Жапония Парламентінің Спикері: Абаймен танысу жапондарды Қазақстанмен жақындастырады
Жапония Парламентінің жоғарғы палатасының Спикері Акико Санто іс-шараның басты қонағы болды. Оның айтуынша, Абайдың философиясы адамзаттың қазіргі кезеңдегі барлық қиыншылықтарды, соның ішінде коронавирустық пандемияны еңсеру үшін қажетті даналық пен батылдыққа үйретеді.
Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында бүкіл әлем бойынша өткізіліп келе жатқан іс-шаралар Қазақстанның мәдени дипломатиясының дамуына ерекше үлес қосып жатқан айтты.
Жапония Мәдениет жөніндегі агенттігінің төрағасы Рёхэй Мията өз сөзінде Абай өлеңдерінің және «Манъешю» жапон өлеңдерінің көне жинағының жалпы мазмұны ұқсас болғанына тәнті болғанын атап өтіп, екі ел ежелден Жібек жолы арқылы байланысқанын айтты.
Кітаптың түсаукесерін Күн шығыс елінде заманауи жапон поэзиясының «қозғаушы күші» деп аталып жүрген атақты ақын және сыншы Кивао Номура жасады.
Көрермендер ү.ж. шілдеде Қазақстан мен Жапонияда кеңінен таралған осы әнге бейнеклип шығарған әнші Ранканың Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін жапон тілінде жан дауысымен орындауын ыстық ықыласпен қарсы алды.
Іс-шара Жапонияда қабылданған санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен әлеуметтік қашықтық нормаларын сақтай отырып өткізілді.
Жалпы алғанда, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын мерекелеу аясында Токиодағы Қазақстан Елшілігі ағымдағы жылы бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.
Атап айтқанда, Абай шығармаларын мәнерлеп оқу эстафетасына Жапония Парламентінің депутаты және Қазақстанмен Парламенттік достық лигасының төрағасы Такэо Кавамура қатысып, ҚР Парламентінің сенаторы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «челленджіне» жауап ретінде жапон тілінде «Қара сөзден» үзінді оқыды.
Сонымен қатар, «Abai World Challenge» халықаралық видеомарафонында Жапония ақындар қауымдастығының президенті Ямада Такааки Абайдың көктемге арналған өлеңдерінің жапонша аудармасын ұсынды. Токио орталық кітапханасында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған кітап және иллюстрациялар көрмесі өтті.
Кітап шығару жобасын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстанның Жапониядағы Елшілігінің қолдауымен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры жүзеге асырды.
Мәтіндердің әдеби аудармасын Токио шет тілдер университетінің профессоры Хироки Сакаи, қазақ әдебиетін зерттеуші Микия Нишимура, жапон-қазақ сөздігінің аудармашысы және құрастырушысы Шигенобу Масуджима орындады.
Абай Құнанбайұлының жапон тіліндегі кітабы Күн шығыс елінің кітапханалары мен оқу орындарына таратылады.