Қазіргі қазақ әдебиеті антологиялары француз әлеміне жол тартпақ
Жоба қатысушыларын таңдауға Париждің бірінші округі мэриясы мен елордалық мәдени ассоциациясы қолдау көрсетті. Сондай-ақ, қазақстандық бастаманы жүзеге асыруға француз Ұлттық кітап орталығы да үлес қоспақшы. Бұл орталық басылым сапасын қамтамасыз ететін сыртқы рецензент болмақшы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі комисссия оннан аса француз баспаларынан келіп түскен ұсынысты жіті қарап, сондай-ақ, стратегиялық серіктестер кеңесін ескере отырып, өнер мен әдебиетті насихаттау бағытындағы баспа және аударма саласында 30 жылдан аса тәжірибесі бар «Мишель Де Мол» (Michel de Maule) баспасын таңдады. Баспаның негізін қалаушы әрі бас редакторы – танымал француз тілшісі әрі ақын Тьерри-де-ла-Круа (Thierry de La Croix) меморандумға қол қою сәтінде: «Бұл жоба француз оқырманына жаңа мәдениетті тануға үлкен мүмкіндік береді», - деді.
Париж мәдени бірлестігінің президенті Карла Оригони (Carla Arigoni) жобаның академиялық маңызына тоқталып, антология мәтінінің әдеби және эстетикалық құндылығымен қатар, ғылыми тұрғыда да жоғары мазмұнға ие екенін баса айтты. Ассоциация қазақстандық мәдениетті француз оқырмандарына кәсіби әрі жан-жақты жеткізу үшін әдебиет, мәдениет және аймақтану саласындағы ең беделді, білікті мамандардың басын қоспақшы.
Жоба аясында антологияны Франциямен бірге француз тілі ресми мәртебеге ие елдерде тарату ісін жүзеге асырады. Түрлі мәлімет бойынша, әлемнің 50-ден аса елінде тұратын 220 миллион тұрғын күнделікті өмірде француз тілінде сөйлейді. Бұл мемлекеттерде қазіргі қазақ әдебиеті антологияларын тарату және насихаттау міндетімен французтілді ортада кеңінен танымал Prestige Communication жаһандық коммуникация агенттігі айналысатын болады.
Халықаралық агенттіктің бас директоры Лоран Тайб (Laurent Taieb) Қазақстанның мәдениеті мен рухани жәдігерлерін әлемге танытуда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының рөлі ерекше екенін айтты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде ҚР Президенті жанындағы Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева ынтымақтастық туралы құжатқа қол қоя отырып, серіктестердің назарын аударманың көркемдік сапасы мен басылымның эстетикалық сапасын қамтамасыз етудің маңызына аударды.
Қазақстанның Франциядағы елшілігінде өткен келіссөзге Қазақстан елшісі Жан Ғалиев пен «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Жоба туралы
ҚР Президенті Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы негізінде «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» БҰҰ-ның 6 тіліне аударылады. Жоба Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге танытуды мақсат етеді. Әр антология шамамен 500 беттен тұрады, әрқайсысына 30 қазақстандық автордың туындысы енеді. Антология құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар одағының арнайы жиынында бекітілген болатын.