«Балалардың сұрағы жауапсыз қалмауға тиіс»
“Денсаулық және өмірлік дағдылар” кітаптар сериясы балалар мен жасөспірімдер арасында жиі кездесетін үрей, қорқыныш, ұялу, ашулану, қателесуден қорқу, депрессия, мазасыздану сияқты жағдайларды жеңуге, сабырлы болуға, айналасындағылармен жақсы қарым-қатынас орнатуға және өзіне деген сенімді қалыптастыруға үйретеді. Сонымен қатар ересектерге баланы тыңдап, оларға қалай көмектесуге болатынын баяндайды.
Балалар мен жасөпірімдер үйдегі кикілжіңді, мектептегі қиындығын, уайымын ересектерге айтуға, оны талқылауға ұялады, кейбір жағдайда қорқады. Ойын ашық айтқысы келсе де, маңайында оны тыңдайтын немесе сұрағына жауап бере алатын адам болмауы мүмкін. Ұят деп ойлайды, әдепсіздік деп қабылдайды. Әрине, мұндай жағдай тек Қазақстанның балаларына ғана емес, әлемнің өзге елдеріндегі балаларға да тән құбылыс. Сондықтан біз осы мәселеге маманданған ұйымдарды іздеп тауып, олармен бірге жұмыс істегенді жөн көрдік. Соның ішінде “Америка психологтар ассоциациясы” (American Psychological Association) деген ұйым бар. Олар түрлі тақырыптағы ғылыми зерттеу нәтижесін балаларға ыңғайлы, ықшам етіп, шағын ғана кітапқа айналдырған. Ұйым балалардың ата-анасына, мұғаліміне немесе психологқа айта алмай жүрген, жанын ауыртатын мәселесін шешуге, қиындығын жасырмай, ересектерге айтуға көмектеседі. Топтама осы ұйым ғалымдары жүргізген көп жылғы зерттеудің нәтижесінде құрастырылған. Балалардың кез келген сұрағы жауапсыз қалмауға тиіс, – дейді Рауан Кенжеханұлы.
Алғашқы топтама 19 кітаптан тұрады. Қазақ және орыс тілдеріне қатар аударылған. Әр кітаптың жалпы көлемі – 50-70 бет. Ең көлемдісі – 200 беттей.
Кітапты аударып басу жұмысы бірнеше кезеңнен тұрды. Әр кітапты аударып, баспаға әзірлейтін жұмыс топтары құрылды. Ең әуелі кәсіби аудармашылар кітаптарды ағылшын тілінен тікелей қазақ және орыс тілдеріне аударды. Кейін әдеби редакторлар мәтінді жетілдірді. Олар кітапты баланың оқуына жеңіл, қабылдауына оңай болуын бірінші орынға қойды. Кей тұсында өз мәдениетіміз бен дүниетанымымызға жақындатуға тырыстық, кейіпкерлердің есімі, сол сияқты басқа да детальдар өзгертілді. Мәтін дайын болған соң психологтар көмекке келді. Олар терминдердің аудармасына, тақырыпты балаға жеткізу әдістемесінің дұрыстығына мән берді. Аударма, редактура, баспа процесіне шамамен 1 жыл кетті, – дейді бюро директоры.
Жинақта бала мен ата-ана қарым-қатынасы, бала тәрбиесіне қатысты ата-аналар мен ересектерді алаңдатуға тиіс тақырыптар да қамтылған. Мәселен, ата-анасы ажырасқан балаларға көмек құралы ретінде дайындалған кітап та бар. Ол “Менің де ата-анам ажырасқан” деп аталады.
Статистикаға қарасақ, біздің қоғамда ажырасқан отбасылар саны жылдан-жылға артып келеді. Бала әдетте ата-анасының ажырасуына өзін кінәлі санайды. Олардың арасындағы ұрыс-керіс баланың психикасының бұзылуына әкелуі мүмкін. Ондай балаға тиісті көмек берілмесе, салдарынан бала мен жасөспірім суицидке баруы мүмкін. Сондықтан мұндай тақырыпты кеңінен түсіндіретін кітаптар, нұсқаулықтар мейілінше көптеп шығарылуы керек. “Менің де ата-анам ажырасқан” – бұл балалардың балаларға арнап жазған кітабы. Бала осы кітап арқылы қиын жағдайдан шығудың жолын іздеп, өз бойынан сенім тауып, өзін кінәлауды қойып, ата-анасымен қарым-қатынас жасаудың жаңа жолын таба алады, – дейді жоба жетекшісі.
Әлемде балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жиілігі бойынша Қазақстан алдыңғы 10 елдің қатарында. Бұл – 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасындағы көрсеткіш.
Балалар арасындағы суицидтің негізгі себебі – бала кезде алған психика травмалары. Мамандардың айтуынша, бір суицидтің артында суицидке оқталған 100 талпыныс болады. Ондай талпыныстың әрқайсы – қиналған, торыққан баланың жеке трагедиясы. Оны ешкім көрмей, байқамай өтіп жатыр. Ондай балаға шұғыл көмек қажет. Көбіне ондай баланың күйзелісін ата-анасы байқамайды, ашылмайтынын томаға-тұйық мінезінен көреді. Қазақстанда жыл сайын 200-дей бала өзіне-өзі қол жұмсап, өмірден өтеді. Бұл – үлкен трагедия. “Біз жағдайды өзгерту үшін не істей аламыз?” деген сұраққа жауап іздедік. Осы бағытта БҰҰ жанындағы UNICEF балалар ұйымының Қазақстандағы өкілдігімен бірлесе жұмыс істедік. Халықаралық ұйымдардың қолдауымен әлемнің ең тәжірибелі де беделді мамандарын қатыстырып, арнайы бағдарлама жасадық. Мына кітаптар – сол бағдарлама аясында дайындалған құралдардың бір бөлігі, – дейді Рауан Кенжеханұлы.
Топтамадағы кітаптардың бір бөлігі “Ата-аналар баламен қалай сөйлесуі керек, баланы не мазалайды, баланың басына қиын жағдай түскен кезде оған қалай көмектесе аламыз?” деген сұрақтардың жауабын беріп, түрлі амалын көрсетеді.
Кейде балалар мектепте, өзге ортада әлімжеттік көреді. Мұны халықаралық әдебиетте “буллинг” деп атайды. Осындай жағдайға түскен бала не істей алады? Оған ата-анасы қалай көмектессе болады? Бұл кітаптарда балаға “қиын мәселеңді жасырма, оны ата-анаңа айт, үлкендерден көмек сұра” деген кеңес беріледі. Бір жағынан, ата-аналарға балаға салмақ салмай, әрі ортасындағы абыройын сақтап, оған дұрыс көмектесу жолдарын ұсынады, – дейді Рауан Кенжеханұлы.
“Денсаулық және өмірлік дағдылар” кітаптар сериясы:
- ӘЛСІЗДІ ҚОРҒА!
Араша түсушілер әлімжеттікті қалай тоқтатты? - ЖҰРТ МЕН ТУРАЛЫ НЕ ОЙЛАЙДЫ?
Әлеуметтік үрейді жеңу жолдары. - ҰЯЛШАҚ БОЛҒЫМ КЕЛМЕЙДІ
Әлеуметтік үрейден қалай арыламыз? - АШУЫҢДЫ ЖЕҢЕ БІЛ!
Ермек ашуын басуды және оны бақылауды қалай үйренді? - БЭК ДЖЕК АЙЛАҒЫ
Қайғыны жеңген бала. - МІНСІЗ АДАМ ЖОҚ
Перфекционизм туралы әңгіме. - МЕН ТЫМ УАЙЫМШЫЛМЫН
Уайымнан арылу үшін не істеу керек? - КӨГЕРГЕН ІРІМШІК ИІСІ
Бұзақы балалардан қалай қорғанамыз? - МЕНІҢ ДЕ АТА-АНАМ АЖЫРАСҚАН
Балалардың балаларға арнап жазған кітабы. - ҚЫЗҒАНШАҚ БОЛУ ЖАҚСЫ МА?
Қызғаныш және іштарлық. - ҚАТЕЛЕСПЕЙТІН АДАМ ЖОҚ!
Мініңді мойындай біл. - ӨЗІҢДІ ТҮСІН!
Буырқанған сезім мен эмоция туралы түсінік. - АЛЫСТАҒЫМ КЕЛМЕЙДІ
Ата-ана мен жақындардан алыстау үрейін қалай жеңеміз? - САБЫР САҚТА!
Ашуды жеңудің жолы. - ЖАҢА МЕКТЕП, ЖАҢА ОРТА
Көшкенде және орта ауысқанда не істеу керек? - ЭМОЦИЯЛАР: СЕЗІМДЕРДІҢ МӘНІ НЕДЕ?
- МЕНІҢ БЕЙМАЗА САНАМ
Үрейді жеңу тәсілдері. - ӨЗ ҚАЛПЫҢНАН АЙНЫМА
Өзіңе сен өзіңді алып шағар, еңбегің мен ақылың екі жақтап. - ДЕПРЕССИЯ: ЖЕҢІП ШЫҒЫП, АЛҒА ЖҮР
Толығырақ: