Ұлттық аударма бюросының ұтымды қадамы
Былтыр еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары ұсынған 800-ге жуық кітаптың ішінен әлеуметтік ғылым салалары бойынша іріктелген 18 кітапты аудару жұмыстарына 90-нан аса отандық белгілі ұстаздар, ғалымдар және аудармашылар жұмылдырылған. Жобаға еліміздегі үздік білім ордалары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, АLMU, Нархоз және С.Демирел университеттері, сондай-ақ Жоғарғы оқу орындар қауымдастығы қатысты. 12 сәуірде Мемлекет басшысының қатысуымен 18 кітаптың таныстырылу рәсімі өтті, үздік оқу құралдары оқырман назарына ұсынылды. Оқулықтар мемлекеттік комиссияның жаһандағы жетекші оқу орындарында оқытылатын, кем дегенде үш рет қайта басылып, жарық көрген, идеялық жағынан бейтарап кітаптар болуға тиісті дейтін талаптары мен критерийлеріне толықтай сай делінді. Енді Ұлттық аударма бюросы шетелдік жетекші жоғары оқу орындарында оқушы назарына ұсынылған 30 оқулықты дайындауға кіріскен болатын. Бүгінде аудару ісі толықтай аяқталып, редакциялау жұмыстары жүргізілуде.
30 кітап қандай бағыттар бойынша таңдалды, оқырман қауым қай авторлардың туындыларын тосатынын сұрап-білу мақсатында «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлына хабарласқан едік.
– Биыл 100 жаңа кітапты қазақшалаудың келесі кезеңі басталды. Өзіміздің шама-шарқымызды бағамдап, биыл 30 кітап аударып, ұсынуға мүмкіндігіміз бар деп шешіп, іске кірісіп кеткенбіз. Алдыңғы лекте аударылған экономика, менеджмент, кәсіпкерлікке қатысты бағытқа маркетинг, стратегиялық менеджмент, технологиялық инновациялардың стратегиялық менеджменті, адам ресурстарын басқару, халықаралық бизнестің әлемдік нарықтағы бәсекесі және халықаралық бизнестің құқықтық ортасын талдап, түсіндіретін оқулықтар қосылды. Бұлар елімізде экономикалық және кәсіпкерлік бағытта білім беретін оқу ордаларының қазақ тілінде оқыту ісін дамытуға септік етуі тиіс. Өйткені жоба басталған сәтте, еліміздегі бизнес мектептері және экономикалық бағытта сабақ беретін факультеттер осы пәндерді қазақ тілінде оқытуға қажетті оқулықтардың жоқтығын айтқан болатын. Дүниежүзіне кең танымал МВА бағдарламасымен еліміздегі бірқатар білім ордасы орыс тілінде оқытып жүргені мәлім. Бірақ соңғы жылдары осы бағдарламамен оқығысы келетін қазақ жастары да көбейіп келеді. Сондықтан дәл осы бағыттағы алдыңғы қатарлы оқу құралдарын аудару, оны еліміздегі МВА бағдарламасымен білім беретін ЖОО-ның кітап қорына тапсыру аса маңызды. Біз қолға алған кітаптар оқырман назарына ұсынылғаннан кейін, АLMU, Нархоз сынды білім ошақтары алғаш рет МВА-ны қазақ тілінде бере бастайды.
Биылғы жылғы жаңалығымыз – педагогика бағытындағы оқулықтардың аударыла бастауы. Соңғы жылдары біздің мемлекетте білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы жүріп жатыр. Ол үшін мұғалімдерді даярлау факультеттері және педагогикалық кафердралар әлемнің осы саладағы тың жаңалықтары, оқу құралдарымен танысуы тиіс. Сондықтан осы бағытта танымал Кембридж, Оксфорд секілді ғылым ордаларына шыққан педагогика бағытындағы бірқатар кітаптарды аудара бастадық. Дейл Шунктің «Оқыту теориясы» және Хелен Битэм мен Рона Шарптың «Цифрлық дәуір педагогикасы: XXI ғасырдағы білім беру» атты туындысы педагогика саласында ізденіп жүрген мамандар үшін жақсы оқулық болмақ.
Сондай-ақ әдебиет теориясын дүниежүзі қалай біледі, қалай оқытады, қалай зерттейді дейтін үлкен сауалдардың жауабы жинақталған бірқатар кітаптарды аударуды назарға алдық. Бізде тіл білімі мен әдебиет теориясы жолға қойылған, жан-жақты зерттелген деген түсінік бар. Десек те, бұл өзімізде қалыптасқан әдебиет теориясының мектебі. Дүниежүзі басқа тілдердегі әдебиетті қалай зерттейді, өзара салыстыруы қандай деңгейде дегенді түсіну үшін Джулия Ривкин мен Майкл Райанның «Әдебиет теориясы антологиясын», Майкл Райанның «Әдебиет теориясына кіріспе» дейтін кітаптары аударылуда.
Тарих саласы да назардан тыс қалған жоқ. Росс Данн мен Лаура Митчеллдің «Panorama: Дүниежүзі тарихын» аударуды қолға алдық. Өнер тарихына байланысты Сэр Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы» кітабы да бар. Бұл оқу құралы 1959 жылы жарық көріп, 16 рет қайта басылған. 8 миллион тиражбен таралған туынды тек өнертанушылар үшін ғана емес, жалпы қалың оқырман үшін де қызықты болады деп сенеміз. Барлық суреттері мен иллюстрацияларының сапалы көшірмелері бар. Шығыстану бағытында «Ориентализм» деп танылған ғылым тармағының негізін салушы атақты ғалым Эдуард Саидтың осы аттас туындысын аударудамыз. Мұнда батыс мәдениеті мен ғылымы шығыс дүниесін қалай танитыны туралы жан-жақты сараптама бар. Халықаралық құқық, яки құқықтану бағытында да биыл бірқатар оқу құралын қазақшалауды қолға алдық. Атақты құқықтанушы Малкольм Шоудың International Law дейтін үлкен туындысы бар. Осы автордың пайдасы орасан оқулығы «Халықаралық құқық» деген атаумен аударылуда. Дипломатия ісіне жақсы көңіл бөлген Роберт Трагердің «Дипломатия: Коммуникация және халықаралық тәртіп негіздері» атты кітабы да оқырманға даярланып жатыр. Мұнда дипломатияны математикалық формулаларға салып түсіндіретін қызықты тәсілдер бар. Бүгінгі тұрмыс-тіршіліктің ғаламторға байланып бара жатқан заманында Патрисия Уоллейстің «Интернет психологиясы» атты туындысын аударып, оқырман назарына ұсынғымыз келді. Бұл – әсіресе, жастардың қызығушылығын оятып, назарын баулап жүрген интернет технологиялардың артында тұрған психологиялық таным-тәсілдерге арналған оқулық. Тіл біліміне қатысты Стивен Пинкер «Тіл – инстинкт» атты кітабы аударылуда. Бұл оқу құралын дүниежүзі лингвистері талдап, таразыға салып жатқанын білеміз. Тілтанушылар үшін қызықты әрі пайдалы болатын тағы бір кітап аударылуда. Ол – Торе Янсонның «Тіл тарихына кіріспе» туындысы.
Аударма барысына аудармашылар, ғылыми және әдеби редакторлар жұмылдырылған. Бұған қоса, сырт көздің, яғни сырттағы тағы басқа маманның да пікірі ескерілуде. Бүгінде, осы төрт тарап бас қосып, түрлі талқылаулар өткізу арқылы аударылып жатқан кітаптарды сапалы әрі түсінікті аудармамен ұсыну үшін еңбек етуде. Алдыңғы лекте аударылған 18 кітапты қазақшалау барысында термин аудармасына қатысты бірқатар қиындықтар айтылғанын білеміз. Мұндай жағдайлар биыл да кездесуде. «Әлеуметтік ғылым салаларының қай-қайсысынан болмасын, ғылым тіліндегі терминдерді әлі де көптеп аудару керектігін түсіндік және әр саладағы ғалымдардың тікелей қатысуымен сондай терминдерді қазақ тіліне ыңғайлап, ғылыми айналымға енгізуге тырыстық. Бірақ экономика, менеджмент салаларындағы жалпы қабылданып кеткен терминдерді қазақылауға аса ұмытылғанымыз жоқ. Өйткені бұлар – бүгінде күнделікті өмірде де, оқу үдерісінде де қаз-қалпында қолданылып жүрген сөздер. Әр кітапты аудару барысында мұндай мәселелер болған және бола да бермек. Мұның барлығын үнемі жан-жақты талқылау, талдау арқылы оқырманға түсінікті етіп ұсынуға тырысып жатырмыз» дейді Рауан Кенжеханұлы.
Авторы: Айдана НҰРМҰХАН
Толығырақ: https://aikyn.kz/2018/09/12/66962.html