Лондон кітап көрмесінде қазақстандық баспа өнімдері таныстырылды
Лондон кітап көрмесінің алғашқы күні «Ұлттық аударма бюросы» мен «Cambridge University Press» баспасы және Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігімен бірлесе отырып, қазіргі қазақ әдебиеті антологияларының ағылшын тіліндегі алғашқы нұсқаларымен таныстырды.
Қазіргі қазақ әдебиеті үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару жұмысы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы негізінде іске асырылуда. Бұл жоба ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі. Жинаққа проза және поэзия бағыттары бойынша 60 автордың шығармасы енді.
Көрме аясында ұйымдастырылған семинарға (талқы) Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, «Cambridge University Press» баспасының білім беру реформасы жөніндегі директоры Джейн Манн, Кембридж университетінің білім беру саласындағы инновациялар жөніндегі директоры және білім беру реформасы мен инновациялар тобының жетекшісі, профессор Коллин МакЛафлин және ақын, «The High Window» басылымының негізін қалаушы Дэвид Кук қатысты.
«Бұл – Британия және Батыс халқын әдебиетіміз арқылы еліміздің тарихы мен мәдениетін таныстыруға бағытталған өте маңызды жоба. Елші ретінде Қазақстанға деген қызығушылықтың күн санап артып жатқанын көру – мен үшін үлкен қуаныш. Бұл жоба осындай қызығушылықты ары қарай арттырып, нығайта түсетін катализатор болады деген сенімдемін», - деді Е.Ыдырысов.
Жинақтардың ағылшын тіліндегі нұсқасы биылғы жылдың қыркүйегінде жарыққа шығады деп жоспарланған. Оны ағылшын тіліне аудару, басып шығару және тарату жұмысымен «Cambridge University Press» баспа үйі айналысады. Танымал университет баспасы жобаға тәжірибелі аудармашылар мен беделді әдебиетші мамандарды тартқан. Өзге тілдердегі антологияларды аударып басу және насихаттау ісіне Испания, Қытай, Египет, Ресей және Франция мемлекеттерінің жетекші баспа ұйымдары атсалысады.
Лондон кітап көрмесі – баспа саласының өзекті мәселелері талқыланып, мамандардың байланыс орнататын келіссөздер алаңы. Көрме шеңберінде халықаралық ірі баспа ұйымдарының өкілдерімен Қазақстанда іске асып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының барысы талқыланды. Атап айтсақ, «Cambridge University Press», «Oxford University Press», «Pearson» және өзге де танымал баспалар жаңа оқулықтары мен кітаптарын «Ұлттық аударма бюросына» таныстырып, оларды аударма жобасына қосуды ұсынды.
Сондай-ақ, Лондон кітап көрмесінде «Атамұра» корпорациясының «Kazakhstan Geography. Atlas», «Dombyra», «The Kazakh Customs and Traditions», «Flowers of Kazakhstan», «The traditions of the Kazakh dastarkhan», «Мектеп» баспасының «Kazakh Ornament», «Алматыкітап» баспасының «Alpamys Batyr», «Koblandy Batyr», «Kozy Korpesh – Bayan Sulu», «National Clothes of Kazakh People», «Felt Art of Kazakhs» сияқты қазақ және ағылшын тілдерінде басылған қазақ мәдениетінің түрлі аспектілері жайындағы танымдық басылымдары британдық оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Әсіресе, «Ұлттық аударма бюросы» ұсынған Ілияс Жансүгіровтің ағылшын тіліне тұңғыш рет аударылған «Құлагер» поэмасы көпшіліктің сұранысына ие болды. Ұлттық аударма бюросы қаржыландырған бұл басылымның ағылшын тіліндегі аудармасын британдық ақын Белинда Кук жасады.
«Жылқы – ирландықтардың да сүйікті жануары, сондықтан болар, кітап сыртындағы жылқы бейнесі көзіме ыстық көрінді. Бұл кітап мен осыған дейін білмей келген тамаша поэзияға ашылған терезе болды”, - дейді Беркбек университетінің студенті Сара Мэй.
Қырық сегізінші рет өткен Лондон кітап көрмесіне әлемнің түкпір-түкпірінен 25 мыңнан аса баспа саласының мамандары жиналды. 1971 жылдан бастап дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Ал Лондон кітап көрмесіндегі қазақстандық экспозиция осымен екінші рет ұйымдастырылды. Қазақстандық баспалардың кітаптары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бренд-белгісімен безендірілген стендтерге қойылды. Бұл шара біздің отандық баспа өкілдерінің халықаралық ірі баспа ұйымдарымен қарым-қатынас орнатуына жол ашады.