Алматыда «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған 18 кітапты оқу бағдарламасына енгізу мәселесі талқыланды

01 маусым 2018 ж.

Алматыдағы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған кітаптардың білім беру процесінде алатын орны, оларды оқу бағдарламасына енгізу, электронды форматқа көшіру туралы баспасөз конференциясы өтті. Оған Ұлттық аударма бюросы өкілі мен оқытушы-ғалымдар, баспа саласының маманы қатысып, БАҚ қызметкерлерінің сұрағына жауап берді.

 

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қазақ тіліне аударылған 18 оқулықты он мың дана тиражбен басып шығарып, Қазақстанның ірі жоғары оқу орындары мен кітапханаларына тарату жұмысын аяқтады. Кең көлемдегі аударма жобасын жүзеге асырып отырған ұйым – «Ұлттық аударма бюросы» өкілі қазіргі таңда жоба аясында келесі 30 кітаптың аударма жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Алғашқы лекте аударылып шыққан 18 кітап философия, әлеуметтану, психология, тіл білімі, экономика, менеджмент, дінтану, антропология, журналистика бағыттарын қамтыса, 2018 жылы аударылатын кітаптар ішінде стратегиялық менеджмент, адам ресурстарын басқару, коммуникация, құқық, халықаралық бизнес және маркетинг сынды салалар қосылған.

 

2018 жылдың 12 сәуірінде Астанада өткен тұсаукесер шарасында Елбасы жоба аясында атқарылған жұмыстарды оң бағалап, жобаның екінші кезеңінде қолға алынатын шараларға қатысты, соның ішінде жаңа оқулықтарды білім беру бағдарламасына енгізу және осы оқулықтар негізінде заманға сай электронды курстар мен құралдарды жасақтау жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын.

 

Бұл туралы «Ұлттық аударма бюросы тек 100 оқулықты қазақ тіліне аударып қана қоюмен шектелмейді. Жақын арада оқулықтардың PDF нұсқасы сайтымызда жарияланады. Сонымен қатар, видеолекциялар дайындалуда. Ұлттық аударма бюросының kitap.kz және openU.kz деген екі жобасы бар. Осы екі жоба кітаптарды екі форматта жариялау үшін платформа болмақ», - дейді Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі Назгүл Қожабек.

 

Мамандар жаңа оқулықтардың еліміздегі гуманитарлық білім мен ғылымды дамудың жаңа белесіне көтеріп және қазақ тілінде тікелей ғылыми аударма мектебінің қалыптасуына ықпал етіп жатқанына тоқталып өтті. Жаңа кітаптарды білім беру бағдарламасына енгізу мен жалпы жоғары білім беру жүйесін заман талаптарына сай реформалау бойынша жұмыстың басталғанын хабарлады.

 

Оған қатысты «Қазіргі таңда Нархоз университетінің менеджмент кафедрасының ұстаздары Рикки Гриффиннің «Менеджмент» оқулығын оқу процесіне енгізу бойынша типтік, оқу жоспарларын әзірлеп жатыр. Кітапты аудару барысында терминологияға өзгеріс енген тұстар бар. Сол жағы да ескеріліп жатыр. Бұған дейін қолданып келген кітаптарымыз бен Гриффиннің оқулығы арасындағы өзгешеліктерді де ескереміз. Алдағы оқу жылында студенттер осы оқулық бойынша да білім ала бастайды. Гриффиннің «Менеджмент» оқулығы 20 тараудан тұрады. Онда менеджменттің төрт функциясы тұтас қамтылған. Осы оқулық негізінде қазір аударыла бастаған «Стратегиялық менеджмент», «Адам ресурстарын басқару», «Ұйымдық мінез-құлық» оқулықтарының мәтіндері де әзірленеді. Менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерді мұндай оқулық материалдармен қамту елімізде алғаш жүзеге асырылып жатыр. Сондықтан өте қуаныштымыз», - деді Нархоз университеті Экономика және басқару мектебінің деканы Самажан Ынтықбайұлы.

 

Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ экономика кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Садыханова оқулықтарды оқу процесіне енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол «Грегори Менкьюдің «Экономикс» оқулығы экономика мамандығы бойынша білім алатын студенттердің де, жалпы осы салада жұмыс істейтін мамандардың да негізгі, басты кітабы саналады. Қазір осы оқулықтың қазақ тіліндегі нұсқасын оқу процесіне енгізу жұмыстары басталды. Онымен мен басқаратын кафедра тікелей айналысады. Алдағы жаңа оқу жылындағы оқу бағдарламасында қарастырып жатырмыз», - дейді.

 

Аударылған 18 кітапты басып шығарған «Дәуір» полиграфия-баспа кешенінің атқарушы директоры Есет Қожамұратов осындай ауқымды жобаны сеніп тапсырғаны үшін «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ-на алғысын білдірді.