18 кітап оң баға алды
Отандық ғалымдар бас қосқан жиында батыстық көзқараста жазылған кейбір еңбектердің шығыстық таным мен қазақстандық менталитетке сай келмейтін тұстары талқыға түсті. Әлемнің іргелі университеттері арнаулы пәндердегі міндетті оқулықтар санатына қосқан, академиялық мазмұны жоғары бағаланған кітаптардың аударма сапасы мен рухани жаңғыруға қосар үлесі жайында да сүбелі пікірлер айтылды. Дерек Джонстон жазған «Философияның қысқаша тарихы» кітабының Ұлттық аударма бюросы аударған нұсқасы мен орыс тілінде шыққан нұсқасына компаративистикалық анализ жасаған сарапшы-ғалымдар қазақша үлгінің дәл аударылғанын тілге тиек етті. Мәселен, ағылшын тіліндегі taxman сөзі орыс тіліндегі нұсқада «таксист» деп қате аударылса, қазақша нұсқада «салық жинаушы» деп дұрыс тәржімаланған.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мүшесі Наталья Сейтахметова аудармадағы нақтылық турасында: «Аврелий Августиннің The Confessions еңбегі қазақ тіліне «Тәуба» деп аударылыпты, орыс тілінде «Исповедь» деп беріліп жүр. Негізі, бұл кітап көбіне орыстың «Раскаяние» ұғымына келіңкірейді. Сол тұрғыдан алғанда, Ұлттық аударма бюросындағы мамандар «Тәуба» деген сөзді дәл тапқан әрі өте ұтымды пайдаланған» дейді. Философия, саясаттану және дінтану институты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің жетекші мамандары қатысқан ғылыми форумда терминдердің бұрмаланбай, тура мағынасының сақталуы, біріздендіру мәселесі де сөз болды. Жоба аясында қазақ тіліне аударылған құнды еңбектің бірі – Media Ethics at Work: True Stories From Young Professionals («Медиа этика: жас мамандар тәжірибесінен») кітабы. Оқулық Ли Энн Пек (Солтүстік Колорадо университеті) және Гай С.Рил (Уинтроп университеті) есімді профессорлардың редакторлығымен 2012 жылы алғашқы басылымы, 2017 жылы екінші басылымы толықтырылып, қайта жарық көрген. Ақпаратты елден бұрын беруге асығатын журналистердің этикалық шеңберден шықпауына «Медиа этика» кітабының көмегі көп. Бұл кітапқа сараптамалық талдау жасаған Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері, PhD доктор Дәурен Дариябек: «Сократ пен Платонның этикалық ой-тұжырымдары, этикалық шешім қабылдауды өнер (техне) ретінде бағалаған Аристотельдің «Алтын мән» (The Golden Mean) доктринасы, адам моральдық тәрбие алмай, категориялық императивті қабылдай алмайды дегенге сенген Канттың философиялық ой-толғамдары «Медиа этика» кітабының академиялық құндылығын арттырып тұр. Уақытында аударылған жаңа кітап қазақ журналистикасына жаңа серпін әкеледі. Әсіресе, медиатанушы ғалымдар мен медиапрактиктерді кез келген мәселені таразылауға, этикалық сүзгіден өткізіп барып тұжырым жасауға тәрбиелейді» деп атап өтті.
Сарапшылар кездесуіне қатысушы мамандар «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық идеясы аясында әлемдегі гуманитарлық қазына саналатын шоқтығы биік кітаптардың дәл уақытында аударылуы көпшілік оқырман мен жас ғалымдардың рухани көкжиегін кеңейтетін игілік екенін айтты. Жиын соңында сарапшы ғалымдар кездесуінің нәтижесі пысықталып, ғылыми-практикалық ұсыныстардың жобасы дайындалды.
Авторы: Асыл Тұмар
Толығырақ: https://aikyn.kz/2018/09/18/67604.html