Қызылжар Абай мектебі Абайдың «толық адам» концепциясына сүйенеді
– Мектеп ашу да, дәстүрлі мектепті жаңғырту да оңай шаруа емес. Жалпы, бұл қандай тәуекел? Қандай қажеттіктен қолға алған шаруа?
– Біздің қоғамдағы көп күрделі мәселенің тамыры мектепке келіп тіреледі. Білім берудегі теңсіздік үлкен, білім сапасындағы алшақтық, қала мен ауыл мектебі арасында айырма үлкен. Қазір еліміздегі 7 400 мектепте 3 миллионнан аса оқушы білім алады. Балалардың 80%-ы – екі ауысымды, 215 мың бала үш ауысымды мектепте оқиды. 2800-ден аса ауылдық шағын жинақталған мектепте әртүрлі жастағы балалар ортақ сыныптарда бірге отырады, ондай мектептерде пән мұғалімдері жетіспейді. Нұр-Сұлтан қаласының өзіндегі жүзге тарта мектептің оны үш ауысымда оқиды. Бұл мәселені қалай шеше аламыз? Орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға көшіру үшін жаңадан 3 мыңдай мектеп салынуы қажет. Мемлекет мұндай ауқымды мәселені өз күшімен және тез арада шешіп бере алмайды. Ол үшін мектептер салуға жеке қорлар мен кәсіпкерлерді, сондай-ақ халықаралық ұйымдарды кеңінен тарту керек. Яғни мемлекет пен жекеменшік серіктестігін дамыту қажет.
Біз осы идеяны айтып қана қоймай, оны жүзеге асырып көруді ұсындық. 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы, Петерфельд орта мектебін 10 жылға сенімгерлік басқаруға алдық. Негізгі ойымыз – айналаға ұлт мүддесі тұрғысынан қарайтын оқу бағдарламасын құрып, оны дамыту, осындай оқу бағдарламасын ұстанатын мектептер қатарын көбейту. Жалпы, біз әлеммен қоян-қолтық араласамыз, түрлі саладағы ғаламдық процестің бөлігіміз. Білім беру де күннен-күнге ортақ халықаралық стандартқа келе жатыр. Қазір дүниежүзі елдері таланттар мен капитал үшін таласады. Біз сырттан капитал тартуға тырысамыз, ал экономикасы дамыған елдер біздің талантты жастарымызды өздеріне қарай тартқысы келеді. Сыртқа кетіп жатқан жастар аз емес. Өйткені ол елдер ең қабілетті жастарды қалай да өздерінде қалдыруға тырысады. Соңғы жылдары «әлем азаматы» деген ұғым да кең таралып жатыр. Бірақ біз мына дүниені ұмытпауымыз керек. Әлем азаматы – Қазақстан азаматы емес, ол мемлекеттік шекара, ұлт мүддесі дегенді мойындамайды. Ал ұлт ретінде сақталып, мемлекет ретінде дамуды ойласақ, бізге ұлттық мектептің үлгісі қажет. Әрине, ұлт мектебі болу дегеніміз тек қазақ әлемімен тұйықталу деген сөз емес. Ондай мектеп дүниедегі бар жақсылық пен жаңалықты қорыта отырып, сол білімді ұлт мүддесіне қызмет еткізеді. Біз ойлаған мектептің түлегі әлем азаматы емес, бірақ әлемнен хабары бар, қазақ азаматы болуы керек.
– Басты үлгі, нысана ретінде нені ұстандыңыз? Өзіңіз көрген, үлгісіне қаныққан батыстық жүйе ме, әлде батыс пен шығыстың ең жақсы тәжірибесін қамтыған, бірақ іргетасы ұлттық дүние ме?
– Бұл – мемлекет және жеке меншік әріптестігінің тұңғыш жобасы әрі ауыл мектебінің жаңа моделі. Абайдың «Толық адам» туралы ойын негіз етіп алдық. Ең алдымен, Петерфельд атауы Қызылжар Абай орта мектебі болып өзгерді. Білім ордасының ұжымы оқу-тәрбие ісінде білім берудің инновациялық тәсілдерін Абайдың педагогикалық идеяларымен ұштастырып, ұлы ақынның «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» ұранын құндылықтар бастауы етіп бекітті. «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» мамандарымен бірге мектептің жаңа мазмұнын, ауыл балаларына сапалы білім беруге әлеуетті мектептің жаңа үлгісін жасап шықтық. Баланың тәні, ақылы мен рухын қалыптастыру үшін 3 бағыттан тұратын бағдарлама әзірленді. «Ыстық қайрат» бағытында оқушылардың денсаулығына, физикалық дамуына қажет барлық жағдай жасалады. «Нұрлы ақыл» бағыты баланың зияткерлік дамуы мен жан-жақты білім алуына керек технологиялармен қамтуды мақсат етеді. «Жылы жүрек» бағыты оқушылардың бойына рухани-адамгершілік және ұлттық құндылықтарды дарытудың тиімді жолдарын іздейді.
– Сіздің бұл бастамаңызды қазіргі отандық білім беру жүйесіне көңіл толмау емес, соны жетілдіру ретінде қарай аламыз ба? Нені жетілдіре түсу керек?
– Әлемдегі кез келген мемлекетті алып қарасаңыз, ешқайсысы өздеріндегі білім беру сапасына риза емес. Заман талабы сондай, барлығы өзгеруге, жаңа заманға бейімделуге ұмтылыс жасап келеді. Оқыту мен тәрбие берудің жаңа амалдарын іздестіру үстінде. Біздің білім беру саласы да сол сыртқы өзгеріске ілесуге тырысып жатыр. Жалпы өзгерістерге жылдам бейімделе алмасақ, сапалы білім бізден алыстай береді. Оны қуып жете алмайсыз. Сондықтан алдымызда тұрған негізгі міндет – білім беру саласын осы заманға лайықтау. Ол үшін бізге білімнің сапасы мен теңдігі керек. Шын мәнінде, сапалы білім беру үшін бізге жағдайы жақсы мектеп, білімді, білікті мұғалімдер қажет.
Өкінішке қарай, ондай мектеп те, мұғалім де көп емес. Сондықтан шамасы жеткендер ғана жақсы мектепте оқиды, ал басым бөлігінде таңдау жасау мүмкіндігі жоқ. Сапалы білім ат төбеліндей топтың қолы жететін, эксклюзивті дүниеге айналды. Оны беретін – арнаулы мектептер, жеке меншік мектептер мен халықаралық мектептер. Сол себепті, бізге эксклюзивті емес, инклюзивті, яғни көпшілікке ортақ, тең мүмкіндік туғызатын білім беру жүйесі қажет. Қала баласы мен ауыл баласы білім алу мен өмірге қажетті дағдыларды игеруде тең мүмкіндіктерге ие болуы керек деп санаймын.
– Мектепті Солтүстік Қазақстан облысынан таңдаудың басты себебі неде?
– Біз мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде бір мектепті сенімгерлікке басқаруға алып, қазақстандық ауыл мектебінің жаңа моделін жасау туралы ұсынысымызды барлық аймақтарға жолдадық. Бірінші болып Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі жауап берді. Мемлекеттің ауыл мектебін дамыту бойынша арнайы бағдарламасы бар. Сол бағдарламаға сәйкес ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген, жаңартуды талап ететін мектептер тізімі жасалады.
– Мектептің басты ерекшелігі неде? Түлек нені біліп, үйреніп шығады?
– Қызылжар Абай мектебі Петропавл қаласындағы ХББ «Назарбаев Зияткерлік мектебі» мамандарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін таратуға жауапты арнаулы қызметі біздің мектепті жан-жақты зерттеп, мектеп жұмысының барлық бағыттарын қамтитын нұсқаулық дайындады. Педагогтарының бір бөлігі – «Назарбаев Зияткерлік мектебінен» келген кәсіби, жоғары санаттағы мамандар. Мектепте 42 мұғалім жұмыс істейді. Оның жетеуі – «педагог-зерттеуші», оны – «педагог-сарапшы», ал төртеуі – «педагог-модератор» санатына ие ұстаздар. Мектеп директоры болып 20 жылдық тәжірибесі бар маман, соңғы 5 жылда Петропавл қаласындағы ХББ «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» оқу ісі және ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі директордың орынбасары болған Түленов Бауыржан Алтайұлы тағайындалды. Мектептегі тәрбие жұмысының алдыңғы кезекке шығуына мән беріліп отыр, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынас реті, насихатталатын құндылықтар мен қасиеттер жүйесі анықталып, бекітілді. Мектеп ұжымы осы бағытты, жаңа құндылықтар жүйесін саналы түрде қабылдап, әр ұстаз оны күнделікті жұмысына кіргізуге тырысып жатыр. Әрі Қызылжар Абай орта мектебі балаларға білім берумен ғана шектелмей, ауылдағы жаңалық пен жасампаздықтың ошағына, ересек ауыл тұрғындарын да заманауи өмірге икемдеу, қажетті дағдыларды дамыту орталығына айналуы тиіс деп ойладық. Осы бағытта бірқатар іс атқарылды. Шағын ауыл тұрғындарының әлеуметтік, заңнамалық, психологиялық қызмет алуына кедергі көп екенін ескеріп, мұнда психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер кабинеттерін аштық. Ата-аналар мектеп мамандарымен кездесіп, денсаулық, жасөспірім психологиясы, отбасы құндылықтары, басқа да мәселелерін талқылап, пайдалы кеңестер алады. Кең жолақты ғаламтор желісіне қосылып, әлеуметтік кинозал мен кітапхананың жүйелі қызметін де пайдалана алады.
– Ең алдымен мектептің материалдық базасын жаңарттыңыздар. Оның да жаңа үлгісін жасадыңыздар ма?
– Иә, мектептің материалдық-техникалық базасы толықтай жаңартылып, сыртқы-ішкі көрінісі айтарлықтай өзгерді. «Қабырғалар да оқытады» деген қағидаға сүйене отырып, интерьер және экстерьер дизайнын дайындау Қазақстандағы ең үздік архитекторлық бюроға тапсырылды. Себебі, мектеп оқыту орны ғана емес, баланың оқуға деген құштарлығын оятып, оның жүйелі әрі креативті ойлауына, қиялын ұштай түсуіне көмектесетін ортаға айналуы керек. Бастауыш сыныптардың интерактивті ойын алаңы мен демалыс алаңы қайта жабдықталды. Мектеп ғимараты 1969 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген екен. Жылу жүйесі мен су құбырлары, ғимарат шатыры әбден тозған. Бір жылға жетпейтін уақытта мектеп түбегейлі жаңарып, заманға сай жөндеуден өтті. Ғимарат шатыры мен едені, терезе-есіктерінен бастап, жылу және электр жүйесі, мектеп ауласы жаңартылды. Жаңа спорт кешені, футбол, баскетбол, волейбол алаңдары салынды. Химия, физика, биология, информатика кабинеттеріне соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылып, заманауи сандық технологиялармен қамтамасыз етілді. Мектеп кітапханасы барлық пәндер бойынша оқулықтар, көркем және ғылыми-көпшілік әдебиетпен толықты. Қазір мектепте 230 оқушы бар, 2 тілде аралас оқытады. Мұндағы ауыл тұрғындарының саны 1500-ден асады.
– Еліміздегі іргелі мектептермен байланыс қандай? Түлектердің биылғы көрсеткіші қалай болды?
– Мектеп түлектерінің еліміздегі маңдайалды оқу орындарына оқуға түсу мүмкіндігін арттыру мақсатында алдағы 3 жылдың стратегиялық даму жоспары жасалды. Негізгі міндеттері мен мақсаттары айқындалды. 2020 жылы мектептегі білім сапасының көрсеткіші 50% болса, оны 2022-2023 оқу жылдары 80%-ға дейін арттырғымыз келеді. Ол үшін түрлі деңгейден тұратын тапсырмалар топтамасы дайындалып, қосымша сабақтар ұйымдастырылып, балалармен жеке жұмыс істеу, сауаттылықты арттыру, бағалаудың критериалды жүйесін енгізу, оқушылар арасында сыни ойлау жүйесін дамыту секілді жұмыстар істеліп жатыр. Ал биылғы көрсеткіштерге келсек, оқу жылын үздік аяқтағандар екі есеге артты. Яғни білім сапасы көрсеткіші бойынша мектеп былтырғы нәтижені 5 ұпайға жақсартты. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі түлектердің орташа көрсеткіші 84 балға жетті. Бұл бұған дейінгі көрсеткішпен салыстырғанда білім сапасының жоғарылағанын көрсетеді. Ал жаңа жүйеде аттестациядан өткен мұғалімдер үлесін 2021 жылы 60%-дан 2023 жылы 80%-ға дейін жоғарылатуды көздеп отырмыз. Жаратылыстану бағытындағы пән мұғалімдері арасында ағылшын тілін жетік білетін және сабақты сол тілде еркін түсіндіре алатын мамандар санын көбейту міндеті күн тәртібінде тұр.
– Жалпы, үнемі үлкен шаруа бастап жүресіз. Бұл бастама жеке басыңызға не береді? Моральдық рақат па, болашаққа алаң ба, кірпіш-дүниенің кетігін тауып қалану ма?
– Заман мен уақыт тез өзгеріп жатыр. Ол өзгерістер бізді өзіне тез бейімделуге міндеттейді. Оған қоса, бала тәрбиелеп отырмыз, өсіп келе жатқан жаңа ұрпақ бар. Заманға сай сапалы білім жүйесін бізге біреу келіп жасап бермейді. Сондықтан шамамыз келгенше осы жұмысқа араласып жатырмыз. Оған қоса, әрқайсымыз азамат ретінде, барлығымыз қоғам ретінде және жалпы мемлекет болып білім беру саласына, оның сапасына жүйелі түрде кеңінен қарауымыз керек. Бәріне ортақ жақсы, сапалы білім беру жүйесін қамтамасыз ете алмасақ, онда білім беру жүйесінен шыққан теңсіздік барлық салаларға, соның ішінде, әлеуметтік теңсіздік пен топтардың өзара түсініспеушілігіне алып келеді, әрі түрлі қиындықтарға соқтырады. Сол себепті білім беру саласына ерекше көңіл бөлу, оның мәселелерімен жүйелі түрде айналысу мемлекеттің ғана шаруасы емес, қоғамдық ұйымдардың, оның ішінде кәсіпкерлердің де міндеті деп ойламын. Сондықтан осындай жауапкершілікті сезініп, саналы түрде осы салаға келдік.
Әңгімелескен Есей ЖЕҢІСҰЛЫ