Философиялық еңбектерді қазақ тілінде сөйлеткен ғалым аударма жобасы туралы айтты
- Соңғы үш жарым жылда әлемдегі таңдаулы 100 оқулық «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылып басылды. Қазір студенттер оларды оқу процесінде пайдаланып жүр. Өзіңіз осы аударма жобасына қатысып, бірнеше кітапты қазақ тілінде «сөйлетуге» үлес қостыңыз. Сіздің ойыңызша, жобаның жаңалығы неде?
- «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгіленіп, жүзеге асырылуы тиіс деп тапсырылған жобалардың арасындағы ең нәтижелілерінің бірі деуге болады. Аз ғана, адамзат тарихы тұрғысынан алғанда қас-қағым сәт деп айтуға да келмейтін үш жарым жылдың ішінде әлем ойшылдарының жүз таңдаулы оқулығы түпнұсқадан аударылып, қазақ жұртына ұсынылды, оның білім кеңістігін кеңейтті.
Білімге құмарлық – халқымыздың ежелгі қасиеті. Мысалы, ХІХ ғасырда қазақ даласында миссионерлік қызмет жүргізген орыс ғалымдары жыл қорытындысы бойынша өз үкіметіне берген есептерінде «қазақтар білімге құштар, сондықтан келесі жылдан бастап оларды басқа халықтардан бөлек оқытқымыз келеді» деген ұсыныс жасаған екен. Білімге талпыныс, Абайдың сөзімен айтсақ, «білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен» деген жан құмары қазақтың бойында қазіргі күрделі заманда да сақталып отыр. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жаңалығы – қазақтың осы ерекше қасиетінің дамуына, білімнің салтанат құруының жалпыға ортақ болуына үлес қосуы, яғни білімді болуға ұмтылған қазақ баласының дүниетанымын биіктетіп, оған бұрын беймәлім әлем оқулықтарымен таныстыруы.
«Философия» ғылымы бойынша аударылған оқулықтардың ғылымға да, білім беру ісіне де пайдасы ұшан-теңіз болды десем, артық айтқандық емес. Шет тілден қазақшаға аударылған жақсы оқулықтар бұрын мүлдем болмады. Сол тілді меңгерген бірен-саран ғалымдарды есептемегенде, көпшілікке олардың мазмұны белгісіз еді. Ал «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптар ең алдымен оқу үдерісінде кеңінен қолданылып жатыр. Мысал ретінде айта кетсем, «Философия» пәні бойынша дайындалатын силлабуста қазақша оқулықтар өте аз болғандықтан, студенттерге амалсыздан орысша еңбектерді ұсынатынбыз, ал қазір силлабуста көрсетілуі тиіс он кітаптың тоғызы осы жоба аясында аударылған оқулықтар. Жобаның қаншалықты нәтижелі болғанына бұдан артық дәлелдің керегі жоқ деп ойлаймын.
Оқулықтар ғылыми ізденіс саласына да елеулі әсер еткенін атап өткен дұрыс. Белгілі философ мамандар ғана емес, бакалаврлар, магистранттар мен докторанттар өздерінің дипломдық жұмыстары мен диссертацияларында жоба аясында аударылған кітаптарды кеңінен қолдана бастады. Болашақта бұл құбылыстың таралу кеңістігі кеңейе түссе, ғылыми еңбектердің сапасы жақсаратыны күмәнсіз.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – елімізде кенжелеу қалған «Цифрлы гуманитарлық ғылымдар» саласын алғаш қолға алғандардың бірі, қазіргі ғылыми тілмен айтсақ, пионері болуы. Цифрлы гуманитарлық ғылымдар (Digital Humanities) – компьютерлік және гуманитарлық ғылымдардың интеграциясы арқылы білім беру және ізденіс жүргізу саласы. DH қазіргі әлемде қарқынды дамуда. Сондықтан қазақ философтары оның бізде де кең қанат жаюына ерекше мән беріп, осы тақырыпты зерттеуге бағытталған жобаны Еуроодақтың Жан Монне Еразмус байқауына ұсынғанбыз. Биыл жүздеген жобаның арасынан жеңіп шығып, грантқа ие болдық. Міне, осы цифрлық гуманитаристиканың Қазақстанда дамуының негізін қалаушы – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасын жүзеге асырған Ұлттық Аударма Бюросы десек, қателеспейтін сияқтымыз. Аударылған оқулықтар қағаз түрінде ғана емес, цифрлы форматта да дайындалды. Оқулықтардың электрон нұсқалары және олар бойынша түсірілген видеолекциялар Қазақстанның ашық университеті | openU.kz сайтына тегін орналастырылды. Яғни, аударылған оқулықтар Интернет жүйесіне қосыла алатын әрбір адамға қолжетімді. Осылайша, Бюро Елбасының жоғарыда аталған мақалада «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын дайындау туралы тапсырмасының жүзеге асуына да үлес қосты.
- Өзіңіз аудармасына қатысқан оқулықтар туралы айтсаңыз. Аударма процесі қалай жүрді?
- Мен Дерек Джонстонның «Сократтан Дерридаға дейін. Философияның қысқаша тарихы», Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы» (3,4-томдар) Барбара МакКиннон мен Эндрю Фиаланың «Этика. Теориясы мен мәселелері», Томас Касулистің «Жапон философиясының қысқаша тарихы» оқулықтарын аударуға және ғылыми редакциялауға қатыстым. Олардың мазмұны оқырманға жақсы таныс болып үлгерді деп ойлаймын. Дерек Джонстонның оқулығы – алғаш аударған кітабымыз. Ол философия тарихын қысқа да нұсқа баяндаған. Біз де автордың мәнерінен ауытқымай, оқулықтың мазмұнын көпшілікке түсінікті тілде жеткізуге тырыстық. Кітап біз үшін өте жақсы тәжірибе болды және мазмұны күрделілеу келесі кітаптарды сапалы аударуға жол салды.
Оқулықты аудару барысында философияның негізгі терминдері мен ұғымдарының қазақшасын тағы бір реттеп, бір жүйеге келтірдік және оның көмегі көп болды. Энтони Кенни Батыс философиясы, оның антикадан бастап, қазіргі заманға дейінгі негізгі мектептері, бағыттары және ойшылдары туралы төрт том жазған. Джонстонның оқулығы философия туралы білгісі келген көпшілік қауым мен бірінші курс студенттеріне арналса, Кенни оқулықтарының мазмұны тереңірек және тілі күрделілеу, студенттерге де, философияны арнайы зерттеушілерге пайдалы.
«Этика» оқулығы біздің оқырманға аса қызықты болады деп ойлаймын. Шынын айтсақ, қазіргі заманғы этикалық мәселелер талданған оқулықтар қазақша түгілі, орысша да жоқ. Ал Барбара МакКиннон мен Эндрю Фиаланың «Этика. Теориясы мен мәселелері» оқулығында этиканың жалпы теориясымен қатар экология, гендер, эвтаназия, әділ экономика, әділ соғыс, өлім жазасы, жануарлар, биотехнология, феминизм, жыныс этикасы сияқты қазіргі заман үшін өзекті мәселелер жан-жақты талданған. Томас Касулистің «Жапон философиясының қысқаша тарихы» оқулығының еліміз үшін маңызы өте зор дер едім. Себебі, олар да біз сияқты ұлттық философияны қалыптастырудың қиын жолдарынан өтіп, Қытай және Батыс философиясынан тәуелсіз, өзіндік сипаты бар философиясын әлемге мойындатуға ұмтылған, яғни кітаптың бізге берері көп. Жапон халқының философиясымен танысу оның тылсым дүниесіне, ұлттық ерекшеліктеріне терең бойлауға мүмкіндік береді.
Шынымды айтсам, аударма, ғылыми редакция үдерісі өте қиын жүрді. Аудармашы мен әдеби және ғылыми редакторлардан философияны да, тілді де жақсы білу талап етілді, онсыз сапалы дүние шықпайды. Фариза Оңғарсынова апамыздың «түнде жазып тастаған өлеңдерімді таңертең оқып, осыншама өлеңді қалай жаздым деп таң қаламын» дегені бар еді. Сол сияқты, аударған кітаптарымызды қазір ақтарғанда «қиындықтарды қалай жеңіп шықтық, осыншама дүниені қалай атқардық» деген ой ылғи да санамда тұрады. Аударма сапасын оқулықтан оқулыққа жетілдіріп, әрбір сатыдан сабақ алып отырдық. Бізді алға жетелеген қазақ баласына пайдалы еңбек жасау туралы ой болды. Осы іске бір кісідей жұмылып, үш жарым жыл бойы тыным таппадық. Әсіресе, талантты философ Ақмарал Байдлаеваның аудармашылық еңбегін ерекше атап өткім келеді. Соңғы, өзімізге ең қиын тиген оқулығымыз «Жапон философиясының қысқаша тарихын» аудару барысында күні-түні еңбектендік. Сол кезде Ақмарал жапон музыкасын қосып қойып, Жапонияның картасы бойынша оның географиясын, әрбір тарихи оқиғаның нақтылығын, терминдердің дұрыстығын және тағы басқа мәселелерді мұқият тексере отырып аударды. Философияға, өз ісіне шын берілгендік деп осыны айтар едім.
- «100 жаңа оқулық» жобасына дейін де түрлі аударма жобалары болды. Қазақ тіліне сырттан мазмұн әкелу бұған дейін де жүзеге асты. Ал бұл жобаның ерекшелігі оқулықтардың ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударылуында ма?
- Ең алдымен, жоба жүйелі түрде, аударма ісі мен автордың құқығын сақтауға қатысты халықаралық заңдарға сай жүргізілді. Екіншіден, бұрынғы жобалар аясында еңбектер негізінен алғанда орыс тілінен аударылды, ал «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының кітаптары тек түпнұсқадан тәржімаланды. Яғни, олардың ақиқаттық деңгейі жоғары. Жобаның тағы бір ерекшелігі – аудармашылар мен редакторлар Smartcat жүйесінде жұмыс істеді. Бұл аудармаға қатысқан әрбір адамның еңбегін әділ бағалауға, кімнің қаншалықты еңбектенгеніне нақты көз жеткізуге мүмкіндік берді. Төртіншіден, аудармашылар мен редакторлардың сапалы тобы қалыптасты. Жоба барысында жинаған тәжірибеміз қазір білім беру үдерісінде де, ғылыми ізденісте де жақсы көмекші. Атап көрсететін тағы бір маңызды нәрсе – бұрынғы құлдық психологиядан арылдық, терминдерге қазақша реңк бердік. Оқулық жазу әдістемеміздің өзгеруіне де жобаның әсері болды. Ойымызды шетел авторлары сияқты жинақы баяндауды үйрендік. Сонымен қатар, жоба аясында ағылшын тілін жетілдіре түскен қазақ философтары өз еңбектерін де әлемдік деңгейде жариялай бастады. Соңғы уақытта жоғары рейтингке ие ғылыми басылымдарда ағылшынша жазылған мақалаларымыздың жарық көруі, халықаралық гранттарды ұтып алуымыз соның айғағы. Қорытындыласам, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық аударма бюросы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасын жүзеге асырып, үлкен іс атқарып шықты және қазақтың рухани тарихынан оның лайықты орын алатыны сөзсіз.
- Сұхбатыңызға рахмет!