Халықаралық бизнеске лайық таңдау
Чарльз Хилл – Вашингтон университеті Фостер Бизнес мектебінің профессоры. Томас Халт – Мичиган штатының университетінде Джон Байнгтон атындағы кеңес төрағасы, маркетинг және халықаралық бизнес профессоры. Екі автордың да әлемдік саяси-экономикалық басылымдарда ғылыми зерттеулері басылған. Қазір Халықаралық бизнестің он екінші басылымының қазақ тіліндегі нұсқасы баспаға әзірленуде. Бұл туынды халықаралық бизнесті оқытудың негізгі курсына арналған жан-жақты қамтылған әрі кейспен пысықталған нұсқасы, яғни әлемдік қаржы жүйесі, халықаралық бизнес құрылымы, халықаралық бухгалтерлік есеп және халықаралық қаржыландыру ұғымдарына мұқият зер салғысы келетін курстарға бейімделген. «Біздің басты мақсатымыз — әрқашан макро және микро мәселелерді тең дәрежеде әрі практика жүзінде қарастырып, оны қарапайымдық және студенттік көзқарас тұрғысынан қамту болды. Көп ұзамай осы халықаралық бизнес курсынан дәріс алған студенттің көбісі жаһандық бизнес әлемінде жұмыс істейді және олар жаһандық нарықта халықаралық бизнестің ұйым стратегиясына, құрылымы мен функциясына тигізер әсерін жете түсінуі тиіс. Ертеңгі көшбасшы ұрпақ үшін осы халықаралық бизнесті меңгеру тәжірибесін бір жинаққа топтастырдық», деп жазады авторлар.
Нарықтағы бәсеке қарапайым да күрделі факторларды қамти отырып, бизнеске қатысты егжей-тегжейлі мәліметті қарапайым тілмен берілген. Осы мәселелер жеті бөлімге бөлінген. Атап айтқанда, ұлттық ерекшеліктер, жаһандық сауда және инвестициялық орта, жаһандық валюталық жүйе, халықаралық бизнес стратегиясы және құрылымы, халықаралық бизнес функциялар, жаһандық өндіріс және жеткізу тізбегін басқару және Интеграциялық кейстер жиырма тарауға жіктеліп, әр тақырыпқа жеке-жеке тоқталады. Сонымен қатар, берілген мәліметті практикада көрсету үшін оқырманға қосымша кейс арқылы белгілі бір мемлекет не әлемдік деңгейдегі компаниялардың нақты мысалын ұсынады. Сондай-ақ, тараудағы мәліметті пысықтау үшін оқытушымен онлайн курсы жасалған.
Кітап мазмұны қызықты қосымша деректерге бай. Әдетте, экономика курсына арналған оқулықтарда теория жалпылама берілгенімен, практика жағы елеусіз қалатыны жасырын емес. Ал «Жаһандық нарықтағы бәсеке» оқулығында бизнестегі әр қадам жергілікті жағдайға тікелей байланысты деп түсіндіреді. Мәселен, бизнес жүргізу этикасы, жергілікті дәстүр, мәдениет, саяси жағдайлар, сауаттылықтың да ықпалы зор. Айталық, халықтың көпшілігі сауатсыз елдерде тауар жарнамасында сурет қолдану бизнесті жандандырады. Түптеп келгенде, авторлар бизнес жүргізудің қарапайым жолдарын ұсынады. Компаниялардың құрылуы, тоқырауға ұшырауы, экспорты, кеңеюіне қатысты нақты формулалар бар. Мәселен, Boeіng ұшақтарының 65 пайызы шет елде жасалады, тек ақырғы өнім ғана АҚШ-та құрастырылады. Ешбір автокөлігі жоқ Uber әлемдік жолаушы тасымалдау нарығында алпауытқа айналған. Ал әлемде кез келген қызметтің шетелге аутсорингке берілуінен уақыт пен қаражат үнемделуде. Мәселен, АҚШ-та түсірілген МРТ Малайзия елдерінде оқылады, ал әлемдік алпауыт Apple, Amazon, Mіcrosoft компанияларының жұмыс күші Үндістан мен Қытайда орналасқан. Бұл да нарықтың әлеуетін үнемді пайдаланудің бір жолы. Оқулықта осындай нақты мысалдар тегіс қамтылған.
Сонымен қатар бұл еңбекте экономикадағы қалыптасқан және жаңа экономикалық теориялармен көзқарастар талданған. Жаңа сауда теориясы және стратегиялық сауда саясаты, экономикалық даму бойынша Нобель сыйлығының лауреаты экономист Амартия Сэннің еңбегі, Сэмюэль Хантингтонның «Өркениеттер қақтығысы» туралы диссертациясы, Пол Ромер мен Ген Гроссман қорғаған экономикалық дамудың өсу теориясы, Майкл Портердің әр ұлттың бәсекеге қабілетті артықшылық теориясы, Нобель сыйлығының лауреаты Дуглас Норттың меншік құқығын қорғау бойынша еңбегі, Батлет пен Гошалдың трансұлттық корпорация туралы зерттеуі және Пол Самуэльсонның еркін сауда теориясы қарастырылған.
Елімізде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіпкерлікті қолдауға арналғаны баршаға аян. Осы тұрғыда бәсекеге қабілетті болу, бизнестің қыр-сырын білу аса маңызды. Алайда, осы тақырыптағы оқулықтар бизнестің бүге-шігесіне бара бермейді. Тіпті, әлемдік нарыққа шығу да отандық кәсіпкерлер үшін жабық есік сияқты. Кітаптың Халықаралық бизнес стратегиясы мен құрылымы бөлімі осы мәселелерді қамтиды.
Әлем бірте-бірте басыбайлы жаһанданып барады. Бірқатар Азия елдерінің экономикасы, әсіресе Қытай мен Үндістан экономикасы жылдам қарқынмен өсуде. Әлемдік дамыған өнеркәсіптік державаларға қоса, дамушы мемлекеттерде жаңа мультиұлттық корпорациялар пайда болуда. Әлемдік экономиканың жаһандануы фирмалардың кең ауқымын, яғни аса ірісінен бастап өте ықшам фирмаға дейін түгел қамтиды. Өкінішке қарай, жаһандық лаңкестік және соған байланысты геосаяси қауіп-қатер жаһандық деңгейде алуан жерде, осыдан он жыл бұрын ойымызға да келмес жаңа жерлерде орын тебуде. Бұл жаһандық экономиканың интеграциясы мен қызметіне қауіп төндіреді. Сонымен қатар, Біріккен Корольдіктің Еуропалық Одақтан шығуды дауысқа салу ұйғарымы, АҚШ-тағы президент Дональд Трамптың сайлауы және күллі әлемдегі бірқатар сайлау науқаны себебінен жер-жаһанның назары көп жағдайда саудадан гөрі ұлттық мәселелерге ауды. Осы және басқа да тақырыптар білім аясын кеңейту мақсатында аталмыш еңбекке топтастырылған. Бұған дейінгі қазақ тіліне аударылған экономикалық оқу құралдарынан айырмашылығы, мұнда қазіргі кезде талқыланатын әлемдегі саяси және экономикалық жағдайлар, Бангладештің экономикалық дамуы, Зимбабвенің құлдырауы, Бразилиядағы жемқорлық, Вьетнамдағы экономикалық трансформация, Boeіng және Aіrbus компанияларының заңсыз субсидияларға қарсы әуе күресі, ІKEA компаниясының жаһандық стратегиясы, доллардың Apple компаниясының табысына кері әсері, Дүниежүзілік Сауда Жүйесіне төнген қатер, BMW, Rolls-Royce және MІNІ жаһандануы кейстерде жіті талданған.
Сонымен қатар, оқулық соңында қазіргі медициналық туризм, аймақтық интеграция, транзакция, бәсекеге қабілеттілік туралы соны зерттеулер мен қысқаша кейстер әлемдік нарықтың бүгінгі келбетінен көрініс береді. «Халықаралық Бизнестің» 12-басылымында кейсті көп әрі кешенді түрде қарастырамыз және жаһандық капитал нарығы, халықаралық бизнесті ұйымдастыру, халықаралық бухгалтерлік есеп және халықаралық қаржы туралы тереңнен толғаймыз» деп жазады авторлар.
Оқулық экономика курсы студенттеріне, экономика тақырыбына қалам тартқан журналистерге, зерттеу жүргізген экономика ғалымдары мен жалпы оқырманға бірдей берері мол.
Ақниет ОСПАНБАЙ, «Халықаралық бизнес: Жаһандық нарықтағы бәсеке» оқулығының жауапты шығарушы редакторы