Өнер және дүние тарихы

11 қыркүйек 2019 ж.

Дүниежүзілік өнер энциклопедиясы

Тарихшы, өнертанушы Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы» кітабы алғаш рет 1959 жылы жарық көріп, 16 рет қайта басылған. Бұл туынды әлемнің 30 тілінде 8 миллион данамен таралған. «Біз айырықша маңыз беріп, көтермелеп айтатын Өнер, шын мәнінде жоқ. Ал Суретші бар» деп басталады кітаптың алғы сөзі. Иә, суретші болса, өнер қайда кетеді екен деп, сөз таластырғыңыз келеді. Бұл пікірталасқа да автор ұсынар дәйек дайын. Бағзы замандардан бері адам баласы үңгірге, қабырғаға, осы күні зәулім үйлердің бір бұрышына суреттер салып келсе, мұндай дүниенің бәріне әр кезеңде, әр елде әртүрлі ат бергенін тілге тиек еткен автор көркемөнердің ықылым замандардағы түсінігі мен ерекшелігіне бойлайды.

ӨНЕР ЖӘНЕ ДҮНИЕ ТАРИХЫ


Кітаптың алғашқы бетін парақ­тағаннан өнер атты әлемнің мың қатпарлы тереңіне сүңгіп кетесің. Тасқа қашалған ежелгі кескіндерден бастап, қазіргі кезеңге дейінгі өнер ­тарихына тереңдейсің. Әр кезеңнің, әр дәуірдің өнерінің сыны мен сипатын жеке-жеке тал­даған оқулық авторы, ең алдымен оқырманның ыңғайына жығылады. Ыңғайына жығылғаны сол – өнерді қасаң қағидалар мен сірескен терминдерге толы, күрделі, түсініксіз әлем етіп көрсетпейді. Өнер – адамзат тарихымен бірге жасап келе жатқанының, адам жер бетінде пайда­ болғалы бергі оның арманының, мақсатының, жүріп өткен ұзын-сонар жолының айнасы екенінің дәлелін келтіреді.


Адам әуел бастан нені өнер деп таныды, оны өнер еткен қандай сипаты еді, сурет пен көркемдіктің құ­пиясы неде – кітапта өнер тари­хының осы бір қыры да талданады. Өлілер кітабында көрсетілген мысырлық Құдайлар бейнесі, Эхнатон перғауынның отбасылық портреті, Парм шіркеуі күмбезіндегі Корреджо фрескасы, Мадонна, сұрғылт-бозғылт Амстердамдағы король сарайы, Модернизм салтанатын көрсететін Клор галереясының кіреберісі… Әр кезеңнің, иә, ең бастысы әр ел мен жердің өнердегі нәзік те құпиясы мол әлемі сөзбен ғана сипатталмай, түрлі бейнелер қалпында да көш түзеген.


Өнердің тарихы болған сол тарихтың ұзына жолы бойында кездес­кен түрлі дәстүрлер, сан мың салалар, біреулер түсініп, келесілері қарсы шыққан бағыттар: бәрі-бәрі рет-ретімен өнер көшінің әрін кіргізеді. Кітапта, сондай-ақ өнердің жалпы жоспарымен танысасың, көлемді де күрделі туындыларға арқау болған кезеңдерді түсінесің, стильдерге бойлайсың, есімдермен етене жақын бола түсесің. Өнер ­тарихына қатысты мың бояулы иллюстрация­лар, бүктетіліп жазылатын үлкен пішіндегі суреттер, композициялар көз қуантады. Осындайда айта кету парыз, кітаптың техникалық безендірілуі, қағазының сапасы, бояуының қанықтығы, тіпті оқулықтың пішімінің өзі нағыз өнер туындысының қандай болатынын дәлелдеп тұрғандай, өте сапалы, ­шебер жасалған. Оқулықтарды аудару ісімен қоса, оның баспа бетінен басылуындағы стандарттарға сай келуінің өзі де бүгінгі кітап ісіндегі сүйінші жаңалық деуге болады…


Кітапты қарап отырып, әр сурет­шінің әлеміне бойлайсың. Олардың қылқаламына байланған сезімдердің алапат тасқыны біресе суретке­ жіпсіз байлап, енді бір суреттен мейірім аңсап, келесісінің ­шы­ндығынан жүрегің кілкіп, таң-тамаша боласың. Мұның бәрін автор суретші туын­дысындағы сезімдер тоғысымен, суретшінің көрерменіне ұсынғысы келген бай әлемімен байланыстыра түсіндіреді.


Өнердің бастауларынан тарихи әңгіме бастарда Эрнст Гомбрих бейнелеу формалары мен жазудың бір-бірінен алшақ емес екенін айтады. Өнер тарихының жолы әрқилы болғанымен, түп негізі бір – діни қоғамдық мазмұнына ғана емес, көркемдік сапасына да ерекше мән берген қоғамдарда өсіп-өркендеген.


…Иә, автормен келіспеске болмас. Көркем шығармашылықтың кез келген пішінін әлемнің кез келген түкпірінен кездестіруге болады. «Өнер тарихын үздіксіз процесс ретінде түсінетін болсақ, онда оның бастау­ларын Францияның оңтүстігіндегі үңгірлер мен солтүстікамерикалық үндістердің қоныстарынан іздеудің қажеті жоқ. Себебі ертеректегі көркемөнер тәжірибелері мен осы заман өнерінің арасындағы дәстүр жалғастығы үздіксіз, түзу сызық арқылы жалғаспайды. Алайда шеберден – шәкіртке, шәкірттен – өнерді бағалаушыға немесе көшірмешіге тікелей берілетін дәстүр бар. Ол қазіргі өнерді кез келген заманауи­ ғимаратпен, плакатпен, бес мың жыл бұрынғы Ніл өзенінің алабында пайда болған өнермен біріктіреді» дейді Эрнст Гомбрих. Бұл пайым тұрғысынан қарасақ, шеберден – шәкірті алған өнердің дәстүрі бізге әлі күнге байырғының бір бөлшегі мен бүгінгінің бір жаңалығын қосып, суретпен, мүсінмен, өнердің кез келген туындысымен арғы мен бергінің арасын жалғап келеді екен. Демек, өнер де – бар, суретші де – бар болғаны ғой.
«Венецияның теңізден бөлінген су қоймаларының әсерінен ылғал тартып, заттардың сұлбасын бұлдыратып, әлдебір түс сағымына айналдыратын атмосферасы суретшілерге Италияның өзге өңірлеріндегі суретшілердің бойында кездесе бермейтін рең ажыратқыштық ерекше дарын дарытты» дейді автор кітаптың «Жарық пен түс» бөлімінде. Осындайда біздің де көркемөнердегі жарық пен түс туралы әлдене айтқың келеді. Қазақ даласының қоңырқай келбеті мен түс пен реңкті берудегі сын-сипаты туралы кең толғанар дүниелер осындай ғылыми, мазмұнды стильмен, салқынқандылықпен жазылса ғой, шіркін деген ой жетегіне ересің.


Оқулықтың әр кезеңді, әр стильді тәпсірлеп, түсіндірген қырын жеке-жеке айтып, таныстырудан аулақпыз. Патша көңілді оқырман оның қызығы мен қадірін өздері кітапты парақтап отырып тауып алар деп ойлаймыз. Бүгінгі күні дүниежүзінің өнер ­тарихын білгісі келген әр адам үшін оқулық табу таң емес десек те, бір емес, бірнеше мәрте баспа бетін көрген, бірталай елдің оқырманының көңілінен шыққан оқулыққа қазақ студенттерінің де қолы жетуі – өнер тарихын түсіндірудегі тың қадамның бірі екені даусыз.

Адамзат шежіресі

Неге екені, дүниежүзінің тарихы қанды қасап соғыстардан тұратын сияқты. Дүниежүзі тарихы десе, бір мемлекеттер құрылып, екінші мемлекеттер қирап, бірінің жерін екіншісі ­жаулап алу мақсатында жүрген шайқастар туралы білетініміз еске түседі. Ал Росс Данн мен Лора Митчелл­ жазған дүние тарихы ең әуелі өркениеттерге жол ашқан жаңалықтар туралы деректермен­ ­басталады. Адам баласының ең алғашқы табаны тиген жерлерден бастап, аяғы жеткен құрылықтарға дейінгі кең өлкедегі дүниетаным, мифология, аңыз бен ақиқат, бізге мәлім де беймәлім оқиғалардың бастауын­да тұрған өнертабыстар тарихтың тегершігі ретінде ең әуелі сипатталады. Түрлі ұлттар, ұлыстар, тайпалар, мәдениеттер жайлы ғана емес, олардың адамзат тарихына қосқан үлесі, салмағы да салқынқандылықпен, «даланы үлкейтемін деп тауларды аласартпау керек» ұстанымымен жазылған. Мәселен, дүние тарихында дөңгелектің ойлап табылуы адамзат көшінің алға жылжуына, қоғамның күрделенуіне септігін тигізгені даусыз. Афроеуразия аумағында пайда болған дөңгелектің адамзат тарихына қосқан үлесі теңдессіз. Дөңгелектің ойлап ­табылуымен көш жылдамдады, астық тасымалы молайды, барыс-келіс, сауда-саттық дамып, өркениет гүлденді. Ал қос Америка бұл аралықта не істеді, не ойлап тапты? «Олар дөңгелек ойлап тапқан жоқ, себебі құрлықта жылқы секілді ірі қара болмаған­дықтан олар дөңгелекке мұқтаж емес еді» дейді ­авторлар. ­Авторлар сө­зіне қо­сым­ша айта кетейік, ол құрлыққа жылқы еуропа­лықтардың кемесіне мі­ніп барған. Есесіне, қос Америка адам­­затқа жүгері мен картопты сыйлады. Түрлі дәрумендерге, құнарлы заттарға бай дақылдар жер беті тұрғындарының санының өсуіне әсер еткені анық. Айта берсек, кітапта мұндай мысалдар жетіп артылады.


Адамзат пайда болғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі жүріп өткен ­тарихи жолын кең ауқымда сипаттайтын оқулық «Panorama: Дүниежүзі тарихы» деп аталады. Америкалық ғалымдар Росс Данн мен Лора Митчелл­ дүниежүзі тарихы ғылымы саласында еңбектеніп жүрген мамандар. Дәл осы оқулығы әлемнің ЖОО-­ларында үлкен сұраныспен оқытылып жүрген кітаптардың қатарында.


Кітапты парақтаған оқырман ә дегеннен-ақ жаңа терминдерге кезігеді. Мәселен, авторлар құрлықтар туралы жеке-дара тоқталып өтпей, үлкен жер ауқымын ортақ сипатпен қарастырған. Африка, Еуропа, Азияны топтап, оны Афроеуразия аумағы деп алады. Кітапты оқи отырып, студент Еуропа, Азия және Африка­ тарихының өзара байланысын көреді. Ал Оңтүстік және Солтүстік Америка­ны қос Америка дейді де, екі жерді жіп-жіңішке Панама мойнағы бөліп жатқанын, күрделі қоғам құруға ұмтылған қос құрлықтың адамдары осы төңіректе өркендеп, тамыр жайғанын ұғындырады. Жер бетінің үшінші бөлігін Австралия мен Мұхит аралдары деген атаумен берген. Мұхит желдері арқылы кішігірім аралдар арасында басталған өркениет тарихының алыс-берісі де осы жер бөлігі сипатында қарастырылады.
Дүниежүзі тарихы оқулығының басты ерекшелігі қандай? Кітапта тарихи кезеңдер мен фактілер, тарихи оқиғалардың жылдары мен күндерін беруден бұрын, ол оқиғалардың ­басталуына не түрткі болды – оған айырықша маңыз береді. Оқулықтан жер бетінде адам пайда болған сәттен бергі дәуірлерде оның күрделене түскен қоғамының сипатын тани түсесіз. Бір ғана тұлғаның тарихы арқылы сол кезеңнің арманын, айбарын, дәстүрін, ұстанымын ұғынасыз.


Кітап тарихи оқулықтардағыдай ұзын-сонар даталар тізбегінен ғана құралмағанын сөзіміздің басында айтып өттік. Әрбір тарихи кезеңді жеті бөлімге бөліп, ол бөлімдерді 28 тарауға топтаған. Әр тараудың өз құрылымы, өз композициясы бар. Мәселен, әр бөлім үлкен кіріспе баяндаудан тұрады. Ал әр тарау да өз кезеңіне қатысты ерекше бір оқиғамен басталып, сол кезеңнің басты тарихи қадамдарын сипаттаудан құралады. «Жеке тұлғалар» және «Деректерді саралау» айдарлары арқылы сол кезеңнің тарихи құжаттарда, тастарда, естеліктерде сипатталған бейнесіне қосымша үңілесіз.

Дүниежүзі тарихы оқулығының басты ерекшелігі қандай? Кітапта тарихи кезеңдер мен фактілер, тарихи оқиғалардың жылдары мен күндерін беруден бұрын, ол оқиғалардың басталуына не түрткі болды – оған айырықша маңыз береді. Оқулықтан жер бетінде адам пайда болған сәттен бергі дәуірлерде оның күрделене түскен қоғамының сипатын тани түсесіз. Бір ғана тұлғаның тарихы арқылы сол кезеңнің арманын, айбарын, дәстүрін, ұстанымын ұғынасыз.

Кітаптың иллюстрацияларында да үлкен ерекшелік барын айта кету ләзім. Барлығы мыңға жуық суреттің сол кезеңді сипаттайтыны бір бөлек, әрбір кескіннің адамзаттың ортақ көшін алға сүйрейтінін көрсететіні тағы бар. Мәселен, алғашқы тарау Солтүстік Танзанияның Лаетоли деп аталатын жерінде табылған адам ізінің суретімен басталады. Одан әрі әр тараудың бастапқы суреттеріне көз жүгіртіп-ақ адамзаттың тарихи жолындағы көш-керуенін елестетесіз. Мәселен, ­4-тарауда Тынық мұхиттың оңтүстігінде жүзіп бара жатқан аутригер каноэсін (сал) көрсеңіз, одан әрі Еуропаның солтүстігіндегі теңіздерге жүзуі мүмкін қайықпен танысасыз, 7-тарауда Гоби шөліндегі түйе керуенін, 21-тарауда Ливерпуль мен Манчестер арасын жалғаған алғашқы локомотивтің суретін, 24-тарау телеграф байланысын көрсетеді. 25-тарауда Солтүстік және Шығыс Африканы моторлы көлік және әуе тасымалдау қызметіне қосқанын айғақтайтын ­постер берілген. 27-тарауда Жер орбитасын ғарышпен жалғаған жер серігінің, ал кітаптың соңғы тарауында жаһанды байланыстырған интернет трафигінің бейнесі бар.
Адам ізімен басталған тарихи кітаптың интернет желісінің ізімен аяқталуы – әр ғасыр өткен сайын күрделене түскен қым-қуыт байланыс­тар мен тарихи күрделілікті көрсетсе керек. Оқулықтың құрылымын суреттермен бірге құжаттар да толықтырып тұрғанын атап өту керек. Тарихи санаққа дейінгі кезеңдердегі бейнелерден бастап, жазу-сызуды алғаш үйренген сәттерден жеткен хат, хабар, қағаздардың бір парасын осы кітап бетінен кездестіресіз. Адамзат тарихын кезеңдеумен ғана шектелмей, сол кезеңдердің айғақтарын да кітап бетінде көрсете кетуді жөн деп тапқан авторлар әр кезеңнің тарихын ­сипаттауда сол дәуірлерге тән әңгімелерді, оқиғаларды, аңыздарды, тіпті керек жерінде өлең сөздерді де ­тарихи дерек ретінде алға тартады. Бұл ретте бір ғана ­мысал келтірейік. Бірінші дүниежүзілік соғыстың қанды қасабын тарихи деректермен, құжаттармен, фотсуреттермен көрсете отырып, ағылшын ақыны З­игфрид Сессунның соғыс қимылдарының психологиялық қорқынышын суреттеген «Шабуыл» атты өлеңін мысалға алады:


Жаяу әскер шайқаста
оранды от жалынға,
Түтіккен жүзі түнеріп,
Жаратқанға жалынған,
Бас көтертпей алдан оқ,
жатыр бейбақ тырмыса
Бүлкіліндей тамырдың уақыт та
тез жылжыса…
Көтерілді жұдырық,
Жадында жоқ жайт арғы.
Соңғы ұмтылыс…
О, Құдай, тоқтатшы бұл сойқанды!..
«Моңғол билігі дәуіріндегі Афроеуразия» деп аталатын 13-тараудағы «Жеке тұлғалар» айдарындағы «Сұрғақтан бике: ықпалды әйел» деп аталатын деректі материалдан да бір мысал келтірейік. Шыңғыс ханның ұлы Төленің жары Сұрғақтан бикенің жеке өміріне құрылған деректі шағын жазбадан сол замандағы биліктің мұраға көшу тәртібі, дала заңы, мұрагерлерді тәрбиелеу дәстүрін ғана емес, бір әйелдің өмірін білу арқылы сол дәуірдің арманын, аңсарын, мақсатын, тіпті махаббаты мен ғадауатын да ұққандайсың. Бұл материалдардың әрқайсы­сында авторлардың пайымы емес, құжаттарға, тарихи жазбаларға сүйенген негіз бар.


Жалпы көлемі 64 баспа табақты құрайтын дүниежүзінің үлкен оқулығы – адамзат тарихын білгісі келген оқырманына ұсынары көп қалың кітап болып жарық көрген. Ғылыми редакторы – тарих ғылымының докторы, профессор Гүлжауһар Көкебаева кітаптың кіріспе сөзінде оқулыққа «Дүниежүзінің энциклопедиясы» деп баға берген екен. Ендеше, дүние тарихының жаңа, қалың энциклопедиясы бүгінгі қазақ студентінің кітапханасынан айырықша орын алады деп сенеміз.

Қарагөз СІМӘДІЛ
Толығырақ: http://anatili.kazgazeta.kz/?p=54453&fbclid=IwAR0frATo6xlFw490wTOSevQe2QJonn1lf88UyhHGYgF-TH6AgkkPULPPUcM