Жиі қойылатын сұрақтар

Sample Image

Осы уақытқа дейін қай бағыттар бойынша және қанша оқулық аударылды?


Философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, интеллектуалдық құқық, кинотану, театртану, шығыс философиясы, көшбасшылық, медиа, этнография салалары бойынша ЖОО студенттеріне арналған 100 оқулық аударылды. Оқулықтар еліміздегі 132  университет кітапханаларына тегін таратылды.  

Sample Image

Неге гуманитарлық сала оқулықтары ғана аударылып жатыр?


Біріншіден, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тетігі «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» деп аталады. Елбасы осы мақаласында «Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар ауадай қажет» деген. Яғни, мұнда гуманитарлық ғылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Екіншіден, индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында техникалық ғылымдар бойынша оқулықтар бұрыннан жоспарлы түрде аударылып келеді.

Sample Image

Аударылған оқулықтарды қайдан алуға болады?


Бұл оқулықтар ЖОО студенттеріне арналған. Оқулықтар 10 мың дана болып басылып, 132 жоғары оқу орнына тегін таратылды. Оқытушылар мен профессорлар, сала мамандары жаңа кітаптарды 2018-2019 оқу жылының бағдарламасына енгізуге арналған әдістеме дайындады. Сонымен қатар, оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, ол Қазақстанның ашық университеті – openU.kz платформасына жүктелді. Көпшілік осы жерден оқи алады. Сондай-ақ, қоғам қызығушылығы мен ұсынысы ескеріліп, кітаптар Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы ірі кітап дүкендері арқылы сатылымға қойылды. Бұл жұмыс жеке меншік баспа арқылы ұйымдастырылды, мемлекет қаржысы шығындалған жоқ.   

Sample Image

Аударылған оқулықтар қалай таңдалды?


Еліміздегі жоғары оқу орындарынан қазақ тіліне аударуға 800-ден аса кітап ұсынылып, оны ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия қарады. Оқулықты таңдауда бірнеше талап ескерілді. Біріншіден, оқулық әлемнің ең үздік деген 100 университетінің оқу бағдарламасында болуы шарт. Екіншіден, кітап кем дегенде үш рет басылып, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан болуы тиіс. Үшіншіден, оқулық мазмұны бейтарап болуы керек. Төртіншіден, оқулықтың түрлі интерактивті қосымшалары мен видеолекцияларының, онлайн-курстарының болуы маңызды.

Sample Image

Оқулықтар қай тілден аударылды?


Оқулықтардың басым бөлігі ағылшын тілінен аударылды. Француз, орыс тілдерінен аударылған оқулықтар да бар. Бұл кітаптардың кейбірінің орысша нұсқасы бар болғанына қарамастан, Ұлттық аударма бюросы оқулықты түпнұсқа тілден тікелей аударуға мән берді.

Sample Image

Шет тілдерін жақсы білетін мамандар тапшылығы бар ма?


Ол пәнге байланысты. Философия, әлеуметтану, психология, экономика бойынша ағылшын тіліндегі әдебиеттерді қазақшаға аударатын мамандар көп. Бірақ, гуманитарлық ғылымдардың тілді меңгерген әмбебап мамандар тапшылығы сезілетін де саласы бар. Мұндай жағдайда пәнді жақсы білетін ғалым-оқытушы мен аудармашы және мәтінді қазақша сауатты жеткізетін редактор бірлесе жұмыс істейді.

Sample Image

Бір оқулықты аударуға қанша қаржы жұмсалды?


Бір бетті аудару құны – 7 000 теңге: 3 000 теңге – аудармашыға, 1500 теңге – ғылыми редакторға, 1500 теңге – әдеби редакторға, қалғаны – корректор, дизайнер мен беттеушіге тиесілі.

Sample Image

Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасына қатысып, аударуға оқулық ұсына аламыз ба?


Кез келген адам қазақ тіліне аударылатын оқулыққа қатысты ұсыныс жасай алады. Егер ұсынатын оқулығыңыз болса, онда 100kitap.kz сайтындағы кері байланыс арқылы немесе Ұлттық аударма бюросының Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына хат жазыңыз. Сіздің ұсынысыңыз арнайы комиссия қарауына жіберіледі. Олар оқулықтың талаптарға сәйкестігін тексереді.