Рауан Кенжеханұлы: Білім беру саласы уақытпен бірге жылдам өзгеріп отыруы қажет
– Жуырда белгілі қоғам белсендісі Бақытжан Бұхарбай «Ұлттық аударма бюросына» бөлінген қаржының есебін сұрап, сізді пікірталасқа шақырған еді. Сол кездесуде сіз келтірген дерек пен дәйек күмәнді жұртты қанағаттандырды ма? Заңды жұмыс істеп жатқандарыңызға көпшіліктің көзін жеткізе алдыңыз ба?
– Бұл ауқымды және маңызды қоғамдық жоба, сондықтан атқарылып жатқан жұмысқа қатысты жан-жақты және толық ақпарат беру – міндетіміз. Біз бірінші күннен жұмысымызды ашық жүргізіп келеміз. Қоғамдық ұйымның жетекшісі және кешегі журналист ретінде бұл мен үшін өте маңызды. Сұрағыңызға келер болсақ, сіз атаған кездесуді пікірталас деу артық болар. Бақытжан Бұхарбай біз өткізген баспасөз мәслихатынан кейін пайда болған қосымша сұрақтарға жауап беруді өтінді. Кездестік, барлық сұраққа жауап берілді. Жауапсыз қалған сұрақ жоқ. Негізгі сұрақ оқулық аударуға бөлінген қаражат туралы болатын. Әр тиынның есебін беруге дайынбыз. Баршаға түсінікті болу үшін шығарылған әр кітапқа қанша қаржы жұмсалғанын тағы бір атап өтейін. Оқулық авторларынан оны қазақ тіліне аударуға рұқсатты сатып алу, ғылыми аударманы ұйымдастыру, кітапты басып шығару және 132 жоғары оқу орнына жеткізуді қоса санағанда бір кітаптың құны – 3 860 теңге. Әр оқулықтың орташа көлемі – 600 бет. Түпнұсқа тілінде бұл оқулықтардың орташа бағасы – 30 доллар. Арасында бір данасы 230 долларға дейін баратын ерекше қымбат кітаптар да аз емес. Алайда осы жобаның арқасында әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері пайдаланатын осындай оқулықтар біздің барлық оқу орындары мен студенттерге тегін жетті. Ал оны қазақ тіліне аударып, басып, таратуға кеткен қаражат бір данасына 10 доллардан төмен. Сондықтан біз бұл жұмысты және оның басы-қасында жүргенімізді мақтан тұтамыз. Біле білген адамға бұл біздің тарихта теңдесі жоқ білім мазмұнының жаңаруы. Шын мәніндегі рухани жаңғыру.
– «100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынғалы бері 47 кітап аударылып, еліміздің жоғары оқу орындарына таратылыпты. Аударманың сапасына ұстаздар мен студенттердің көңілі тоқ па?
– Бізге келіп жатқан пікірлер жақсы. Бірақ біз оған тоқмейілсімейміз. Ұдайы аударма сапасын арттыруға, кітапты жақсартуға тырысамыз. Бұл жұмысқа қазір 300-ден аса маман атсалысуда. Аударылып жатқан әр оқулыққа тиісті сала бойынша ең тәжірибелі әрі беделді ғалым-мамандарды шақырамыз. Кез келген аудармаға объективті баға беру қиын. Ол талғам мәселесі. Аударма сапасы негізінен сол аударманы жасаған, ғылыми және әдеби редакцияға қатысқан мамандардың деңгейімен анықталады. Әр оқулықты аударып, баспаға дайындауға бірнеше адам қатысады. Олар бірін-бірі тексеріп, мәтінді жетілдіреді. Жекелеген, мәселен «Экономикс» секілді көлемді, күрделі оқулықтарды дайындауға 20 адамға дейін қатысты. Олардың дені ғалым-ұстаздар. Басуға жіберердің алдында әр оқулық тиісті оқу орнының маманданған кафедрасында талқылаудан өтеді.
– «Ұлттық аударма бюросында» қанша аудармашы бар? Олар қандай талаптар бойынша жұмысқа қабылданады, біліктілігі қалай тексеріледі?
– «Ұлттық аударма бюросының» штаттағы қызметкерлер саны 100 шақты адам. Тағы 200-ге тарта адам аударма мен редакцияға сырттай қатысады, олар негізінен жоғары оқу орындарының ұстаз-ғалымдары, ғылыми институттар мен орталықтардың қызметкерлері. Аудармашыларды жасаған аудармасына қарап, ал редакторларды бұған дейінгі тәжірибесі, шығарған кітаптары, жазған мақалалары, жасаған еңбегіне қарап шақырамыз. Ортадағы ол маманға қатысты айтылған пікір де ескеріледі. Бұл айтарлықтай күрделі жұмыс. Әр кітапты аудару және баспаға дайындаудың нақты жоспары, графигі бар. Күн сайын белгіленген көлем аударылып, редакцияланып, беттеліп отырмаса, жұмыс қиындай береді. Сондықтан жұмысқа келген адамның мүмкіндігі, қабілеті мен қауқары бірден көрінеді.
– Жуырда Нұрлан Өнербаев ағамыз «Абай жолын» дыбыстап жатқанын сүйіншілеген едіңіз. AudioКitap жобасы аясында тағы қандай кітаптардың аудио нұсқасы дайындалады?
– AudioKitap деген жобаны біз ертеректе бастаған едік. Осыдан 3-4 жыл бұрын мектеп бағдарламасына енген барлық көркем шығарманың толық аудио нұсқаларын жазып, оны Қазақстанның ашық кітапханасы – kitap.kz сайтына орналастырдық. Бұл бастамаға көп жақсы пікір айтылды. Сол іс жалғасып жатыр. Қазір смартфондарға арналған AudioKitap атты қосымша жасалды. Ол қосылды, қазір сынау, тестілеу жүріп жатыр. Орнатып, сынап көруге шақырамыз. Қазір онда 500-дей шығарма бар. Барлық кітапты тегін тыңдауға болады. Нұрлан Өнербаев ағамызбен бірге «Абай жолын» жаңадан жазып жатқанымыз рас. Бұрын жазылған нұсқасы бер еді, бұл неге керек деген пікір айтылды. Меніңше, бас романымыз ауық-ауық қайта оқылып, жаңа дауыстармен қайта жазылса, артық етпейді. Шығармаға деген қызығушылық оянады, жанданады. Оның үстіне, бертінде бұл шығарма совет заманында қиылып қалған 70 беттей Құнанбайға қатысты жаңа бөлікпен толықты. Ол да ескерілуі қажет. Көп адам оқумен бірге есту арқылы да ілім-білім жинайды. Өзім де сондай адамдардың қатарындамын. Мен баяу оқимын, тыңдағанды ұнатамын. Ағылшын, орыс тіліндегі кітаптардың көбіне аудио нұсқасын тыңдаймын. Оған мол мүмкіндік беретін, ағылшын және орыстілді аудиокітап сервистері көп. Қазақ тілінде жұмыс істейтін ондай қызметтер жоқтың қасы. Сондықтан да осы жобаны қолға алып, дамытып жатырмыз. Ойымыз – қазақша жазылған, қазақ тіліне аударылған барлық кітаптардың аудио нұсқасын жасау. Шындап кіріссе, 2-3 жылда атқаруға болатын жұмыс.
– Қазақ әдебиеті жауһарларын БҰҰ-ның негізгі алты тіліне аудару жобасына да үлкен көңіл, қыруар қаржы бөлініп жатыр екен. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларына шетелдіктер тарапынан шынымен сұраныс бар ма? Ұлттық шығармаларымыз ертеңгі күні шетелдік сөрелерде шаң басып тұрып қалмай ма?
– Ондай сұраныс болу үшін алдымен ұсыныс пайда болу қажет. Халықаралық әдеби процесс – нақты адамдардың, әр елдегі авторлардың басқа елдегі аудармашыларымен, редакторлардың баспагерлермен, сыншылармен қарым-қатынасынан құралады. Біздің авторлардың көпшілігі осындай халықаралық қарым-қатынас деңгейіне шыға алмай жүр. Оған бір жағынан тіл білмеу, екінші жағынан қаражат тапшылығы кедергі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Жаһандағы қазіргі қазақ мәдениеті» жобасы осыған жол ашты. Біздің тарихта тұңғыш рет 60 қазақ авторы – 30 жазушы, 30 ақынымыздың шығармалары бір сәтте әлемнің ең ірі 6 тіліне аударылып, сол тілдерде жұмыс істейтін дүниежүзіндегі ең беделді баспалардан жарық көрді. Аудармаларға сол 6 тілдегі мәдениеттің дамуына жауапты іргелі ұйымдардың өкілдегі пікір айтып, қазақ әдебиетін өз оқырмандарына таныстырды. Атап айтсақ, ағылшын тілінде Британ кеңесі мен Кембридж университетінің баспасы, испан тілінде Сервантес институты мен Визор баспасы, орыс тілінде Горький атындағы әдебиет институты мен Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы, қытай тілінде Ұлттар баспасы, араб тілінде Мысырдың ұлттық мәдениет пен білім орталығы, француз тілінде Париждің мәдени бірлестігі мен Мишель де Моль баспасымен бірлесе жұмыс атқардық. Қазақ әдебиетін өз тілдеріне аударып, таратуға, оқырмандарына таныстыруға осы ұйымдар өз беделімен, тәжірибесімен, атақ-дәрежесімен жауап береді. Бұл ұйымдар өз атынан біздің жинақтарды ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдерінде сөйлейтін 90-нан аса елдің кітапханалары, оқу орындары мен ғылыми орталықтарына, жалпы саны 30 мыңға тарта ұйымға жіберді. Біз қазір сол кітапханалар мен оқу орындарынан көптеген ризашылық хаттар алып жатырмыз. Мәселен, кеше ғана АҚШ-тың Техас штатындағы университетінен хат келді. Олар біздің антологияларды ала салып, университеттің әдеби үйірмесінде оқып, талқылаған. Сол сияқты Франция президенті Макрон мырза біздің жинақтарды көріп, арнайы хат жазып, ризашылық білдірді. Осындай хаттар, пікірлер көп. Оның сыртында, осы жобаның арқасында біздің авторлар сырттағы аудармашылар және баспагерлермен танысып, енді жеке халықаралық жобаларын бастап жатыр. Мәселен, Есенғали Раушановтың шығармалары ағылшын тіліне аударылып, баспаға дайындалып жатыр.
– Жуырда Каирде қазақ әдебиеті антологиясының араб тіліндегі нұсқасы таныстырылды. Аударманың басы-қасында кім жүрді? Ұлттық әдебиетіміз араб тіліне жоғары деңгейде аударылғанына кім кепіл?
– Антологияларды араб тіліне аударып, шығаруға және таратуға Таяу шығыс аймағындағы ең ірі баспа ұйымдарының бірі – MediaHub жауапты болды. Мазмұндық жағын Мысырдың ұлттық мәдениет және білім орталығы қамтамасыз етті. Сондай-ақ жобаға араб әлемінің ЮНЕСКО-сы саналатын, ALECSO деп аталатын Араб лигасы ұйымының білім, ғылым және мәдениет бірлестігі қатысты. Осы ұйымның басшысы антологияларға алғысөз жазып, оны араб оқырманына таныстырды. Жеке аудармашыларға келер болсақ, мысалы, атақты Әл-Азһар университетінің түлегі, қазір сол университетте ұстаздық ететін Рабиға Төлебай деген қарындасымыз бар. Дәл қазір Рабиға бір топ араб әріптестерімен Абайды араб тіліне аудару үстінде.
– BilimMediaGroup Ресей мен Өзбекстан нарығында да жұмыс істейтінін айтқан едіңіз бір сұхбатыңызда. Бұл елдер қазақстандық білім беру жүйесінен нақты қандай өнімдерді импорттап отыр?
– BilimMediaGroup – электронды білім беру сервистері мен оған қажетті мазмұн өндіруге маманданған жеке компания. Қазір бұл компания электронды немесе қашықтан білім беруге қажетті контент көлемі бойынша ТМД аумағындағы ең ірі ұйым. Біздің мазмұнды сатып алып, оны Мәскеу мен Санкт-Петербор және Ресейдің басқа да аймақтарындағы мектептерге таратып отырған Ресейлік әріптестеріміз бар. Арадағы шарт талаптарына сәйкес, ол әріптестеріміздің атын атай алмаймыз.
Ал Өзбекстанға келер болсақ, біз былтырдан бері осы елдің білім министрлігінің қолдауымен Ташкент қаласының мектептерінде пилоттық жоба жүргізіп келеміз. Олар біздің мазмұнды қазақ, орыс және ағылшын тілінде пайдаланып отыр. Ұстаздар мен оқушылардың және ата-аналардың біздің контент жайлы пікірлері өте жақсы. Енді оны өзбек тіліне аударуға кірісеміз. Нақты қай өнім екенін көргілеріңіз келсе, BilimLand.kz сайтын қарауға болады. Мұнда 40 мыңнан аса электронды оқыту ресурстары жасалып, жинақталған. Экспортқа шыққан өнім – білім беру мен технологияларды ұштастыра отырып дайындалған білімнің жаңа мазмұны.
– «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қолға алынған үлкен жобалардың бірі – онлайн курстар. Сол курстармен танысқан ұстаздардың бірі Фейсбукта жобаның кемшіліктерін көрсетіп, оларды жоюға қатысты тұшымды ұсыныстар айтқан екен. Мұндай пікірлер ескеріле ме?
– Қоғамдық жоба болғаннан кейін түрлі пікір айтылуы да заңды. Алайда әлеуметтік желі арқылы пікір айту қиын емес, ал ол пікірді мамандармен бірге отырып талқылауға дайын болу басқа. Біз ондай талқыға дайынбыз. Әлемнің ең жақсы оқулықтарының негізінде, еліміздің ең мықты деген оқытушыларының қатысуымен видео лекциялар жасалып, оларды қашықтан оқыту курстарына айналдыратын қосымша әдістемелік материалдар дайындалып жатыр. Студенттер сапалы курстар тыңдай алады, өз бетімен оқығысы келетін адамдар да аз емес. Оларға да білім алуға жол ашылады. Бұл бастаманың мақсаты – білімнің сапасы мен қолжетімдігін арттыру. Онлайн курстар негізінде Қазақстанның ашық университеті жасалады. Бұл неге қажет? Қазір 30 мыңға тарта қазақстандық жас шетелдік онлайн университетке тіркеліп, қашықтан білім алуда. Олардың білім сапасын, жұмыс істеу тетіктерін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мұндай оқу орнын бітірген кез келген адам қолына тиген шетелдік онлайн университеттің дипломын заңға сәйкес қазақстандық дипломға теңестіріп алады. Яғни, онлайн оқуға деген сұраныс бар, ол артып келеді. Бірақ біз ел ретінде соған лайықты ұсыныс бере алмай отырымыз. Біздің ойымызша, мұндай жаңа үлгідегі оқу орындарына бөлек рұқсат беріліп, олардың қызметі бөлек талаптармен реттелуі тиіс. Ондай талаптар қазір жоқ. Бұл сала өз бетімен дамып жатыр. Онда он мыңдаған қазақстандық жас білім алып жатыр. Бізге сын айтушылар мұны тоқтата ала ма?! Оған менің күмәнім бар. Олай болса, мемлекет бұл саланы реттеуді қолға алуы қажет, ал біз оған көмектесуіміз керек. Егер мұндай қашықтан оқыту платформасының қажеттігіне келіссек, оны қалай ұйымдастыру керек деген сұрақ төңірегіндегі ақылдасуға, кеңесуге, күш біріктіруге біз дайынбыз.
– Қазақстандық білім беру жүйесінде реформа көп. Министрлік «пәлен елдің моделі», «түген елдің үлгісі» деп талай жоба ұсынды, алайда орта жолда қалып қойғаны көп. Көрсеткіштердің көбі көзбояушылыққа ұласып кетеді. Бұл еліктегіштіктің кері әсері емес пе?
– Меніңше, бұл жай еліктегіштіктен әлдеқайда кең құбылыс. Дүниедегі өзгерістер жылдамдығы артып келеді. Қазақша айтқанда, кешегі алған білім бүгін іске жарамай қалып жатыр. Өзгерістер жылдамдығы одан бетер күшейе береді. Адамға тұлға және маман ретінде қалыптасуға, заманға бейімделуге көмектесу үшін білім беру саласы уақытпен бірге жылдам өзгеріп, икемделуі қажет. Сондықтан білім берудегі ұдайы өзгерістер мен тоқтаусыз реформаларға бой үйретуден басқа амал жоқ. Меніңше, оларды реформа деп атаудың енді мәні де жоқ. Ол – даму. Кез келген даму өзгерісті талап етеді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Оған үйрену қажет. Жолы болғыш, табысты жеке адам да, компания да, мемлекет те тез арада икемге келгіш, бейімделгіш болуы тиіс. Әрине, ол «өзіңді ұмыт, ұстанымың болмасын» деген сөз емес. Біздің мақсатымыз тәуелсіз ел ретінде даму, әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу болса, сол мақсатқа жету жолындағы өзгерістерге бейімделуге дайын болу қажет. Осы жерде ескерілуі тиіс бір мәселе бар. БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарынан бастап, түрлі халықаралық білім сапасын тексеретін тесттер, рейтингтер мен стандарттардың барлығы ұлттық білім беру жүйелерін «әлем азаматын» тәрбиелеуге мәжбүрлейді. Ұлттық білім беру жүйелері барын салып, сондай халықаралық талаптарға сай азамат және маман тәрбиелейді. Солардың арасындағы ең қабілетті, дарындылары дамыған елдерден шақырту алып, шын мәнінде әлем азаматына айналады. Ал дамушы елдерде ондай шақырту алмаған, орта және төмен дәрежелі мамандар қалады. Бұл әлемде жүріп жатқан таланттар үшін бәсекенің қатал ережесі. Оған қарсы тұру өте қиын. Шекараны жабу немесе адамдарды еркінен тыс ұстау мүмкін емес. Дарынды, аса қабілетті жастарға дамыған елдердегі алпауыт компаниялардан артық ұсыныс жасап, оларды алып қалуға бізде қауқар жоқ. Сондықтан да білім беру жүйесі әлемдегі озық талаптарды ескере отырып, әлем емес, қазақ азаматын қалай тәрбиелейміз деген сұраққа жауап іздеуі керек. Ол анық жауабы жоқ, өте күрделі сұрақ.
– Заманауи көзқарас тұрғысынан алғанда білімді адам деген кім?
– Білімге, ақпарат пен мәліметке қол жеткізу қазір қиын емес. Интернет пен технологиялар бұл тұрғыдан барлық адамның мүмкіндігін теңестірді. Ниет пен ынта ғана қажет. Бар гәп сол білімді пайдалана алу, жұмсай білуге келіп тіреледі. Білімді дұрыс жұмсап, тиімді пайдалану үшін ұстаным қажет. Анық мақсат болуы керек. Заманауи көзқарас тұрғысынан қазіргі ең үлкен қиындық – өмірден мағына таппай, ұстанымсыз, мақсатсыз жүрген адамдар. Алдыңғы сұрақпен сабақтастырар болсақ, қазіргі білім берудің бірінші міндеті – білім беру емес, мағыналы өмір сүре алатын, мақсаты мен мұраты айқын, ұстанымы берік азамат тәрбиелеу.
– «Зиялы қауым өкілі» деген анықтауышты жиі қолданатын болдық. Сіз өзіңізді сол санатқа қосасыз ба?
– Егер ол тіркес жай оқыған-тоқығаны бар немесе шығармашылықпен айналысатын адамдар туралы болса, өзімді ол санатқа қосқым келмейді. Ал егер ұлт пен қоғам алдында жауапкершілік алуға дайын, тәуелсіз мемлекет үшін еңбек етіп, нақты нәтиже көрсетуге дайын орта туралы болса, ондай ортаға қуана қосыламын.
– Сұхбатыңызға рақмет!