«100 жаңа оқулық»: тарихи еңбектерді қазақ тіліне аударған ғалым аударма кезіндегі қиындықтар туралы айтты
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы былтыр өз межесіне жетті. Әлем тілдерінен 100 оқулық қазақ тіліне аударылып басылды. Сіз осы жобаға қатысып, бірнеше оқулыққа ғылыми редактор болдыңыз. Жалпы бұл жоба ғылыми ортаға жаңалық әкелді ме?
– «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында шет елдерде шыққан гуманитарлық ғылымдар саласындағы өте жақсы оқулықтар түпнұсқа тілінен тікелей қазақ тіліне аударылды. Бұл жоғары білім және ғылым саласындағы елеулі қадам болды. Мен өзім тарих саласындағы оқулықтардың аудармасына ғылыми редактор ретінде қатыстым. Ең алдымен қазіргі гуманитарлық ғылымдардың, соның ішінде, әсіресе, тарих ғылымының аса бір үлкен өзгерістер кезеңінде тұрғанын еске салайық.
Кеңестік кезеңде формациялық теорияны «абсолюттік ақиқатқа» айналдыру басқа теориялар мен концепцияларды игеруге кедергі жасады, кеңестік идеологиядан бас тартқаннан кейін тарих философиясы аренасында вакуум пайда болды, сондықтан тарих ғылымы теориялық негізден алшақтап, «фактологияға» айналып кетті. Қазір тарихқа деген скепсистік көзқарас осыдан туып отыр. Бүгінгі таңда бүкіл посткеңестік кеңістікте тарихтың философиясы мен теориясында жаңа парадигманы қалыптастырудың өте күрделі міндеті тұр. Бұл міндетті іске асыру үшін тарихшыларды әлемдік тарих ғылымындағы озық методологияға негізделген оқулықтармен таныстыру қажет еді. Осы тұрғыдан алғанда біздегі аударма оқулықтардың айрықша көмегі болары анық.
Адамзат тарихы туралы шет тілінде миллиондаған кітап, зерттеулер шыққан және шыға да бермек. Дегенмен, тарихтың көптеген ақтаңдақ беттері қазақ оқырманы үшін тарих тасасында қалып жатқаны мәлім. Әсіресе, қазақ оқырманы әлем тарихымен орыс тілді тарихшылар жазған еңбектер арқылы ғана таныс болып жүрген бүгінгі кезде, шет тілдерінен тікелей қазақ тіліне аударылған оқулықтардың берері мол.
– Өзіңіз қатысқан еңбектерге тоқталсаңыз, жұмыс процесі қалай жүрді?
– «100 оқулық» қатарына америкалық ғалымдар: Росс Данн мен Лаура Митчелдің «Панорама: Дүниежүзі тарихы» оқулығын қосқаны үшін Ұлттық аударма бюросына алғыс айтқым келеді. Өйткені, біріншіден, бұл оқулық адамның пайда болған кезінен бастап бүгінгі күнге дейінгі адамзат тарихын тұтас қамтиды, бұл кітапты дүниежүзі тарихының энциклопедиясы деуге болады. Демек оны еліміздің жоғары оқу орындарындағы оншақты базалық пән мен эллективтік пәндерді оқытуда пайдалана аламыз. Екіншіден, бұл оқулықты тарихты синергетикалық дүниетаным аясында зерттеудің үлгісі ретінде ұсынуға болады. Синергетика күрделі жүйелер туралы ілім, ал Росс Данн мен Лаура Митчелл тарихи процестің бүкіл мәні адамның үнемі күрделілікке ұмтылуы дей отырып, адамзаттың бүгінгі аса күрделі қоғамға қалай жеткенін көрсетеді. Сондай-ақ, тарихи білімнің дамуы және тарих теориясы мен методологиясының қалыптасуын талдайтын екі кітаптың аудармасына да ғылыми редактор ретінде қатыстым.
– Аударма жұмысындағы негізгі қиындықтар қандай болды?
– Тарих саласындағы оқулықтарды аудару барысында кездесетін қиындық аз емес, соның бірі ‒ терминдер мен түсініктерді аудару. Кеңестік кезеңде тарих оқулықтарын Мәскеу сияқты орталықтардың ғалымдары жазатын да, ол қазақ тіліне аударылатын, оларда термин негізінен орысшасының калькасы болып шығатын. Сондай-ақ, кеңестік жүйе ыдырағаннан бергі отыз жылда әлемдік тарих ғылымы орнында тұрып қалған жоқ, оның соңғы жетістіктері жаңа терминдер туғызды.
Біз аудармада мынадай принцип ұстадық: егер термин орыс тіліндегі нұсқасының калькасы болса, оны таза қазақшаға аударып береміз; егер термин латын, грек немесе басқа ежелгі және ортағасырлық тілден алынып, халықаралық түсінікке айналып кетсе, оны аудармай қалдырамыз. Сондай-ақ, кейбір терминдер мен түсініктердің мектеп оқулықтарына және тексеру тестеріне еніп кеткенін де ескердік. Осының барлығын ғылыми-категориялық аппаратқа қойылатын жалпы талаптарды сақтай отырып, сонымен қатар қазақ тіліне бейімдей отырып, аудару керек болды. Біз, авторлар ұйымы, осы тұрғыдан алғанда өте ауқымды жұмыс істедік ‒ терминдер мен түсініктердің ескісін жаңарттық, дұрысын сақтадық та мазмұнын байыттық, жаңа терминдерді енгіздік. Демек, тарих ғылымы саласындағы еңбектерді аудару бір немесе бірнеше адамның қолынан келетін жұмыс емес екен, оған тіл білумен қатар, ғылыммен айналысатын, қазақша оқулықтар жазуда тәжірибесі бар, сондай-ақ тарих ғылымының түсінік-терминдік категориялық аппаратын жақсы меңгерген мамандар қажет.
Аударма барысындағы тағы бір қиындық ‒ тарихи тұлғалардың есімі, оларға берілген қосымша тарихи атауларды аудару мәселесі. Чарльз, Карл, Уильям, Вильям, Вильгельм, тағы сол сияқты әр тілде әртүрлі оқылып жүрген есімдерді қалай реттейміз, бұл мәселені де үнемі талқылаудан өткізіп отырдық. Тарихи тұлғаларға берілген атауларды аудару да оңай болған жоқ. «Тарихи білім тарихы» оқулығын аударғанда да осыған ұқсас мәселе болды. Бұрынғы қазақша оқулықтарда ортағасырлық тарихшылар есімі орыс тіліндегі аудармадан сол қалпында алынатын еді. Ал, ұсынылып отырған аудармада олардың есімі латындық түпнұсқадан алынған және жақша ішінде орыс тіліндегі транскрипциясы берілген, бұл аударманың үлкен жетістігі деп деп ойлаймын.
– Бұл оқулықтарды ЖОО студенттері оқып жатыр ма? Ал оқытушылардың, жалпы академиялық ортаның пікірі қандай?
Аударылған оқулықтар еліміздің барлық жоғары оқу орындарына таратылды. Оны пайдаланып жүр деп ойлаймын. Өткенде орта білім беру жүйесіндегі тарих пәні бағдарламаларын талқылау барысында бір университеттің жас ұстазы осы «Панорама: Дүниежүзі тарихы» оқулығының концепциясын басшылыққа алу туралы ұсыныс жасады, жастардың аудармамызды оқитынын және меңгере алатынын көріп, қуанып қалдым.
Бұл оқулықты 12 жылдық мектептер үшін бағдарламалар мен оқулықтар дайындайтын авторларға да ұсыну қажет. Өйткені оларда буржуазиялық және социалистік революциялар, француз революциясына «ұлы» деген баға беріп, оны мақтау, ал маңызы одан әлдеқайда жоғары тұратын, болашақ эволюциялық даму жолына бастама жасаған ағылшын революциясын кемсіту сияқты кеңестік кезеңде қалыптасқан көп түсініктер сақталып қалған. Осыдан екі жыл бұрын мектептегі тарих білімінің мазмұнын жаңарту туралы бір кездесуде кеңестік тарих ғылымына тән кейбір таптаурын түсініктерден, атап айтқанда, революцияның барлығы прогрессивті, ал эволюциялық әдістің барлығы керітартпа деген ұстанымнан бас тартатын уақыт жеттті, революция және реформа, контрреволюция және ымырашылдық, т.с.с. түсініктер идеология тұрғысынан емес, ғылыми негізде талдануы қажет деген мәселені көтерген едім. Сонда осы міндеттерді іске асыруға, тарихи білімнің мазмұнын жаңартуға көмек беретін методологияға негізделген бір кітап, бір оқулық бар ма деген сөз болды. Ол кезде «Панорама» аударылған жоқ болатын, енді бүгін, «міне, бір кітап» деп ұсынуымызға болады.
– Бұл жобада кітаптар түпнұсқа тілден қазақ тіліне тікелей аударылған екен. Бұл үрдіс аударма саласын, аударма мәдениетін дамытуға ықпал ете алды ма?
– Кеңестік кезеңде оқулық немесе басқа еңбектерді аудару міндетін арнаулы мекемелер іске асыратын және аударма мәтіні бірнеше мәрте тексеруден өтетін. Посткеңестік кезеңде аударма жұмысымен әртүрлі мекемелер, институттар мен орталықтар айналыса бастады, мұның өзі сапасы нашар аудармалардың пайда болуына әкелді. Аударма мәселесін жеке оқу орындары немесе ғылыми-зерттеу институттары іске асыра алмас еді. Өйткені оқулықтардың авторларымен және оларды жарыққа шығарған баспалармен, суреттер және басқа қосымша материалдардың авторларымен авторлық құқық мәселелерін шешу керек, бұған уақыт, қомақты қаржы және құқық пен заң саласын жақсы білетін мамандар керек. Аудармашылармен, ғылыми және әдеби редакторлармен келісу, олардың жұмысын үйлестіру қажет: шет тілдерден тікелей қазақ тіліне аударатын және аударманы түпнұсқамен салыстыра отырып, ғылыми жағынан жөндейтін мамандарды табу да күрделі жұмыс. Ұлттық аударма бюросының осы күрделі міндетті іске асыра алды, кәсіби мамандардың басын қоса алды. Еліміздің сан мыңдаған студенттерін әлемнің ең жақсы оқулықтарының қазақ тіліндегі нұсқасымен қамтамсыз ету – құптауға тұратын әрекет.
Аударма мәдениеті деген түсінікке келсек, ол да жеке талдауды қажет ететін күрделі мәселе, сондықтан ғылыми аудармаға қажетті қырларына ғана тоқталайық. Ғылым үшін мәтіннің нақтылығы және дәлдігі, автор ойының дұрыс берілуі, авторлар көзқарасының бұрмаланбауы айрықша маңызды. Аударма жасау барысында біз осыған ерекше назар аудардық. Сондай-ақ, аударатын оқулықтарды таңдағанда оқулық авторларының оқиғаны сипаттаудағы және бағалаудағы бейтараптылығын талап ету принципі өте бір дұрыс шешім болды. Бұл, әсіресе, тарих оқулықтарына қатысты алғанда жақсы критерий екенін байқадық.
– Интеллектуалдық еңбекпен айналысудың қаншалықты қиын екенін жақсы білеміз. Осы тұрғыдан алғанда бұл жоба қаншалықты маңызды?
– Дұрыс айтасыз, интеллектуалдық еңбек ‒ еңбектің аса күрделі де ауыр түрі, ол адам миы қызметінің жемісі болғандықтан ақыл-ой энергиясының көп мөлшерде жұмсалуын талап етеді. Мәселен, тарих ғылымын алайық. Тарихшының зерттеулері абстракциялық ойлаудың аса жоғары деңгейін және орасан зор мөлшердегі жинақталған білімді қажет етеді. Тәжірибелі тарихшыларда жинақталған білім қоры жеткілікті, бірақ оны әлемдік тарих ғылымының ең жаңа жетістіктерімен үнемі толықтырып отыру керек, ал посткеңестік кеңістік тарихшыларына қатысты алғанда, бұл толықтырудың басты бағыты жаңа методология, жаңа теориялар мен концепцияларды меңгеруге бағытталатыны даусыз. Бұл бағытта дайын тұрған схема жоқ, енді әркім өзінше әрекет жасайды, тарихтың теориясы мен методологиясы саласындағы еңбектерді іздейді, ал шет тілін білмесе, тағы да тек орыс тіліндегі басылымдарға сүйенуге тура келеді, осылайша бұрынғы метрополияның идеологиялық сүзгісінен өткен методологиямен ғана таныса алады.
Кеңестік тарих ғылымында материалистік даму тарихи дамудың негізгі шешуші факторы ретінде қаралғандықтан, жеке аймақтар мен елдердің тарихи дамуының әркелкілігі, соған орай дүниежүзінің «орталық» және «периферия» болып бөлінетіндігі туралы идея әбден орныққан болатын. Әрине, бұл концепцияға сүйенсек, онда міндетті түрде «алға шыққандар» мен «артта қалғандар» болуға тиісті. Осының негізінде кеңестік тарих ғылымында шығыс халықтарының артта қалушылығы, «капитализмге соқпай социализмге өту» сияқты идеялар қалыптасты. Ал шетелдік ғылымда тарих дамуының материалистік, рухани, әлеуметтік және басқа барлық факторлары кешенді түрде қарастырылып, соған орай бірқатар жаңа теориялар жасалды.
Алайда, кеңес еліндегі бір идеологияға бағынушылық саясаты тарих ғылымында көппікірлілікке жол бермегендіктен, кеңестік тарихшылар үшін шетелдік историософия мен методологияның жаңалықтары белгісіз болып қала берді. Сондықтан біз күні бүгінге дейін адамзат тарихының біртұтастығы материалдық мүдденің біртұтастығымен өлшенеді, ал тарихтың қозғаушы күші тап күресі деген идеядан алшақ кеткен жоқпыз. Ал егер қазақ тарихы ғасырлар бойы халық, ұлт мүддесі жолындағы күреске толы екендігін ескерсек, таптық мүдде мен ұлттық мүдде бір-біріне сәйкес келе ме деген сұрақ туады, жалпы бұл тарапта туындайтын сұрақ жеткілікті. Сол сұрақтарға жауапты біз жаңа методология, жаңа концепция негізінде жазылған еңбектерден табамыз. Олар тарихшының жинақталған білімін екшелеуіне, бұрыннан белгілі деректерді жаңа методология тұрғысынан қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді, олар тарихшылардың ескі және тың деректер негізінде аналитикалық қорытындылар жасауына көмектеседі. Мәселен, жоғарыда аталған Р.Данн мен Л.Митчелдің еңбегінде адамзат тарихы біртұтас тарихи процесс ретінде қарастырылады.
Тарихи процестің біртұтастығы туралы идеяны жақсы білеміз, бірақ біз үшін бұл біртұтастық тарихи материализмге негізделеді. Демек, біз А.Дантоның сөзімен айтқанда, методологиялық социалистерміз. Ал «Панорамада» біртұтастықтың негізі ‒ хомо сапиенстің үнемі күрделілікке ұмтылу әрекеті, мұнда биосфера мен социум біртұтас эволюциялық процесс контексінде қарастырылады, мұнда адамзат тарихы ‒ қарабайыр өмірден күрделі өмірге өту және осы күрделіліктің үдемелі түрде өсіп отыру тарихы деген идея жатыр. Бүкіл кітаптың өнбойына біз осы «күрделілік», «күрделі қоғам», «күрделілікке бағыт алу» деген түсініктерді кездестіреміз. Бұл еңбектегі адамзат тарихының басты мәнін ашатын, тарихтың барлық кезеңдерін біріктіретін осы негізгі идея тарихтың мәнін іздейтіндер үшін аса қызықты болар деп ойлаймын.
Адамзат тарихының біртұтастығы идеясын іске асыру барысында авторлар «Афроеуразия» түсінігін қолданған. Кітапты оқи отырып, оқырман Еуропа, Азия және Африкада қазіргі адамның ата-бабасының пайда болуы, олардың осы жерлерге біртіндеп таралуы және оны игеруі, күрделі қоғам құруы сияқты ортақ процестермен танысады да, адамзат тарихының біртұтастығын көреді. Тарихтың біртұтастығын көрсете отырып, Р.Е.Данн мен Л.Дж.Митчелл тарихтағы альтернативтілікті жоққа шығармайды. Кітаптың бастапқы тарауларында Жерде адамның бірнеше түрі пайда болып, ақыры соның бір түрі ғана бүгінгі біздердің ата-бабамызға айналғаны көрсетілген. Келесі тарауларда хомо сапиенстің осы қоғамды үнемі күрделендіру әрекетіндегі әрбір аймақтың, әрбір халықтың үлесі сипатталған. Бұл да тарих ғылымын саясаттың, идеологияның қызметшісі болуы міндетінен арылтып, дербес ғылым ретіндегі функцияларын қалпына келтіруге көмектеседі деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.