Сәкен Сыбанбай: Кеңес дәуірінде қалыптасқан аударма және редактура мектебін үзіп алдық
– Сәкен аға, «Қазақ тіліндегі гуманитарлық білім: 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылып жатқан кітаптарға жауапты әрі әдеби редакторсыз. Көпшілікті алаңдатар сұрақ – аударма сапасына қатысты. Қайнаған жұмыстың ортасында жүрген адам ретінде оқулықтардың сапасы жөнінде не айтасыз?
– Осы жобаға тікелей араласқалы бері өзім байқаған бір жайт: біз кеңес дәуірінде қалыптасқан мықты аударма және редактура мектебін үзіп алған екенбіз. Қазір ол дәуірді жаппай жамандау белең алып кетті ғой, бірақ таза кәсіби тұрғыдан алғанда сол уақытта біраз саланың жұмысы жолға қойылып, әбден жүйеленген екен. Тәуелсіздік кезеңінде, әсіресе 90-жылдардың тоқырауында көп нәрседен айрылып қалыппыз. Одан бергі жылдарда да ғылым, білім, жалпы руханият мәселелерінде аса көп ілгерілеу бола қоймағаны белгілі.
Оқулықтардағы олқылықтар, тәржімедегі жауапсыздықтар, ғылыми әдебиеттердің сапасыздығы және т.б. проблемалардан жұртшылық жалпы хабардар ғой деп ойлаймын.
Осы тұрғыдан келгенде, 2017 жылы құрылған Ұлттық аударма бюросында да жұмыс бірден жүйелі жүріп кете қойған жоқ. Кәсіби аудармашылар, сауатты корректорлар, шебер беттеушілер, мәтінмен жұмыс істей білетін майталман әдеби редакторлар, осы шығармашылық топпен тығыз байланыста еңбек ететін ғылыми редакторлар, сала мамандары іріктеліп шығып, қазіргі ұжым құрамы толық қалыптасқанша талай қиындық бастан өтті. Бастапқы кезеңде аударма сапасы ала-құла болғандықтан, бір кітапқа жаңадан бірнеше маман қайта тартылып, алдыңғы жұмысты одан сайын пысықтай түскен, кейде біраз тұсын қайта қараған жағдайлар да кездесті. Сол кезеңдерде әлеуметтік желі беттерінде аз-кем сыни пікірлердің айтылғаны да есімізде. Кейін бюро басшылығы жұмыс сапасы көңілден шықпаған қызметкерлермен қош айтысып, өз ісінің кәсіби маманы саналатын адамдарға сенім артып, бүгінгі құрамды жасақтаған соң, аударманың деңгейі де, жалпы жұмыс процесі де біртіндеп бір жүйеге түсті деуге болады.
– Ал, өзіңіз жауапты болған Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихын» аударуда қандай да бір қиындықтар туындады ма?
– Әрине, қиындықтар болды. Жалпы қай кітапты әзірлеу де оңайға соққан жоқ. Өйткені оқулықтардың дені ағылшын тілінен қазақшаға тікелей аударылды. Бұл кітаптардың басым көпшілігі орыс тіліне аударылмаған да. Яғни, осындай аударма процесінде аралық тіл ретінде бізге көп көмегі тиетін орыс тіліндегі нұсқасымен салыстыру деген мүлде болған жоқ.
Сондай орысша нұсқасы жоқ кітаптың бірі – жаңа өзің айтқан «Батыс философиясының жаңа тарихы». Бұл – төрт томнан тұратын ауқымды еңбек. «Антика философиясы» және «Орта ғасыр философиясы» деп аталатын бастапқы екі томы 2018 жылы «100 оқулықтың» алдыңғы легінде жарық көрді. «Қазіргі заман философиясының бастауы» және «Қазіргі заман философиясы» атты үшінші-төртінші томдары 2019 жылы басылып шықты. Көлемді де концептуалды жинақты ана тілімізде сөйлету ісіне философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлжихан Нұрышева, философия ғылымдарының кандидаттары Әсет Құранбек, Айымжан Рыскиева, Ақмарал Байдлаева секілді білікті мамандар қатысты. Басты қиындық – философиялық ұғымдар мен категорияларды дәл беру мәселесінде туындады, өйткені өзара ұқсас бола тұра олардың бір-бірінен өзгешеліктері де бар еді, соларды шатастырмай жөн-жөнімен жүйелеу қажет болды. Бұл тұрғыда философия ғылымдарының докторлары, профессорлар Серік Нұрмұратов пен Дәулетбек Раевтың мол тәжірибесіне, ақыл-кеңесіне жүгіндік.
Философия тарихы туралы бұрын да талай жазылған. Мәселен, Бертран Расселдің «Батыс философиясының тарихы» атты кітабы бар. Осы саладағы әлемге ең көп таралған кітап та осы, философия туралы сөз қозғалғанда, ең әуелі ауызға ілігетін еңбек те сол. Э.Кенни де философия тарихын тәпсірлеу барысында Б.Расселді барынша бажайлап зерттеген. Ол бұл кітабында әлемдік ой қазынасын басқа авторлардан да тереңірек зерделеуге тырысқан. Антика дәуірінен бізге белгілі ойшылдар – Платон, Сократ, Аристотельден бөлек, ешқандай жазба еңбегі қалмаған, шығармалары кейінгіге ауызша там-тұмдап жеткен Эмпедокл, Гераклит, Ксенофан сынды былайғы жұртқа белгісіз, тек философия тарихын зерттеп жүрген ғалымдарға ғана мәлім ғұламаларды да жүйелеп шыққан. Сондықтан Кенниді Расселдің еңбегін одан ары дамытушы, толықтырушы деп бағалауға болады. Кітапта негізінен батыс философиясындағы идеялар қамтылғанымен, автор Еуропа ойшылдарына едәуір ықпал еткен Әбу Нәсір әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, әл-Кинди, ибн Рушд секілді ислам даналарының ойларына да тоқталады.
– Үш жыл ішінде аударма жұмыстары қаншалықты жүйеленді? Жалпы жұмыс процесін түсіндіріп өтесіз бе?
– Иә, қазір жұмыс процесі өз жүйесін тапты. Әрине, алдымен салмақ аудармашыға түседі. Оның аударған мәтінімен сосын әдеби редактор жұмыс істейді. Кейде жұмыс іркес-тіркес қатар жүреді. Мәтін толық өңдеуден өткен соң іске сол саланың кәсіби маманы – ғылыми редактор кіріседі. Мәселен, философия тақырыбындағы еңбек болса – философтар, өнерге қатысты оқулық болса – өнертанушылар, білім беру саласына тән кітап болса – педагогтар деген секілді... Сөз саптауы реттеліп, ұғымдары жүйеленген, қазақы қалыпқа түскен мәтінге енді корректор шұқшияды: болашақ оқулық ұсақ-түйек әріп қателерінен арылып, тыныс белгілері өз орнын табады. Сосын дайын мәтін беттеушіге ұсынылады, ол беттеп, баспаға әзірлейді. Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мен бас редакторы Мұхтар Сеңгірбай әр кітапты қарап, тексеріп, қол қояды.
Кейінгі үш жыл ішінде біздің бюродан шыққан оқулықтардың түрлі таныстырылымы болды. 2018 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысумен елордада алғашқы 17 кітаптың тұсауы кесілді. Былтыр әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де екінші лектегі 30 оқулықтың презентациясы өтті. Түрлі оқу орындарында ұйымдастырылған ғылыми конференциялар мен дөңгелек үстелдер өз алдына. Сондай жиындардың бәрінде де оқулықтар жан-жақты талқыланды. Әр сала мамандары кәсіби тұрғыдан өз ескертпелері мен ұсыныстарын білдірді. Жалпы алғанда, оқулықтардың сапасына оң пікір айтушылар көп.
– Өзіңіз білесіз, терминдерді біріздендіру, ортақ шешімге келу, бір жүйеге тоқтау – қашан да өзекті. Сіздерде бұл мәселе қалай шешілді?
– Ғылыми әдебиет аудару жағынан тәжірибесі аса бай ел емеспіз. Оның үстіне, біз аударып жатқан кітаптардың біраз бөлігі қазақ үшін таңсық саналатын салаларды қамтиды. Сондықтан біз аударма ісінде үлгі ретінде ұстанатын, тек соған сүйеніп, соған жүгінетін ешқандай орталық немесе мекеме жоқтың қасы. Оның үстіне, кез келген тілде де белгілі бір сөздің бірнеше мағынасы болады, кей сөз жеке тұрғанда бір мәнге ие болса, оған екінші сөз қатарласып, екеуі тіркескенде мағына мүлде басқа бағытқа ауысып кетеді. Яғни ескілі-жаңалы сөздіктер де даулы мәселеге нүкте қоярлық «үкім» айта алмайды. Біздегі сөздіктердің көпшілігі сөздің нақты аудармасын берудің орнына, соның жуықтап алғандағы мағыналарының жиынтығын сала құлаш етіп ұсынуға бейім. Сол сала құлаш тізімдегі сан-сапалақ мағынаның қайсысы қарастырылып отырған сөйлемге дөп келетінін, бұл сөздің ауызекі түрде немесе көркем әдебиетте берген мағынасы ғылыми мәтінге қаншалықты үйлесер-үйлеспесін аңғарып, сезіну де оңай емес. Көп жағдайда «тыңнан түрен салуға» тура келгені, сөздіктен гөрі аудармашылық машыққа, редакторлық түйсікке сүйенуге мәжбүр болғанымыз рас. Тым дүдәмал тұстарда ағылшын тіліндегі қай терминді француздардың, испандардың, түріктердің, орыстардың қалай аударғаны салыстырылып, соның ішінен көкейге қонғаны іріктеген сәттеріміз де болды.
Аудармашы мәтін сөйлемін түпнұсқа тілдегі сөйлеммен бірдей етіп құрауға, алшақтамауға тырысады. Әдеби редактор ондағы мағынаны сақтай отырып, сөйлемді қазақы мәнерге, жатық сипатқа жақындатады. Ғылыми редактор ұғымдардың дәл берілуін, шатастырылмауын, түпкі мәнінен айрылып қалмауын қадағалайды. Осы процесс барысында талай пікірталас туындап, оны соңы қызыл кеңірдек айтысқа ұласады. Әркімнің уәжі өзінше дұрыс. Әрқилы көзқарастарды өзара жақындатып, ортақ шешім қабылдауға тырысамыз. Оның дайын тұрған формуласы және жоқ. Әр жағдайды жеке қарастырып, мәтінді мұқият оқып, ақылдасамыз. Жұмыс барысында біз, әдеби редакторлар, ғылыми аударманың қиындығын, оған нақтылық қажет екенін аңдадық, ал аудармашылар мен ғылыми редакторларымыз қазақы көркем тілдің ерекшеліктерін түсінді: сөйтіп, өзара ұғысудамыз. Ақырында түрлі дәлел-дәйектерді ескере келіп, белгілі бір мәмілеге тоқтаймыз.
– Қателеспесем, қазіргі таңда кезекті 30 жаңа оқулық аударылды. Жаңа кітаптар жөнінде аз-кем тарқатып өтсеңіз. Алдағы жоспар қандай?
– Жоғарыда айтқанымдай, 2018-2019 жылдары 47 оқулық жарық көріп, еліміздегі жоғары оқу орындарына таратылғаны мәлім. Солардың ізін ала тағы 30 кітап қазақшаға аударылып, басылып жатыр. Бұлардың қатарында «Әлемдік саясаттың жаһандануы», «Әлем музыкасының тарихы», «Кино теориясы», «Киносценарий жазу негіздері», «Театртануға кіріспе», «Эстетика», «Өнер тарихы», «Тарихи антропология», «Жеке қаражат», «Макроэкономика» секілді әрқилы салаға қатысты кітаптар бар. Биыл жыл соңына қарай 100 кітаптың қалған 23-і аударылып бітеді: олардың ішінде философия тақырыбындағы кітаптар басымырақ («Өнер философиясына кіріспе», «Ислам философиясының оқулығы», «Үнді философиясының тарихы», «Жапон философиясының қысқаша тарихы», «Қытай философиясының қысқаша тарихы», «Классикалық араб философиясы: дереккөздер антологиясы», «Батыс философиясының тарихы»), дегенмен «Этнография: қолдану принциптері», «Әлеуметтік зерттеу әдістері», «Саясаттану», «Тарихтың практикасы», «Ұлттық этностың тамыры» тәрізді алуан саланы қамтитын басқа да оқулықтар жеткілікті.
– Кітаптар студенттерден бөлек, қарапайым оқырмандарға қаншалықты қолжетімді? «Ашық университет» платформасының мүмкіндіктері қандай?
– Осыған дейін жарық көріп, жоғары оқу орындарына таратылған 47 оқулықты Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы «Қазына» және «Меломан» кітап дүкендерінен сатып алуға болады. Сондай-ақ бұл кітаптардың электронды нұсқасын kitap.kz және openu.kz («Ашық университет») сайттарынан ашып оқи аласыздар. Жалпы осыған дейін аударылған және қазір аударылып жатқан кітаптардың толық тізімі мен олар туралы жан-жақты мәліметті де осы сайттардан табасыз.
- Сұхбатыңызға көп рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Толығырақ: