Лондонда Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі жинағы таныстырылды
Танымал британ ақыны, әрі әдебиетші-ғалым, профессор Шон О’Брайен Абай өлеңдерін аударса, «Қара сөздердің» тәржімасын белгілі шотландық ақын, жазушы, профессор Джон Бернсайд жасады. Жинақ Ұлттық аударма бюросы іске асырған Абай шығармаларын әлемнің он тіліне аудару жобасының бір бөлігі.
Covid-19 пандемиясының таралуын шектеу шараларына байланысты жиын Кембридж университеті баспасы мен Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігі және Ұлттық аударма бюросының ұйымдастыруымен онлайн форматта өтті.
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Кембридж университеті баспасының атқарушы директоры Питер Филлипс, Британ кеңесі (British Council) ұйымының ғаламдық желісіне жауапты директоры Кейт Бигс, Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Абай шығармаларын ағылшын тілінде сөйлету жобасына атсалысқан Ш.О’Брайен мен Дж.Бернсайд сынды ақындар қатысты. Кембридж университеті баспасының Ынтымақтастық істері бойынша директоры Кевин Тейлор конференция модераторы болды.
Бұл жолы Абай шығармалары бірінші рет қазақ тілінен ағылшын тіліне тікелей аударылды. Бұған дейін ұлы қазақ ақыны мен ойшылының сөзі ағылшын тіліне орыс тілінен аударылғандықтан мәтіннің түпнұсқадан алшақ тұстары көп кездескен. Бұл жобада қазақ-ағылшын тілін жетік білетін мамандардың жаңа буыны тәжірибелі де беделді британдық аудармашылармен бірлесе отырып, құрылымы мен мазмұны төл мәтінге мейлінше жақын аударма жасауға тырысты.
Шараның алғысөзінде Ақтоты Райымқұлова Абайдың қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ретіндегі орны, сондай-ақ, ұлт болмысына деген зор ықпалы туралы баса айтты.
П.Филлипс жиын барысында «Біз Кембриджде адамдардың қабілет-қарымын жетілдіріп, олардың өз қоғамын, айналасын білім мен ғылымдағы жетістікері арқылы жақсарта түсуіне жол ашуға ұмтыламыз. Дәл осындай ұмтылысты Абай еңбектерінен таптық. Біздің бұл ұстанымымыз қазақстандық әріптестеріміздің де ойымен сәйкес келіп, соңғы он жылдағы серіктестігіміздің негізі болып қаланды. Біздің серіктестігіміз бүкіл Кембридж аумағына, оқытушылар мен зерттеу бөлімдерінен бастап, Кембридж университеті баспасы, Кембридж Ассессментке дейін таралды. Серіктестігіміздің ары қарай да жалғасуын асыға күтеміз», - деді.
Елші Ерлан Ыдырысов жобаға атсалысқан мамандарға алғысын білдіріп, жаңа аударма жобасы Абай еңбектерінің мазмұны мен мағынасын жоғары сапалы деңгейге көтерді деген ойын айтты. Оған қоса, елші жобаның «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы екенін әрі әлемге Қазақстан мәдениеті мен тарихын және мәдени мұрасын таныту принциптері Абай даналығымен үндес екеніне назар аудартты.
К.Эварт-Биггс өз кезегінде Абайдың Байрон, Гете, Пушкин, өзге де авторлар шығармаларын аудару арқылы қазақ және Еуропа мәдениеті арасындағы алтын көпір рөлін атқарғанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан әлеммен етене жақын, халықаралық байланыстарға ашық мемлекет болуға талпынып келеді.
«Бұл жобада Ұлыбританияның Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі болғанына қуаныштымын. Қазақстан біз үшін маңызды елдердің бірі және Британ кеңесі Қазақстанның халықаралық қарым-қатынасында негізгі стратегиялық серіктестердің бірі болуға ұмтылатынын жеткізді. Қазақстан – минералды және табиғи ресурстарға бай ел, бірақ мемлекеттің негізгі байлығы – халқы мен оның біліміне ерекше ден қою ұстанымына тәнтімін», - деді ол.
Ш.О’Брайен Абайдың әлемдік деңгейдегі ұлы ақын, әлеуметтік реформатор және сыншы, модернизатор, өзгеріске ашық тұлға екенін атап өтті. Абай өлеңдерін аудару жобасына қатысу ол үшін үлкен мәртебе әрі қызығы мен қиындығы мол тәжірибе болғанын айтты. Себебі, Ш.О’Брайеннің айтуынша, Абай тарих пен дәстүр, өзгеріс, махаббат пен лирика, діни тақырыптарды арқау еткен ақын болды.
Р.Кенжеханұлы Абайдың шығармашылық мұрасын әлемнің он тіліне аудару жобасы туралы айтты. Әсіресе, Абай сөзін ағылшын тіліне аударудың маңызына тоқталды.
Онлайн-конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен: Ұлыбритания, Германия, Қазақстан, Канада, Нидерланды, Пәкістан, АҚШ, Финляндия және өзге елдерден көрермендер қатысып, «Фейсбук» әлеуметтік желісінде аталған шараны алты жүзден аса адам тамашалады.
Биыл ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігінің бастамасымен тұңғыш рет Абайдың ағылшын тіліндегі әнжинағын басып шығару жоспарланған. Әндердің ағылшын тіліндегі мәтіні музыкалық басылымға ыңғайланып, ноталарымен және әндердің дыбыстық жазбаларына QR-кодтармен қоса басылады. Әнжинақ таныстырылымында қазақстандық және британдық орындаушылардың қатысуымен онлайн-концерт ұйымдастырылмақ.
Сонымен бірге, атаулы датаға орай Елшілік британдық, америкалық және қазақстандық ғалымдардың басын қосып, онлайн-конференция өткізді, сондай-ақ, көрнекті британ қайраткерлерінің атсалысуымен Абай өлеңдерін оқудан челлендж ұйымдастырылды.