Рауан Кенжеханұлы: Аударма бізге ауадай қажет
– Рауан Кенжеханұлы, биыл 12 сәуірде Президенттің қатысуымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып, жарық көрген алғашқы оқулықтар таныстырылды. Жаңа оқу жылынан бастап студенттер сол оқулықтармен білім ала бастайды. Бұл кітаптардың отандық білімге берері не?
– Иә, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша аударылып басылған алғашқы 18 оқулық жоғары оқу орындарына жеткізілді. Әр оқулықтың 10 мың данасы ЖОО-ға тегін таратылды. Студенттер әлемдік білім мен ғылым көшіне ілесу үшін дүниедегі ең жақсы деген оқулық үлгілерімен танысып, озық университеттер деңгейінде оқуға мүмкіндік алды. Бұған дейін ғылыми әдебиет те, оқу құралдары да, жалпы кітап атаулы орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы тәржімаланды. Қазіргі аударманың дені ағылшын тілінен, бірен-саран кітап қана өзге тілдерден аударылуда. Ең маңыздысы, бұл аударма да, оған кітап іріктеу ісі де мазмұндық тұрғыдан бейтараптық қағидасына сүйенеді. Яғни аударма ең әуелі білім мен ғылым үшін жасалуда. Аударылып, ғылыми айналымға еніп жатқан жаңа оқулықтар әр ғылым саласындағы ой мен идеялардың, көзқарас пен ұстанымдардың спектрін толық береді.
– Жаңа оқулықтар оқытушылар мен студенттер тарапынан қалай қабылданып жатыр?
– Жоғары оқу орындарының мамандары жаңа кітаптармен танысып, оларды биылғы оқу жылының бағдарламасына енгізуге арналған жоспарларын дайындауда. Бұл жұмыс жаз бойы жүрді. Оқулық мазмұны, ондағы жаңалықтар, әдістемелік нұсқаулықтар мен кеңестерді пайдалану, соған орай туатын жаңа мүмкіндіктер, өзге де өзгерістерге байланысты университетаралық, университетішілік кездесулер барлық оқу орындарында өтті. Шамамыз келгенше, сол кездесулерге қатысып, талқының ортасында болуға тырыстық. Өйткені бізге кері байланыс қажет. Мамандар бір ауыздан бұл жоба еліміздегі гуманитарлық білімді мүлде жаңа деңгейге көтеретінін айтуда.
– Оқулықтар қағаз кітап түрінде, электронды нұсқада және видео лекциялар түрінде тарайтыны айтылды. Бұл жұмыс қалай жүруде?
– «Жаңа гуманитарлық білім» жобасы арқылы қазіргі білім берудің жаңа формаларын да енгізу мақсаты көзделген. Сіз атаған бастамалар соның бір бөлігі. Әр оқулық 10 мың кітап болып тарайды, соған қоса олардың электронды көшірмелері «Қазақстанның ашық университеті» – www.OpenU.kz порталынан табылып, интернет арқылы еркін қолдануға жол ашылды. Сонымен бірге «Цифрлы Қазақстан» жобасымен үндес, әлемдегі онлайн оқу курстарының қарқынды дамып келе жатқандығын ескере отырып, осы оқулықтар негізінде мультимедиялық лекциялар топтамасы дайындалып, дайын онлайн курстарға айналды. Әр пән бойынша 25 видео-лекция, конспектілер, тапсырмалар мен тест сұрақтарының топтамасы әзірленді. Онлайн курстарды дайындауға қазақстандық жоғары оқу орындарының үздік профессорлары мен оқытушылары қатысуда. Ашық университет, әсіресе, аймақтарда оқитын студенттерге үздік ұстаздардан және ең озық оқулықтардың негізінде білім алуға жағдай жасайды.
– Екінші кезекте қандай оқулықтар аударылып жатыр?
– Ұлттық аударма бюросы қазір жұмыстың екінші легі – 30 кітапты аударып, баспаға әзірлеп жатыр. Оқулықтар философия, тіл білімі, әдебиет теориясы, ориентализм, семиотика, қазіргі педагогика, интернет психологиясы, халықаралық құқық, дипломатия, медиа мен журналистика, өнер тарихы, экономика және кәсіпкерлік салаларын қамтиды. Бұлардың қай-қайсысы да адамның жеке тұлға және маман ретінде қалыптасуына зор ықпал ететін білім салалары. Олар қоғамдағы азаматтық ұстаным, моралдық құндылық, ар-ождан негіздерін қалайды. Адамның өзіне, айналасына, елдің болашағына, қазіргі әлемге деген көзқарасын қалыптастыруға көмектесетін еңбектер. Аударылып жатқан оқулықтардың толық тізімі осы жобаға арналған 100kitap.kz сайтында бар.
– «100 оқулық» жобасының қолға алынғанына екінші жыл болды. Осы аралықта аудармашылар жұмысын тиімді ұйымдастырудың белгілі бір отандық әдіс-тәсілін қалыптастыра алдыңыздар ма?
– Ғылыми аударма – өзіндік ерекшеліктері бар, күрделі шаруа. Сондықтан ғылыми аударма ісі жолға қойылған елдердің тәжірибесін жан-жақты зерттеп, әлемдегі аударма тәжірибесінің озық тұстарын алуға тырыстық. Соның негізінде жұмысымызға қажетті аударма ережелері мен қағидаларын дайындадық, оларды ұдайы талқылап, жаңартып отырамыз. Ол әзірше өз ішімізде пайдалануға арналған тұжырымдар, бірақ соның негізінде аудармаға қызығатын ортаға арнап ғылыми аударма әдістемесін дайындамақпыз. Бұл жобаның қоғамға берері аударылған кітаптардың өзі ғана емес, күшейген, әлеуеті артқан аударма мектебі де болу керек деп ойлаймыз. Дүниедегі ұлттар мен елдер арасында тауар мен қызметтен басқа мазмұн алмасу да қарқынды жүреді. Ол өте үлкен, жыл сайын еселеп артып келе жатқан өзінше нарық. Сол нарықта мазмұнды жасаушы, өндіруші елдер бар және оны алушы елдер бар. Өндіруші елдер – негізінен біз бет алған әлемдегі ілгері дамыған 30 мемлекеттің тобы. Ондай мазмұн шығару үшін қоғамның интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті зор болуы тиіс. Ал ол үшін озық білім мен ғылым қажет. Сондықтан бізге аударма ауадай қажет сала.
– Ғылыми аударма саласымен етене таныс, тілді де, белгілі бір пәнді де терең меңгерген мамандар бар ма? Аудармашыларды қандай талап негізінде жұмысқа қабылдайсыздар?
– Аудармашының міндеті – мәтіндегі ғылыми негізді, дәлдікті сақтай отырып, аударма тілінің жатық, ұғынықты болуын қамтамасыз ету. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Аударма сапалы болуы үшін жұмысқа тәжірибелі мамандар керек. Сондықтан жобаға білікті аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаздары, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға танымал қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлерді тартудамыз. Қазір бұл жұмысқа жалпы саны 300-ге жуық маман қатысады. Бізге керегі – өзі ғылыми дәрежесі бар пән маманы, өзі кітаптың түпнұсқа тілін жетік білетін, әрі оны қазақша шебер жазып, жеткізе алатын маман қажет. Әрине барлық оқулыққа бірдей ондай маман табыла қоюы қиын. Философия, әлеуметтану, психология, экономика бағыттары бойынша ағылшын тілінен қазақшаға аударатын мамандар аз емес. Алайда гуманитарлық білімнің кейбір бағыттарында тілді меңгерген әмбебап мамандар тапшылығы сезіледі. Мұндай жағдайда пәнді жақсы білетін ғалым-оқытушы мен аудармашы және мәтінді қазақша сауатты жеткізетін редактор бірлесе жұмыс істейді.
– Аудармашылардың бір күндік жұмыс көлемі қандай?
– Әлемдік тәжірибеде жақсы маман орта есеппен күніне 3-4 бетті шаршамай аударады. Аударма ісі білім мен білік қана емес, зор физикалық төзім мен психикалық табандылықты талап етеді. Сондықтан аудармашыға шамадан тыс жұмыс міндеттеу аударма сапасының төмендеуіне алып келеді. Күні бойы компьютер алдында тапжылмай отырып, бір сөздің жақсы баламасын, дұрыс аудармасын табу үшін әдебиет ақтару, оны өзге нұсқаларымен салыстыру – оңай жұмыс емес. Ұлттық аударма бюросы аудармашыларға жұмыс берген кезде бір адам күніне 3-4 беттен артық аудармайтындай ғана көлем ұсынады. Бір апталық норма – 15-20 бет. Ал аудармашының тәжірибесі мол, қарқыны тез болып, белгіленген мөлшерден көп мәтін сұрап жатса, қарсы болмаймыз. Бірақ сіздердің газеттеріңізде бұған дейін жарияланған сұхбаттағыдай, бір адамға 3 айға 800 бет аударма берілмейді. Аудармашы Зәуре Батаеваға Ұлттық аударма бюросы тарапынан ұсыныс жасалғаны рас. Алайда ондай өте көп мөлшерде мәтін аудару ұсынуымыз мүмкін емес. Ондай ұсынысқа келісе қоятын адам жоқ, біз де одан ештеңе ұтпаймыз. Ондай жағдайда жұмыс өнімсіз, сапа өте төмен шығады. Әдетте, көлемді кітаптың аудармасын бірнеше адамнан құралған шығармашылық топ дайындайды. Ол да әлемде қалыптасқан тәжірибе. Ондай топ жұмысының бірізділігін, үйлесімділігін қамтамасыз ету тетіктері көп. Мәселен біз SmartCat деп аталатын аударма платформасын пайдаланамыз. Бұл дүние жүзінде 120 мың маман қолданатын аудармашының құралы, пайдасы өте көп. Бір жағынан аудармашыға шамадан тыс жұмыс тапсыруға болмайды, бірақ аударманың өз жоспары мен жұмысты орындау кестесі де болу керек. Тиісті аударма сапасын қамтамасыз ете отырып, орташа жылдамдыққа ілесе алмайтын адаммен де жұмыс істей алмаймыз.
– Ал аудармашылардың еңбегі қалай бағаланады? Бір оқулықты қазақша сөйлетуге қанша қаржы жұмсалады?
– Аудармашылардың еңбегі нарықтағы бағаға сәйкес белгіленеді. Оқулықтың бір бетін аудару құны – 3 000 теңге, ғылыми тұрғыдан редакциялау құны 1 500 теңге, тағы 1 500 теңге – әдеби редакция құны. Беттеу, дизайнын дайындау жұмысына тағы 1 000 теңге бар. Бұл Қазақстандағы аударма мен редакциялық жұмыс үшін қалыптасқан орташа нарық.
– Алдағы уақытта «100 кітап» жобасы шеңберінде қандай оқулықтардың аударылғаны дұрыс деп санайсыз?
– Әлемде ғылымның түрлі бағыты бойынша алдыңғы қатарлы университеттер мен баспалардан жыл сайын мыңдаған жаңа кітап шығады. Сонымен бірге қалыпты ұғымдағы оқулық деуге келмейтін, бірақ ғылымның дамуына зор үлес қосқан жекелеген авторлардың зерттеуі негізінде шыққан тамаша монографиялар бар. Одан басқа, ғылыми танымдық бағытта жазылған, ондаған тілге аударылып, миллиондаған таралыммен шығып жатқан, бестселлер кітаптар бар. Жас азаматтың тұлға және маман ретінде қалыптасуына көмектесетін осындай еңбектердің барлығы аударылса да артық етпейді. Сондықтан «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасынан тыс, «Нұр Отан» партиясының қолдауымен бірқатар осындай кітапты қосымша аударып шығару бастамасын қолға алдық. Сол сияқты Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен де бірқатар кітап аударылып жатыр.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бағашар ТҰРСЫНБАЙ
Толығырақ: https://egemen.kz/article/173651-rauan-kenzhakhanuly-audarma-bizge-auaday-qazhet