«Дипломатия» әлемдік саясат астарынан сыр шертеді

29 қараша 2018 ж.

Осы жылдың 12 сәуіріндегі басқосуда аударма ісінің алғашқы нәтижелерімен танысқан ҚР Президенті: «Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз» деп мәлімдеген болатын.

Бүгінде осы бастаманың екінші кезеңіндегі 30 кітап аударылып, Елбасының әлемдік білім беру саласындағы таңдаулы шығармаларды аудару арқылы  жастарға заманауи білім алуға мүмкіндік туғызу жөніндегі сындарлы саясаты қарқынды деңгейде жүзеге асырылуда.

Аударма жобасының екінші легінде аударылып, баспаға дайындалып жатқан сондай еңбектердің бірі – Роберт Трагердің «Дипломатия: коммуникация және халықаралық тәртіп негіздері» (Dіplomacy: Communіcatіon and the Orіgіns of Іnternatіonal Order). Бұл кітапта халықаралық қатынасқа түсуші тараптардың бір-бірімен дипломатиялық байланыс орнатудың амал-тәсілдеріне ерекше назар аударылып, дипломатиялық қатынастың халықаралық тәртіпті қалыптастыру мен мемлекеттердің соғыс ашуға қатысты шешім қабылдауындағы рөлі айрықша қарастырылады. Автор жабық есік жағдайындағы әңгімелесудің тұрақты халықаралық тәртіп орнату мен сұрапыл соғыстардың басталуына қалай түрткі болатынын түсіндіріп, ойын теориясының мән-мағынасын мысалдармен, деректермен ашып көрсетеді.

Автордың мақсаты – мемлекет басшылары мен дипломаттардың көп жылдық тәжірбиесінен алынған алгоритмдерге талдау болғаны анық. Сонымен бірге, дипломатиялық қатынастар барысында тәуекел ету фено­менінің орны мен рөлі талдау нысанына алынады. Мем­лекеттердің өз ниетін басқадан жасыру, соған қарамастан қарсылас мемлекеттер өздеріне қажетті тұжырымдар жасай алуы бағамдалады. Кітаптың басты зерттеу нысаны – жал­пы халықаралық қатынас жүйесіндегі  «құпия дипломатия» концептісінің барлық болмысын ашып көрсетуге бағыт­талған деп айтуға болады. Осы тұста автор құпия диплома­тияның механизмдерін қарастыра отырып, дипломатияның аталмыш формасының өзіндік ерекшеліктерін анықтау, олардың өзіндік бет-бейнесін жасау және оларды баян­дауда табанды еңбек еткен. Ол үшін туындыгер дипло­матиялық байланыс каналдарын, коммуникацияның іске асуына мүмкіндік беретін факторларды анықтауға тырыс­қан. Соның ішінде әр елдің қатынасындағы «мүдделер» ұғымының орны мен рөліне көңіл бөледі. Шындығында сонау ежелгі дәуірден бері «мүдде» категориясы еларалық қатынаста басты әрі принципті түрде шешуші болғаны рас. «Мүдде» ұғымының феномендік дәрежеде болғаны әрі болатыны соншалық, түптеп келгенде, ел намысымен, халықтың рухымен теңестірілетіні кешегі де, бүгінгі де саясаттан белгілі. Осы тұрғыда бұл кітапта сол ұғымда әсте айтыла да, жазыла да бермейтін қырларын көрсетуге қадам жасалған. Бұл бүгінгі жас мамандарға кәсіби шыңдалу үдерісінде маңызды мағлұмат  болатыны анық.

Кітаптың тағы бір ұтымды тұстарының бірі – өзара қатынасқа түсуші мемлекеттер мен альянстардың «ниет-пиғыл» категориясына жүйелі түрде көңіл бөлінуі. Егер халықаралық қатынас тарихына үңілетін болсақ, мыңдаған жылдар бойы дипломаттар мен көшбасшылар өздерінің әңгімелесуінен бір-бірінің ниеті жайлы қорытынды шығарып отырғанын аңғарамыз. Мұнда әр мемлекет көшбасшысының айта бермейтін, тіпті, ешқашан айтылмайтын өзіндік ішкі сыр әлемі жасырынып тұратыны анық. Сонымен бірге, онда бір державаның басқа державаға деген психологиялық ықпал ету мақсаты  да тұрады. Демек, автор осы «ниет-пиғыл» категориясына мысалдар арқылы талдау жасай отырып, оқырман назарын оның күрделі әлеміне енуге жол ашады. Осы арқылы жас маманның интуициясын жетілдіруге бағыт сілтей отырып, оның кәсіби функционалдық сауатын ашуға тырысады. Кітапты аудара отырып байқағанымыз, тіпті, автор еларалық қатынастағы келіссөздер мен хат-хабар алмасу, бірі-біріне жіберілетін мәлімдемелер мәтіні арқылы әр тараптың көңіл-күйін анықтауға және мәтін психология­сын анықтау арқылы державалардың ниетін, саяси тактикасы мен стратегиясын білу амалдарын көрсетуге қадам жасайды. Мысалы, автор: «Берілетін жауап, қарсы әрекет – қарсыластар мен одақтастардан келіп түскен хабарламалардың мазмұны, түрі мен жалпы контекстіне байланысты» деп жазады.

Кітап құндылығының тағы бір тұсы – ол халықаралық тәртіп орнатуда, сыртқы саяси бағытты айқындауда мемлекеттердің бір-біріне «ықпал ету» концепциясына көңіл аударуы. Кітапта сөз етіп отырған жағдайлар елдердің бір-біріне ашық та, жасырын «ниеттерін» білдіру арқылы ықпал ету саясатынан хабар береді. Бұл бізге авторлардың ықпал ету аймақтарын қалай анықтайтынын, дау-жанжал мен кикілжіңдерді қалай реттейтінін, қауіптердің ең қатерлісін, ал одақтастың ең сенімдісін қалай анықтайтынын түсінуге көмектеседі. Бұдан түйіндейтін ойдың бірі, біздің пікірімізше, жалпы бұрыннан келе жатқан ұлы державалардың мүддесінен өрбитін интервертивтік ниеттерінің экстровертивтік тенденциясын көрсету. Осы арқылы бір-біріне ықпал жасау ұстанымының константтық сипатын бекіте түседі. Осыдан қай державаның болсын ықпал ету аумағын кеңейтуге деген «құлшынысы» саясаттың астарынан хабар беруді көздеуі автордың басты ой желісін құраған сияқты. Осы ретте туындыгер бұл үдерістің іске асырылу механизм жүйесін де назардан тыс қалдырмаған. Бұл үдерісті Роберт Трагер: «Дипломатия әдетте саяси одақ құру, ядролық текетіреске бару тәрізді амал-тәсілдерді қамтитын сигнал берудің бірнеше түріне жүгінеді: өзге мемлекетке қойылатын талаптар ауқымын анықтау, екіжақты қарым-қатынасты үзу қаупін төндіру, жақтасына қолдау көрсету, абырой-беделін алға салу не басқа да  дипломатиялық амал-тәсілдер арқылы қарсы тарапқа өз ниетін жеткізу» деген тұжырымы арқылы көрсетеді. Автор құпия дипломатияның механизмдерін сараптап, мемлекеттердің мүдделері мен ниет-пиғылдарын гипотезалық болжам­дармен береді. Одақтас пен қарсылас келіссөзінің, түрлі сигналдардың мәнін түсіндіруге қадам жасайды.

Еңбекте Британ империясының «Құпия жазбалары» деген атпен белгілі дипломатиялық ақпараттың бай тарихы мен сараптамасы негізінде ХІХ-ХХ ғасырлардағы ірі державалардың өзара қатынасы жөнінде мұрағаттан алынған мәліметтерге талдау жасалып, дипломатияның жалпы теориясы мен оның мән-маңызы ашып көрсетілген. Сонымен қатар, Наполеон соғыстарынан кейін Еуропада қалыптасқан халықаралық қатынастардың Вена жүйесі, дүниежүзілік соғыстар қарсаңында төнген қауіпті сезіну, қырғи-қабақ соғыстың бәсеңдеу кезеңі, сондай-ақ бүгінгі әлемдік тәртіптің институционалдық құрылымы – осылардың барлығы мемлекет мүддесін ұстанған жеке тұлғалардың мәлімдемелерінің ықпалымен қалыптасқан пайымдардың нәтижесі екені дәйектеледі.

Жоғарыда айтылғандардың тұжырымдамасы ретінде автор мынадай ойды білдіреді: «Өмір әлеуметтік топтардың ынтымақтастығы мен бәсекесінен тұрады. Дегенмен, адамдардың ниеті өзгеруі мүмкін. Серіктес қарсыласқа,  бір кездегі қарсылас серіктеске айналуы әбден мүмкін. Сондықтан қарсылас пен серіктестің ниетін бағамдау – дамудың, ал кейде қыспақтан құтылудың негізгі шарты. Халықаралық саясатты іске асыратын мемлекет қайрат­керлеріне үлкен сенім артылады. Өзге көшбасшының ниетін дұрыс бағалау соғыстың алдын алса, жаңсақ бағалау қоғамның құлдырауына әкеліп соғады» дегенге саяды.

Кітапта дипломаттар мен көшбасшылар өз одақтастары мен қарсыластарының қарама-қайшы мүдделерін талдап, олардың жоспарлары туралы қалай ой қорытады деген сұрақ басты назарға алынады. Осы орайда кітаптың теориялық-эмпирикалық әдіснамасы мен әдістемесінің өзіндік амал-тәсілдері оқырманға ой салары сөзсіз. Автор элита өкілдері жүзеге асыратын жария дипломатияға емес, қоғам назарынан тыс құпия дипломатияға ерекше көңіл бөледі. Кітапта мемлекеттердің бір-бірінің жоспарлары туралы қалай тұжырымдар жасайтыны сипатталған. Мемлекеттердің белгілі бір тұжырымға келуіне әсер ететін салыстырмалы әскери әлеует, ішкі саясат, қоғамның көңіл күйі, экономикалық мүмкіндіктер, ел басшылығындағы өзгерістер тәрізді факторлардың бар екенін, соның ішінде дипломатиялық ақпарат алмасудың ерекше рөл атқара­тынын айқындайды. Дипломатиялық коммуника­цияның төрт механизмі талданады. Төрт механизмнің әрқайсысын талдауға арналған шартты модельдер ұсынылып, олардың негізінде жасалған тұжырымдар статистикалық талдау мен нақты тарихи мысалдарды сараптау жолымен расталады.

Қарсылас елдің дипломатиялық әрекеттеріне қарап, белгілі бір тоқтамға келу оңай емес. Десек те, эмпири­калық талдау нәтижелеріне сүйенсек, тараптардың өзара хабар алмасу негізінде жиі қажетті тұжырымдар жасайты­нына көз жеткіземіз. Осы ретте Испания королі мен Қасиетті Рим императоры V Карлдың сарайына Флорен­циядан елші ретінде жіберілген тәжірибесіз дипломатқа Никколо Макиавелли былай деп жазған екен: «Мұндай тұжырымға келудің құпиясына бойлау – өте күрделі іс, сол себептен пайым мен болжамға сүйенуге мәжбүрсің. Бірақ барлық айла-амалдарды аңдау, мәселенің анық-қанығын білу – қиынның қиыны. Сондықтан өз пайымыңа сүйеніп, болжаудан басқа амалың жоқ». Осылайша әңгімелесу, келіссөздер жүргізу кезінде бір тарап өзге тараптың ниеті мен мүддесі туралы ой-тұжырымдар жасай алады. Міне, бұл тұста саяси интуицияның маңызының қаншалықты екені аңғарылады. Бұл өзінің ішкі менін әр кезде жасырып тұратын өте күрделі құбылыс болатынын білдірмек.

Дипломаттар мен мемлекет басшыларының талап қой­ғанда асқан сақтық танытуы да осындай дәйекті пайымға жетелейді. Бұл арада автор дипломатиялық қатынаста «сенім» категориясының маңыздылығын алға тартады. Әдетте оларды өздері төндірген қауіпке өзгелердің сенімсіздік білдіруі емес, сенген сәтте не болатыны алаңда­тады. Бұл – одақтастық саясат пен ядролық текетірес, қарсыласты тізгіндеу мен мәжбүрлеу тәрізді дипломатия­лық амалға тән құбылыс. Тараптар бір-біріне қоятын талабына ерекше мән береді. Сол себепті, қарсыласқа талап қою оңайға соқпасы анық. Осыған қарамастан, кейде көшбасшының қарсыласына талап қоюдан шегінбеуі бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Міне, бұл мәселе халықаралық қатынас саласында кәсіби мамандарды дайындау мен кәсіби шеберлікті шыңдауда таптырмас сабақ іспеттес.

Кітап нақты ғылыми жобаның нәтижесі десек, бұл жобаға арқау болған тұжырым: қарсы тарап сес көрсет­кенде, зардап шегуден қауіптенген елдер түрлі тұжырымға келеді, алайда сол тұжырым негізінде дамитын халық­аралық үрдіс бір-біріне ұқсас. Кітаптың осы тұжырым жан-жақты талданып, жабық есік жағдайындағы келіссөздер барысында қарсыласқа қауіп-қатер төндіру арқылы қандай ақпарат берілетіні көрсетілген. Кітаптың теориялық тараулары тиісті тарихи үрдісті анықтау әрі оны сигнал беру теориясымен ұштастырылып жазылған. Олай болса, аталмыш еңбектің маңыздылығының тағы бір тұсы – сигнал беру теориясының өзіндік ерекшеліктеріне ат басын тіреуі. Сигнал беру жүйесін ерекше математикалық форму­лалар логикасы арқылы таңбалап, түсіндіруі кітаптың айрықша құндылығы болмақ. Бұл оқырманды саясаттағы символдық және семантикалық эпистеманы түсінуге тәрбиелейді.

Дәулетбек РАЕВ,

философия ғылымының докторы, профессор.

Айымжан ӘБУҚЫЗЫ,

философия ғылымының кандидаты

Толығырақ: http://almaty-akshamy.kz/diplomatiya-lemdik-sayasat-astary-nan-sy-r-shertedi/