100 жаңа оқулық таныстырылды
Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген мәжілісінде қазақ тіліне аударылған 100 жаңа оқулық таныстырылды. Шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев, ұлттық коммисия құрамындағы Үкімет мүшелері мен Президент әкімшілігінің басшылары, ұлттық жоғары оқу орындарының жетекшілері, ғалымдар мен аудармашылар қатысты. Еліміздегі барлық ЖОО ректораты мен оқытушылар құрамы онлайн форматта қосылды. Мәжілісте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай және ғалым-аудармашы Молдияр Ергебек сөз сөйледі.
Мәжіліс барысында жобаның маңызы, гуманитарлық ғылым салаларын дамытудағы рөлі, аударма жұмысын жүзеге асыру әдістемесі мен тәжірибесі, оқулықтардың мазмұны мен аударма сапасы, қазақстандық аударма мектебін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.
Аударма жұмысы үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының негізінде ұйымдастырылды. 4 жылда аударылған оқулықтар философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психологиясы, мәдениеттану, антропология, журналистика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, интеллектуалдық құқық, кинотану, театртану, шығыс философиясы, көшбасшылық, медиа, этнография секілді бағыттарды қамтыды.
Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздің барлық оқу орындарынан ұсыныс жиналды. Жинақталған тізім негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап деген талаптарға сәйкес ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер таңдалды. Аударылған оқулықтар гуманитарлық білім саласы мазмұнының түбегейлі жаңаруына жол ашты. Бұған дейін формациялық, идеологиялық сипатта оқытылып келген философия, тарих, әлеуметтану, саясаттану, мәдениет, тіл білімі, шығыстану, әдебиет теориясы, педагогика және психология секілді ғылымдар жаңа мазмұнға ие болды.
Бұрын-соңды қазақ тіліне аударылмаған бағыттарға да ден қойылды. Соның ішінде, экономикс, микро және макро экономика, маркетинг, менеджмент салалары, статистика, зерттеу әдістері, ағылшын құқығы, интеллектуалдық меншік құқығы, кино және театртану секілді салалар да қамтылды.
Атап айтсақ, танымал өнертанушы Эрнст Гомбрихтың «Өнер тарихы», маркетинг негізін қалаушы Филип Котлердің «Маркетинг принциптері», Нобель сыйлығының лауреаты Бертран Расселдың «Батыс философиясының тарихы», Мальколм Шоның «Халықаралық құқық» оқулығы, семиотика ғылымының негізін қалаушы Юрий Лотманның «Семиосферасы», Эдуард Саидтың «Ориентализмі», Стивен Пинкердің «Тіл – инстинкт» деп аталатын зерттеуі, қытай, үнді, жапон, араб философиясының антологиялары алғаш рет қазақ тілінде жарық көрді. Француз философы Жил Делөздің «Кино 1. Қозғалыс-бейне» және «Кино 2. Уақыт-бейне» атты екі томдығы, кино өнерінің белгілі теоретигі Семен Фрейлихтің «Кино теориясы: Эйзенштейннен Тарковскийге дейін» еңбегі, бір топ батыс әдебиетшілері дайындаған «Әдебит теориясы» топтамасы да қазақ тіліне аударылды. Танымал ағылшын заңгері Нил Эндрюстің 2 томнан тұратын «Азаматтық іс-жүргізу: Сот өндірісі», «Азаматтық іс-жүргізу: Медиация және арбитраж» еңбегі, Оксфорд университеті баспасынан шыққан 3 томдық «Интеллектуалдық меншік құқығы» оқу құралы, Майкл Паркиннің «Макроэкономика», «Микроэкономика» оқулықтарын да студенттер қазақ тілінде оқиды. Аударылған оқулықтардың толық тізімі мен оқулықтардың электронды нұсқаларын 100kitap.kz сайтынан табуға болады.
Конференция жұмысына қатысқан ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев мұндай бағдарламаның өзге бірде-бір елде жүзеге асырылмағанын атап айтты.
«Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі – үлкен олжа. Бұл, қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алады. Мұндай бағдарлама әлемнің басқа бірде-бір елінде жоқ. Оның ауқымы қандай кең болса, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі де сондай ауыр. Сол себепті бұл жоба алғашқы күннен қоғамның назарында, мемлекеттің қадағалауында. Аударма сапасы және мазмұны тұрғысынан, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру тұрғысынан бұл жоба қоғам және тиісті мемлекеттік органдар тарапынан оң бағасын алды. Сондықтан «Ұлттық аударма бюросы» өз міндетін тиісті деңгейде атқарды деп ойлаймыз. Ол үшін бюро қызметкерлері мен жобаға қатысқан барлық мамандарға ризашылық білдіреміз», - деді Қ. Елеуұлы.
Мәжіліс барысында академиялық орта мұндай ауқымды да күрделі ғылыми аударма жобасының гуманитарлық білім саласына бергені мен жаңалықтарына тоқталды. Кең көлемді аударма жұмысы қазақ тілін халықаралық ғылыми лексикамен байытып, ғылыми терминологияны дамытуға, академиялық жазу стилін жетілдіруге, қазіргі ғылыми зерттеу және баяндау әдістерін игеруге зор мүмкіндік берді. Студенттердің заман талабына сай білім алуына жағдай жасалды.
Аударма және басылымдарды дайындау жұмысына Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарының ғалымдары, тәжірибелі аудармашылар, тілшілер мен әдебиетшілер ортасынан іріктелген редакторлар, жалпы саны 300-ден аса маман қатысты. Жоба аясында әлемдегі оқулық шығаруға маманданған «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson», «Cengage», «Penguin Random House», «McMillan» және басқа да ірі халықаралық баспалармен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнады. Жоба қазақстандық аударма мектебінің күшейіп, жетілуіне, ілгері халықаралық тәжірибе негізінде дамуына жағдай жасады. Аудармашы мамандардың кәсіби білігі жаңа биікке көтерілді.
Аударылған әр оқулық 10 000 дана, жалпы миллиондаған таралыммен еліміздегі 132 оқу орнына тегін жеткізілді. Оқулықтардың электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталына орналастырылып, интернет арқылы еркін қолданысқа берілді.
Сондай-ақ, аударылған оқулықтардың негізінде қазақ және орыс тілдерінде 200 онлайн курс, жалпы 5 мыңнан аса мультимедиалық видеолекция әзірленіп, олар «Қазақстанның ашық университеті» (www.openU.kz) порталына жүктелді. Курстарды дайындауға еліміздің үздік университеттерінің оқытушылары мен профессорлары атсалысты.
«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры – ауқымды аударма жобаларын жүзеге асырушы, ірі ғылыми және көркем аударма жұмыстарын үйлестіруші қоғамдық ұйым. Бюро «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасымен қатар қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және Абайдың шығармашылық мұрасын әлемнің 10 тіліне аудару сынды аударма жобалары, сондай-ақ, Kitap.kz - Қазақстанның ашық кітапханасы, Қазақша Wikipedia, Google-аударма қызметіне қазақ тілін қосу секілді жобаларды іске асырды.