Google Translate жүйесіне қазақ тілінде ауызша аудару қызметі қосылады
28 қыркүйек күні Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Google Translate жүйесіндегі ауызша аудармалар (Voice-to-Text технологиясы) қызметіне қазақ тілін қосу жобасының таныстырылуы өтті.
Баспасөз конференциясына «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мен Beeline Қазақстан компаниясының Корпоративтік коммуникация директоры Алексей Бендзь қатысты. Рауан Кенжеханұлы бұл технология қазақ тілінің цифрлық құрылғыларда кеңінен қолдануына жол ашатындығын және Google Translate жүйесіндегі аударма сапасын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Қазір Google Translate жүйесін күнделікті негізде 200 млн-нан астам адам қолданады. Қазіргі таңда бұл жүйе 103 тілде жұмыс істейді, Voice-to-Text қызметі соның 32-сінде қолданылады. WikiBilim қорының ұйымдастыруы және Beeline компаниясының қолдауымен қазақ тілі аталған жүйеге 2014 жылдың желтоқсан айында қосылды. Соның арқасында басқа тілдерге аударма жасау мүмкіндігімен қатар Youtube, Gmail, Google Chrome, Android және т.б. кең танымал қызметтер қазақ тілін қолдайтын болды.
«Ауызша айтылған сөзді қабылдап, оны өңдеп басқа тілге аудару аса күрделі инженерлік және лингвистикалық шешімдерді қажет етеді. Осы мәселелерді сәтті шеше алған тілдерде Voice-to-Text технологиясы білім беруде, күнделікті қарым-қатынаста, бизнесте, аударма ісінде, тілдерді үйрену және цифрлық қызметтерді басқаруда кеңінен қолданылады», - дейді Рауан Кенжеханұлы.
«Бес жыл бұрын Beeline Қазақстан компаниясы қазақ тілін Google-дің аударма жүйесіне қосу жобасына әріптес болды. Инновациялық компания ретінде біз қазақ тілінің аударма жүйесінде болуын ғана емес, қолдануға ыңғайлы болуын да қолдаймыз. Бұл мемлекеттік тілдің жұмыста және күнделікті өмірде қолданысын жеңілдетеді. Google Translate жүйесінде қазақ тілінің болуы шетел туристерінің келуіне де оң әсер етеді. Beeline Интернетті, соның ішінде қазақ тілінде де дамытады. Сол себепті осы бағыттағы әріптестігіміз үшін қуаныштымыз және ары қарай да сервисті жақсарту бағытында бірлескен жұмысымызды жалғастырамыз», - деді Beeline Қазақстан компаниясының Корпоративтік коммуникация директоры Алексей Бендзь.
Google компаниясы мен Ұлттық аударма бюросы арасында жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Google Translate тобы аталған жобаға жан-жақты көмек көрсетеді. Жобаның іске асуына қажетті іс-шаралар кешені анықталып, жұмыс басталып кетті.