Әлемге қадам басқан ұлттық әдебиет

14 января 2019 г.

2

Осы жұмысқа қатысып жатқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей және Қытай аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының өкілдері шығармалары қазіргі қазақ әдебиеті антологиясына енген авторлармен кездесу үшін Қазақстанға арнайы сапармен келді.

Биылғы жылға аударманың көркемдік сапасын арттыруға бағытталған бірқатар арнаулы шара жоспарланған. Бүгін Астанада өтіп жатқан кездесу -солардың алғашқысы. Жиында Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытайдан келген аудармашылар мен әріптес ұйымдардың өкілдері жұмыс барысы жайлы баяндамалар жасап, авторлармен пікірлесті.       

Бұған дейін хабарланғандай, қазақ әдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асып жатыр. Танымал университет баспасы жобаға тәжірибелі аудармашылар мен беделді әдебиетші мамандарды тартқан. Британдық әріптестер «мәдени индукция» (Cultural Induction) тәжірибесін қолдануды ұсынды. Ол аудармашылар мен редакторлардың түпнұсқа мәтін (елдің) мәдениеті мен оның мазмұнына терең үңілуіне жол ашады. Осы сапар барысында антология жобасына қатысушы шетелдік мамандар  қазақстандық авторлармен аудармаға байланысты туындаған сұрақтарын талқылап қана қоймай, Қазақстан мәдениеті, тарихы және қазіргі тыныс-тіршілігімен жақын танысады.

Қазіргі қазақ әдебиеті антологиясын испан тілінде сөйлетуге Испания Мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, әйгілі «Сервантес институты» кеңесші ретінде қатысады. Жобаға Еуразия және Орталық Азия елдері әдебиетін аударуға маманданған тәжірибесі мол аудармашылар тартылған.

Антологияның француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы және Франция ұлттық кітап орталығы қатысса, орыс тілінде мәтін аудармасы мен әдеби редакциясы жұмысын үйлестіруге Ресей Жазушылар одағы­ның мәскеулік ұйымы, ал жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік универси­те­тінің баспасы атсалысады.

Қазақ әдебиетінің жинақтарын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратумен Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» айналысады. Жинақтарды араб әлеміне Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы таныстырады. 

Жоғарыда аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 50-ден аса маман тартты. Қазіргі таңда ағылшын, француз, орыс және испан тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы аяқталды. Қытай және араб тілдеріндегі жолма-жол аударма жұмысы жүріп жатыр.

Астана және Алматы қалаларында өтетін кездесулер аясында қазақ ақын-жазушылары мен шетелдік мамандар қазіргі көркем әдебиетті аударуға қатысты ортақ мәселелерді талқылайды. Авторлар мен аудармашылар жеке-жеке сұхбат құрады. Бұл аударманы  түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етпек. Жоба Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асып жатыр.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Толығырақ: https://egemen.kz/article/180295-alemge-qadam-basqan-ulttyq-adebiet