Қытай философиясы қазақ тілінде
«Қытай философиясының қысқаша тарихы» еңбегінің авторы ХХ ғасырдағы Қытайдың ең көрнекті ойшылдарының бірі, өз шығармашылығында дәстүр мен жаңашылдықты біріктіре білген – Фың Юлән.
Фың Юлән қазіргі заманғы қытай философиясының өкілі. Философиялық шығармашылығын дәстүрлі қытайлық философиялық дүниетанымын батыс философиясымен үндестіруге арнаған. Білім жолын Қытайда бастап, докторлық диссертациясын атақты Д.Дьюидан қорғаған. Батыстың да, Шығыстың да философиясын терең зерттеген Фың Юлән, өз шығармашылығында Қытайдың сан ғасырлық философиялық дәстүрін еуропалық метафизика тұрғысынан қарастырған. Фың Юлән қытай философиясын оны батыстық дәстүрдің жетістіктерімен біріктіру арқылы жетілдіруге жол ашуға тырысты. Ол қытай философиясының мұраларын өзіндік жолмен түсіндірді және оны жалпы теориялық-философиялық негіздермен сабақтастырып, постконфуцийлік тұрғыдан әлемнің құрылысы, оны тану, қоғам мен адам мәселелерін қамтитын жүйе негізін құруға талпынған.
Фың Юләннің «Қытай философиясының қысқаша тарихы» еңбегі 1948 жылы АҚШ-та жарыққа шыққан. Фың Юләннің бұл еңбегі шетелдік оқырмандарға арналып жазылған еңбек болған, қытай философиясының тарихы ықшамдалып баяндалған және автордың өзіндік көзқарасы мен пайымдауларын қамтиды. Кітап қытай философиясын зерттеушілер үшін ең қажет оқулық. Себебі бұл еңбекте қытай философиясы тарихындағы неғұрлым ықпалды болған философиялық мектептер мен ойшылдардың көзқарастары, ұстанымдары мазмұнды баяндалған.
«Қытай философиясының қысқаша тарихы» қытай философиясының рухани ерекшелігін айқындайтын өздеріне тән ұғымдық түсініктеріне, рухани жәдігерлеріне философиялық пайымдау жасау арқылы өркениет ағымындағы орнын, дүниетанымдық ұстанымдарының негіздері мен ішкі заңдылықтарын анықтап, өзіндік қорытындылар жасаған құнды туынды болып есептеледі.
Қытай философиясын, мәдениетін, неоконфуцийшілдікті зерттеушілер, қытайтанушылар, студенттер үшін Фың Юләннің бұл еңбегінің құндылығы өте жоғары. Қытай философиясының тарихын жан-жақты, терең саралаған еңбектер қатарына жатқызуға болады және көп зерттеушілер үшін қиындық туындататын ұғымдар мен философиялық категориялар Фың Юләннің еңбегінде өте жүйелі, шетелдік зерттеуші үшін жеңіл нұсқада берілген.
Қытай өркениетіндегі философияның рөлін басқа мәдениеттердегі діннің орнымен сәйкестендіруге болады. Фың Юләннің бұл еңбегі қытайлық философиялық ойдың генезисін, дәйекті түрде сипаттауымен құнды. Жалпы Фың Юләннің, «Қытай философиясының қысқаша тарихы» еңбегінің «Жаңа гуманитарлық білім қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағдарламасы аясында қазақ тіліндегі нұсқасын ұсыну отандық қытайтану саласы мен философиялық білім беру ісіндегі жағымды бір жаңалық деп бағамдауымызға болады.
Еңбекте және қытай тілінің лексикалық ерекшеліктеріне байланысты аудармада түпнұсқасы қытай тіліндегі терминдер көп кездеседі. Аудармашылар тарапынан үлкен жұмыс атқарылып, барлық терминдер мен философиялық категорияларды қытай тіліндегі мазмұнын сақтай отырып барынша дәл аударылған. Аударылған терминдер дыбысталуында қазақ тіліне жақындатылған, бұл қазақтілді оқырман үшін мәтінді қабылдауды жеңілдетеді.
Фың Юлән еңбегінің қытай философиясы бойынша қазақ тіліне осыған дейін аударылған мәтіндерден ерекшелігі – оның мазмұны, ғылыми қауымдастық пен шетелдік оқырманның жағымды пікіріне ие болуы, көпшілікке түсінікті тілде, сапалы, қытай философиясының бай тарихы өте жақсы баяндалған туынды болуы. Автор философия тарихын философиялық тұлғалардың – Конфуций, Мо-цзы, Яң-Жу, Мэн-цзы, Хуэй Шин, Гоусуң Лоң, Лао-цзы, Жуаң Зы, Зоу Яң, Шюн Зы және т.б. ойшылдардың шығармашылығын талдау арқылы жеткізген. Сонымен қатар «Қытай философиясының рухы», «Қытай философиясының алғышарттары», «Философиялық мектептердің пайда болуы», «Неоконфуцийлік: ғаламдық сана мектебі», «Заманауи әлемдегі қытай философиясы» тарауларында ежелгі заманнан бастап қазіргі күнге дейінгі философиялық ойдың генезисін айқын баяндаған. Философиялық ойдың дамуын философия тарихын құрайтын философиялық тұлғалар шығармашылығымен сабақтастыра отырып бейнелеу бұл еңбектің құндылығын арттыра түседі, себебі философиялық ой соны пайымдаған тұлғаларды тану арқылы мәндірек болады.
Қазіргі заманның рухани келбетіне плюралистік дүниетаным тән. Бұл құбылыс қазіргі күнде жаһандық, бүкіл әлемдік сипатқа ие болуда. Яғни бұл – өзара түсіністік пен келісімнің жаңа формасы, заман талабына сай рухани үндестік пен төзімділіктің жаңа институттарын құру. Ұлы Конфуцийдің: «Адамдар табиғатына қарай бірігеді, әдеттеріне қарай алыстайды» (Луньюй, XVII, 2) деген сөзіне алып келетінін атап өткім келеді. Адамзат философиясының озық үлгілерімен танысу, ойлау үрдістерінің бастаулары сияқты мәселелерді айқындау, бүгінгі мәдениеттер мен өркениеттердің өзара диалогын жүзеге асырудағы маңызды қадам. Фың Юлән еңбегінің қазақ тілінде ұсынылуы осындай заманауи мәселені шешуге өз үлесін қосатынына сенімдімін.
Назгүл Құдайбергенова,
PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Философия кафедрасының
аға оқытушысы