табамыз» дейді кітапта.
Иә, кітапты парақтап отырып, көңілге түйгеніміз, халық пен халық жүздескенде дыбыс пен үн де араласып отырған. Дауыс кеңістігіндегі жаңа дыбыс құбылысын бір ұлт екіншісінен сіңіріп, аспаптардың құрылымы мен құрылысын біріне екіншісі үлгі қылып көрсеткен. «Бейтаныс халықтармен жүздесу тарихы музыкада сақталады» деген ұйғарым көңілге қонады.

 

Ана тілі

Адамзат бастан өткерген қилы кезеңдер, соғыстар мен тартыстар музыка зерттеу тарихына қалай салқынын тигізді – бұл да кітаптың өзегіне айналған тақырып. Әлем музыкасының ғана емес, әлем өркениетінің, салт-дәстүрінің, наным-сенімінің тарихы қатталған кітапта ғаламшарымыздағы түрлі ұлттар мен ұлыстың, алып империялардың, құм басқан шаһарлардың тағдырын сол дәуір мен халықтың әуені, музыкалық аспаптары арқылы зерттеп, талдайды. Бір мақаламен екі кітап болып жарық көрген кітапты жан-жақты талқылап өту мүмкін емес. Алайда кітаптың кейбір тарауларының атттарын атап өту арқылы кітап мазмұнын оқырманға жақындата түсерміз деп ойлаймыз. «Мұсылман әлеміндегі музыкалық білім негіздері», «Үндістердің ­(музыка) ­тарихы», «Қытай музыкасы тарихындағы қайталанатын төрт тақырып», «Суфизм және киелі музыканың жаһандануы», «Португал музыкасын категориялау саясаты», «ХІХ ғасырдағы саяхат жазбалары», «Сығандардың әлем жайындағы түсінігі», «Нәсіл мен империяның музыкалық антиномия­сы», «Жаһанданған жаңа капитализм және талғамның тауарлануы», «Музыканың уақыты мен тарихтың уақыты», «Комсополиттік дәуірдегі этномузыкатанудың этикасы»... Бұл тараулардың бір парасы ғана.
Осынау құнды кітапты аударып, баспаға әзірлеген шығармашылық топты да таныстырып өткен дұрыс деп есептейміз. Cambridge University Press»-тен 2017 жылы ­басылып шыққан «Әлем музыкасының ­тарихының» қазақ тілінде жарық көруін әзірлеген аудармашылар: Түркиядағы Ержиес университеті Әлеуметтік ғылымдар институтының PhD докторанты Мұхит Төлеген және Түркиядағы Улудаг университеті, Әлеуметтік ғылымдар институтының магистратура бағдарламасын тамамдаған, Нұр-Мүбәрак ислам мәдениеті университетінің PhD докторанты Асылтай Тасболат. Кітаптың жауапты шығарушысы және әдеби редакторы – Нұрдәулет Омарбек. Еңбектің ғылыми редакторы музыкатанушы, өнертану кандидаты, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры Бақыт Жолдыбайқызы.


Музыка тарихын зерттеп, білуге ұмтылған әрбір оқырман үшін ерекше қызғылықты әрі пайдалы кітап он мың данамен еліміздің университеттеріне жол тартты. Кітаптың ­электронды нұс­қасын «Қазақстанның ашық универси­теті» сайтынан оқып, танысуға болады.
Кітаптың құрылымы туралы бірер сөз. Адамзат көшінің тарихи жолымен қатар, құрлықтар мен халықтардың музыкасы кезең-кезеңімен қоса, географиялық аймақтар ретімен берілгені оқырман үшін пайдалы болар деп ойлаймыз. Әр тараудың материалына қосымша ретінде берілген тарихи иллюстрациялар да кітап мазмұнын аша түскен. Ал әр тарау соңындағы әдебиеттер бөлімінен кәсіби музыканттар өзіне керек кітаптар тізімімен таныса алады.


Ал кітап турасындағы ғылыми талдау, кең көлемді сын-пікір музыкатанушылар, осы сала ғалымдары тарапынан әлі де жасала жатар деген үміттеміз.

Қарагөз Серікқызы

Толығырақ: http://anatili.kazgazeta.kz/news/58434?fbclid=IwAR3ZrvupkiaCfBVTkzjvg2aNZZ9XDE2NcSPfdfI68c4JgH8QhO9QpcDvCPM