Қазіргі қазақ әдебиетінің антологиялары испан тіліне аударылады
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын бастаманың стратегиялық серіктесі – Испания Мәдениет министрлігі, жоба кеңесшісі – «Сервантес институты». Испандық ірі баспалардан түскен ұсыныстар мен стратегиялық серіктестер кеңесі негізінде қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын испан тіліне аударып шығару, тарату жұмысын жүргізуге «Visor-Libros» баспа үйі таңдап алынды.
Екіжақты келіссөз испан астанасындағы Қазақстан елшілігінде өтті. Құжатқа «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева мен испан баспа үйінің президенті Хесус Гарсиа Санчес қол қойды. Жиынға Қазақстанның Испаниядағы елшісі Константин Жигалов пен «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.
«Visor-Libros» – шетелдік әдебиетті аударып шығаруға маманданған баспа үйі. Баспаның бұл салада тәжірибесі мол. Ол 10-нан аса елдің ақын-жазушылары туындыларын испан тілінде сөйлетті. «Visor-Libros» баспа үйі Испаниямен қатар Латын Америкасы мен Солтүстік Америкадағы испантілді халық арасында да кеңінен танымал. Баспа қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын Испанияда ғана емес, одан тыс елдерде де насихаттау мен таратуға атсалысады. Испан тілі Испаниядан бөлек Латын Америкасының 18 мемлекеті мен бірнеше өзге елдің, жалпы саны 600 миллион тұрғынның ана тілі болып есептеледі.
Испан баспа үйі өкілдерімен кездесу барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева: «Қазіргі қазақ әдебиетінің испан халқының жүрегіне жетіп, жоғары бағалануы үшін аударма сапасына баса мән береміз. Біздің шығармашылық ұжымның ортақ жұмысы қазақ және испан мәдениетін нығайтуға үлкен үлес қосады деген үміттемін», - деді.
«Visor-Libros» баспа үйінің президенті Хесус Гарсиа Санчес мұндай ауқымды жобаға үлес қосу үлкен мәртебе екенін атап өтіп, бастаманың саяси және коммерциялық емес, ең алдымен, мәдени маңызы басым екенін айтты.
ҚР Президенті Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы. Жоба аясында «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» және «Қазіргі қазақ прозасының антологиясын» БҰҰ-ның 6 тіліне аудару ісі қолға алынды. Жоба Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен көркемсурет өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге таныстыруды мақсат етеді. Әр антология шамамен 500 беттен тұрады, әрқайсысына 30 қазақстандық автордың туындысы кіреді.
Бұған дейін қазақстандық танымал жазушылар мен ақындар, сыншылар мен әдебиетшілер Алматыдағы Достық үйінде бас қосып, қазіргі қазақ әдебиетінің екі томдық антологиясының құрылымы мен мазмұнын талқылады. Сонымен бірге, Қазақстанның әдеби қауымдастығы жобаның ұйымдастыру үлгісіне қатысты ұсыныстарға қолдау білдірді.