Бағлан Мизамхан: «100 жаңа оқулық» жобасы қазақ, ағылшын тілдерін жетік білетін білікті мамандардың басын қосты
Мұндай ауқымды ғылыми аударма жобасы Қазақстанда бұрын-соңды іске аспаған.
Оқулықтар гуманитарлық саланың философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, интеллектуалдық құқық, кинотану, театртану, шығыс философиясы, көшбасшылық, медиа, этнография бағыттарын қамтиды.
Жоба үйлестірушісі – «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры. Бюроның баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, Ұлттық аударма бюросы жоба барысында әлемдегі оқулық шығаруға маманданған «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson», «Cengage», «Penguin Random House», «McMillan» және басқа да ірі халықаралық баспа үйлерімен әріптестік қарым-қатынас орнатқан.
Оқулықтардың басым бөлігі ағылшын тілінен аударылды. Француз, орыс тілдерінен аударылған оқулықтар да бар. Бұл кітаптардың кейбірінің орысша нұсқасы бар болғанына қарамастан, Ұлттық аударма бюросы оқулықты түпнұсқа тілден тікелей аударуға мән берді.
Іріктелген оқу құралдарын қазақ тіліне аударуға Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының оқытушылары, білікті аудармашылар мен редакторлар, жалпы саны 300-ге жуық маман қатысыпты.
Сондай мамандардың бірі – филология ғылымдарының кандидаты, Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем тілдері университеті, Аударма және филология факультетінің деканы Бағлан Мизамхан. Ол жоба басталғалы аударма жұмысына араласып, «Тіл біліміне кіріспе», «Көпке ұмтылған жалғыз», «Оқыту теориясы», «Білім берудегі зерттеулер», «Әлеуметтік жұмыс: контексі мен практикасы» деп аталатын оқулықтарды ағылшын тілінен қазақ тіліне аударды.
Біз Бағлан Мизамханнан «100 жаңа оқулық» жобасы, оның ішінде, ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударма жасау ерекшеліктері туралы сұрап көрдік:
Қазақ тілінің бай, кез келген салада оны еркін қолдануға болатынын дәлелдей алдық
Еліміз егемендік алғалы бері қазақ тілі мәртебесі, оның қолданылу аясы жайлы кеңінен айтылып та, жазылып та жүр. Түрлі жобалар іске асырылды. Сондай жобалардың бірі және бірегейі ретінде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған, қазақ тілі мәртебесін арттыру жолындағы ең басты жоба деп 100 оқулықты аудару ісін айтар едім. «100 оқулық» жобасының басқалардан ерекшелігі – қазақ, ағылшын тілдерін жақсы білетін мамандар іріктеліп алынды. Әр кітапты аудару процесі бірнеше кезеңнен тұрды: аудармашы аударған мәтінді ғылыми редактор, сосын әдеби редактор сүзгіден өткізді. Ал, олардың бәрі университетте сабақ беретін, ғылыми атақ-дәрежелері бар, қоғамда өз орны бар белгілі тұлғалар. Гугл арқылы аудара салу деген әңгіме бұл жобада мүлде болған емес. Осы арқылы, Ұлттық аударма бюросы қазақ тілі десе жанын беретін, «қазақ тілі ғылым тілі бола алмайды» деген пікірді жоққа шығаруға дайын мамандардың басын біріктіре алды. Қазақ тілінің бай, кез келген салада оны еркін қолдануға болатынын дәлелдей алдық деп ойлаймын.
Бәрімізге белгілі, бұған дейін университеттердің қазақ бөлімдерінде оқитын студенттер тек орыс тіліндегі оқулықтар арқылы білім алып келді. Бұл, әсіресе, ауылдан келген, орыс тілін жетік білмейтін өзіміздің қара домалақтарымыз үшін қиын еді. Қиналғандары интернеттегі гугл арқылы сапасыз аударылған еңбектерге арқа сүйейтін. «100 оқулық» жобасы аясында аударылған еңбектер, ең алдымен, ЖОО-на тегін таратыла бастады. Қазақ бөлімінде оқитын студентер әлем мойындаған ғалымдар еңбектерін ортаға көпір тіл салмай, тек қазақ тілінде оқи бастады. Бұл студенттердің білім деңгейін арттыруға септігін тигізері сөзсіз.
Мұндай аударма жобалары тоқтап қалмауы керек. Бұған Президентіміз Қ.Тоқаевтың «...Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған дұрыс. Оған сұраныс жоғары» деуі дәлел.