Мұхтар Сеңгірбай, Ұлттық аударма бюросының бас редакторы: «100 жаңа оқулық» - сана еркіндігінің басты сатысы

15 сәуір 2019 ж.

Мұхтар Сеңгірбай, Ұлттық аударма бюросының бас редакторы: «100 жаңа оқулық» - сана еркіндігінің басты сатысы

- Ауқымды жобаның жүзеге асып жатқанына 2 жыл толды. Осы уақыт аралығында 48 кітап жарыққа шыққанын білеміз. Бұған тағы қандай жетістіктерді қосар едіңіз?

- Шыққан кітаптар әлеуметтану, философия, психология, антропология, филология, экономика, менеджмент, маркетинг, педагогика, журналистика, семиосфера, халықаралық құқық, ұйымдық психология, шығыстану ілімдері, әдебиеттану, тарих, дінтану сияқты алуан түрлі саланы қамтиды. Әрине, 48 кітап деп ауызбен айту оңай, бірақ мұның артында қаншама қажырлы еңбек, күш-жігер тұрғанын көзбен көріп, араласқан кісі ғана біледі. Әр оқулық ғылымның белгілі бір саласындағы сүбелі еңбек болғандықтан, оны аудару - сол ғылымның негізі терминдерін, ұғым-түсініктерін қамтитын аса жауапты жұмыс. Сондықтан, әр оқулыққа кемінде төрт-бес маман, соның ішінде сол саланың ғалымдары, тіл мамандары, әдеби редакторлар, корректорлар мен дизайнерлер жұмылдырылды. Және бұл жұмысты кейде қашықтан жүзеге асыруға тура келді. Себебі мәтінмен жұмыс істеп жатқан ғалымдар әр өңірде тұрады, тіпті ғалымдар мен аудармашылардың арасында АҚШ, Ұлыбритания, Франция сияқты шетелдерде тұрып жатқан мамандар да бар. Кітаптар 10 мың дана таралыммен шығарылып, Қазақстанның барлық аймақтарындағы 112 оқу орнына таратылды. Біздің ұсынысымызбен әріптес университеттер осы кітаптарды оқу бағдарламаларына енгізді. Қазір оқу орындарынан, жалпы оқырманнан, студенттерден түрлі пікірлер, ұсыныстар келіп жатыр. Көпшілігі елімізде алғаш рет осындай мемлекеттік бағдарлама аясында қазақ тілін шынайы ғылым тіліне айналдыру ісі жүйелі түрде қолға алынғанына ризашылығын білдіруде. Жетістік демекші, жұмыс тек кітап шығарумен шектелген жоқ. Біз осы оқулықтардың негізінде openu.kz платформасында қазақ және орыс тілдерінде видеолекциялар әзірлеп, оларды сайтқа тегін қойып жатырмыз. Осы пәндерден дәріс оқитын кез келген маман бұл лекцияларды сабаққа еркін қолдана алады. Бұл тек тіл тұрғысынан ғана емес, білім беру тұрғысынан да пайдалы деп санаймыз. Себебі, тіпті іргелі деген оқу орындарында студенттерді пәнге қызықтыру, сабақты түрлі формада беру, материал табу мәселелері бар. Бұл жоба осы мәселелерді шешуге аз да болса үлесін қосып жатыр деген үміттеміз. Бұған қоса, openu.kz сайтында кітаптардың электрондық нұсқалары қоса берілген. Яғни, кітапқа қолы жетпеген кез келген оқырман оны сайттан ашып, оқи алады. Ал оқытушы басқа ресурсқа жүгінбей-ақ осы сайттағы лекцияға сілтеме жасап, кітап беттерінен тапсырма бере алады. Бұл университет оқытушыларының жұмысын біршама жеңілдетті деп ойлаймыз. Оның үстіне, біз мемлекеттік жоба аясында шектелмей, басқа да әріптестер мен демеушілер арқылы жобаның форматы мен ауқымын кеңейтуге, сол арқылы оқырманды ілім-білімге қызықтырып тартуға ден қойып жатырмыз. «Nur Otan» партиясының қолдауымен, «Қазақ радиоларының» ұйытқы болуымен кей оқулықтардың аудионұсқаларын жасауға кірістік. Оларды Нұрлан Өнербаев, Зейін Әліпбек, Қымбат Досжан сынды елімізге белгілі жүргізуші, дикторлар оқып жатыр. Кітаптардың аясын тек мемлекет бекіткен тізіммен шектемей, оның сыртында серіктестердің көмегімен және өз күшімізбен ғылыми-көпшілік кітаптарды шығаруға ынта танытып отырмыз. Мәселен, Алматы қалалық әкімдігінің қолдауымен биыл Юваль Ной Хараридің «Sapience: Адамзаттың қысқаша тарихы» және Стивен Ковидің «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» бестселлерін жарыққа шығардық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы кітаптардың былтырғы тұсаукесерінде осы оқулықтарды шығару барысында жинақталған терминдерді бір ізге түсіріп, сөздіктер жасауға тапсырма берген. Осы мақсатта сөздік шығару тәжірибесі аса мол Оксфорд университетінің баспасымен бірлескен жұмысқа кірістік. Атап айтсақ, Оксфорд белгісімен үлкен қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ сөздігі, сондай-ақ қоғамдық ғылымдардың түсіндірме сөздігі, экономикалық түсіндірме сөздік және қазақ тілінің кірме сөздер сөздіктерін дайындау қолға алынды.

- Ауқымды жобаның бас редакторы ретінде кітап сапасына жауаптысыз. Әлгі 48 кітапқа қатысты сын болды ма? Оқырмандар қалай қабылдады?

- Жарық көрген кітаптарға байланысты әртүрлі пікір бар. Әрі мұндай болуы заңды да. Біз барлық пікірге құлақ асуға, кем-кетіктің орнын толтырып, жұмысты желтілдіріп отыруға күш салып жатырмыз. Конструктивті кеңес беріп жүрген көзіқарақты оқырманға көп алғыс. Көбіне еститініміз - жақсы пікір. Әсіресе университеттерге барып, жастармен, студенттермен кездескенде олардың оң пікірін естиміз. Университеттегі негізгі пәндер бойынша қазақ тілінде жөні түзу оқулық таба алмай жүрген, тіпті ондай оқулық бар деп те ойламаған студенттер алғыс білдіріп жатады. Қарсы пікірлер де жоқ дей алмаймыз. Қалың оқырманнан, ғалымдардан, тіпті Парламент депутаттарынан ұсыныстар айтылды. Ол пікірлер көбіне кітаптың тілі мен стиліне қатысты болып отыр. Оқулықтардың дені белгілі бір ғылым саласына қатысты болғандықтан, сол саланың мамандарымен, белді де беделді ғалымдармен бірлесе жұмыс істейміз.

- Ондай сын-пікірлерді тарқатып айтасыз ба?

- Ұсыныстарды үш бөлікке бөліп қарасақ болады. Біріншісі - терминдерге қатысты. Көп терминдер алғаш рет жасалып жатыр десек қателеспеймін, өйткені бұрыннан бар терминдердің өзінде дұрыс аударылмаған, орыс тілінің калькасы болып кеткен сөздер көп. Әр ғалымның әртүрлі алып жүрген терминдері де жетеді. Сондықтан, бір ғалым екіншісі ұсынған терминді жоққа шығарады. Шығарып отырған жауапты мекеме - біз болғандықтан, осының бәрі «Ұлттық аударма бюросына» келіп тіреледі. Біз терминге қатысты бұл келіспеушіліктердің болуы да ғылыми тілдің қалыптасып, орнығуындағы заңды процесс санаймыз. Екіншіден, оқулықтардың тілі ауыр деген сөз жиі айтылады. Мұны көбіне кітаптарға ғылыми-көпшілік әдебиет деп қарайтын қарапайым оқырман айтады. Оқулықтар бір салаға бағытталғандықтан, оның бұл тақырыптан хабары жоқ кісіге түсініксіз болып көрінуі заңды да болар. Бірақ, шығып жатқан кітаптар арасында жалпы қоғам, дін, тарих, тіл тақырыптарына қызығатындар оқи алатын кітаптар да бар. Сол кітаптарды оқырмандар көп сұрайды әрі көп пікір де соларға қатысты айтылады. Олардың арасында Карен Армстронгтың «Иудаизм, христиандық пен исламдағы 4 мың жылдық ізденіс», Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы», Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» бар. Үшіншіден, кітаптардың қазақшасын ширата түсу керек деген пікір де бар. Сондықтан да әсіресе тіл мен стильге көп күш салып жатырмыз. Осы мақсатта Әдебиет және өнер институтымен, Тіл білімі институтымен, университеттердегі филология, аударматану кафедраларымен үнемі бірлесе жұмыс істеуге мүдделіміз. «Ұлттық аударма бюросында» белгілі тіл мамандары, ғалымдар, журналистер, жазушылар қызмет істейді. Сырттай қатысып, көмектесіп жатқан мамандар да көп. Мұнда да көп мәселе қазақ ғылыми тілінің ұзақ жыл бойы орыс тіліне байланғанына барып тіреледі. Көпшілігіміз мәтінді орысша ойлап, орысша иірімдермен, сол тілдің заңдылығымен жазуға дағдыланғанбыз. Сондықтан, түпнұсқадан ауытқымай, таза жатық тілмен жазуды алдыңғы орынға қоямыз.

- Аударма барысында қандай мәселелер туындады?

- Мәселелердің бір парасын жоғарыда атап өттік. Оның барлығы тіл мен ділге барып тіреледі. Тілдің жайы түсінікті. Ал діл мәселесіне келсек, «Рухани жаңғыру: қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының басты мақсатының өзі - сананы жаңғырту, әлемнің озық ойлы әдебиеттерін қазақ оқырманына сол қалпында, мұртын бұзбай жеткізу. Ал ғылымның басты қағидасы - пікір алуандығы, плюрализм. Оқулықтар саяси, идеологиялық, дүниетанымдық тұрғыда бейтарап болғанымен, онда түрлі көзқарастар айтылады, олар сарапқа салынып талданады. Біз автор көзқарасын құрметтеп, олардың мазмұнын өзгертпей беруді басты қағида санаймыз. Сосын кітаптың мазмұнымен келіспеген азаматтар бүкіл жобаға қатысты асығыс пікір айтып қалады. Ондай пікірдегі кісілерді үнемі ашық диалогқа, конструктивті түрде бірге жұмыс істеуге шақырамыз.

- Өзіңіз айтқандай, әсіресе бізде әлі күнге де бірізділікке түспей тұрған термин саласына Ұлттық аударма бюросы қаншалықты үлес қосты?

- Осы күнге дейін бізде аударылған кітаптардың негізінде ғалымдар мен редакторлар 8 мыңға жуық сөздің глоссариін жасады. Бұл - өте ауқымды шаруа. Оның үстіне, олардың біршамасы жаңадан енгізіліп тұрғандықтан, біздің кітаптардағы терминдер де бектілуі тиіс соңғы нұсқа деуге хақымыз жоқ. Термин жасау - бірнеше сатыдан тұратын күрделі процесс. Ғалымдар ұғымды дәл әрі нақты етіп аударғаннан кейін ол ғылыми ортада, қоғамда, баспасөзде апробациядан және іріктеуден өтуі керек. Ол үшін бұл ұғымдар ғылыми ортада көп қолданылып, айналымға түсуі керек. Сол процестерден кейін қолданушылар лайықты терминдерді өздері іріктеп шығарады. Ал біз өз функциямыз - қолдан келгенше осындай термин жасау процесін жеделдетуге, бір ортаға ұйымдастыруға үлес қосу деп санаймыз. Мақсаттарымыз сай келетін көзіқарақты, жанашыр оқырманды, ғалымдарды, ғылыми институттарды алда да бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Осы ретте айта кетейін, аудармада жасанды интеллект элементтері бар ұлттық негіздегі Smartсat деп аталатын жүйені пайдаланып келеміз. Оның жақсы жері - аудармашылар анағұрлым жиі қолданатын терминдерді екшеп алып береді және соның көмегімен глоссарий қалыптастыру мүмкіндігі бар. Енді бәрі ойдағыдай жүріп жатыр деп айта алмаймыз. Өйткені, осының бәрін дұрыс жүйелеуге адами ресурстарымыз жетпей жатады.

- Қазақ тілінде баламасы жоқ сөздер кездесті ме? Қандай терминдер «пайда болды»? Оны оқығандар қалай қабылдады?

- Қазақ тілі түгіл басқа тілдерде баламасы аз, орыстар мен түріктер әртүрлі аударып жүрген терминдер жетерлік. Сондықтан, «қазақ тіліне ғылым тілі болу қайда?» деп отыра беруге негіз жоқ. Терминдердің көпварианттылығы да қалыпты құбылыс. Дегенмен, әркім өз терминін ұсынып, студенттерді шатастырмаудың да жайын ойлау керек. Сондықтан біз жауапкершілігімізді жақсы сезінеміз. Мәселен, жақында шығып жатқан «Әдебиет теориясы», «Маркетинг», «Қазіргі бизнес-коммуникация», «Халықаралық құқық» сияқты кітаптарда жаңа терминдер ондап, жүздеп кездеседі. Әдетте жаңа терминдерді түпнұсқа тілдегі нұсқасымен қатар беруге тырысамыз. Термин орныққанша солай істеген дұрыс. Салалық ғылымдар түгіл жалпы ғылыми зерттеу әдістерінің ең қарапайым терминдері де дұрыс орнықпаған. Сондықтан, қазір ғылыми, көпшілік аудармамен айналысып жүрген мамандарға үлкен жауапкершілік жүктеледі.

- Бұл кітаптардың халыққа нақты қажеттілігі сезіле ме? Сұраныс бар ма? Немесе осы әлемдік деңгейдегі оқулықты аударып, халыққа ұсынып отырып, қазақтың білімге құштарлығы қандай деңгейде екенін көре аласыз ба?  

- Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласында сананың еркіндігі мәселесі ерекше аталады. Бұл бағдарлама - сол идеяны жүзеге асыру мақсатында, алыс болашақты көздеп жүзеге асырылып жатқан шара деп түсінемін. Түпкі мақсаты - кітап сатып, пайда табу болмағандықтан, мұның қайтарымы да бірден сезілмеуі мүмкін. Дегенмен, бұл ең алдымен «ғылымның бұл саласында да қазақша кітап болады» деген түсінікті бекітіп, тілге деген сенімді оятады, бұл - сана еркіндігінің басты сатысы. Біздің студент кезімізде салалық ғылымдар тұрмақ, құқық, журналистика, мәдениеттану, әлеуметтану ғылымдарының өзінде қазақша сапалы оқулық аз болатын. Сондықтан орыс тіліндегі, көбіне Ресейде шыққан әдебиеттен білім алуға мәжбүр болдық. Мәселен, Гомбрихтың «Өнер тарихы», Эдуард Саидтың «Ориентализмі» қазақша шығады деп ойлмайтын да едік. Енді біз әлемнің кез келген тіліндегі идеологиялық мүдделермен шырмалмаған әдебиетті тікелей өз тілімізге аудара аламыз. Кейде «неге аударма жасай береміз, неге кітаптарды өзіміз жазбаймыз?» деген де пікір айтылады. Аударма - кемдіктің белгісі емес. Ғылыми аударма - идеялар мен ойларды, білім мен инновацияны интеграциялайтын заңды әрі қажет құбылыс. Ағылшындар да, немістер де, орыстар да қажет деген кітаптарды өздеріне аударып алады. Сол арқылы ғылым да, өркениет те дамиды. Бұл бағдарлама Қазақстандағы жалпы ғылыми пікірталасты дамытып, санасы еркін жаңа буынды қалыптастыруға аз да болса үлес қосады деп үміттенеміз. Халықтың білімге деген құштарлығы ерекше. Күн сайын оқырмандардан, әсіресе жастардан хат-хабар аламыз. Олар аударма жұмыстарының ұлғайғанын, түрлі ғылыми-көпшілік кітаптардың көптеп қазақшаланғанын қалайды. Сосын соңғы кездері қазақ тіліндегі кітап бизнесі дамып келе жатқаны қуантады. «Рухани жаңғыру» аясында бұл салаға да серпін берсек, қазақтардың аудармамен көбірек айналысып, үзіліп қалған аударма мектебін қайта жалғауға қолдан келгенше үлес қоссақ деген үміт бар.

- Аударма жасау процесіне де тоқталсаңыз? Жұмысты қалай үйлестірдіңіздер?

- Аударма жұмысы мемлекеттік бағдарлама аясында, Білім және ғылым министрлігінің тапсырыс беруімен және қадағалауымен жүзеге асады. Алдымен оқу орындары, ғылыми институттар және қарапайым азаматтар айтқан ұсыныстар бойынша аударуға болатын оқулықтар тізімін әзірлеп, оны Білім және ғылым министрлігіне жібереміз. Онда арнайы комиссия оқу орындарының талап-тілектерін, жалпы сұранысты, ғалымдардың пікірін ескере отырып, тізімді бекітіп, «Ұлттық аударма бюросына» тапсырыс береді. Біз әр кітапты аударудың графигін әзірлеп, тиісті мамандармен келісім-шарт жасасып, штаттағы қызметкерлерден жауапты шығарушыны тағайындап, іске кірісеміз. Ғылыми және әдеби редакторлармен бірнеше ай бойы бірлесе жұмыс істей отырып, кітапты аударып, беттеуге ұсынамыз. Беттеліп біткен кітаптарды тағы бірнеше қайтара оқып шығамыз. Мұның сыртында кітап авторларымен, ондағы суреттердің, мультимедиа материалдардың авторлық құқық иелерімен, баспалармен жұмыс тағы бар. Кітаптардың барлығы дерлік Қазақстанда басылады. Тек бір кітап - Гомбрихтың «Өнер тарихы» Гонконгта шығып жатыр, себебі кітаптың құқық иеленушісінің оны тек сол жердегі баспада басу туралы бәріне ортақ талабы бар. Кітаптарды таңдау барысында олардың мазмұнының идеологиялық, саяси тұрғыда бейтараптығы, әлемнің үздік оқу орындарының оқу бағдарламаларына кіргені, бірнеше рет басылып шыққаны ескеріледі. Оның үстіне, кітаптың міндетті түрде ағылшын тілінде, АҚШ-та не Ұлыбританияда шығуы шарт емес. Қазір ағылшын, орыс, француз тілдеріндегі кітаптар аударылып жатыр.

- Жақында тағы 30 кітаптың тұсаукесерін жасайтын жоспарларыңыз бар екен. Бұлардың ерекшелігіне тоқталсаңыз?

- Иә, 18 сәуірде Алматыда, ҚазҰУ-дың Ғылыми кітапханасында аударылған кітаптардың екінші легінің тұсаукесері болады. Бұл 30 кітапты аудару жұмыстары былтыр басталған. Олардың арасында Этнони Кеннидің «Қазіргі заман философиясы», М.Райанның «Әдебиет теориясына кіріспе», М.Райан мен Дж.Ривкиннің «Әдебиет теориясының антологиясы», Данн мен Митчеллдің «Panorama: Дүниежүзі тарихы», Ф.Котлердің «Маркетинг принциптері», сондай-ақ өнер тарихы, бизнес-коммункация, халықаралық құқық, педагогика, дипломатия, тіл және өнер тарихы, журналистика, стратегиялық менеджмент, адам ресурстарын басқару, интернет психологиясы, филология салалаларының оқулықтары бар. Бұл кітаптардың аудармасы бітіп, баспадан шығып жатса, қазір жаңа 30 кітаптың аудармасына және сөздіктерді құрастыруға кірісіп кеттік. Кей кітаптар бойынша аударма жұмысы бел ортасына жетіп қалды. Алда шығатын 30 кітапта өнертану, соның ішінде кино, театр және музыкаға көп көңіл бөлдік. Кинотану өнеріне қатысты ағылшын, орыс және француз тілдерінен алты кітап аударылып жатыр. Бұған қоса музыка тарихы, театртану, этика, эстетика, психология, зияткерлік құқық, келісімшарт құқығы, арбитраж және медиация, тележурналистика, халықаралық қатынастар, саяси философия, тарих, антропология, этнология салалары бойынша кітаптар бар. Мұның сыртында Крейг Калхунның «Қоғамдық ғылымдар сөздігі», «Экономикалық сөздік» және Оксофорд ағылшын-қазақ, қазақ-ағылшын сөздігі, кірме сөздер сөздігі дайындалып жатыр.

- Қазаққа керегі 100 кітап қана емес шығар? Оқыған жұрт тарапынан «мынау бізге керек», «мынандай кітап аударылса» деген тілектер болды ма? Ондай тілек, ұсынысқа қалай қарайсыздар?

- Ұсыныс өте көп. Қарапайым халықты былай қойғанда, ғалымдардың әрқайсысы өз саласындағы оқулықтар мен монографияларды ұсынады. Біз жоғарыдағы талаптарға сай келетін, жиі ұсынылған кітаптардың тізімін министрлікке жібереміз. Кейде ғалымдар жазып жүрген оқулыққа қатысы бар тақырыптарда аударма жобасы ұсынылады. Сол ғалымдар өз жұмысын жиып қойып, аудармаға үлес қосады. Әрине, біздің мүмкіндігіміз шектеулі, сондықтан бұл салада басқа да ұйымдар құрылып, энтузиасттар көбейсе, оқу орындары, ғылыми ұйымдар, кітап баспалары, авторлар ауызбірлікте жұмыс істеп, сан мен сапаны қатар арттырса, ғылыми қазақ тілі дами түсетіні сөзсіз.

- Сұхбатыңызға рахмет! 

https://www.inform.kz/kz/muhtar-sengirbay-ulttyk-audarma-byurosynyn-bas-redaktory-100-zhana-okulyk-sana-erkindiginin-basty-satysy_a3517109?fbclid=IwAR3bIH6KhuGBHxUeTKlA79GO-4UI7vMWv2luWKncD2vUSMYBH0lEFM95KaQ