«100 жаңа оқулық»: Жыл соңына дейін тағы 30 кітап мемлекеттік тілге аударылады
Биыл аударылған оқулықтардың арасында Малкольм Шоудың «Халықаралық құқық» кітабы да бар. 1000 беттен асатын 2 томдық оқулық отандық университеттердің игілігіне айналып үлгерді. Туындының ғылыми редакторы Марат Сәрсембаевтың айтуынша, мұнда британдық, америкалық және өзге де соттардың даулы мәселелері бойынша шешімдері кеңінен талданған. Былайша айтқанда, теориядан гөрі практика басым. «Бұл – заң саласында білім алатын студенттерге таптырмас дүние», - дейді ол.
Марат Сәрсембаев, «Халықаралық құқық» оқулығының ғылыми редакторы:
- Малкольм Шоудың халықаралық құқықпен байланысты кітабы әділет, әділдікпен байланысты. Сол себепті осы кітап 100 кітаптың ішіне енген. Студенттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған. Көбінде заң факультеті, халықаралық құқық факультеттерінде бұл пән күрделі пән саналады. Үздік оқулықтар ел студенттеріне дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік бермек. Аудармашылар «келер жылы 100 кітап толығымен қазақша сөйлейді», - деп отыр. Кең көлемді аударма қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байыта түсуге мүмкіндік бермек.
Рауан Кенжеханұлы, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры:
- Барлығын бірге қосқанда аудармашы, ғылыми, әдеби редактор, баспагер, дизайнерлермен 300-дей адам жұмыс істеп жатыр. Мұның сыртында әр оқулықтың мазмұнының негізінде видео лекциялар жасалып жатыр. Соның негізінде Қазақстанның ашық университеті деген жоба іске қосылып жатыр. Ал бұл оқулықтардың электронды нұсқасы ашық университет сайтында орналастырылған. Сонымен қатар, Ұлттық аударма бюросы жоғары оқу орындарының студенттеріне арнап қазақ және орыс тілдеріндегі видеолекциялар курсын дайындап жатыр. Олар интернет арқылы еркін қолданысқа беріледі.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Марат Диханбаев