Отандық білім жүйесіне батыс мектебінің бар жақсысын енгізу қажет
М.Шоның көлемі 1 033 беттік 2 томдық оқулығы жақында отандық университеттердің игілігіне айналмақ. Бұл туындыны кеңестік және қазіргі отандық халықаралық құқық бағытындағы оқулықтармен салыстырсақ, онда бірнеше ерекшелігін атап өтуге болады.
Біріншіден, М.Шоның оқулығында халықаралық, британдық, америкалық және өзге де соттардың халықаралық жария құқықтың даулы мәселелері бойынша шешімдері кеңінен және терең талданған. Басқаша айтқанда, бұл – халықаралық құқық теориясымен, талдауымен байланысты өзіндік практикалық кейстер жинағы. Біздің халықаралық құқық оқулықтарында мұндай жоқ. Бұл – прецеденттер. Бәрімізге белгілі, біз Англия мен Уэльс прецеденттерінің көмегімен Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық қаржы орталығын жедел дамытуды қалаймыз. Егер біз осы және басқа да осыған ұқсас британдық оқулықтардың көмегімен студенттерді оқыта бастасақ, онда діттеген бағытта айтарлықтай алға жылжимыз.
Екіншіден, Ұлыбританияда, АҚШ-та халықаралық құқықты оқыту процесінде халықаралық-құқықтық практикаға басымдық беріледі (шамамен 60-70%-ға дейін). Ал теорияның үлесі – 30-40%. Бізде теорияға бөлінетін уақыт көп, практикаға өте аз. Осы арақатынасты терең зерттеп, қайта қарау қажет.
Үшіншіден, М.Шоның оқулығында халықаралық құқық бойынша біздің оқулықтарымызда жарияланбаған тақырыптар бар. Оларды атап айтсақ:
- халықаралық құқық тарихын позитивистік және табиғи құқық тұрғысынан жариялау;
- мемлекеттердің кондоминиумы;
- Адам құқықтары жөніндегі әртүрлі еуропалық конвенцияларды талдау;
- Адам құқықтары жөніндегі Еуропа сотының мәртебесі мен қызметін терең талдау;
- әлем елдері бойынша іс жүзінде барлық халықаралық қылмыстық соттардың қызметі;
- халықаралық жария құқық аясындағы эстоппель мен сервитуттар;
- халықаралық құқықтағы юрисдикция қағидалары.
Мен АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канаданың халықаралық жеке құқық, сондай-ақ халықаралық құқық саласы – халықаралық валюта-қаржы құқығы, халықаралық экономикалық құқық (ДСҰ құқығы) бойынша батыс авторларының жекелеген оқулықтарын қазақ және орыс тілдеріне аудару қажет деп санаймын. Батыс методологиясы мен отандық ерекшеліктерінің негізінде халықаралық құқық курсын қайта өңдеп, мүмкіндігінше батыс мектебінің бар жақсысын енгізуге талпынуымыз қажет.
Осыған байланысты силабустарда, оқу-әдістемелік кешен шеңберінде оқу, жұмыс бағдарламаларында халықаралық құқық курсының қосымша тақырыптары мен қосымшаларын пысықтаған жөн болар еді. Сонымен бірге халықаралық жария құқық бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпы білім беру стандартын пысықтаудың, талқылаудың және қабылдаудың мәні бар. Интерактивтік дискуссия және ми шабуылының тәсілдері арқылы кейстерді шешу, сот шешімдері негізінде халықаралық құқық курсын зерделеуді кеңейту және тереңдету керек. Мемлекеттік және орыс тілдеріне аудару және халықаралық құқық бойынша барлық сот шешімдерінің мәтіндерін жариялау қажет. Біздің студенттеріміз «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен дайындалған қазақ және орыс тілдеріндегі видеолекциялар курсынан өтуі керек деп санаймын. Ол курстардың барлығы интернет арқылы еркін қолданысқа берілген.
Малколм Шо оқулығының, басқа да Батыс авторларының негізінде халықаралық құқық бойынша курстың оқу бағдарламасын, курстық және дипломдық жұмыстардың тақырыбын, эсселерді, әдістемелік нұсқауларды, практикалық сабақтардың, тренингтердің жоспарларын, халықаралық құқық бойынша дарынды студенттерге арналған жеке оқу жоспарларын пысықтаған жөн болар еді. Халықаралық құқық практикаға бағытталған оқу траекториясының шеңберінде болуы тиіс. Сыртқы істер министрлігі және өзге де министрліктер мен ведомстволардың мамандандырылған басқармалары, сыртқы байланыс бөлімдері, ірі мемлекеттік және жеке компаниялар, университеттер студенттердің өндірістік практикадан, тағылымдамадан өтуін тұрақты негізде қамтамасыз етуі шарт. Бұл қазақстандық заң нормалары негізінде осы мекемелердің міндеті болуы тиіс.
«Халықаралық құқық» деп аталатын оқу пәні халықаралық қатынастар, саясаттану, әлеуметтану, халықаралық журналистика, халықаралық экономикалық қатынастар сияқты барлық халықаралық мамандықтардың оқыту процесінде элективті емес, міндетті пән ретінде оқытылуы керек. Себебі Малколм Шоның «Халықаралық құқық» оқулығына ұқсас оқулықтар жоғары сұранысқа ие деп ойлаймын.
Бүгінгі студенттер – ертеңгі қазақстандық судьялардың халықаралық сипаттағы проблемалық мәселелер мен өзге де даулар бойынша шешімдерді дұрыс қабылдауы, халықаралық аренада елдің ішкі және сыртқы мүдделерін сенімді қорғауы бізге байланысты. Бүкіл әлем қазақстандық сот жүйесінің тиімді тұстарына жиі дәйексөз келтірсе, Қазақстан имиджін көтерудің бірден-бір жолы сол болмақ.
Марат СӘРСЕМБАЕВ, заң ғылымдарының докторы, профессор, «Халықаралық құқық» оқулығының ғылыми редакторы