Абай алман тілінде
Абайдың шығармаларын (қара сөздері мен өлеңдерін) өзге тілдерге аудару ғасыр бұрын басталған болатын. Бірақ ол мемлекет емес жеке адамдардың қызығушылығымен, ықыласымен іске асқан. Сол аудармалардың артық-кемін сараптап «Ұлттық аударма бюросы» толыққанды жаңа нұсқасын жасап шығарды. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек»(Шәкәрім) дегендей биылғы «Абайдың 175 жылдық мерейтойында» жасалған бұл аударманың жөні бөлек. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» дейтін қазақ үшін нағыз өз ісінің мамандары айналысқан жүйелі жұмыс. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асып отырған бұл жобаға 70-тен аса қазақстандық және шетелдік мамандар атсалысқан екен.
Кешегі кеңестік кезеңдегі аударма хәкімді идеологияның құралына айналдырып, өз шеңберінен шығармады. Сондықтан бұл жолы тәуелсіз қазақтың бойтұмары болған еркін ойлы жаңа Абай жаһанға жол тартқандай күй кештік. Оған себеп, әр тілде сөйлейтін тәжірибелі кәсіби мамандар, көркем аудармаға маманданған үздік әдебиетшілер таңдалып тәржіма сапасын арттыруға ерекше мән беріп, күш салған. Сол ердердегі ең беделді деген баспа ұйымдары жарыққа шығарған. Сондықтан да Абайды әлемнің 10 тіліне тәржімалау мемлекеттік деңгейде жоспарлы түрде жүйелі іске асқан ауқымды жоба.
Бұл аударманың барлығына түпнұсқа ретінде 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойында академик Зәки Ахметовтың жетекшілігімен жарық көрген жинағы негізге алынған. Ағылшын, түрік, неміс, араб, қытай, испан, француз, итальян, орыс және жапон тілдеріндегі аударма жинақтарға ақынның іріктеп алдынған 145 өлеңі, 3 поэмасы мен 45 қара сөзі кірген. Бір ғажабы жинақтың барлық тілдегі форматы мен мұқабасы бірдей. Кітаптың сырты ұлы суретші Әбілхан Қастеевтің немересі танымал суретші Дәурен Қастеевтің дайындағын мұқабасымен жарық көрген.
Бүгінге дейін Абай қазақ қаламгерлерінің өлшеусіз еңбегімен ең көп аударылған тіл – орыс тілі болатын. Ол аудармашылардың қатарында Сәтімжан Санбаев, Роллан Сейсенбаев, Әуезхан Қодар және өзге де аудармашылар бар. Ал жаңа ХХІ ғасырда ойшыл бүкіл әлемге жол тартып отыр.
Кітапты неміс тіліне тәржімалап, басып шығаруға Hirnkost баспасы қатысқан. Қазақшадан немісшеге тікелей аударма жасаған аудармашы Әлмағамбет Төреханов пен Таңсұлу Рахымбаева. Ал әдеби редакциясын танымал неміс жазушысы, драматург Аня Тукерманн қараған екен.
Әлмағанбет Төреханов – кәсіби мұғалім. Ол ұзақ уақыт бойы қазақ тілді аудиторияға неміс тілінен сабақ берді. Бүгінде 80 жасқа толып отырған қазақ әдебиетінің ақсақалы, тіл маманы. Алматы шет тілдері институтының, неміс тілі факультетін тәмамдаған. 30 жылдай "Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде" неміс тілін үйреткен ғалым.
Абайдың 16 өлеңінен бөлек барлық өлеңі мен поэмаларын қазақ тілінен неміс тіліне тікелей аударған. Білгір маман күрделі тәржімаға 6 ай уақытын жұмсаған екен. Ақын шығармаларының ішіндегі ең қиыны «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» болыпты. «Оны бүгінде неміс тұрмақ қазақ толық түсінбейді» дейді ғалым. Бүгінгі жастар одан алыстап кеткені жасырын емес. Үлкендердің өзі әзер түсінуі мүмкін. «Осы өлеңге бір апта уақытымды жұмсадым. Кейбір өлеңдеріне 2-3 күнім кетсе, бұған тіпті, он күн отырдым десем жалған болмас. Оның бәріне шыдамдылық керек», – дейді аудармашы.
Аударма барысындағы қиындықтарды толық білу үшін ғалымды сұхбатқа тартқан едік.
- Биыл Хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Абай мұрасын қаншалықты танып, зерделей алдық, аға?
- Әлі жартылай да танып білген жоқпыз, әлі науқаншылық басым. Абайдың 175 жылдығына 2-3 жыл бұрын дайындалу керек еді. Кеш бастады. Мен дайындықты осыдан 26 жыл бұрын бастаған адаммын. 85 өлеңі мен «Ескендір» поэмасын, өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметті немісше дайындап қойдым. Бірақ ақша жоқ деп шығармады. Алайда араққа ақша табылды. Бұл туралы, 1997 жылғы «Егемен Қазақстан» газетінің тамыздың 15-20-сы күндерінің бірінде шыққан «Ақын үшін тігілген 1000 киіз үй» деген менің неміс тілінен аударылған материалымды тауып алып оқысаң, өкінбейсің. Абай болыс болды, оның алдында әкесіне еріп жүріп, қазақтардың өмірімен танысып, проблемаларын білді, ағасы Құдайберді болыс болғанда, оған көмекші болды. Бұлар туралы жөнді ештеңе жоқ. Қазаққа осының бәрін білу керек. Тіпті биыл біздің аудармамызды неміс тіліне көшірген Аня Туккерманға «Қара сөздерінің» аудармасын жасауға уақыт жетпей қалды деуге болады. Айта берсе, мәселе көп.
- Аудару барысында қандай қиындықтар кездесті? Тіл маманы ретінде қандай әдіс-тәсілдерге жүгіндіңіз?
- Қиындық дегенің шаш-етектен болды. Екі тіл бір-бірінен мүлде алшақ тіл, барлық жағынан. Осы туралы мен кезінде Герекеңнің (Бельгер) өтініші бойынша 10 беттен асатын ғылыми мақала жазып, қазақстандық немістер жыл сайын өткізіп тұратын конференцияға қатысып, баяндама жасадым. Ол қалың жинақ болып шықты, дәл қазір дачада жатыр, жылын айта алмаймын. Осыдан 25-26 жыл бұрын жұмыс істеп отырғанда, 7-8 сөздікті пайдаландым. Биыл 6 ай бойы қалған өлеңдері мен поэмаларын аудардым, 16 өлеңі мен «Қара сөздерін» Таңсұлу Рақымбаева аударды. Таңсұлу – біздің шетел тілдері институтын бітірген бала. Биыл да 7-8 сөздікті пайдалана отырып аудардым. Ең алдымен 1968-жылы шыққан «Абай тілі сөздігіне» жүгінесің, бұл сөздіксіз Абай шығармаларын аударамын деу – бос әурешілік. Одан кейін орыс-қазақ және қазақ-орыс сөздігі керек, қазақ тілінің 10 томдық бұрынғы түсіндірмелі сөздігі, неміс тілінің салмағы 2-3 кг-дық әмбебап түсіндірмелі сөздігі, экономика терминдерінің сөздігі, әр тілдің фразеологиялық сөздігі және т.б. сөздіксіз Абайды аудару мүмкін емес. Әдіс-тәсіл туралы жоғарыда атап кеткен мақаламда айтылған. Қысқасы, бұл – инемен құдық қазғандай жұмыс.
- Абаймен әлем халықтары арасындағы ұқсастықтар қандай? Немістер қалай қабылдады?
- Туккерманның аудармасын оқып, пікір жазған ақылды немістердің айтуынша Абай адамға тән әлемдік мәселені көтерген, ол кез-келген халыққа тән тағдыр. Биыл Абайдың «Қара сөздері» екінші рет шығып отыр. Алғаш рет «Қара сөздерін» Вернер Бриңел мен Лариса Захарова орыс тілінен аударды. Вернер таза неміс, Германияның азаматы; ал Лариса – орыс әйел. Мен сол Вернермен кездесіп, оның Абайды не үшін аударғанын сұрадым. Оған жазушы Роллан Сейсенбаев осындай өтінішпен барған, көп доллар беремін, осы аударып бер деген. Мен Вернерден доллар алдың ба? деп сұрадым. Ол маған: Содан кейін Ролланды мүлде көрген жоқпын, - деді. Мен: онда неге аудардың деген сұрақ қойдым. Ол маған: бір шетінен бастап оқыған сайын Абай мені қызықтырып, тереңіне тарта берді деді. Бұл немістердің Абайды қалай қабылдағанын көрсетеді. Абайды басқа жұртқа өзіміз таныта алмай жүрміз, сондықтан ақын аруағы бұнымызды кешірмейді, Абайды таныту үшін еш нәрсені аямау керек, қазақтың байлығы онсыз да желге ұшып жатыр. Әрине, бүгінге дейін немістер Абайдың өлеңдерімен таныса алған жоқ, оларға қойатын өкпе жоқ, кінә өзімізден. Өлең сөзін қазақтың өзі тани алмай жатқанда, басқалар қалай танысын.
- Абай арқылы қазақ халқын әлемге таныта алдық па?
- Енді-енді танып жатыр, әсіресе Абай емес Димаш арқылы. Біз Абайды басқа жұрт өзінің Пушкинін, Шекспирін, Гетесін көтерген биікке көтеруіміз керек. Ол үшін көп жұмыс істеу керек.
- Абайдың өз халқына айтқан өткір сындарын өзге жұрт қалай қабылдады?
- БАҚ-ты оқып, теледидардан есітіп отырғаныма қарасам, олар Абайдың айтқан сындарын бізге де айтылған деп қарап жатыр. Және пікір білдірген немістер де осындай ойда.
- Біз немісте – Гете, қазақта – Абай деп ойшылдарды теңестіріп жатамыз. Ал немістер Гетесін, қазақтың Абайына теңгере ме?
- Немістер Абайды Гетеге теңестіру үшін олар Абайды бүге-шігесіне дейін зерттеп білу керек. Бұлардың бұрынғы философиясы күшті болды ғой, бүгінгілері де мықты шығар деп ойлаймын. Абайды бүгінгі неміс тіліне көшіретін ақын табылмай жатқанда, мен Аударма бюросына: онда философтарын іздеңдер деп едім. Бір неміс философы табылып, Абайдың философиясын немістерге таныстырса, тіпті күшті болар еді. Саған мына бір қызықты айтайын: Неміс елшілігі Алматыда болған кезде, мен солардың аудармашысымен дос болдым, менен 3-4 жас үлкен кісі. 67 жасқа толып, еліне кетерде, мен қолына аудармамды ұстатып, осыны бір баспаға ұсынып көрші деп өтіндім. Сөзімді жерге тастамай, апарған ғой біреуіне. Сөйтсе әрбір баспада бір әдебиетші редактор болады екен. Сондай редактордың біреуі бір кемпір болса керек, әлгі кемпір Абайдың өлеңдерін оқып алып, мынау өзі қандай адам, ақыл айта береді екен (Абайдың өлеңдері тұнып тұрған насихат қой), ондай адам бізге керек емес депті. Сонда менің әлгі досым: Қандай авторды шығарасыздар десе, анау Не шығармаларымен Шыңғыс Айтматовтай, немесе террорист Бен Ладендей әлемге әйгілі болу керек деп жауап берген екен.
Сұхбаттасқан: Арман Шеризат