100 жаңа оқулық: тәуекел түбі – жел қайық.

19 августа 2017 г.

Осыған орай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ұлттық аударма бюросының негіз болуымен, экономика саласы бойынша жарық көргелі отырған кітаптарға қатысты терминология, аударма мәселелері талқыланған
дөңгелек үстел өтті. Жиынға ҚазҰУ жанынан құрылған «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Кенжехан Матыжанов, ҚазҰУ Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Баян Ермекбаева, Экономика кафедрасының меңгерушісі, доцент Гүлнар Садыханова, AlmaU Жоғары бизнес мектебінің деканы, доцент Гүлнар Күреңкеева және Narxoz университеті Экономика және менеджмент мектебінің деканы, профессор Самажан Өмірзақов қатысты.  Модератор – Ұлттық аударма бюросының редакторы Назгүл Қожабек.

Назгүл Қожабек: «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды. Бұл жоба бойынша жұмыс басталып кетті. Осы орайда сіздердің салаларыңыздағы ізденістер қандай?

Кенжехан Матыжанов: Шындығында, бұл – Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы негізінде қолға алынған дүние. 100 жаңа оқулықтың қоғамдық сананы жаңғыртудағы рөлі ерекше. Бірден 100 оқулықты аудару ешқандай мемлекеттің маңдайына жазылмаған дүние болуы керек. Қазақта «ақыл – ауыз, ырыс – жұғыс» деген сөз бар. Әлемдік мықты стандарттар алмасып отыруға тиіс. Бұл – кез келген қоғамдық дамудың көшінде бар тәжірибелер. Алаш автономиясы құрылған сәтте олардың да алдында дәл осындай мәселе туындағаны рас. Әліпби мәселесі, жаңа оқулық құрастыру, аударма мәселесі күн тәртібінде тұрды. Осы кезеңде Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік оқулық аударумен айналысқан. Мәселен, Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Психология», Халел Досмұхамедов «Биология» пәнін аударса, жиырма жастағы Мұхтар Әуезов «Жеткіншек» деген оқулық жазды. Қаныш Сәтбаев – алғашқы «Математика» оқулығын жазған авторлардың бірі. Мұның бәрі ХХ ғасырдың басында жаңалық болып саналды. Қазіргі дүниеге келер болсақ, жаһандану дәуірі басталды. Ғалам ғарыштап дамып барады. Әлемдегі экономиканың, өндірістің,адамзаттың ақыл-ойының дамуы ерекше. Сондықтан біздің де «100 жаңа оқулықты» аудару мәселесін қолға алуымыз – қажеттілік. Мәселен, біз аударып бастаған Клаус Швабтың еңбегі осал дүние емес. Ол өзінің «Төртінші индустриялық революция» кітабында бірқатар экономикалық процестерге жан-жақты баға беруге тырысады. Адамзат тарихында бес күрделі революция болған. Оның алғашқысы – аграрлық революция. Ол қай кезеңде болды? Бұл адамзаттың терімшіліктен мал шаруашылығына ауысқан кезеңін қамтиды. Адамзат бұлшық еті еңбегінің арқасында жануарларды қолға үйрету арқылы аграрлық революция жасады. Одан кейінгі революцияны бу машинасының пайда болуымен байланыстырады. Өндіріс дамыды, қарым-қатынас артты. Әр революцияның болуымен адамзаттың да дамуы айшықталып отырған. Экономикамыз қалай өркендейді, біздің алдымызда қандай қауіп-қатерлер тұр дегенді Клаус Шваб ашып көрсетеді. Біздің жас мемлекет үшін, адами сананы дамыту үшін бұл еңбектің рөлі ерекше деп ойлаймыз. Бұл әрі санамызды жаңғыртудың революциялық жолы дегенді айтқымыз келеді. Елбасы «100 жаңа оқулық» мәселесін айрықша бақылауында ұстап отыр. Жедел арада 100 оқулықты аударып, өндіріске шығару керек деген мәселені алдымызға қойды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 100 кітаптың алғашқы алтауын аударуды өз қолына алды. Әзірге көңіл тұшытарлық деңгейде.


Баян Ермекбаева: Рухани жаңғырудың негізінде экономикалық жаңғыру да бар. Қазір әлемдік жаһандану заманында әр ел экономикасыз өмір сүре алмайды. Сондықтан экономикамен үндестіре қарамасақ, ұтыламыз. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін әлемдік экономикамен байланыса дамуымыз қажет. Әдемдік экономикалық үндестікке білім арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Білім мен ғылым оқулық арқылы келеді. Сол оқулық арқылы санамызды жаңғырта отырып, бәсекеге қабілетті маман дайындай аламыз. Экономикамыз дамыса, рухани көкжиегіміз кеңейеді. Жағдайымыз да жақсарады. «100 жаңа оқулық» жобасына біздің де қатысуымыз – қуанышты жағдай. Ағылшын тілінен қазақ тіліне аудару мәселесі біздің әріптестерге оңай тиіп отырған жоқ. Бұл әрі олардың кәсіби деңгейін арттыруға да мүмкіндік беріп отыр. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті экономист мамандар дайындау үшін әлемде бар озық тәжірибелерді пайдалануға тиіспіз. Ол үшін бірінші кезекте әлемнің назарын аударған оқулықтарға қол жеткізуіміз керек. Ол үшін әлемдегі танымал білікті экономист мамандардың тәжірибелеріне сүйенген абзал. Олар ондай дәрежеге қалай қол жеткізді? Даму процесінде нені пайдаланды? Әрине, ілім-білімсіз шыңға шыға алмаймыз. Біз аударып отырған «Экономикс» кітабында осының бәрі жан-жақты түсіндіріледі. Мұны аударудың үлкен маңызы бар.


Гүлнар Күреңкеева: 2013-2014 жылдан бастап кәсіпкерлік университет идеясын стратегиямызға енгізген едік. Екі-үш жыл бұрын «Болашақ» бағдарламасымен Америкада тоғыз ай болып келдік. Сонда байқағаным – арнайы кәсіпкерлік университеттері бар екен.
Біздің стратегия – кәсіпкерлерді дайындау емес. Біздің мақсат – кәсіпкерлер сияқты ойлай алатын мамандар даярлау. Кәсіпкер дегеніміз кім? Ол жаңаша ойлай алатын, ізденісте жүретін адам. Мұндай адам кез келген қызметке қажет. Сондықтан кәсіпкерлік пәнін барлық оқу жоспарына енгіздік. Кәсіпкерлік ойлау қабілетін дамытуға арналған арнайы оқулықтарды іздей бастадық. Біздің университет таңдап алған Дональд Куратконың кітабы – осы тұрғыдан келгенде, таптырмас оқу құралының бірі. Бұл кітаптың орыс тіліндегі нұсқасы жоқ. Оқулықты бұған дейін де ағылшын тілінде қолданып жүрдік. Бұл кітапты аудардық және сол кітаптағы бар дүниемен жүреміз деп ешкім айта алмайды. Кез келген озық мемлекеттің өзінде бір фирма екінші бір фирмаға ұқсамайды ғой. Өзіндік бағыт-бағдары бар. Сол себепті де, кәсіпкерлік оқулығы – теория түрінде кәсіпкерліктің бағдарын айқындап беру үшін қажет.


Н.Қ.: Оқулықтарды таңдап алуда белгілі бір стандарт, талаптар бар ма? Мәселен, неге дәл Швабтың немесе Гриффиннің, Куратконың кітаптары таңдап алынды?


К.М.: Бұл оқулықтар жайдан-жай таңдап алынған жоқ. Бұл бағдарламаны реттеп отырған – Президент жанынан құрылған Ұлттық комиссия. Іріктеуді жүргізетін – комиссия мүшелері. Әр жоғары оқу орнының мамандары да арнайы ұсыныстар жасады. Комиссия соны бекітті. Ұлттық аударма бюросының қойып отырған талабы – әрбір оқулық әлемдегі ең мықты оқу орнында шыққан болуға тиіс. Кем дегенде, баспада үш рет басылғаны жөн. Әрі таралымы да жоғары болуы керек. Осы талаптар ескерілген жағдайда ғана оқулықты аудару процесі басталады. Жылдың соңына дейін 17 оқулық аударылып бітуге тиіс. Соның негізгі басым бөлігі – экономикамен байланысты. Гуманитарлық ғылымның ішінде экономика, философия, психология пәндері таңдап алынды. Одан кейін педагогика, өнер мен мәдениетке қатысты оқулықтар аударылуы мүмкін. Экономикалық даму – қоғамдық дамудың қозғаушы күші. Әзірге әлемге танылған, сараланған, сұранысқа ие болған дүниелерді ғана таңдап алып отыр. Еуропа мен Ұлыбританияның оқу орындары ғана емес, жалпы әлемде сұраныста бар оқулықтарға жете назар аударылғаны дұрыс шешім деп ойлаймыз. Бұл – бір. Екіншіден, оқулықты таңдап алғаннан кейін, оның рұқсатын алуымыз керек емес пе?! Мәселен, 18 оқулықтың барлығы дерлік, Англия университетінің баспасынан алынып отыр. Олар қолданысқа ие болған, таралымы жоғары, жиі пайдаланылатын оқулықтардың статистикасын жасайды екен. Ең мықты оқулықтың барлығын бір баспаға жинақтаған. Баспа рұқсат еткеннен кейін ғана қазақшаға аудару процесі басталды.


Самажан Өмірзақов: Томас Гриффиннің «Менеджмент» оқулығының қазақ тіліне аударылуы – қазіргі кездегі маңызды қадамдардың бірі. Бұған дейін менеджмент саласында түрлі оқулықтарды қолданып келеміз. Атап айтқанда, Майкл Мэсконның «Менеджмент негіздерін» және Стивен Робинс пен Мэри Коултердің «Менеджментін», Ричард Дафтың оқулығын орыс тілінде оқып келдік. Ал мына кітаптың басты ерекшелігі – орыс тілінде жарық көрмегені. Түпнұсқа ағылшын тілінен аударып жатырмыз. Бұл оқулықтың ең үлкен артықшылығы – теориядан бөлек, шет мемлекеттердегі орта, шағын, ірі кәсіпорындардағы басқару тәсілдерінің нақты компанияларда қалай қолданылғаны, сол арқылы қандай жетістіктерге қол жеткізілгені нақты кейстар түрінде келтірілген. Әр тараудың соңында талқылау сұрақтары, тапсырмалар беріледі және ол тапсырмаларды орындау үшін қандай материалдарға жүгіну керек екені сілтемемен көрсетіледі. Менеджменттің дәстүрлі, қазіргі заманғы тәсілдері мен амалдары көрсетілген. Жаңа технологиялардағы өзгерістерді қалай пайдалану керек екені де айтылады. Ең қызығы, оқулықта компаниялардың және табысты адамдардың қол жеткен табыстары ғана емес, қалай қателескені туралы да айтылады. Сонысымен де тартымды, қолайлы. Алғашқы тарауының өзі «Адаса жүріп жол табу» деп басталады, яғни, салған жерден басқару, менеджмент – өрлеу мен құлаудың алма-кезек ауысып отыруы екенін батырып түсіндіреді.


Н.Қ.: Оқулықты аудару процесінде қандай қиындықтар туындап отыр? Термин мәселесінде бірізділік бар ма? 


К.М.: Қандай күрделі мәселелер бар дегенге келер болсақ, оқулықтардың дені – негізінен ағылшын тілінен аударылуында. Ағылшын тілін білетін маман қазақ тілін еркін білмейді. Білген күннің өзінде еркін жаза алмайды. Қазақшаны еркін білетін тіл мамандарына ағылшын тілі қиындау тиіп тұр. Сондықтан аударма жұмысы үш кезеңге бөлінген: аудармашылар аударады, ғылыми редактор қарайды, әдеби редактор өңдейді. Аударманың тағы бір осал тұсы – ғылыми терминология. Ағылшын тілінде белгілі ғылыми түсініктерді қазақ тіліне қалай ендіруіміз қажет? Осы мәселеде түрлі-түрлі көзқарастар бар. Ел тәуелсіздік алған алғашқы тұста көптеген терминдерді қазақшалап жібердік. Кейбіріне қисынға келмейтін аудармалар жасадық. Ғылым мен білімнің тілінде қолданылмағанымен, қазақ тілінде синонимдер көп. Бірақ ол синонимдер ғылыми терминді дәл мағынасында бере алмауы мүмкін. Мәселен, ағылшын тілінде әрбір терминнің өзіндік ұғымы бар. Ол басқа бір мағынада қолданылмайды. Терминнің тұрақтылығы қажет. Ғылыми терминдер тілдік нормаға түсетін болса, қазақ тілін байыта түседі, қуаттандыра түседі деп ойлаймыз. Терминдерді қалай аударамыз? Бұл – ең үлкен мәселе. Осы уақытқа дейін терминдердің көбі орыс тілі арқылы жетті. Мәселен, Клаус Швабтың еңбегін «Төртінші индустриялық революция» деп алдық. Орыс тілінде «Четвертая промышленная революция» деп алынған. Промышленнось – өнеркәсіп. Егер біз «Төртінші өнеркәсіптік революция» деп аударсақ, онда мағынасынан ауытқып кетеміз. Ағылшын тілінде «Industrial» деп жазылған. Әлемде қолдынылып жүрген қалыптасқан халықаралық терминдерді аудармайық деген шешімге келіп отырмыз. Интернеттің өзін ғаламтор деп аудардық. Қазақша қолданғанда құлаққа жылы естіледі. Ұғынықты сияқты. Бірақ бүкіл әлемде интернет болып сіңісіп кетті. Терминдердің артикуляциялық айтылымы біздің тілімізді бұзбайтын болса, онда ол терминді сол күйінде алған дұрыс болар еді. Бұл – заманның сұранысы. Қазақ тілінің өзі ешқашан таза күйінде сақталған емес. Бір кездері ғылымның тілі араб-парсы тілдерінде болды. Сол араб-парсы тілдерінен қазаққа сіңісіп кеткен сөздер өте көп. Мектеп, мәдениет, кітап, әйел – араб-парсы тілдерінен енген сөздер. Мұның бәрін қазақ тіліне жат деп айта аламыз ба? Сондықтан тілдің дамуына кері әсерін бермейтін терминологияның барлығын кітапқа енгізсек, одан еш ұтылмасымыз анық. Өйткені біраз қолданысқа түскеннен кейін ол қазақы ұғымға сіңісіп кетеді. Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі – ағылшын тіліне біртабан болса да жақындаймыз.


Б.Е.: Термин мәселесінде біздің де тұйыққа тірелер тұсымыз көп. «Экономикс» кітабында кездесетін сөздердің аудармасын біз бір ізге әлі түсіре алмай келеміз. Мәселен, аргумент, модель, концепция, дефицит. Экономикалық модель дейміз. Оны басқаша айта алмаймыз. Дефицит – мұқтаж, қарыз деп айтылып жүр. Бірақ экономикалық терминде мұқтаж деп қолдана алмаймыз. Оқулық шыққаннан кейін тіл мамандары тарапынан сын пікірлер туындауы мүмкін. Біз ол сынға дайынбыз. Өйткені тіл мамандары да біздің уәжге тоқтауы тиіс. Экономикалық терминдерді өз бетімізше қазақшалайтын болсақ, оның мағынасы бұзылады.


С.Ө.:Менеджмент пәні бойынша әлі де қалыптаспаған, құлаққа сіңбеген категориялар бар. Одан бөлек, басқа салаларға да қатысты ұғымдардың аудармасынан әлі де қиналамыз. Жай мысал ретінде интернационализация, профессионализм, мотивация деген сөздерді-ақ алайық. Біз бүгінге дейін мотивацияны ынталандыру десек, бір жағынан уәждеме дейтін еді. Карьера, инициатива ше? Көбінесе бастама дейміз, бірақ көп жерде қазір инициатива деп қолдануға көшіп жатырмыз.


Н.Қ.:Бізде арнайы экономикалық сөздіктер бар емес пе? Терминология мәселесінде сөздіктерді пайдалану мүмкіндігі қалай?


Б.Е.: Өкінішке қарай, бұл сөздіктерде бірізділік жоқ. Бір терминнің өзінің бірнеше нұсқасы бар. Қайсысын пайдалану қажеттігін білмей, қиналасың.


Г.К.: Оқулықты аудару процесінде бізді алаңдатып отырған мәселе – осы. Әр аудармашы өз нұсқасын алып келеді. Бәріміз келіскен ортақ терминдеріміз аз. Кейде жекелеген авторлардың кітабын қарасаңыз, қарныңыз ашады. Автор әр терминді өз
бетімен қазақшаға аударған. Мағынасы мүлдем өзгеріп кеткен. Өкінішке қарай, ортақ келісімге келген, терминология бекіткен нұсқалары жоқтың қасы. Сол себепті де, экономика саласында терминдерде бірізділік жоқ. Мәселен, осыдан 100-120 жыл бұрын Түркия тіл реформасын жасады. Олар неден бастады? Ең алдымен, басқа тілден енген терминдерді өзгертті. Әрі оны жекелеген адамдар емес, топ болып жұмыс істеді. Қазіргі түркі тілінде гуманитарлық ғылым ерекше дамыған. Біз терминология саласында бірігіп жұмыс атқарған жоқпыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» екенін ұмытып кетеміз. Жеке дара шапқаннан кейін терминдер де бірізді болмайды. Сынның да көп айтылатыны – сондықтан. Ортақ келісімге келген емеспіз. «100 жаңа оқулық» бағдарламасы осы орайда бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Экономика саласында жүрген мамандар бірігіп, ортақ терминдерді қалыптастырамыз.


Н.Қ.:Бұған дейін қолданыста болған оқулықтар мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарық көретін оқулықтардың терминдерінде айырмашылық бола ма?

Б.Е.: Ескі оқулықтар мен жаңа оқулықтың терминдері арасында аса айырмашылық болмайды деп ойлаймын. Қанша дегенмен, ұзақ жыл бойы қалыптасып келе жатқан ғылым, орнығып, нықталған терминология бар. Мына атқарылып жатқан жұмыс нәтижесінде сол терминологиялық база молайып, толығып, тек кейбір бірнеше нұсқада қолданылып жүрген терминдер бір ізге түседі.


К.М.: 100 оқулықты жүйелеу үшін арнайы Ұлттық аударма бюросы құрылып отыр. Ертең аударылған кітаптардың барлығы ортақ базаға енгізілетін болады. Ақырындап бір жүйеге түседі. Барлық мемлекеттер мұндай кезеңді бастан кешірді. Бұл бағдарлама қазақ тілін дамытуға, қазақы ортада ғылыми ұғымдарды сіңіруге ерекше әсер етпек. Осы уақытқа дейін қазақтың тілі журналистика мен көркем әдебиеттің тілі болып келді. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымның тіліне айнала алған жоқ. Өйткені ғылыми оқулық жоқ. Жоғары оқу орындарының дені орыс тіліндегі оқулықтарды пайдалануына тура келді. Жаңа оқулықтар қолданысқа енген кезде экономист мамандардың барлығы ортақ бір тілде сөйлейтін болады. Жаңа оқулықтарда жаңа термин, жаңа ұғымдар бар. Жаңа дүниені бірден қалыпқа түсірудің әдісі осы кітаптан көрінеді деген ойдамыз.


Б.Е.: «Біткен іске сыншы көп» дейді. Ертең біздің бұл оқулықтарымызға да сын айтатын адамдар табылар. Тіл мамандары, әдебиетші қауым да сын айтар. Біз бұл кезеңнен өттік. Мәселен, магистранттар мен докторанттардың диссертациялық жұмыстарына анықтаманы үш тілде береміз. Осы жұмыстардың қазақша нұсқасын аударту үшін филологтарға арнайы берген едік. Қазақша аудармасын мүлдем танымай қалдық. Тіпті диплом жұмысының тақырыбының өзі өзгеріп кеткен. Ақырында қайта аударуға тура келді. Ол кісілердің жұмысын жоққа шығарғым келіп отырған жоқ. Олар да – білікті маман. Бірақ экономиканың тілі бөлек. Оны көркем әдебиеттегідей суреттеп жаза алмайсың.


Г.К.: Қазақ тілінде шыққан экономикалық кітаптар жетерлік. Алғашқы бетін оқығаннан кейін-ақ көңілің қалады. Қазақ тілінде жазылған экономикалық оқулықтарды оқымауға тырысамын. Себебі, түпнұсқадан мүлдем ауытқып кеткен. Білікті мамандар ғана
нәтижелі оқулық жазып шыға алады. Батыс авторларының оқулықтарында қалыптасқан терминдерді мейлінше сол күйінде сақтағанымыз дұрыс. Одан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз. Тағы бір қызығы, орыс тілінде қалыптасқан кейбір терминдер бастапқы мағынасынан мүлдем өзгеріп кеткен. Өкініштісі, ол бізде де қолданыста жүр. Түпкі мақсатын қарасаңыз, тіптен бөлек. Осылайша, ұғымды шатастырып аламыз. Мәселен, венчур. Венчур – ағылшын тілінде кәсіпорын деген мағынаны білдіреді. Орыс тілінде «рискованный бизнес» деп алынған. Аудармашылармен ақылдаса келе, венчур деген түпнұсқасын қалдырайық деп шештік.


Н.Қ.: Бір кітапты бірнеше маман аударады. Сегізінің аудармасы бірізді болмауы мүмкін. Термин бірізді болуы үшін не істеу қажет?


Гүлнар Садыханова: «Экономикс» оқулығын аудару тобында сегіз маман бар. Олардың бәрі PhD, экономика кафедрасының ұстаздары, барлығы шетелде оқып келген. Біз әр сөзді, әр ұғымды ақылдасып қолданамыз. Бір терминді түсіне алмасақ, бір- бірімізден кеңес аламыз. Соңында ортақ шешім қабылдаймыз. Бір термин бірнеше рет қайталануы мүмкін. Тек ағылшын тілінде оқып отырсақ, оны өзіміз түсінеміз. Оны қазақ тіліне аударған кезде, ортақ түсінік қалыптастыруды мақсат тұтқан жөн. Ғылымның тілі оңай емес. Оның жалпы көпшілікке ұғынықты болуын қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ тілінде терминдер болмаса, орыс тіліндегі нұсқасымен салыстыруға тырысамыз. Орыс тіліндегі нұсқасы қазақ тіліндегі ұғымға сәйкес келмейтін болса, онда түпнұсқадан көп айнымаған жөн. Біз аударып отырған «Экономикс» кітабында формулалар өте көп. Формуланы аударудың қажеті жоқ деп санадық. Өйткені орыс аудармашылары орыс тіліне аударады, қазақ аудармашылары қазақ тіліне аударады. Ақырында ағылшын тіліндегі нұсқасынан мүлдем өзгеріп кетеді.


С.Ө.: Оқулықты аударумен айналысып жатқан мамандардың барлығы – осы пән бойынша сабақ беріп келе жатқан ұстаздар, ғылыми еңбектерін де осы сала бойынша қорғаған. «100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асырудағы дәл осы ұстаным дұрыс деп есептеймін. Өйткені кәсіби аудармашы пән маманы білетін терминдерді, ұғымдарды, ерекшеліктерді білмейді, ескермейді. Әр ұғымды, әр терминді аударуға келгенде «біз осыны қалай оқып едік, қазір қалай оқытып жүрміз?» деген ұстаным тұрғысынан аударамыз. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыру арқылы терминдердің бірізділігіне жақындай түпесек, кері кете қоямыз деп ойламаймын.


Н.Қ.: Байқасаңыздар, экономикалық оқулықтардың ішінде кейстер көп кездеседі. Кейбір кейстер біздің менталитетке келмеуі мүмкін. Ондай жағдайда, мысалдарды өзгертуге бола ма?


Г.К.: Кәсіпкерлік кітабында біздің менталитетке сәйкес келмейтін тұстары аз. Ондай қиындыққа тап болған жоқпыз. Алайда қайткен күнде де, кітаптағы кейстер тек мысал ретінде оқытылады. Кез келген ұлттың өзіне сай дәстүрі, салты бар. Америкалық кәсіпкердің тұрмысы, іс-әрекеті біздің ұлтпен сәйкес келмейді ғой. Әр фирманың өз құндылықтары, мәдениеті болады. Тіпті қазақ фирмаларының өзінің бағыттары бір- бірімен ұқсамайды. Сондықтан бұл оқулықтар негізінен теориялық базаны қалыптастыру үшін қажет. Практика жүзінде оның бәрін дәл сол қалпында қолдана алмаймыз. Сондықтан мүмкіндігінше, теорияны жергілікті мысалдармен бекітуге немесе кейстерді біздің қоғамға лайықтауға тырысамыз.


С.Ө.: Иә, көптеген тақырыптар бойынша кейстерді аудару барысында қоғамымыздағы саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени факторлардың ықпалын да ескеру қажет. Өйткені республикамыздың мәдениеті, даму тарихы, кәсіпорындардың ұйымдастырушылық, кәсіби, экономикалық механизмдері шетелдікімен сәйкес келмейді.Сондықтан көп жерде қазақстандық үлгілерді көрсетуіміз керек.


Н.Қ.: Аударма көші басталды. Ары қарай жұмыс қалай өрбімек? Бұл оқулықтар жаңа бір идеяның бастауына жол аша ма?


Г.К.: Осыдан үш жыл бұрын үлкен жобамен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныспен барған едік. Ондағы мақсат – қазақ тіліндегі МВА дайындау. Біздегі үлкен проблема – қазақ тілді бизнес дамымаған. Үлкен бизнес: банк, корпорация, компаниялар қай тілде сөйлейді? Ресми тілде. Мемлекеттік тілде сөйлейтін шағын және орта кәсіпкерлік ғана. Біздің идея – қазақ тілді бизнесті кәсіби деңгейге көтеру. Дамыған кәсіпорындарды ашу. Осыдан үш жыл бұрын қазақ бизнесін дамыту үшін қандай кітаптарды аударған жөн деп ізденіп, экономикалық сауатты кітаптардың тізімін әзірлеген едік. Болашақта «Рухани жаңғыру» аясында осы бағдарламаны іске асыруды мақсат тұтып отырмыз. Осы мақсатқа қол жеткізсек, қазақ бизнесі өркендей түсер еді.


С.Ө.: Бұл кітаптың қолданысқа енуі, студенттердің қолына тиюі біздегі менеджментті оқытудағы бір мақсаттың орындалуына сеп болмақ. Бағана атап өттім ғой, бұл кітаптың ерекшелігі – теориядан бөлек, практикалық мысалдар, кейстер көп деп. Солардың ішінде тек табысқа жету тарихы ғана емес, сәтсіздікке ұшырау мысалдары да көп. Оларды практикалық тұрғыда, неге олай жасауға болмайтынын түсіну үшін қолдана аламыз. Қазір біздің оқытушылар да қазақстандық компаниялар мысалында кейстер арқылы оқыту тәсілін қолданып жүр. Оқулық жазу үшін де жақсы үлгі – осы. Осылай кейстер арқылы оқытуды дамыта бергіміз келеді.


К.М.: Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын дамыту мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанынан осыны жүзеге асыратын ғылыми-инновациялық «Рухани жаңғыру» атты орталық ашылған. Бұл орталық осы жұмыстарды жүйелеп, реттеп отыруға мұрындық болып отыр. Елбасымыз айтқан Цифрлық Қазақстан, латын қарпіне көшу, 100 жаңа оқулық, 100 жаңа есім, Қасиетті Қазақстан, Туған жер – бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Қазір белгіленген кесте бойынша жүзеге асып келеді. Алла бұйыртса, алдағы уақытта мұның нәтижесін көреміз деген ойдамыз.


Дайындаған Гүлзина БЕКТАС

https://aikyn.kz/2017/08/19/24049.html