Дүниежүзі тарихының бедерлі бейнесі
Бұл оқулықты дүниежүзі тарихының энциклопедиясы деуге болады. Өйткені кітап адамның пайда болған кезінен бастап бүгінге дейінгі адамзат тарихын тұтас қамтиды. Демек, оны тарих факультеттерінде оқытылатын бірқатар базалық пәндер және элективті пәндерді оқытуда пайдалана аламыз. Сондай-ақ бұл еңбектің еліміздің жас тарихшылары үшін тарих ғылымының теориялық және методологиялық негіздерін меңгерудегі маңызы ерекше. Бүгінгі таңда бүкіл Кеңес Одағынан кейінгі кеңістікте тарихтың философиясы мен теориясында жаңа парадигманы қалыптастырудың өте күрделі міндеті тұр. Осындай жағдайда біздегі қалыптасқан кеңестік методологияның монополиясы аясынан шығып, альтернативті теорияларды меңгеруде де осы ұсынылып отырған оқулықтың айрықша көмегі болары анық.
«Panorama: Дүниежүзі тарихы» оқулығында адамзат тарихы біртұтас тарихи процесс ретінде қарастырылады. Тарихи процестің біртұтастығы туралы идеяны жақсы білеміз, бірақ біз үшін бұл біртұтастық тарихи материализмге негізделеді. Ал «Panorama: Дүниежүзі тарихында» біртұтастықтың негізі ‒ адамның үнемі күрделілікке ұмтылу әрекеті. Формациялық теория бойынша адамзат тарихы ‒ бес формацияның революциялық жолмен ауысып отыруы болса, бұл кітапта адамзат тарихы ‒ қарабайыр өмірден күрделі өмірге өту және осы күрделіліктің үдемелі түрде өсіп отыру тарихы. Бүкіл кітаптың өн бойына осы «күрделілік», «күрделі қоғам», «күрделілікке бағыт алу» деген түсініктерді кездестіреміз. Бұл еңбектегі адамзат тарихының басты мәнін ашатын, тарихтың барлық кезеңдерін біріктіретін осы негізгі идея. Бүгін әлемдік ғылымда синергетиканың әдістерін гуманитарлық ғылымдарда қолдану мәселесіне айрықша назар аударылады. «Panorama: Дүниежүзі тарихы» адамзаттың үнемі күрделілікке ұмтылу арқылы бүгінгі сан салалы нағыз күрделі қоғамды құру тәжірибесін нақты тарихи материалдармен сипаттауынан осы пәнаралық әдістің іс жүзінде қалай қолданылғанын көреміз. Сондай-ақ авторлар адамзат тарихы дамуының біртұтас процесін сипаттай отырып, тарихтағы жеке тұлғаның орнын да көрсете білген, мұның өзінде жеке тұлғалар қатарындағы ерлер мен әйелдердің орны мен маңызын көрсетуде тепе-теңдік сақтаған. Оқулық құрылымында тарихи оқиғалар желісі жалқыдан жалпыға және жалпыдан жалқыға алма-кезек ауысып отырады.
Адамзат тарихының біртұтастығы идеясын іске асыру барысында авторлар «Афроеуразия» атауын қолданған, оқулықта Афроеуразия түсінігіне «Афроеуразия – Африка мен Еуразия аумағын және көрші аралдарды тұтас кеңістік деп қарастыратын атау» деген анықтама берілген. Демек, олар Еуразияны ғана емес, бүкіл Азия мен Африканы (көрші аралдарды және Жапония, Филиппин, Британия сияқты аралдар тобын) ежелгі уақыттан бері маңызды тарихи даму сатыларынан бірге өткен тұтас жер ретінде қарастырады. Кітапты оқи отырып, студент Еуропа, Азия және Африка тарихының өзара байланысын көреді.
Тарихты оқытуда оны кезеңдеу мәселесі айрықша орын алады. Біздің жүйеде тарихты қоғамдық-экономикалық формацияларға орай бес кезеңге бөлу сақталған. Ал «Panorama: Дүниежүзі тарихы» кезеңдерге бөлу күрделіліктің деңгейі мен өзара байланыстардың ауқымының өзгерістеріне негізделген. Біз үшін (табанды марксист тарихшылар үшін) бұл да жаңа идея.
Оқулықта нақты оқиғалар мен құбылыстарды баяндау әртүрлі тарихи деректер мәтінімен толықтырылған. Негізгі, тарихи материалды баяндау әдістері де қызығарлықтай. Әуелі талданбақшы кезеңнің жалпы сипаты мен ерекшеліктеріне қысқаша шолу жасайды. Одан кейін оқырманды ойландыратын сұрақ беріледі. Еңбекте берілген барлық суреттер, карталар, кестелер мәтінмен тығыз байланысты, олар кітапта көркемдік міндетін ғана емес, білім беру міндетін атқарған, сондай-ақ оқулық мәтіні үнемі деректермен толықтырылып отырады.
Осы оқулықты аудару барысындағы ең үлкен қиындық терминдерді аудару және белгілі тұлғалардың есімдерін беру болды. Бұл қиындық барлық аудармаларда бар. Бірақ тарих саласында ол ерекше. Өйткені тарих пәндері ұзақ жыл бойы мектепте және жоғары оқу орындарында қазақ тілінде оқытылып келді, сол уақытта терминология қалыптасты, бірақ олардың басым бөлігі орыс тілінен калька ретінде берілді. Сондай-ақ соңғы жиырма жылда терминдерді әркімнің өзінше аударуы басталды. Осылайша, біз, аудармашылар, екі оттың ортасында қалдық. Бір жағынан терминдердің аудармасын жаңалау керек, екінші жағынан мектеп оқулықтарында беріліп жүрген терминдердің аудармасымен де санасу керек. Өйткені олар мектеп оқулықтарына ғана емес, ұлттық бірыңғай тестілеу құралдарына да еніп кеткен. Осы ауыр міндетті дұрыс орындау үшін біз бүкіл мектеп оқулықтарын үнемі қарап отырдық. Одан кейін термин аудару принципін белгіледік. Егер термин ежелгі грек, латын тілдерінен шыққан және халықаралық деңгейде қалыптасып кеткен болса, оны аудармаймыз. Ал термин орыс тілі мен ағылшын тілінде екі түрлі болса, біз оны тікелей ағылшын тілінен қазақшаға аударамыз. Белгілі тұлғалар есімі мектеп және жоғары оқу орны оқулықтарында орысша дыбысталуына орай берілген, олардың түпнұсқа тілде қалай оқылатыны ескерілмеген. Бірақ сол нұсқаны қалдырдық. Өйткені оларды өзгерту бүкіл оқулықтар мен ұлттық бірыңғай тестілеу құралдарын өзгертуді талап етер еді. Мұны да бүкіл қазақша оқулықтарды жинап алып, тексере отырып, жасадық.
Оқулықтағы әртүрлі аймақтар туралы кейбір ой түйіндері біздің ортамызда қалыптасқан пікірлерге сәйкес келмеуі, сондай-ақ ежелгі кезеңнің белгілі тұлғаларына қатысты мерзімдік мәліметтер де қабыспай жатуы мүмкін. Мұндай жағдайда авторлардың түпнұсқадағы тұжырымдары мен мәліметтерін бұлжытпай бердік. Сондай-ақ бұл оқулыққа кейбір аймақтардағы бізге белгілі тарихи оқиғалар енгізілмеген болуы да мүмкін, мұның өзі авторлардың қателігі немесе әлдеқандай бір моноцентризмге әуестігі емес, керісінше, солардың негізгі ұстанымдарына сәйкес шешім болған.
Адамзат қоғамы дамуының барысында ғылымда төңкеріс жасаған жаңалықтар болғаны бәрімізге белгілі, жаратылыстану ғылымдары сол сілкіністердің негізінде қазіргі жоғары деңгейіне жетті. Тарих ғылымындағы жаңалықтар мұндай төңкерістер түрінде емес, сонау Ағарту дәуірінен бастап күні бүгінге дейін ойластырылған, мойындалған және мойындалмаған теориялар мен концепциялар бейнесінде жасалды. Бүгінгі тарихтың философиясы мен методологиясы солардан өсіп шықты. Біздің міндетіміз – соның барлығын меңгере отырып, өткен тарихты зерттеу мен бағалауға көзқарасты өзгерту.
Гүлжаухар КӨКЕБАЕВА, тарих ғылымдарының докторы, профессор
Толығырақ: https://aikyn.kz/culture/madeniet-guality/2804-duenieguez%D1%96/