«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция
2017 жылғы 20 қазанда Астанада «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» тақырыбына арналған сарапшылар талқысы сериясы аясында Еуразиялық интеграция институты және «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ ұйымдастыруымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасын жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік органдардың басшылары, ғалымдар мен ұстаздар, аудармашы-редакторлар мен баспагерлер, сондай-ақ белгілі тілші ғалымдар мен әдебиетшілер қатысты.
Конференция барысында қазіргі гуманитарлық білім, аударманың өзекті мәселелері және латын әліпбиіне көшу барысында туындайтын орфография мәселелері талқыланып, Ұлттық аударма бюросы негізінде құрылған аудармашылар қауымдастығының күшімен аудармашылар мен редакторлардың біліктілігін арттыру, осы мақсатта терминологиялық сөздіктерді толықтыру, біріздендіру және редакторларға арналған анықтамалықтар әзірлеу жобалары сөз болды.
Конференция жұмысына қатысушылар «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасының маңыздылығын атай отырып, жоба аясында қол жеткізуге болатын бірқатар міндеттерді атады. Атап айтқанда, біріншіден, 100 оқулық аудару нәтижесінде ғылыми контент қоры көбейіп, қазақ тілінің ғылыми қоры халықаралық ғылыми лексикамен байытылады. Бұл тілдің дамуына септігін тигізбек. Екіншіден, жоғары оқу орындарындағы білімнің мазмұны әлемдік деңгейге көтерілуге мүмкіндік алады. Үшіншіден, бұл жоба Қазақстандағы аударма мектебін күшейтуге зор үлес қоспақ.
Латын әліпбиіне көшумен байланысты маңызды мәселе – емле ережелері екенін ескере отырып, конференция барысында осы бағытта атқарылатын жұмыстар айқындалды.
Жоба аясында аударылып жатқан оқулықтардың бірінің авторы, француз философ-ғалымы, профессор Реми Хесс конференцияда сөйлеген сөзінде Франциядағы гуманитарлық білімнің орны мен қазіргі жағдайы туралы пікір айтты: «Көптеген елдерде «гуманитарлық ғылым» аталатын білім санаты Франция мектептерінде енгізіліп жатыр. Ол ілім «философия» деп аталады, бірақ антропология, психоанализ, әлеуметтану мен психология мәселелерін де қамтиды. Менің философияның таңдаулы 25 кітабы туралы еңбегім гуманитарлық ғылымдармен таныстыруды мақсат ете отырып, философияның осындай кеңейтілген өрісін ескереді. Өйткені жиырма классик философпен қатар, басқа салада еңбек етсе де, философиялық мәні бар О.Конт, Ф.Лө Пле, З.Фрейд, А.Лефевр сынды ғалымдарды да атадым».
«Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «Жаңа гуманитарлық білім: Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының жүзеге асу барысын баяндап, бюроның алдағы жұмыс жоспары мен мақсаттары жайлы ақпарат берді: «Қазір 100 оқулықтың он сегізі аударылып жатыр. Яғни он сегіз оқулықтың аударма жұмысы аяқталып, мәтін редакторлар қолынан өтіп, беттеле бастады. Жақын арада оқулықтарды электрондық форматта 100kitap.kz сайтында көпшілік назарына ұсына бастаймыз. Ұлттық аударма бюросы сонымен қатар аудармашылардың біліктілігін арттыру, редакторлар даярлау жұмысына да аса мән беріп отыр. Қазақстанда аудармашылар мен редакторлар мектебін қайта жаңғырту осы жоба аясында жүзеге асады деп ойлаймыз».
Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығметов конференцияда сөйлеген сөзінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен маңызына тоқталып, конференцияға қатысушыларды институтта іске асырылып жатқан жобалармен таныстырып, «Жаңғыру 3.0: Рухани жаңғыру» тақырыбында өткізілген конференциялар мен дөңгелек столдардың нәтижесі туралы айтып өтті. Осы іс-шаралар аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы кең көлемді талқыланды. Бағдарламаның қоғам арасында кеңінен танымал болуына оның сапалы менеджменті ықпал етті. «Әлемнің үздік оқулықтарын қазақ тіліне аудару студенттердің білім деңгейін арттырып, жеке адам және маман ретінде табысқа жетуіне жол ашады», - деді Еуразиялық интеграция институтының директоры.