Аударма бюросы. Алтын көпір

24 сентября 2020 г.

Әсет ҚҰРАНБЕК, философия ғылымының кандидаты, Ұлттық аударма бюросының редакторы:
БАРЛЫҒЫ БІРДЕН ҚАЛЫПТАСПАЙДЫ

– Әлем философтары еңбектерінің жиынтығы саналатын «Философия тарихы» кітабын аудару барысында қандай қиыншылықтар кездесті?

– Ұлттық аударма бюросының үйлестіруімен үш жылдан аса уақыттан бері әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аудару жобасы жүзеге асып келеді. Аударма саласында философия, әлеуметтану, кинотану, өнертану, жалпы гуманитарлық сала мамандарына аса қажет еңбектерді тәржімалауға басымдық берілді. Бұл туындылар осы мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттердің қалыптасқан шеңбер аясынан шығып, әлемдік деңгейде ойлана алатын тұлға болып қалыптасуына жол ашары сөзсіз. Атап айтсақ, Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы», Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты талдауы, Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» еңбектерінің қазақ тіліне аударылуы философия саласына айтарлықтай жаңалық әкелді, қазақ тіліндегі философиялық ұғымдарға, терминдерге, түптеп келгенде, категориялық аппаратқа байыппен мән берудің, зертшіл ақылмен келудің қажеттігін көрсетті. Аударма жұмысы осы негіздегі ізденістерге жол ашатынын байқадық. Өз тіліміз бен ой толғау дәстүрімізде әлі санамызға сіңбей жүрген талай терминнің орнын алмастыра алатын қалыптасқан төл ұғымдар бар екенін де байыптадық. Биыл Жил Делөз сияқты жиырмасыншы ғасырдың маңдайалды ойшылдарының бірі әрі бірегейінің «Кино 1: Қозғалыс – бейне», «Кино 2: Уақыт – бейне» деп аталатын екі томдық құнды еңбегі бірінші рет тұтас күйінде қазақ тіліне тәржімаланды. Ендігі мақсат – осы іспеттес, ойсана тарихындағы ойшылдардың шығармаларын, фундаменталды еңбектерді, ғылыми әдебиетті тұтас күйінде тәржімалауға бет бұру болуға тиіс.

– Қазақта аударма Шығыс дастандарын нәзира үлгісінде аударудан басталып, Абай айналасымен кейінге жалғасты. Бұның өзін үлкен бір мектеп деуге болады. Сұрайын дегенім: қазіргі уақытта қазақ аударма мектебі бар ма?

– Аударма – үнемі дамып, жүріп тұратын процесс. Әрине, елеп екшейтін, қарайтын өз болмысымызға, рухани мәдениетімізге ыңғайлайтын тұстары болады. Тағы бір түйгеніміз, өзге елдің аудармашылары аударма жұмысында өзіндік менталитетін, болмысын, руханиятын негізге алады. Біз де сол кезеңге келерміз. Барлығы бірден қалыптаспайды. Сабақтастық болуы үшін оның бір тұғыры, негізі, іргетасы берік болуы керек. Одан кейінгі тағы бір маңызды мәселе – аударма мәдениетін қалыптастыруға күш салуымыз керек. Көрші елде философиялық шығармаларды аударудың ұзақ жылдық тарихы мен дәстүрі қалыптасқандықтан, тіпті әйгілі ойшылдардың еңбектерін тәржімалауға қатысты, мысалы «Кантты аудару мектебі», «Гегельді аудару мектебі» сияқты аударма мектептері бар. Ұлттық аударма бюросындағы үш жылдан аса жұмыс ішінде қазақ аудармашылар мектебі қалыптасып қалды деп айтуымызға болады. Еліміз бен әлемнің түкпір-түкпірінде білім алған аудармашылар, тәжірибелі әдеби редакторлар мен ғалымдар жиналды. Қазір жобаға үш жүздей адам қатысып жатыр. Осы уақыт аралығында мамандардың өзіндік тәжірибе қалыптастырғаны анық. Шын мәнінде, бұл жоба бұдан да ауқымды аударма жобаларына жол ашады деген үміттемін.

Асылтай ТАСБОЛАТ, Ұлттық аударма бюросының аудармашысы:
«ПАНОРАМА: ДҮНИЕЖҮЗІ ТАРИХЫ» ЕҢБЕГІ АДАМЗАТ ТАРИХЫН ТҰТАС ҚАМТЫҒАН ІРГЕЛІ ЕҢБЕК

– Әлемдегі іргелі оқулықтар мен әдебиеттерді мемлекеттік тілге аудару жобасының елге берері не? «100 жаңа оқулық» жобасының ықпалы қандай?

– Аударма саласының қазіргі деңгейі қарқынды күш алып келе жатқандай сезіледі. «100 жаңа оқулық» жобасы негізінен гуманитарлық бағыттағы оқулықтарды аударумен айналысып жатса, көркем, балалар әдебиетінен бастап ғылыми академиялық басылымдарға, іскер әдебиетке дейінгі аударма кітаптардың түр-түрі оқырманға жол тартып жатқанына куә болудамыз. Атап айтқанда, «Steppe $ World» баспасынан шыққан Хәрри Поттердің томдықтары, Шыңғыс Мұханның әлемдік бестселлерлерді қазақша сөйлетуі, Досым Сәтпаевтың Сара Камеронның «Аштық жайлаған дала» тарихи еңбегін аударып қазақ оқырмандарына ұсынуын айтсақ та жеткілікті. Ұлттық аударма бюросындағы әріптесіміз, аударма саласының хас шебері Үрилә Кеңесбаеваның «Чарли және шоколад фабрикасы» атты балалар кітабын осы жақын уақытта оқырманға ұсынуы да атап айтарлық құбылыс дегім келеді. «100 жаңа оқулық» жобасының аудармалары болсын, басқа да аударма кітаптары болсын қазақ тіліндегі контенттің артуына бірдей үлес қосып, осы саладағы нарықтың қалыптасуына зор ықпал етуде деп есептеймін.

– Сіз аударған «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», «Панорама: Дүниежүзі тарихы», «Әдебиет теориясы» кітаптары қазақ оқырмандарына, өскелең ұрпақтың ойының дамуына ықпалы қандай болады деп ойлайсыз?

– Ең әуелі «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» еңбегіне тоқталсақ, адамзаттың homo religious сатысына көтерілгеннен бергі ең үлкен жетістіктерінің бірі монотеизм болатын. Киелі кітаппен байланған бірқұдайшылдық түсінікке жету – жетілген діни таным мен діни құрылым қалыптасты, соның аясында Иудей-христиандық және ислам өркениетінің түзілгенін білдірсе керек. Дін тарихын осы үш дінмен байланысты кезеңнен бері қарай тарқатқан Карен Армстронг Құдай туралы түсініктің теологиялық, философиялық және мистикалық мазмұнын салыстырмалы негізде ашып берген. Антика философиясының метафизикалық әлем жайлы мұрасын эманация теориясы аясында Құран аянымен ұштастырған ислам философиясының өкілдері Құдайды танудың философиялық құрылымын жасаса, мутакаллимдер мен теологтар діни догматтарды рационал пайым мен діни мәтін үндестігі тұрғысынан негіздеді. Ал ішкі танымға ден қойған ирфан өкілдері – мистиктер Тәңірді танудың эзотерикалық жолын таңдады. Мұндай ауқымды еңбекпен дінтанушылардың қазақ тілінде танысуы – салаға қызыққан мамандар үшін үлкен олжа деп ойлаймын. «Панорама: Дүниежүзі тарихы» еңбегі адамзат тарихын тұтас қамтыған іргелі еңбек. Ғылыми редакциясына жетекшілік еткен профессор Гүлжауһар Көкебаевадан көп нәрсе үйренгенімді сөз арасында баса айтқым келеді.

– Биыл аударған «Әлем музыкасының тарихы» атты оқулық та біз үшін аса қажетті кітаптың бірі. Бұл еңбек кімдерге арналған? Жаңалығы неде?

– Бұл кітап та постотарлық ойларға толы. Еңбекте нәсілшілдік дискурстарға бой ұрған этномузыкатанудың біртіндеп XX ғасырдың ІІ жартысынан бастап постотарлық парадигмаларға қызмет ететін әлемдік музыка зерттеулеріне ұласқанын байқайсыз. Эдуард Сайдтің «Ориентализм» еңбегінің негізінде субалтерн ретінде қарастырылып келген Шығыстың экзотикалық мұрасында жатқан музыкалық экспрессияны талдап көрсетеді. Одан бөлек еврейлердің диаспоралық өмірі мен Кариб аралдарына дүниенің төрт бұрышынан (негізінен африкалықтар) құлдыққа айдалған жандардың тіршілігінде музыканың алар орнын ғажап талдаған тұстары бар. Олардың өміріне тірек болатын дін мен музыкадан басқа экзистенциялық ұстын жоқ екенін ашып көрсетеді. Өз отанындағы вертикаль сипатта (тарихи тамыр, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дәстүр, отбасылық шежіре, қоғамдық салт т.б.) түзілген құндылықтар әлемінен ажырап құлдыққа жегілген жандарға жаңа отанында өзі секілді құл болған тағдырлас адамдармен қол ұстасып тіршілік үшін арпалысуға тура келеді. Сол кезде вертикаль құндылықтардың орнын горизонталь құндылықтар алмастырады дейді. Яғни жаңа «отанында» тамырлы дүние жоқ, қасындағы өзі секілді айдауда жүрген жанмен қол ұстасып тауқыметке төтеп беруі тиіс. Айналасынан, тағдырлас жандармен осы горизонталды құндылықтарды өндіруге кіріседі. Сол кезде музыкада жаңа өлшемдер пайда болды, төрткүл дүниеден жиналған адамдар ішкі сезімдерін горизанталды түрде экспрессиялады дейді. Бұлардың екіге жарылуға мәжбүр болған санасын at home/without home (отанында/отансыз) күйдегі дуалистік сана деп көрсетеді. Бір шетінен отанында – өйткені қалай болғанда да жаңа отанын жерсінуі қажет, отансыз – өйткені туған жерінен жырақта. Кариб аралдарындағы құлдық өмірдің әлем музыкасына қосқан үлесін осылай талдай келе көптеген жанрлардың сол жерде микс түрінде пайда болғанын айтады. Блюз, джаз, регги секілді негізінен дене қимылымен сүйемелденетін бит, ритм ырғақтарын туғызған музыканың бастауын құлдық өмірмен байланыстырады. Жиырмасыншы ғасырда әлем бойынша музыканың десакрализациясы жүзеге асып, зәңгілердің/құлдардың маркері (blackness) боп келген музыкалық жанрлар әлемдік музыканың локомотивіне айналды дейді. 60 жылдардан бастап Мемлекеттік департамент оны Американың мәдени гегемониясының құралы ретінде қолдануға көшкенін де автор ашық жазады.

Толығырақ: https://qazaqadebieti.kz/26390/audarma-byurosy-altyn-k-pir