Рауан Кенжеханұлы: Таңдаулы оқулықтар ғана аударылады

28 қыркүйек 2018 ж.

Jas qazaq: Рауан Кенжеханұлы, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының бірінші кезеңін аяқтадыңыздар. Алғашқы кезеңде аударылған 18 оқулыққа тоқталып, қорытынды жасап өтсеңіз…

Р.Кенжеханұлы: Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Биыл аударманың екінші легі – 30 кітапты аударып, баспаға әзірлеудеміз. Жыл басында Ұлттық аударма бюросы философия, әлеуметтану, психология, экономика, менеджмент, дінтану, лингвистика, мәдениеттану, антропология, журналистика салалары бойынша әлем тілдеріндегі 18 оқулықты аударып, көпшілікке таныстырған болатын. Әр оқулықтың 10 мың данасы ЖОО-ға тегін таратылып, студенттер дүниедегі ең жақсы деген оқулық үлгілерін оқуға мүмкіндік алды. Жаңа оқу жылынан бастап бұл оқулықтар оқу бағдарламасына кірді. Дәстүрлі қағаз кітап форматынан бөлек, көпшілікке қолжетімді болу үшін оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, ол Қазақстанның ашық университеті – OpenU.kz платформасына жүктелді. Әлемде онлайн білім алу жүйесінің қарқынды дамып келе жатқанын білесіздер. «100 жаңа оқулық» жобасы оқу құралдарын қазақ тіліне аударумен ғана шектелмейді. Қазақ тіліне аударылған және қазір аударылып жатқан кітаптар негізінде студенттердің өз бетінше оқуға септігін тигізетін мультимедиалық лекциялар топтамасы әзірленді. Әр пән бойынша 25 дәрістен тұратын жалпы саны 47 курсты дайындауға тәжірибелі оқытушылар, белгілі ғалымдар атсалысты. Видеолекциялармен бірге студенттің осы курста алған білімін пысықтауға арналған конспектілер мен тест сұрақтары да бар. Дәріс қазақ және орыс тілдерінде жасалды. Бұл видеолекциялар жақын арада Қазақстанның ашық университеті – OpenU.kz (https://openu.kz) платформасы арқылы еркін таралады.

Jas qazaq: Жобаның екінші кезеңінде аударылып жатқан 30 кітаптың жаңалығы неде? Қай салаға басымдық берілді?

Р.Кенжеханұлы: Алдыңғы лекте аударылған оқулықтар қатарына биыл педагогика, әдебиет теориясы, мәдениеттану, маркетинг, стратегиялық менеджмент, технологиялық инновациялардың стратегиялық менеджменті, адам ресурстарын басқару, халықаралық бизнес, әлемдік нарықтағы бәсеке мен халықаралық бизнестің құқықтық ортасын талдап түсіндіретін оқулықтар қосылды. Соның ішінде, экономика және кәсіпкерлік бағытындағы оқу құралдары экономиканы қазақ тілінде оқыту ісін дамытуға оң ықпал етуі тиіс. Өйткені жоба басталған сәтте еліміздегі бизнес мектептер және экономикалық бағытта сабақ беретін факультеттер осы пәндерді қазақ тілінде оқытуға қажетті оқу құралдарының жетіспеушілігін айтқан болатын. Әлемге кеңінен танымал МВА бағдарламасын қазақ тілінде оқығысы келетін жастар саны күн санап артып келеді. Сондықтан, дәл осы бағыттағы таңдаулы оқу құралдарын аудару, оны еліміздегі МВА бағдарламасымен білім беретін ЖОО-ның кітап қорына тапсыру маңызды әрі кезек күттірмейтін шаруа деп білеміз. Сонымен қатар, педагогика бағытындағы оқулықтар да аударылуда. Соңғы жылдары елімізде білім мазмұнын жаңарту жүріп жатыр. Бұл ретте мұғалімдерді даярлау факультеттері және педагогика кафедралары әлемнің осы саладағы жаңалықтарымен, соңғы шыққан оқу құралдарымен танысып отыруы тиіс. Сондықтан Кембридж, Оксфорд секілді ғылым ордаларынан шыққан педагогика бағытындағы «Оқыту теориясы» және «Цифрлық дәуір педагогикасы: XXI ғасырдағы білім беру» атты туындыларын алдық. Әдебиет теориясына қатысты зерттеулер жинақталған бірқатар кітаптарды аудару жүріп жатыр. Дүниежүзі әдебиетті қалай зерттейді, өзара салыстыруы қалай жүретінін түсіну үшін «Әдебиет теориясына кіріспе» және «Әдебиет теориясы антологиясы» дейтін кітаптар баспаға әзірленуде. Тарих саласы да назардан тыс қалған жоқ. Росс Данн мен Лаура Митчеллдің «Panorama: Дүниежүзі тарихы» әлем тарихына біз үшін тың көзқарас беріп, әлем тарихын жаңаша қорытуға жол ашады. Өнер тарихына байланысты Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы» кітабы бар. Бұл оқу құралы алғаш рет 1959 жылы жарық көріп, 16 рет қайта басылған. 8 миллион тиражбен таралған туынды тек өнертанушылар үшін ғана емес, жалпы қалың оқырман үшін де қызықты болады деп ойлаймыз. Шығыстану бағытында «ориентализмнің» негізін салушы, атақты ғалым Эдуард Саидтың «Ориентализм» деген туындысы да оқырманға пайдалы болады деп сенеміз. Халықаралық құқық бағытында да биыл бірқатар оқу құралын қазақшалауды қолға алдық. Соның бірі – атақты құқықтанушы Малкольм Шоудың International Law дейтін туындысы. Дипломатия саласын жан-жақты талдайтын Роберт Трагердің «Дипломатия: коммуникация және халықаралық тәртіп негіздері» атты кітабы даярланып жатыр. Мұнда дипломатияны математикалық формулалардың көмегімен түсіндіретін қызықты тәсілдер бар. Бүгінгідей онлайн қарым-қатынас мәселелері қызу талқыланып жатқан уақытта Патрисия Уоллейстің «Интернет психологиясы» атты туындысы да көпшілікке қызықты болар деп ойлаймыз. Бұл – жастарды өзіне жіпсіз байлап, назарын жаулап алған интернет технологиялардың артында тұрған психологиялық құбылыстарға арналған оқулық. Тіл біліміне қатысты Стивен Пинкердің «Тіл – инстинкт» кітабын алдық. Ол да мамандарға жақсы таныс, бірақ қазақ тіліне аударылмаған кітап. Кітаптардың толық тізімі жобаның сайтында бар.

Jas qazaq: Осындай жауапкершілігі мол жұмысқа аудармашылар мен редакторлар қалай таңдалады? Ғылыми аударманың өзіндік ерекшелігі бар, білім мен білік керек дегендей…

Р.Кенжеханұлы: Иә, дұрыс айтасыз. Ғылыми аударма – өзіндік ерекшеліктері көп, күрделі шаруа. Сондықтан ғылыми аударма ісі жолға қойылған елдердің тәжірибесін жан-жақты зерттеп, оның озық тұстарын алуға тырысамыз. Соның негізінде жұмысымызға қажетті аударма ережелері мен қағидаларын дайындадық. Оларды ұдайы талқылап, жаңартып отырамыз. «100 жаңа оқулық» жобасының қоғамға берері аударылған кітаптардың өзі ғана емес, сонымен бірге күшейген, әлеуеті артқан аударма ісі, аударма мектебі болу керек деп ойлаймыз. Ал мықты аударма мектебі дегеніміз – ең әуелі мықты мамандардан құралған аудармашылар ортасы болса керек. Аудармашы мәтіндегі ғылыми негізді, дәлдікті сақтай отырып, аударма тілінің жатық, ұғынықты болуын қамтамасыз етуі тиіс. Ол үшін аудармашының екі тілді жетік игеруімен қатар, сол салада терең білімінің болуы аса маңызды. Сондықтан жобаға білікті аудармашылар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға танымал қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлерді тарттық. Қазір бұл жұмысқа жалпы саны 300-ге жуық маман қатысады. Біздің жұмыста пәнді жақсы білетін ғалым-оқытушы мен аудармашы және мәтінді қазақша сауатты жеткізетін редактор бірлесе жұмыс істейді. Жұмыс тобының қатарында ЖОО ұстаздары көп. Себебі аудиторияда қолданылатын оқулықтар болғандықтан осы кітаптармен жұмыс істейтін мамандардың араласқаны, жұмыстың ортасында болғаны дұрыс деп шештік.

Jas qazaq: Оқулықты аудару барысында автордың ойына қаншалықты өзгеріс жасалады? Аудару барысында басты назарға алатын мәселе қандай? Ғылыми ұғымдар, терминдер қалай қазақшаланады?

Р.Кенжеханұлы: Оқулық авторларымен жасалған авторлық шартқа сәйкес, кітап мазмұнын өзгертуге, бұрмалауға болмайды. Ғылыми аудармада дәлдік пен бейтараптық өте маңызды. Терминдерге келсек, ғылым салаларының қай-қайсысынан алсақ та, терминдерді әлі де көптеп аудару керек және ғалымдардың тікелей қатысуымен жаңа ұғымдарды тілге ыңғайлап, айналымға енгізуге тырысып жатырмыз. Экономика, менеджмент секілді салалардағы терминдерді жаппай қазақшалауға ұмтылмадық. Өйткені бұлар – бүгінде күнделікті өмірде де, оқу-ағарту ісінде де негізінен қаз-қалпында қолданылып жүрген сөздер. Оның көпшілігі талапқа еніп кетті. Әйтседе, әр ұғым, әр сөзді жан-жақты талқылау, талдау арқылы оқырманға түсінікті етіп ұсынуға тырысып жатырмыз. Қолдағы бар көп салалық сөздіктер ғылыми ұғымдарды қолдану ерекшеліктерін ескермей құрастырылған. Ойланбай, тартынбай, сөздіктегідей ала беруге келмейді. Ол сөздер ғылыми мәтінде, сөйлемнің ішінде кездескен кезде өз қызметін қалай атқарады дегенге көңіл бөлінбеген секілді. Кейбір терминдерге қатысты ғылыми редактор мен әдеби редактордың пікірі қайшы болып жатады. Бірі – мәтін ғылыми дәлдіктен ажырамауы тиіс десе, енді біреуі – қарапайым адам оқи алатындай, қазақы ұғымға сай аударып берейік дейді. Әрқайсының уәжі өзінше дұрыс. Арасынан жол тауып, тепе-теңдік іздеуге тура келеді. Осылайша ортақ шешімге келуге тырысамыз.

Jas qazaq: Бұл оқулықтардың басты оқырманы – оқытушылар мен студенттер. Олардың пікірлері қандай? Кері байланысқа қаншалықты мән беріледі?

Р.Кенжеханұлы: Жоғары оқу орындарының мамандары жаңа кітаптармен танысып, оларды биылғы оқу жылының бағдарламасына енгізуге арналған жоспарларын дайындады. Бұл жұмыс жаз бойы жүрді. Оқулық мазмұны, ондағы жаңалықтар, әдістемелік нұсқаулықтар мен кеңестерді пайдалану, соған орай туатын жаңа мүмкіндіктер, өзге де өзгерістерге байланысты университетаралық, университетішілік кездесулер барлық оқу орындарында өтті. Біз сол кездесулерге қатысып, талқының ортасында болуға тырыстық. Өйткені бізге оқулықты пайдаланатын ортаның, әрбір оқырманның, әсіресе, академиялық ортаның пікірін білу маңызды. Университеттердегі мұндай талқылаулар әлі де жалғасып жатыр. Мамандар бір ауыздан бұл жоба еліміздегі гуманитарлық білімді жаңа деңгейге көтеретінін айтуда. Ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде аударылған оқулықтарға қатысты кітаптардың ғылыми мазмұны мен аударма тілі туралы сын, қазақша нұсқасы туралы ой-пікірлері жарияланды. Біз оларды мұқият қарап, қажетінше жауап беріп, келген ұсыныс тілектерді қабылдап жатырмыз.

Jas qazaq: Ал оқулықтарды таңдауда қоғамдық пікір, ұсыныс қаншалықты ескеріледі?

Р.Кенжеханұлы: Алғашқы кітаптарды таңдау алдында жоғары оқу орындарына хабарласып, аударылуы қажет деген оқулық атауларын ұсынуын сұрадық. Бұл кітаптардың басты оқырмандары – студенттер мен университет оқытушылары болғандықтан, олардың таңдауына сүйенуіміз қажет қой. Еліміздің оқу орындарынан жалпы саны 800-ден аса оқулыққа ұсыныс келіп түсті. Аударылатын кітапқа қойылатын талаптар мен оларды іріктеу жүйесі жұмыс тобында егжей-тегжей талқыланды. Кеңесе келе, әлемдегі үздік 100 университеттің оқу бағдарламасына енген, кемінде үш кезек басылым көрген, соңғы басылымы өткен үш жылда шыққан, яғни ескірмеген оқу құралдарын таңдап алдық. Бұл критерийлер оқулыққа деген сұраныстың жоғары екендігін, оның мазмұн тұрғысынан өзектілігін растайды. Қысқасы, таңдаулы оқулықтар ғана аударылады. Кез келген адам осы талаптарды ескере отырып, қазақ тіліне аударылатын оқулық атауын ұсына алады. Егер аударуға ұсынар оқулығыңыз болса, онда 100kitap.kz сайтындағы кері байланыс арқылы немесе Ұлттық аударма бюросының Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына хат жазыңыз. Ол ұсыныс жұмыс тобының қарауына жіберіледі. Олар оқулықтың талаптарға сәйкестігін тексереді. Оқулық таңдаумен қатар кітап атауларын аударуда да көпшіліктің пікіріне құлақ асамыз. Мысалы, Эллиот Аронсонның «The Socіal anіmal» кітабының атауын қазақшаға бірден аудара салу мүмкін болмады. Кітапқа жауапты адамдар арнайы бас қосып, ұзақ талқылады. Кітап мазмұнына «әлеуметтік» дегеннен гөрі, «қоғамдық» сөзі дәлірек келеді деген ойлар болды. Алайда қазақ тілінде «жануар» сөзін саналы адамға қатысты қолдану тым ауыр. Әлеуметтік желіде талқыға салдық. Көп нұсқа ішінен «Көпке ұмтылған жалғыз» атауын таңдадық. Ол кітап мазмұнын дәл береді, табиғатын ашады. Мұндай мысалдарды басқа оқулықтарға қатысты да көптеп келтіруге болады.

Сұхбаттасқан Салтанат Шырынхан

Толығырақ: http://jasqazaq.kz/2018/09/28/tandauly-okhulykhtar-gana-audarylady/