Алты тілге аударылған қазақ әдебиеті жинақтары әлемнің 90-нан аса еліне таралады

18 сәуір 2019 ж.

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Ол тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге танытуды мақсат етеді.

Алматыдағы «Достық үйінде» өткен поэзия және проза жинақтарының таныстырылымына осы жобаға қатысқан Ұлыбритания, Испания, Франция, Ресей, Қытай, Египет және Таяу Шығыс елдері аудармашылары мен әдебиетшілері, аударма және баспа ұйымдарының басшылары, шығармалары алғашқы антологияларға кірген авторлар қатысты.

ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға жауапты жұмыс тобының жетекшісі Аида Балаева, қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аударып, тарату - ұлт тарихынды бұрын-соңды болмаған, қазақ мәдениетін әлемге таныстыру тұрғысынан теңдесі жоқ бастама екенін айтты. 60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары бір мезетте әлемнің ең ірі 6 тіліне аударылып, сол тілдерде жұмыс істейтін ең беделді баспалардан шығып, 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің жоғары оқу орындары, кітапханалары мен ғылыми орталықтарына жетеді. Жалпы саны 2 миллиард 600 миллион халық қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен танысуға мүмкіндік алады», - деді А.Балаева.

Жоба аясында аударма сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілді. 6 тілде жұмыс істейтін шетелдік аудармашылар мен баспагерлер Қазақстанға арнайы келіп, еліміздің тарихы мен мәдениетімен танысты. Ұлыбритания, Испания, Ресей, Франция және Қытай елдерінен келген аудармашылар мен әріптес баспа ұйымдарының өкілдері қазақ авторларымен жеке-жеке сұхбаттасып, аударма барысында туындаған сұрақтарды талқылады. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатып, оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге зор үлес қосты.

Қазіргі қазақ әдебиеті жинақтарын ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысы Кембридж университеті баспасының қатысуымен іске асты. Танымал университет баспасы жобаға тәжірибелі аудармашылар мен беделді әдебиетші мамандарды тартты. Қазақ әдебиеті үлгілерін испан тілінде сөйлетуге Испания мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп, «Сервантес институтының» кеңесі бойынша кітаптарды басып, таратуға әдеби аудармаға маманданған «Visor» баспасы жауапты. Антологиялардың француз тіліндегі нұсқасын дайындауға Париж қаласының мэриясы қамқорлық жасап, жинақтарды шығару «Мишель де Моль» атты беделді француз баспа үйіне тапсырылды. Орыс тіліндегі аударма мен әдеби редакция жұмысын үйлестіруге Ресей Жазушылар одағының мәскеулік ұйымы, ал жинақты басып шығару мен таратуға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы атсалыспақ. Қазақ әдебиеті жинақтарын қытай тіліне аудару, басып шығару және таратуға Қытай Халық Республикасының «Ұлттар баспасы» жауапты. Жинақтарды араб әлеміне Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығының қолдауымен Таяу Шығыс елдеріне танымал MediaHub баспасы таныстырады.

Жоғарыда аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына жалпы саны 70-тен аса маман жұмылдырды. Жоба ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асуда.

https://kaz.tengrinews.kz/books/altyi-tlge-audaryilgan-kazak-adebiet-jinaktaryi-alemnn-90-297221/