Алматыда U38 Университеттер альянсының кездесуі өтті

31 мамыр 2018 ж.

Алматы қаласының әкімдігі және «Ұлттық аударма бюросының» ұйымдастыруымен Алматы қаласында орналасқан жоғары оқу орындарының ортақ платформасы – U38 Университеттер альянсының кездесуі өтті. Басқосуда «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жарық көрген алғашқы 18 кітап пен аударылып жатқан 30 оқулық талқыланды. Оған ЖОО проректорлары мен профессорлары, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.


Бүгінгі таңда аударылған 18 кітап қазақстандық 110 жоғары оқу орнына тегін таратылып, кітапханаларына үлестірілген. Олар 2018-2019 оқу жылынан бастап оқу бағдарламасына кірмек. Нархоз университетінде ұйымдастырылған шарада 18 кітап, соның ішінде кәсіпкерлік және экономикалық білім беруді жетілдіру мақсатында таңдалынып алынған менеджмент, экономика, кәсіпкерлік бағыттары бойынша аударылған 3 оқулық кеңінен талқыланды. Аталған оқулықтарды бағдарламаға енгізу үшін нақты жоспар құру, оқу-әдістемесіне өзгеріс енгізу жайы айтылды.


«Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Қазір экономика мен кәсіпкерлік саласы бойынша тағы 7 оқулық аударылып жатыр. Негізінен MBA бағдарламасын қазақша оқытуға қажетті оқулықтар қамтылды. Сондай-ақ, гуманитарлық бағыттағы пәндердің, соның ішінде экономикалық түсіндірме сөздігін дайындау ісі қолға алынбақ. Экономика саласы бойынша осы іске қызығушылығы бар мамандар болса, біз ұсыныстарыңызды күтеміз», - деп мамандарды ортақ іске жұмылуға шақырды.


Профессорлар мен студенттер бастаманың зор маңызына тоқталып, оның оқу процесіне жаңа леп әкеліп, оқу мен білімге жаңа көзқарастың қалыптасуына ықпалын атап өтті. Менеджмент бойынша оқулықтың тек экономика ғана емес, өзге салаларға да пайдасы, ықпалы бар екені аталды. Сондай-ақ, аударылған және аударылып жатқан оқулықтар, оларды кеңінен қолданысқа енгізуге байланысты ұсыныстарын айтты.


«Біздің университетте студенттердің 65%-ы қазақ тілінде білім алып жатыр. Сондықтан менеджмент, экономика, кәсіпкерлік саласы бойынша ағылшын тіліндегі оқулықтардың қазақшаға аударылуы – маңызды бастама. Бұл біздің білімге қосқан үлкен үлесіміз», - деді Нархоз университетінің Экономика және менеджмент факультетінің деканы Самажан Өмірзақов.


Алматы қаласы Ішкі саясат бөлімі басшысы Нұрлан Сыдықов аударылып таныстырылған 18 оқулықтың алматылық оқу орындары мен қалада тұратын мамандардың қолынан шыққанын ерекше атап, Алматы қаласының рухани және ғылыми орталық ретінде бұл жобаға берері әлі де көп екенін айтты және алдағы аударма ісіне қатысып, үлес қосу туралы ұсынысын білдірді.

Кездесуге қатысқан мамандар алдағы уақытта аударып басылуы керек деген бірқатар кітаптарды ортаға салып, U38 университеттер альянсының ол жұмысқа белсене араласу мүмкіндігін талқылады.