Тіл меңгеру тәлімдері. «Тіл біліміне кіріспе» оқулығы туралы
Осы 18 оқулықтың бірі – «Тіл біліміне кіріспе». Авторлары – Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хайамс. Авторлар туралы аз-кем айтып өтсек, Виктория Фромкин Калифорния университетінде 1963 жылы лингвистика магистрі атанса, 1965 жылы PhD дәрежесін иемденген. 1966 жылдан бастап 2000 жылға дейін (қайтыс болғанға дейін) Калифорния университетінде тіл білімі бойынша қызмет еткен. Фонетика, фонологиядан бастап, африка тілдері, адамның сөйлеу барысында жіберетін қателіктері, афазияға шалдыққан науқастардың тіліндегі ерекшеліктер туралы зерттеу жұмыстарын жүргізген. Кітаптары, монографиялары мен мақалаларының жалпы саны жүзден асады. Фромкиннің о бастағы оқыған мамандығы – экономика саласы. Оқулық авторларының бірі Роберт Родманның да алғашқы мамандығы – математик. Бірақ лингвистика магистрі және PhD дәрежесін алған. Негізінен соттық лингвистиканы зерттеген және компьютерде сөйлеуді өңдеу бағытында еңбек етеді. Нина Хайамс та 1981 жылдан бері лингвистика саласында жүрген ғалым. Негізгі зерттеу бағыты – синтаксис және балалар тілінің дамуы.
Африкада жаңа туған сәбиді бірден адам қатарына қоспайды екен. Тілі шыққанға дейін оған зат деп қарайтын көрінеді. Кітапта осындай дерек келтіріледі. Алғашқы тарауда лингвистика білімі, оның қолданыс аясы, грамматика, грамматиканың түрлері, соның ішінде әмбебап грамматика туралы айтылады. Сонымен бірге, саңыраулар қолданатын ым тілі мен құстардың және жан-жануарлардың тілі туралы сөз болады.
Адамзат баласының тілі грамматикаға бағынады. Дегенмен, жан-жануарлар, жәндіктер мен құстардың да өз арасында коммуникация бар. Мәселен, шаяндар қырықтан астам іс-қимыл мен қозғалыс жасау арқылы бір-біріне белгі береді. Ол қимылдардың уақыты мен көрсетілуі ешқашан өзгермейді екен, яғни олардың арасында қалыптасқан ереже бар деген сөз. Құстар да белгілі бір ақпаратты жеткізу мақсатында түрлі дыбыс шығарады. Мұндай коммуникация араларда да кездеседі. Тіпті, құстардың арасында диалектілер де болатын көрінеді. Авторлар мұның барлығын мейлінше қызықты етіп суреттейді. Суреттеп қана қоймай, жан-жануарларға адам тілін үйрету бағытындағы ғылыми эксперименттердің нәтижесіне де тоқталады.
Екінші тарау – Морфология. Көнерген сөздер барлық тілде кездеседі. Сол секілді, заман ыңғайына орай туындайтын жаңа сөздер де әр тілде бар. Бұл тарауда ағылшын тіліндегі сөздердің құрылымы туралы сөз болады. Негізгі және қосымша морфемаларға тоқталады. Ағылшын тілін үйренуші студенттер, ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері мен грамматиканы зерттеушілер үшін бұл үлкен көмекші құрал деуге болады.
Басқа тілдермен салыстырғанда, ағылшын тілінде қосымша морфемалардың аясы тар екен. Мәселен, Шығыс Африкада көп қолданылатын суахили тілінде етістікке бірнеше морфема жалғауға болатын көрінеді. Роман тілдерінде де сөйлемдегі бастауышқа байланысты етістіктің жалғаулары өзгеріп отырады екен. Кітапта мұндай салыстырмалы талдаулар өте көп кездеседі. Сонымен бірге, ережеге бағынбайтын сөздер мен тіркестер туралы жақсы сипаттама берілген. Біріккен сөздер ағылшын тілінде де өте көп кездеседі. Алайда, ондай сөздердің мағынасы әрдайым құрамындағы сөздердің мағынасының қосындысы бола бермейді. Мысал ретінде blackboard (тақта) сөзін келтіреді, алайда тақта әрдайым қара бола бермейді. Керісінше, көбінісе ол жасыл немесе ақ түсті болуы мүмкін. Біріккен сөздердегі сөздердің мағынасы арасындағы байланыстың әлсіздігіне өзге де мысалдар келтіреді. Мысалы, peanut oіl (жержаңғақ майы) және olіve oіl (зәйтүн майы) бір нәрседен өндірілген майлар болса, baby oіl – сәбилерге арналған май. Сол сияқты, «horse meat» – жылқының еті болса, «dog meat» – итке арналған ет. Тарау соңында берілген жаттығулар оқыған дүниені пысықтауға көмектеседі. Қосымша оқуға арналған әдебиеттер де әр тараудың соңында берілген.
Синтаксис тарауында тілдегі сөйлем үлгілері нақты сызбалармен көрсетілген. Фонетика, Фонология тарауларында да салыстырмалы талдаулар көптеп келтіріледі. Ал Тілдің мағынасы туралы сөз болғанда, ағылшын тіліндегі метафоралар мен идиомалар басқа тілдердегі сөздермен салыстыра беріледі.
«Тіл және қоғам» деп аталатын тарау тартымдылығымен ерекшеленеді. Ағылшын тілін білетін, екі түрлі құрлықта тірлік кешіп жатқан адамдар бір-бірімен хат алмасса, еркін түсініседі. Ал егер көзбе-көз сөйлессе, бір-бірін ұзаққа дейін түсіне алмауы мүмкін. Ағылшын тілі 450 миллионнан 850 миллионға дейінгі идиодиалектіден тұрады екен. Яғни әр адамның сөйлеу мәнері оның жасына, жынысына, тілді үйрену кезіндегі әлеуметтік ортаға байланысты әр түрлі болып келеді. Бұл тарауда өңірлік диалектілер, акцент туралы да жан-жақты баяндалады. Сонымен бірге, тыйым салынған тілдер, лингва франкалар, креол және пиджин тілдері туралы қызықты мәліметтер мен деректер, талдау нәтижелері берілген. Екінші тілді үйренудің әдістемесіне де кеңінен тоқталған. Қоғамдағы тіл туралы болғаннан кейін бұл тарауда слэнгтерге, жаргон, табу сөздерге де орын берілген.
Тілдік өзгерістер туралы тарауда кірме сөздер, жаңа және көнерген сөздер, біріккен және қысқарған сөздер туралы кеңінен айтылады. Өлі тілдер мен жойылып бара жатқан тілдердің тағдыры туралы сөз болады. «Тілде фонологиялық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық және семантикалық өзгерістер болады. Сөздер, морфемалар, фонемалар және ережелердің өзгеруі, қосылуы немесе алып тасталынуы мүмкін. Сөздердің мағынасы кеңеюі, тарылуы немесе ауысуы мүмкін. Сөздік қор кірме сөздер арқылы баюы мүмкін. Бұл тілдік байланыс жағдайында жиі кездеседі және сөздің жасалуы, бірігуі, күрделі сөздердің жасалуы, акронимдер мен басқа да сөз жасалу жолдары арқылы іске асады», – деген қорытынды жасалады.
Тілді меңгеру туралы сөз болғанда авторлар балалардың лингвистикалық қабілетіне ерекше тоқталған. Сәби дүниеге келгенде ешқандай тілді білмейді. Шамамен алты айлық кезінде былдырлай бастайды. Осы былдырлау кезінде нәресте ата-анасының тілінде кездеспейтін дыбыстарды да айтуы мүмкін. Ал жасқа толуға жақындағанда бала дыбыстар мен дыбыс комбинацияларын қоса алады. Сонымен бірге, құлағы еститін балалар мен құлағының мүкісі бар балалардың былдырлауы әр түрлі болады екен. Бұл тарауда, сонымен бірге, байырғы тілдерді меңгеру, билингвизм туралы да жақсы түсініктеме берілген.
Тілдің өңделімі мен адам миы туралы тарау да қызықты мәліметтерге толы. Соның ішінде Афазия сырқатына шалдыққандар мен эпилепсиямен ауыратын науқастардың тілін зерттеу нәтижесі назар аудартады. Оқулықта қамтылған Компьютерлік лингвистика – бүгінгі заманның тақырыбы. Жазу, яғни тілдегі әліпби туралы да қызықты мәліметтер берілген.
Бұл оқулық филолог мамандарға, ағылшын тілін үйренушілерге, жалпы тілді зерттеушілерге таптырмас құрал десек, қателеспейміз. Онда тек ағылшын тілі туралы сөз болмайды, сонымен бірге тілдік топтар, олардың ерекшелігі тегіс қамтылады. Тіпті, азғантай адам сөйлейтін, жойылып бара жатқан тілдер туралы да мәліметтер бар. Тіл уақыт ағымымен өзгеріп отырады, соған орай тіл білімінің алдына да жаңа міндеттер қойылады. Жаңа сөздер енеді, байырғы сөздер жойылады. Ақпараттық технологияның дамуымен бірге тіл де өзгеріске ұшырайды. «Тіл біліміне кіріспе» кітабында осының барлығы қамтылған.
Авторы: Жұлдыз ӘБДІЛДА
Толығырақ: http://almaty-akshamy.kz/til-me-geru-t-limderi/