«100 жаңа оқулық»: Тілдік танымды арттыратын төрт кітап

27 тамыз 2019 ж.

Байыпты бастама

Бұл бастама қолға алынғанда алдымен филологтар орнынан өре түре келді. Себебі, ақсап тұрған аударма ахуалы біршама реттелетін болды. Сондай-ақ, егемендік алғаннан бері техникалық мамандықтарға мән берген биліктің гуманитарлық салаға көңіл бөлуі ерекше жайт болды. Оның үстіне, Елбасы: «Ең алдымен – жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің міндеті. Үкімет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек» деген болатын. Расында, мұның барлығы қоғамда толғағы жеткен, түйіні тарқамаған мәселелер екені даусыз. Кейінгі жылдары индустриалдық-инновациялық дамуға екпін берудің әсерінен жоғары оқу орындарында гуманитарлық ғылымдарға назар аударылмай қалды. Еліміздің іргелі оқу ордаларында тарих, әлеуметтану, саясаттану, психология, философия, мәдениеттану секілді өз алдына дербес гуманитарлық бағыттар «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасына» топтастырылды. Осылайша, гуманитарлық пәндердің мән-маңызы жоғала бастады. Дегенмен, бұл бастама оқу бағдарламасында жіберілген осындай олқылықтың орнын толтыруға септігін тигізбек. Міне, осы арқылы қоғамның барлық мүшесін рухани кемелденуге, өмір сүруге үйрету, мәдениет пен өнерге баулу жұмыстары қайта жаңғыра бастады.

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық келешек ұрпақтың саяси белсенді, интелектісі жоғары, діни сауатты, өз құқықтары мен міндеттерін білетін, ортаны сыйлай алатын, елін шексіз сүйетін нағыз азаматқа айналдырудың ең ұтымды әдісі. Ендеше, гуманитарлық ғылымдарға көңіл бөлудің маңызы жоғары деген сөз. Бұған қоса, әлемнің озық елдерімен иық тірестіру үшін шетел авторларының еңбектерімен танысып, білім алу уақыт талабы. Ең бастысы, қазақ тілі ғылым мен білімнің тіліне айналып, ғылымға өзінше олжа салуға бағыт алады. Кеңестік білім беру жүйесінен біржола бас тартып, орыс тіліндегі емес, шетелдік ғалымдардың түпнұсқа туындылармен танысуға мүмкіндік аламыз. Міне, нағыз рухани жаңғыру деген осы.

 

«Тіл біліміне кіріспе»

Енді аударылған лингвистикалық кітаптарға зер салсақ. «Тіл біліміне кіріспе» деген атаумен жарық көрген кітап Гарвард, Оксфорд, Кембридж, Станфорд, Броун сынды әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытылады. 2014 жылы «An Introduction to Language» атауымен шыққан кітап Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хиямс сынды авторлардың бірлескен еңбегі. Аталмыш оқулық филолог мамандарға таптырмайтын туынды әрі линвистика ғылымына бет бұрған жастардың осы сала жайында алғашқы ойларын қорытып, бағыт беруді мақсат тұтқан. «W.W. Norton & Company» баспасынан шыққан бұл кітап 12 тараудан тұрады. Авторлар тіл ғылымы, фонетика мен грамматика, морфология және синтаксис мәселелері турасында баяндайды. Сондай-ақ, тілдік өзгеріс пен тілдерді үйрену, жазба тілдің құрылымы, тіл мен адам миы секілді тың деректерді де қамтып өткен. Бұл кітап аталған еңбектің оныншы басылымы болғандықтан, оқулықта айтарлықтай өзгерістер мен толықтырулар, соңғы деректер келтірілген. Жаңарған кітап оқырманның лингвистикалық білімін кеңейтіп, жүйелі білім алуына, профессор-оқытушылардың және студенттердің білуі тиіс лингвистикалық зерттеулермен танысуына да мүмкіндік береді. Бастысы тіл және тілдің қолданылуы кезінде орын алатын түйткілдерге жауап табылады. Ал оқулықтағы түрлі тапсырмалар білім алушылардың материалдарды қалай меңгергенін білуге мүмкіндік береді. Басылым ағылшын тілін үйренгісі келетіндер мен тілші ғалымдарға, филология факультетінің студенттеріне, тіл жанашыларлары мен осы салаға қызығушылығы бар оқырманға арналып жазылған.

«Оқулықтардың аударма, кәсіби сараптама, ғылыми-көркем сараптама кезеңдері жүйелі іске асырылған»

Болат Қорғанбеков, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:

Оқулық деген – халық санасын қалыптастыратын нәрсе. Әлем елдері жата-жастана оқитын оқулықтарды аудару арқылы білім мен ғылым саласындағы тың жаңалықтар мен тұжырымдарды жастардың санасына сіңіріп, дамыған мемлекеттермен тең ойлана алатын, бәсекеге төтеп бере алатын азаматтарды тәрбиелейміз. Негізі, аударма саласының қазақ тарихында жалпыға белгілі өзіндік кезеңдері мен тарихы бар. Мысалы, ХІХ ғасырда аударма саласына айтарлықтай үлес қосқан Абай, Шәкәрім, Ахметтердің пайым-парасаты кеңес уақытында қалыптасқан аудармалардан өзгеше. Себебі, олар көшпелі қазақтың бар болмысын, таным-түсінігін бойларына сіңірген. Петербургта білім алған Әлихан Бөкейханов, Әскери академияны тәмамдаған Бауыржан Момышұлы да нағыз қазақы тәрбие көрген тау тұлғалар еді. Сондықтан олардың аудармаларында қазақы иіс, қазақы түсінік, ұлтқа сіңімді, бастысы ұғынықты сөздер болды. Ал ХХ ғасырдың алғашқы жартысында кеңес үкіметінің саяси жүйесімен өмір сүрген халқымыздың аударма саласы жаңа сипатқа ие болды. Соның әсерінен аударма ахуалы алаңдатып, оны ұлт мүддесіне ыңғайлау ең өзекті мәселенің біріне айналды. Өйткені, орыс тіліндегі сөйлем құрылысы мен стилін қазақ тіліне тікелей аудара салу тенденциясы пайда болды. «Болып табылады», «жүзеге асырылады», «демек» деген сияқты сөз тіркестері әлі күнге қолданыста. Ал «100 жаңа оқулық» жобасы осындай олқылықтардың алдын-алуға мүмкіндік береді. Бүгінде «үтір», «нүкте», «бастауыш», «баяндауыш» деп отырғанымыз, Байтұрсынұлының еңбегі, ал Күдерин 300 биологиялық терминді ұсынып кеткенін барлығы біледі. Олардың 90 %-ы қазір қолданыста. Қазіргі таңда, терминология саласында ғалымдар арасында да, халық арасында да екіұшты пікір қалыптасқан. Бірі терминдерді «қазақшалау керек» десе, енді бір тарап «әлем халқы қалай қолданса, сол күйінде қалсын» деген пікірде. Қалай болғанда да бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Сондықтан осы жоба арқылы тіл, терминология, аударма саласындағы бірқатар мәселелерге нүкте қойып алу керек.

Еліміздегі іргелі оқу орны саналатын Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері ғылым мен техниканың тілін ағылшын тілінде оқуға мәжбүр екендіктерін күн сайын болмаса да, арагідік айтып отырады. Бұған мемлекеттік тілдегі мағлұматтардың аздығы, тапшылығы себеп. Әрине, қазақ тілі дәстүр мен мәдениеттің тілі ғана емес, өндіріске қажет, әлеуметтік салада етжеңді тіл ретінде қалыптастыруға тиіспіз. Ал осындай үлкен қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін «100 жаңа оқулық» жобасы таптырмайтын тың бастама. Бұл әлемдік білімді ана тілімізде жеткізудің ең оңтайлы әдісі. Аударылған кітаптар арасындағы лингвистикалық оқулықтардың қазақ тілі мен филология салаларында білім алып жүрген талапкер үшін қажеттілігі жоғары. Оқулықтардың аударма, кәсіби сараптама, ғылыми-көркем сараптама кезеңдері жүйелі іске асырылған деп айтуға негіз бар. Әсіресе, ғылыми сұрыпталған аударманы көркемдеу өте маңызды. Бұл кітаптарды оқырман қауымға түсінікті тілмен, бірізділікпен жеткізуге жол ашады. Өйткені, бүгінгі жастар аударма оқулықтарды ұнатпайды. Оған аударманың, сөйлем құрылымының түсініксіз әрі шұбалаңқы берілуі себеп. Мұндай сапасыз кітаптың әрі кетсе он-он бес бетін оқығаннан кейін оның түпнұсқасын оқығаным дұрыс деп шешім қабылдайсың. Ал «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылаған тілге қатысты кітаптардың тілі жатық, оқуға ыңғайлы, түсінікті екенін көріп отырмыз. Бұл аударма кітаптың мазмұндылығы мен сапасының жоғарылығын білдіреді. Кітапты қолына алып, ішінен керектісін іздеп табатындардың көп болатынынын аңғартады.

«Тіл және мәдениетаралық коммуникация»

Аударылған кітаптар арасында орыс авторларының да еңбектері кездеседі. Айталық, мәскеулік профессор Светлана Тер-Минасованың «Slovo» баспасынан екі рет шыққан «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты туындысы да «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған. Алғаш рет 2000 жылы шыққан кітап кейіннен 2008 жылы қайта жарық көрген. Автор осы кітап арқылы ұлттар арасындағы тіл қатынасу, тіл табысу мәселелерін жүйелі түсіндіріп өтеді.

Түрлі мемлекетпен достық қарым-қатынас орнатуды көздеген Қазақстан үшін бұл кітаптың берері мол. Аты айтып тұрғандай, баспа ұлттар арасындағы ауызбіршілікті сақтаудың әдіс-тәсілдерін меңгертіп, оқырман қауымға шетелдіктермен тіл қатысу барысында ескеруі қажет жайттарды ашып көрсеткен. Ұлтаралық және мәдениетаралық байланыстардың еш кедергісіз беки түсуіне, сондай-ақ, саяси және экономикалық шектеуді ескермей тіл табысудың өріс алуын жоғарылату кітап авторының басты мақсаты. Әрине, мәдениетаралық коммуникация – қазіргі таңда әрбір салада жұмыс істейтін маманға, жалпы кез-келген адамға ауадай қажет. Сондықтан мемлекеттік тілде тұңғыш рет басылып отырған бұл кітап әр алуан ұлт, мәдениет өкілдерінің бір-бірімен ұғынысып, бір мәмілеге келуі үшін ненің маңызды екенін егжей-тегжейлі түсіндіруімен құнды. Кітап тілшілерге, дипломаттар және әлеуметтанушыларға, психологтар мен мәдениеттанушыларға, сонымен бірге, қызмет барысында ұлтаралық және мәдениетаралық байланыс мәселелерімен жүзбе-жүз келетіндерге арналған.

«Ұлттық сана арқылы ғылыми сананы қалыптастырушы түрткіжайт»

Дамир Фазылжан, Философия, саясаттану және дінтану институтының кіші ғылыми қызметкері, дипломатия магистрі:

Бұл жобаның маңызы мен оны жүзеге асырғаннан болатын қоғамдық серпілістің (фр. resonance) ауқымын түсіну үшін мынадай мәселелерге назар аударған жөн: жаһандану мен ұлттанудың арақатынасын түсіну, ұлттық сананың маңызды құрамдас бөлігі ретіндегі ғылыми сананы қалыптастырушы түрткіжайттар (ағылшынның «factor» сөзі), қоғамның технократтануы мен оны ізгілендірудің (ағылшынның «humanization» сөзі) өзектілігі, мемлекеттік тілдің ғылыми-тілтанымдық, ақпараттық базасын күшейтудегі аударманың рөлі. Әрине, жобаның маңызы бұл көрсетілген мәселелермен ғана шектелмейді. Дегенмен осыларға қысқаша тоқталғандағы ерекше атау керек жайтардың байыбына бойлайық.

Қоғамдық сананы зерттеген түрлі сала ғалымдарының еңбектерін тұжырымдай келгенде, «қоғамдық сана» деп аталатын объективті абстрактілі құбылыс бөлшектенбейтін жүйесіз тұтасқан дүние емес, жалпы метафизикасының заңдылығына сәйкес, бұл да бөлшектенетін, өзара күрделі байланыстағы құрамдас бөліктердің жүйесі екені аңғарылды. Профессор Н.Уәли қоғамдық сананың мынадай түрлерін атап көрсетеді: тілдік сана, діни сана, ғылыми сана, саяси сана, құқықтық сана, экономикалық сана, эстетиклық сана, тарихи сана, ахлақтық (лат. moralis) сана. Бұлардың барлығы да ең алдымен әмбебап құрал – ұлттық тіл арқылы қалыптасады және біреуіне нұқсан келсе, қоғамның санасының жалпы ахуалының нашарлауына ұрындырады. Мәселен, ғылыми санасы ойсыраған немесе дамымаған қоғамда діни экстремизмнің өршеленуі, деструктивті қоғам элементтерінің күш алуы, т.б. осы сияқты теріс құбылыстардың етек жаюының қаупі зор. Сондықтан қазақ қоғамы мықты болу үшін қазақ тілі ғылым тілі болуы тиіс. Нақты айтқанда, Қазақстанда қорғалатын барлық ғылыми диссертациялардың қазақ тіліндегі нұсқасы қатаң талап етілуі тиіс, мемлекеттік тілдегі ғылыми басылымдар әралуандығы қадағалануы керек. Өйткені, жаратылыстану, техника саласындағы ғылыми ақпарат негізінен орыс тілінде ғана, жалпы орта білім беретін ұлттық мектептерде барлық тілдік емес пәндер тек ана тілінде оқытылуы қатаң қадағалануы тиіс. Олай болмаған жағдайда, қазақтың ғылыми санасы ағылшын не орыс тілінде қалыптасып, ұлттық санаға нұқсан келу қаупі бар. Міне, сондықтан да әлемдік ғылыми ақпарат қазақ тілінде игерілуі керек. Осы тұрғыдан алғанда «100 жаңа оқулық» жобасын үздіксіз толығып отыратын инновациялық білімдердің ашық базасына айналдыру маңызды деп санаймыз және ол болашақта тек қана гуманитарлық бағытты емес, ғылым мен техниканың, қоғамдық өмірдің барлық салалаларын қамтитын ауқымды жобаға ұласуы абзал.

Осы шараның мән-мағынасын терең түсіну жұртшылықтың арасында жаңа оқулықтардың насихатын жеткізуге ғана емес, сол сияқты бастаманың тұрақты түрде жалғасып отыратын дәстүрге айналуына да ерекше септігін тигізеді. Себебі Елбасының бұл игі бастамасы қоғамдық сананы үнемі ояу, сергек ұстау үшін қажетті жаңа білімдердің генераторы іспетті тоқтаусыз жұмыс істеп тұруы қажет. Сонда ғана қазақтың қара баласы күркешен күллі әлемге көз салып қана қоймай, сол әлемнен өз орнын ойып тұрып ала алады.

«Тіл тарихы»

Ағылшын тіліндегі «The History of Languages: An Introduction» кітабы 2011 жылы «Oxford University Press» баспаханасында басылып шыққан. Қазақша баламасы «Тіл тарихы» деп аталады. Торе Джансонның бұл еңбегі Оксфорд, Стенфорд, Кембридж, Гарвард, Принстон сынды талай ғалым мен білікті кадрды шығарған жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларында қолданылады. Ал кітап авторы Торе Янсон 2000 жылы зейнетке шыққанға дейін Гетеборг университетінде шығыс және африка тілдерінің профессоры қызметін атқарған. Бұған дейін аталған оқу ордасында латын тілі профессоры және латын тілі тарихының әлемдік сарапшысы ретінде жұмыс істейді. Оның кітабы бүгінде халықаралық деңгейдегі оқылымы жоғары кітаптар қатарында.

Басылымда автор сөйлеу қалыптасқаннан бастап күні бүгінге дейінгі тіл тарихы сөз болады. Нақтыласақ, грек, қытай, латын, араб, ағылшын және испан, мысыр, португал, герман және славян тектес қолданыс аясы кең тілдерге жеке-жеке тоқталып, уақыт өте өзгеріске ұшыраған сәттерін де дәл әрі нақты дәлелдермен жеткізуге тырысады. Сонымен бірге, африканың тайпалары және австралиялық бушмендердің сөйлеу тілі хойсан және банту тобындағы майда тілдердің шығу тарихы мен ерекшеліктері туралы жазған.

«Жылы жаңа емес, ғылымға жаңа дүниелер аударылса»

Анар Фазылжанова, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты:

Тілдің мемлекеттік мәртебесі белгілі бір базаларға табан тірейді. Оларды профессор Бақытжан Хасанов былай көрсетеді: демографиялық база, ғылыми-тілтанымдық база, саяси-нормативтік база, әлеуметтік-мәдени база. Біз өз тарапымыздан мемлекеттік тілдің ақпараттық базасы деген ұғымды қосып отырмыз. Себебі ақпараттық кеңістіктегі тілдің қолданыс аясы мен мәдениеті де оның ресми мәртебесін жасауға, анықтауға тікелей қатысады. Мемлекеттік тілдің ғылыми-тілтанымдық базасына осы тілде сөйлейтін ұлттық-мәдени қауымдастықтың қоғамның барлық саласындағы сәтті коммуникациясы үшін қажетті ортологиялық, нормативтік, анықтамалық, ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық, ғылыми-дидактикалық т.б. іргелі тілтанымдық көпшлікқолды еңбектердің корпусы жатады. Бүгінгі қазақ тілінің сөздіктері, анықтағыштары, грамматикалары, тіл оқулықтары, тіл үйрету ғылыми курстары, әдістемелік құралдары біршама сауатты әрі кең көлемде жасақталды. Осылардың қатары қазақшаланған жоғарыда аталған шетелдік авторлардың іргелі еңбектерімен толықты. Себебі бұл еңбектерде отандық тілтанушының назарынан тыс қалып қойған тіл білімінің проблемасы болмауы мүмкін емес. Сол сияқты мемлекеттік тілдің мәртебесі ақпараттық базаның күштілігіне тікелей тәуелді десек, қазақ ғылыми ақпараты «100 жаңа оқулық» жобасының аударма мәтіндері арқылы жаңа білімдермен байығаны қуантады. Бұл еңбектер қазіргі әлемдік тілтанымдық ойдың көрінісі ретінде өзекті. Алдағы уақытта жоба бойынша тілтанымдық саладағы аудармалар заманауи, үздік әрі жаңа, сонымен бірге отандық тіл ғылымы үшін өзекті білімдерді көтеретін еңбектермен толығытанына және оларды таңдауда еліміздің тілтанушыларының мейлінше ауқымды қауымы қатысатынына үміттенемін. Олар «жаңа» деген ұғымның мағынасын шартты түсінбей, қазақ ғылымының дамуына сеп болатын дүниелерді аударуға септігін тигізіді деп сенемін. Яғни, «100 жаңа оқулық» дегенге жылы жаңа немесе ғылымда айшықталып, зерттеліп, санаға сіңген дүниелерді емес, баспасы ескі болса да ғылымда толық ашылмаған, ғалымдар зерттемеген туындылардың аударылуына баса мән берілсе екен деймін.

«Тіл  инстинкт»

Өзінің ғылым жолындағы ұзақ жылғы еңбектері үшін ең жоғары марапаттарды алған Стивен Пинкердің 2007 жылы шыққан «Тіл инстинкт» атты туындысы «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған лингвистикалық кітаптардың бірі. Ғалымның «The Language Instinct: How the Mind Creates Language» оқулығы «Harper Perennial Modern Classics» баспаханасында басылып, жарық көрген. Бүгінде бұл кітапты мүйізі қарағайдай шетелдік университеттердің студенттері оқиды. Автордың бұдан басқа «Сөздер мен ережелер», «Ой маңызы», «Сана қалай жұмыс істейді?» атты кітаптары да бар.

Жоба аясында бұл кітаптың аударылуы да тектен тек емес. Себебі, автор әлемдегі тіл және сана ғылымында үздік ғалымдардың бірі әрі бірегейі болып саналады. Ал ол жазған кітаптар өзінің ғылымилығымен ерекше. Әлемнің ең үздік оқу орны Гарвард университетінің профессоры дәл осы кітабы үшін Америка психология қауымдастығының және Америка лингвистика ұйымының арнайы сыйлығымен наградталған. Бұл классикалық бағыттағы туынды жұртшылық ойындағы тілге байланысты түрлі сауалға жауап береді. Ағартушы тіл білімі саласындағы тіл мен сананың қатнасы жайында тың жаңалықтар және ғылыми ортаның соңғы жаңалықтарын талдап, тілдің атқаратын қызметі қалай іске асатынын, сәбидің тілді қалай меңгеретінінен мысалдар бойынша дәлелдер келтіріп, дәйектемелермен нақты тұжырым жасаған.

«Жоба ғылыми-көпшiлiк aудaрмa iciнe ceрпiн әкeлудe»

Сағымбай Жұмағұл, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:

Eлбacы Нұрcұлтaн Нaзaрбaeвтың ocыдaн eкi жыл бұрын жaриялaнғaн «Бoлaшaққa бaғдaр: рухaни жaңғыру» мaқaлacынaн бacтaу aлғaн бұл жoбaның қaзaқ oқырмaнынa бeрeрi мoл. Өйткeнi, бұл – гумaнитaрлық бiлiм caлaлaрының eң тaңдaулы oқулықтaрын жәнe ғылыми eңбeктeрiн aнa тiлiмiзгe aудaрып, eлiмiздiң iргeлi жoғaры oқу oрындaрының кiтaпхaнa қoрлaрын шeтeлдiк кiтaптaрмeн тoлықтыруды мaқcaт eткeн бiрeгeй жoбa. Әринe, бұл ғылым тiлiн қaзaқшaлaндыру ғaнa eмec, қoғaмдaғы күрмeуi көп мәceлeлeрдi шeшудiң oңтaйлы әдici icпeттi. Бiрiншiдeн, жacтaрдың әлeмдiк бecтceллeрлeргe қoл жeткiзiп, бiлiм дeңгeйлeрiн жeтiлдiругe жaғдaй жacaйды. Aл әлeмдiк мәдeниeтпeн тaныcқaн жac өcкiннiң oй-өрici жoғaры, тaнымы кeң aзaмaт бoлып қaлыптacaры aнық.

Eкiншiдeн, қaзaқ тiлiнe аударылған oқулықтaр eшбiр идeoлoгиялық дoгмaттaрдaн aулaқ әрi oбьeктивтi ғылыми cтильдe жaзылуымeн құнды. Кiтaптaрдa дәcтүрлi жәнe жaңa зaмaнғы тұжырымдaр eшбiр қocпacыз, әciрeлeуciз жaзылғaн. Бұл oқырмaндaрдың кiтaпты oқи oтырып өзiншe oй қoрытып, cыни oйлaуынa мүмкiндiк жacaйды. Eң бacтыcы ғылым caлacынaн мәлiмeт aлaды. Eлбacы aйтқaн «Caнaның aшықтығы» дeгeн ocы бoлca кeрeк. Бaғдaрлaмa шeңбeрiндe aудaрылғaн oқулықтaрдың көбici бeлгiлi бiр ғылым caлacындaғы тeрминoлoгияны қaлыптacтыруғa жoл aшудa. Бeдeлдi ғaлымдaр мeн бiлiктi филoлoгтaр құрaмы  жaңa тeрминдeрдi қaлыптacтырудa, кiтaптaрдың aудaрылуындa көп күш caлып жaтыр. Бұл жoбa бiрaз кiбiртiктeп қaлғaн ұлттық тeрминжacaм прoцeciнe қoзғaу caлa aлca, бұл дa – ұлттың рухaни жaңғыруының бiр бeлгici дeугe бoлaды.

Oқулықтaрдың үшiншi жaңaлығы – бұл жoбa жaлпы қaзaқ тiлiндeгi кiтaп индуcтрияcынa, ғылыми-көпшiлiк aудaрмa iciнe ceрпiн әкeлудe. Қaзiрдiң өзiндe түрлi ғылыми, ғылыми-көпшiлiк, әдeби жәнe мoтивaциялық кiтaптaр шығaруғa бeт түзeгeн ұйымдaр бoй көтeрiп жaтыр. Бұл дa бoлaшaқтa тiлдiк oртaның caпaлы, мaзмұнды бoлуынa, coл aрқылы жaлпы қaзaқ тiлiнiң мәртeбeciн көтeругe ceп бoлaды дeп үмiттeнeмiз.

«100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған лингвистикалық кітаптар өзінің осындай маңыздылығымен ерекше. Тек ғалымдар мен тіл мамандарының ескертпелері мен көзқарастары кітаптарды аудару барысында және таңдау кезінде алдағы уақытта да ескерілсе.

Толығырақ: https://el.kz/kz/news/znanie/__100_zhana_okulik____tildik_tanimdi_arttiratin_tort_kitap?fbclid=iwar3gbfvyazxmulzbq-oftodpeomhlxb4lba10nm25ynd9yrcggce_jpxcoe