Рауан Кенжеханұлы: Абай шығармаларын зор ықыласпен аудардық...

13 тамыз 2020 ж.

Ақын сөзі осы күнге дейін қазақтың намысын жанып, жүрегін жылытып, нұрлы ақылын оятып келсе, оның сөзін әлемнің күллі тілінде сөйлету ісі өткен ғасырдың ілкі жылдарынан басталып кеткені анық еді. Абай мұраларын әлем тілдеріне тәржімалауды қолға алған, біз бүгін әңгіме өзегіне айналдырғалы тұрған жаңа жоба бұрынғылар бастаған істі лайықты жалғастыру мақсатынан туған екен. Қазақстандық абайтанушы-ғалымдардың егжей-тегжейлі сүзгісінен өту арқылы, әрбір сөзі, сөйлемінің дұрыс тәржімалануы қадағаланып, әлемнің ең мәртебелі қаламгерлері мен баспа үйлері тарапынан ғылыми негізді аудармасы жасалған бұл жоба аясында Абай әлемнің ірі он тілінде сөйлейтін болады.
Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған жобаның барысы туралы «Абай – рухани ­реформатор» атты мақаласында да айтып өткені белгілі: «Қазір ақынның еңбектерін халық­ара­лық ғылыми айналымға енгізу үшін нақты және мақсатты жұмыс­тар қол­ға алынуда. Оның ­шығарма­ла­ры әлем­нің он тіліне аударылып, бас­паға әзірленді. Бұл кітаптар жүз­ден астам елдің кітапханалары мен мәде­ни орта­лықтарына жіберіледі. Бірқа­тар шетел­дік аудармашыларға, Абай­дың шығар­машылық мұрасын зерттеу­ші­лер мен насихаттаушыларға менің Жар­лығыммен мемлекеттік ­награда берілді» деген еді ­Мемлекет ­басшысы. «Ана тілінің» сұхбаты ­аясында сол жобаның жетекшісі ­Рауан Кенжеханұлымен тілдесіп, Абайды әлемнің он тілінде сөйлетудің жай-жапсары туралы сұраған едік…

– Абай өлеңдері мен қара сөздері бұрын да өзге тілдерге тәржімаланды ғой. Ендеше, ең алдымен, сол аударма мен бүгінгі аударманың айырмашылығы, ерекшелігі не, осыны анықтап алсақ…

– Дұрыс айтасыз, Абайды өзге тілдерге аудару жұмысы ғасыр бұрын басталып кеткен еді.

Ал қазіргі әлемнің он тіліне аударудың негізгі ерекшелігі – бұл мемлекеттік деңгейде, осындай ірі ауқымда, жүйелі іске асырған алғашқы жоба. Кеңестік замандағы аударманың өз шектеулері болды, ол түсінікті. Тәуелсіздік жылдары қолға алынған бірқатар бастамалар болды, жекелеген өлең жинақтары, қара сөздер бөлек аударылып, әр тілде шығып жүрді. Ол жұмысты жоққа шығарудан аулақпыз, дегенмен де, қазіргі аударманың жөні бөлек. Себебі мемлекеттің бірінші басшысы арнайы көңіл бөліп, әр қадамды жіті бақылау, қадағалаумен іске асқан алғашқы аса ауқымды аударма болды.

Екіншіден, жоба аясында аударма сапасын қамтамасыз етуге ерекше мән берілді. Яғни аударма жұмысы мен жинақ басылымын ұйымдастыруға әр тілде сөйлейтін тәжірибелі кәсіби мамандар, тиісті елдің мәдениеті мен әдебиетін таныстыратын, көркем аудармаға маманданған ең беделді баспа ұйымдары, әдебиетшілер таңдалып, тартылды.

Үшіншіден, бұл жоба аясында алдыңғы аудармалардың әрқайсысы мұқият зерттеліп, олардың артық­шылықтары мен кемшіліктерін толық қаперге алған жұмыс болды.

– Абайды өзге тілде сөйлетуге қатысып жатқан аудармашылар қазақтың әлемін, табиғатын, болмысын жетік білетін жандар ма? Әр тілге аударатын жолма-жол аудармашылар бар екен. Олардың міндетіне не кіреді?

– Көркем аударма жасау, әсіресе тұтас ұлттың ар-ұжданына айналған Абайдай тұлғаны өзге тілде сөйлету оңай жұмыс емес. Сол үшін бір тілге аудару барысында бірнеше маманның көмегіне жүгінеміз. Мұның барлығы да аударманың сәтті шығуы үшін керек. Мәселен, жобамыз аясында қазақ тілін жетік білетін, біздің мәдениеттің өз өкілі Абай сөзінің жолма-жол аудармасын жасап қана қоймай, қазақы ұғымдарға қосымша түсінік беріп отырады. Мұның барлығы да аударма жұмысы барысында қате кетпеуі үшін маңызды. Мәселен, жер-су, адам аттары түсініксіз аударылып кететін кездер болады. Сізге бір ғана мысал айтайын. Осы кезге дейін аударылған әр шығарманы сүзіп, артықшылығы мен кем-кетігін саралап шықтық дедік қой. Сонда түрік тіліндегі бұрынғы бір аудармада Жаманбала деген адам есімі «жаман бала» (yaramaz  çocuk) болып аударылған. Мұндай олқылық бұрынғы біраз аудармада байқалып қалғандықтан, жаңа тәржіма жұмысында біздің мамандарымыз жолма-жол аударма жасап, оған түсініктеме дайындаумен қатар, түпнұсқаны қолына ұстап отырып, әдеби аудармашыға әр сөзді, әр атауды түсіндіргені дұрыс деп шештік.

Енді аудармашыларға қатысты. Олардың әрқайсысымен таныстырып отыру көп уақытты алар. Жалпы саны жобаға 70-тен аса қазақстандық және шетелдік мамандар қатысты. Сондықтан күні кеше ғана Абай аудармасына ерекше үлес қосқаны үшін мемлекеттік награда алған бірқатар шетелдік әріптестерімізді таныстыра кетейін. Мысалы, Кембридж университеті баспасы тарапынан Абайды аудару жұмысына жетекшілік еткен, аталмыш баспа басшыларының бірі Джейн Манн ханым, Абай өлеңдері мен сөздерін қытай тіліне жеке-дара аударған Ақпар Мәжит мырза, Испания корольдік әулетінің аудармашысы, Абайды испан тілінде сөйлеткен Мария Санчес Пуиг ханым, сондай-ақ Абайды түрік тіліне аударуға айрықша үлес қосқан Зафер Кибар мырза және Абай жинағының араб тіліндегі нұсқасын дайындауға өлшеусіз үлес қосқан Халед Елсайед мырза Қазақстанның шетел азаматтарына беретін ең жоғары сыйлығы – екінші дәрежелі Достық орденімен марапатталды.

Абайды қытай тіліне тәржімалаған Ақпар Мәжитті қазақстандық ­­шығармашылық зиялы қауым өкілдері жақсы таниды. Ол қазақтан шыққан қытай жазушысы, сол елдің Мемлекеттік сыйлығының иегері. Қытай жерінде қазақ руханиятын насихаттап жүрген қандасымыз. Қытайдағы «Ұлттар әдебиеті» және «Қытай жазушылары» атты ірі әдеби журналдың бас редакторы қызметін атқарды. ҚХР мәдениеті мен қаламгерлерінің өкілі ретінде Қытай халық өкілдері жиналысының бірнеше мәрте мүшесі болған тұлға. Кино, телевизия жөніндегі комиссия төрағасының және Киносценарий қоғамы төрағасының бірінші орынбасары. Абай шығармаларын ағылшын тіліне аудару жобасын үйлестірген Джейн Манн Қазақстанға 17 рет келген. Еліміздің тыныс-тіршілігімен, мәдениетімен жақсы таныс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазіргі қазақ әдебиеті антологияларының аударма жобасына қатысты. Түрік тілінің тәржімашысы Зафер Кибар осы уақытқа дейін Мұқағали Мақатаевтың таңдамалы шығармаларын аударған маман.

Яғни біз арнайы таңдап алған мамандардың арасында осалы жоқ. Олардың барлығы өз ісіне өте жауап­ты, өз елінде кәсіби аудармалары, шығармалары арқылы танымал тұлғалар.

– Абайдың қара сөздеріне ­­қатысты сауал қойғымыз келеді. Абай­дың қара сөздері, әу бастағы орыс аудармашыларын айтпаған күннің өзінде, Сәтімжан Санбаевтың, Роллан Сейсенбаевтың, Әуезхан Қодардың және өзге де аудармашылардың тәржімасында осы кезге дейін жарық көріп, әр жылдарда мыңдаған данамен таралған еді. Қазақ әдебиеті тарихында үлкен аудармашылар қатарындағы қаламгерлердің шығармашылығымен қаншалықты санастыңыздар, яғни бұрынғы аудармалар іргетас есебінде негізге алынды ма? Бұл тұрғыда таразылау қалай жүрді?

– Ол аудармашылардың жұмысы, әрине, негізге алынды. Әу баста осы уақытқа дейін шыққан сәтті аударманың барлығын пайдаланайық, олардың отбасының арнайы рұқсатымен сол жұмыстарды кітап етіп бастырайық деген едік. Өзіңіз айтқан қазақтың ғажап қаламгерлері, кәсіби аудармашылары С.Санбаевтың, Р.Сейсенбаевтың, Ә.Қодардың әр аудармасын мұқият қарап, зерттедік. «Іріктеп алып бір жинақ жасаймыз ба?» деген де ұсыныс айтылды. Бір жағынан, бұрынғы жасалған еңбекті елеп, пайдалану, екінші жағынан, жаңа жинақ жасау керек деген пікірталасқа тап болдық. Бірақ өзіміз ғана шешім қабылдағымыз келмеді. Себебі бұл жауапты қадам ғой. Абайтанушы мамандармен ақылдастық, кеңестік. Осы тақырыпты жете білетін адамдар бар. Солардың пікірін тыңдадық. Біз осыған дейін аударылған нұсқалардың ешқайсысын жоққа шығармаймыз. Әрқайсысы өзінше құнды. Әттеген-ай деген тұстары да жоқ емес. Ақыры ақылдаса келе, бар күшімізді салып, қажет мамандарды тартып, жолма-жол аударма жасалды. Осыған дейінгі аудармаларға қатысты айтылған сын да ескерілді.

Мұндай мүмкіндік енді бола ма, жоқ па, ендеше, сәті туып тұрғанда Абай сөзін аудармашылардың жаңа толқынымен аударып көрсек қайтеді деген ойға бекідік. Бірден айта кетейін, осы аударма арқылы біз бұрынғы нұсқалардың ешқайсысын жоққа шығармаймыз. Мұның барлығы да әдеби көркем талғам мәселесі. Жалпы шетелдік тәжірибеге үңілсек, дүниежүзінде үлкен қаламгерлердің шығармаларының бір емес, бірнеше аудармасы жасалып жатады ғой. Мәселен, Шекспирдің жекелеген шығармаларының орыс тіліндегі елуден аса нұсқасы бар. Сол сияқты, біз білетін Пушкин, Толстой, Чеховтарды жыл сайын әр елдің аудармашылары өз нұсқасында аударып жүр. Сондықтан Абай сөзінің сан мәрте аударылуы әбестік емес, қайта Абайға лайық, заңды құбылыс болу керек.

– Абайдың аударылған өлеңдерінің түпнұсқасына қатысты да сауал қойғымыз келеді. Абайтанушы мамандар Абайдың осы кезге дейін тасқа басылған кітаптарындағы өлеңдердің кейбірі әр кітапта сәйкеспейтінін айтады. Сіздер түпнұсқа ретінде Абайдың қай кітабын негізге алдыңыздар?

– 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойында академик Зәки Ахметовтың жетекшілігімен жарық көрген, сол кездегі ең танымал әдебиетшілер, абайтанушылар араласқан екі томдық еңбекті негізге алдық. Оны кезінде М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты баспаға дайындаған. Бұл академиялық жинақта Абай өлеңдері мен қара сөздерінің өзі ғана басылып қоя салмаған, түсініктеме, талдаулар да қоса берілген. Иә, ол жинаққа қатысты да осы күні «Кейбір жерлерінде қателіктер кеткен болуы мүмкін» деген пікірлер айтылып жүр. Сондықтан ол жинақтың өзіне де сын көзбен қарап, оған қатысты айтылған пікірлердің бәрін жинақтадық. Ол ескертулер мен пікірлерді елеп, ескеріп отырмыз. Кәсіби мамандар талдап-таразылап беретін тұстар жеткілікті. Мұның барлығына зер салып, түрлі нұсқаларын қарап, институт мамандарымен ақылдасып отырмыз.

– Абайдың барлық өлеңі түгел тәржімаланды ма?

– Барлық өлеңін аудармадық. Іріктеп алдық. Ағылшын, араб, қытай, испан, итальян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдеріндегі аударма жинақтарға ақынның 145 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі кірді.

Мамандар тарапынан Абай айтқан қазақтың кей мінезін, кейбір құбылыстарды өзге тілді оқырман қалай түсінеді деген күдік те айтылды. Ақылдаса келе, Абай сөзін өзге тілдерге асқан жанашырлықпен, түсініп тәржімалау керек, осыған ден қою керек деп шештік. Ол сөздер бұрын да аударылды, дәл қазір тартыну, Абайды цензуралау орынсыз деп таптық.

– Абайдың он тілге аударылған нұсқаларына, аудармашыларға жеке-жеке тоқталып өтсек…

– Абай сөзі ең көп аударылған тіл – орыс тілі. Абайдың орыс тіліне аударылған алғашқы өлеңдері XX ғасырдың басында-ақ жарияланған. Кейін орыс тіліндегі Абай жинақтары бірнеше мәрте аударылып басылды. Абай өлеңдерінің, қара сөздерінің бір емес, бірнеше нұсқасы бар. Мұның барлығы да салыстыру жұмыстарын жасағанда өте пайдалы болды. Талай кәсіби аудармашылардың, жалпы Абай сөзін өзге тілге тәржімалағысы келген әуесқой мамандардың да жұмысын сүзіп шықтық. Айта кету керек, өте сәтті аударылған нұсқалар да көп. Ендеше, орыс тіліндегі бұрыннан бар нұсқаны қалдырамыз ба, әлде бәрін қайта аударып шығамыз ба деген сұрақ туды. Бақытжан Қанапиянов, Гүлзия Қамбарбаева, Мұрат Әуезов секілді мамандармен кеңестік. Олардың барлығы осы кезге дейін орыс тіліне тәржімаланған нұсқаларды түгел оқып, пікір білдірді. Бәріміздің ойымыз бір жерден шығып, қазақстандық және ресейлік мамандар кеңесе отырып, жаңа жинаққа Абай өлеңдерінің осы уақытқа дейін аударылған ең сәтті нұсқаларын кіргіземіз деп шештік. Орыс тіліндегі жинақтың құрастырушысы Бақытжан Қанапиянов. Десек те, ақынның бірқатар өлеңдері мен поэмалары, 45 қара сөзі орыс тіліне жаңадан аударылып қосылды. 3 поэма мен бірқатар өлеңді мәскеулік ақын әрі аудармашы Михаил Синельников аударды. Ал қара сөздердің орыс тіліндегі жаңа көркем аудармасын жасауға ресейлік жазушы әрі ау­дармашы Анатолий Ким қатысты. Ол бұған дейін Мұхтар Әуезовтің «Абай жолын», сондай-ақ Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Әбіш Кекілбаев шығармаларын орыс тілінде сөйлеткен, қазақ әдебиеті және мәдениетімен жақсы таныс маман. Жолма-жол аудармаға ақын, драматург Мадина Омарова, абайтанушы Гүлзия Қамбарбаева, редактор Әлия Нагорнюк қатысты. Абайдың орыс тіліндегі жаңа жинағын әзірлеу жұмысын үйлестіруге М.Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік универси­те­тінің баспа үйі жауапты.

Абай шығармалары Кеңес Одағы тұсында ағылшын тіліне де аударылған, бертінде үзік-үзік аудармалар де жасалған екен. Бұл жобада сол шығармаларды әуелі оқып, өзіміз үшін ой-пайым түйіп алған соң, тәржі­маны қайта бастаймыз деп шештік. Кеңес Одағы заманында «Прогресс» баспасының тапсырысымен жасал­ған аударма мазмұнға үңіл­меген, техникалық аударма екен. Абайды ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қаты­суымен іске асып жатыр. Абай ­шығармаларының жолма-жол аудар­масын дайындау және өлеңдеріне лингвистикалық, этнографиялық, та­рихи түсініктеме жазуға аудармашы әрі өнертанушы Әсия Бағдәулетқызы, тарихшы, әдебиеттанушы Зифа Әуезова, аудармашы, журналист Роза Құдабаева, абайтанушы-ғалым Гүлзия Қамбарбаева, аудармашылар Миргүл Қали мен Гаухар Халық қатысты. Ақын өлеңдерінің көркем аудармасын жасау танымал британ ақыны, профессор Шон О’Брайенға, ал қара сөздерін аудару шотландтық ақын әрі жазушы, профессор Джон Бернсайдқа тапсырылды.

Абай шығармаларын араб әлеміне Араб мемлекеттері лигасының Білім, ғылым және мәдениет ұйымының (ALECSO) баспа үйі дайындап, ұсынады. Ақын туындыларының жолма-жол аудармасын әзірлеуге Каир уни­верситетінің оқытушысы Рабиға Төлебай, шығыстанушы Құрманғазы Садыбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетінің деканы Палторе Иктияр атсалысты. Абай өлең­дерінің әдеби редакциясын лингвистика және философия профессоры Халед Елсайед жүзеге асырды.

Абай туындыларын қытай тілінде қытай қазақтарының арасынан шыққан танымал жазушы, әдебиетші, қоғам қайраткері, ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақпар Мәжит сөйлетті.

Жинақты неміс тіліне аудару және басып таратуға Hirnkost баспасы қатысуда. Қазақ тілінен неміс тіліне тікелей аударма жасаған аудармашы Әлмағамбет Төреханов пен Таңсұлу Рахымбаевалар. Жинақтың әдеби редакциясын танымал неміс жазушысы, драматург Аня Тукерманн үйлестірді.

Бұл жоба аясында Абай жапон тіліне алғаш рет аударылып отыр. Ол үшін қазақ және жапон мамандарынан тұратын арнайы топ құрылды. Ақын шығармаларының көркем аудармасына Токио университетінің шет тілдер профессоры Сакай Хироки, қазақ әдебиетін зерттеуші Микия Нишимура, жапон-қазақ сөздігін құрастырушы, аудармашы Шигенобу Масуджималап қатысты. Жинақ Токиодағы Каденша баспасынан шығады.

Абай мұрасын түрік тіліне аудару жұмысы Түрік әдебиеті қорының баспасына тапсырылды. Түрік тілінде Абай аудармалары бар екен. Соларды біріктіріп, осы жинаққа қосатын болдық. Қазақы ұғымдарды жүйелеп, реттеп, толықтыруға ғылыми редактор есебінде Әбдуақап Қара қосылды. Түрік әдебиеті қорының баспа үйі аударма жобасына Екрем Аян, Зафер Кибар секілді тәжірибелі аудармашылар мен Имдат Авшар, Бахтияр Аслан, Әбдуақап Қара сынды беделді ғалымдарын тартты.

Қазақ тілінен тікелей аударуға шамамыз жетпейтін тілдер де бар. Мәселен, қазақ тілін жетік білетін испантілді, французтілді аудармашыны табуда қатты қиналдық. Французтілді аудармашы табылатын шығар деп үміттенген едім. Бірақ болмады. Ақыры, амал жоқ, француз, итальян және испан тілдеріне ағылшын, орыс тілі арқылы жол салып отырмыз.

 Абай шығармаларын испан тілінде сөйлетуге Сервантес институты қолдау көрсетіп, жинақты дайындауға әдеби аудармаға маманданған «Visor» баспасы жауапты болды. Абай туындыларын аударумен Испанияның беделді аудармашысы Мария Санчес Пиуг, Гранада университетінің профессоры Энрике Торкемада, аудармашылар Михаил Чиликов пен Александра Шевелевалар атсалысты.

Жинақты француз тіліне аудару, басып шығару және таратуды Le Passeur атты Францияның ең ірі баспа үйі орындайды. Итальян тіліндегі аударма жинақты Италиядағы ең ірі баспалардың бірі MONDADORI LIBRI SPA дайындап таныстырады.

Айта кетейін, жинақтың барлық тілдегі форматы мен мұқабасы бірдей болмақ. Мұқаба суретінің авторы – танымал суретші Дәурен Қастеев.

– Азулы баспалардан жарық көре­тін жинақ дүниежүзінің мәртебелі кі­тапханаларына баратыны өздігінен түсінікті. Ал жинақтың таралымы қандай?

– Қазіргі жоспар бойынша әр тілде кемінде үш мың дана басылуға тиіс. Сонда он тілдегі аударманы қосқанда отыз мың кітап жарық көреді. Әлемнің он тілінде сөйлейтін мемлекеттердің ірі кітапханаларына кітаптардың толық жеткізілуін баспалар қамтамасыз етеді. Дүниежүзінің жүзден аса мемлекетіндегі отыз мыңдай кітапхана мен оқу орындарына Абай сөзі жетеді. Бұл анық орындалатын жоспар. Ал қосымша таралым мәселесін енді-енді шешетін болармыз. Әлемдік пандемия бұл шешімдерді қабылдауда сәл-пәл кешеуілдетуге себеп болды. Қосымша ұсыныстар да түсіп жатыр. Қазақтармен қарым-қатынасы өте жақсы жақын елдер қосымша таралым жасайық деген ұсыныс айтты. Ол таралымды дәл қазір айта алмаймын. Сондықтан болашақта үш мың емес, одан да көп таралыммен шығып қалар деп ойлаймыз.

– Жинақтың қазақша нұсқасы шыға ма?

– Бұл жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асып отыр. Жобаның өзінде қазақтілді нұсқасын бөлек шығару жоспары жоқ.

Алайда он тілге аударылған қазақша нұсқасы, түпнұсқасы қолымызда бар. Абайдың он тілдегі аудармасы жеке кітапханамда болсын деген ниетпен алғысы келген оқырман табылса, он тілдің басын қосып, оған қазақша түпнұсқаны енгізіп, үлкен жинақ шығаруға да болатын шығар.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

Толығырақ: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=58267&fbclid=IwAR0qYkTdsF4XVSSZ8FM5QbWGTp-InwkFKRKJKm3LyxNq_00nhfZ-yI3WuqU