Блог
ОТАНДЫҚ ФИЛОСОФИЯДАҒЫ ЕЛЕУЛІ ҚҰБЫЛЫС
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы еліміздің білім беру жүйесіне ғана емес, ғылымының дамуына да елеулі ықпал етері сөзсіз. Осы жоба аясында 2018 жылы 18, биыл 30 оқулық жарыққа шықты. Атап өтетін бір нәрсе – олардың алтауы философия бойынша. Олар: Дерек Джонстон. Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін; Энтони Кенни. Антика философиясы; Энтони Кенни. Орта ғасыр философиясы; Энтони Кенни. Қазіргі заманғы философияның бастауы. Энтони Кенни. Қазіргі заман философиясы. Реми Хесс. Философияның таңдаулы 25 кітабы.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша мемлекеттік комиссияның, Ұлттық аударма бюросының бұл таңдауы қоғамның философия ғылымына деген көзқарасын білдіреді. Әл-Фараби «ғылымдардың ғылымы, даналардың данасы, өнерлердің өнері» деп сипаттаған философияны ҚР Білім және Ғылым Министрлігі қолдап, жоғары оқу орындары үшін міндетті пәндер қатарында сақтауы, сонымен қатар, «Философия» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура және докторантураға гранттар санын күрт арттыруы да мемлекетіміздің философия туралы оң шешімінің көрінісі.
Бұл заңды құбылыс. Тарихқа үңілсек, ұзақ уақыт тиым салулар шеңберінен аса алмаған, ұрандар мен қағидалар көлеңкесінде қалған адам тәуелсіздік заманында халқының дүниетанымы, өзі, өмірі, қоршаған ортасы, басқа адаммен арақатынасы секілді сұрақтардың жауабын философиядан іздей бастайды және бұл ізденістер түбінде бүкіл қоғамның өзгеруіне игі әсерін тигізері күмәнсіз.
Сананың ашықтығына септесетін аударма
Оқулық мәселесі, соның ішінде философия оқулығы кез-келген қоғам үшін қашан да өзекті болды. Иммануил Канттың өзі «философиядан жақсы оқулық жазу мүмкін бе?» деп күмәнданған екен. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде жазылған философия оқулықтары баршылық, бірақ шетелдік оқулықтар бізге әлі беймәлім еді. Алайда шетелдік ғалымдардың оқулықтары бізге әлі беймәлім еді, оларға жолды жоғарыда аталған жоба ашқанын атап көрсеткім келеді. Елбасы өзінің мақаласында атап көрсеткен сананың ашықтығы, «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі» дегеніміз осы. Бұрынғыдай өз қазанында өзі қайнаудың заманы өтті, жаңаны сараптаудан өткізіп, пайдалы жағын болашаққа бірге ала бару керек. Қазақ оқырманы тәуелсіздік жылдарында шетелдік 1-2 философия оқулығымен танысты, онда да олар орысшадан аударылған-ды. Еліміздің ғылымы мен білім саласында ерекше құбылыс болған «Мәдени мұра» жобасы аясында түпнұсқалар ғана аударылды. Сондықтан, шетелдік философиялық оқулықтарды аударуды қолға алу өте маңызды іс болды деп айта аламыз.
Аударма – мәдениеттер арасындағы қарым-қатынастарды орнататын негізгі тетіктердің бірі және адамның саналы қызметінің ежелгі түрі. Оған деген қажеттілік әлемнің көптеген елдерінің экономикалық жағынан қарқындап дамуының нәтижесінде, әсіресе 20-ғасырдың басынан арта бастап, жаһандану барысында өте қатты қарқынмен өсе түсті. Ғалымдар оның төрт саласын бөліп көрсетіп отыр: экономика, білім беру, туризм, ғылым. А.Швейцердің аудармаға: «...бастапқы мәтінді сараптау (аудару) негізінде екінші мәтіннің (метамәтіннің) пайда болуы, ол бастапқы мәтінді басқа бір тілдік және мәдени ортада алмастырады» деп берген сипаттамасы біздің аударма қызметімізге сай келеді. Аударманың негізгі екі түрі бар: оқу үрдісіне қатысты аударма және кәсіби аударма. Екінші түрі маңыздырақ, себебі ол тілдік қызмет, түпнұсқаны басқа тілде қайтадан қалпына келтіру, сондықтан әдейі дайындықты, дағдылар мен біліктілікті, шет тілін ғана емес, ана тілін де, бөтен мәдениетті, ұлттық ерекшеліктерді, аударма арналып отырған аудиторияны жақсы білуді, басқа сөзбен айтқанда, эмпатияны – дүниені автордың көзімен көре білуді талап етеді.
Біз аударған оқулықтар туралы айтатын болсақ, Дерек Джонстон өзінің «A Brief History of Philosophy from Soсrates to Derrida» оқулығында философия тарихын философиялық тұлғалардың – Сократ, Платон, Аристотель, Эпикур, Зенон, Аквинат, Декарт, Локк, Монтескье, Спиноза, Юм, Кант, Маркс, Ницше, Витгенштейн, Хайдеггер, Сартр, Дерриданың – шығармашылығын талдау арқылы жеткізген. Бұл – өте қызықты және философия тарихын хронологиялық тәсілмен қарастыруға дағдыланған біз үшін жаңа әдіс. Шынында да, философия тарихын құрайтын философиялық тұлғалар. Философиялық ой оқырман үшін оны пайымдаған тұлғалар арқылы ғана мәнді, К.Ясперстің сөзімен айтсақ, «философия кеңістігіндегі субстанциялардың» қайталанбас дүниесіне үңілу, жеке өмірі мен шығармашылығын талдау, тіпті кейбір өмірбаяндық кезеңдеріне назар аудару (бұл Батыста көп қолданылатын ғылыми зерттеу әдісі) танушы субъектінің тұлғалық қалыптасуына маңызды әсер етеді. Ойшылдардың ақиқатқа жету жолындағы адами және ғылыми тазалығы, философиялық ізденіске деген құштарлығы мен құрбандығы жастарға ой салып, олардың тұлғалық келбетінің қалыптасуына оң әсер ететіні сөзсіз.
Аталған тұлғалардың ілімдерін талдау арқылы Дерек Джонстон оқырманға философияның негізгі бағыттары, мектептері мен ағымдары – материализм, идеализм, онтология, гносеология, этика, эстетика, рационализм, эмпиризм, экзистенциализм, гедонизм, тіл философиясы, өмір философиясы, саясат философиясы, дін философиясы туралы айтарлықтай толық баяндап шыққан. Оқулықта әрбір философтың өмір шежіресі, ол өмір сүрген кезеңдегі маңызды тарихи оқиғалар туралы мәліметтер берілген. Автор өз оқырманын үнемі пікірталасқа шақырып, сұрақтар қою арқылы оның өзіндік көзқарасын қалыптастыруға ықпал етуге ұмтылады. Сонымен қатар, автор тақырыпты субъективтілікке бой бермей, объективті түрде баяндауға ұмтылуы. Бұл ерекшелікті біз, әсіресе, Карл Маркстің философиясын талдауынан байқадық.
Оқулықтың жазылу әдістемесі ерекше. Дерек Джонстон ойын қысқа да нұсқа, қарапайым түрде жеткізеді, осы тұрғыдан алғанда оның баяндау әдісін қазақтың сөз саптауымен салыстыруға болады. Аударма барысында отандық философияның ғылыми айналысындағы ұғымдарды нақтылай түстік, яғни оқулықтың қазақ тіліндегі нұсқасын дайындау ісі біз үшін ғылыми және әдістемелік жағынан пайдалы болғаны сөзсіз.
Оқулық қарапайым тілде жазылған, яғни ол орта мектептің жоғары сынып оқушысына, студентке де, философияны игергісі келген адамдардың бәріне де түсінікті, оқулықтың осы ерекшелігін біз де сақтадық. Автор өзінің оқырманымен тікелей сұқбаттасу, оған сұрақтар қою арқылы пайымдауға жетелеп отыратыны да аса қызықты. Атап көрсететін тағы бір ерекшелік – автордың жеңіл әзілі оқулық мәтінінен жақсы сезіліп тұр, ол оқулық мазмұнын жеңіл қабылдауға септігін тигізеді, себебі философия оңай игеріле салатын ғылым емес, Джонстон осыны түсініп, өзінің оқырманын зеріктіріп алмас үшін арасында күлдіріп отырады. Әрбір тақырып оқырманға қойылатын сұрақтармен аяқталады және олар студенттің өзіндік ой қалыптастыруына, қарастырылған мәселені тереңірек зерттеуіне ықпал ететіндей түрде құрастырылған. Бұл да бізге ой салған әдіс болды.
Бір ізге түскен терминдер
Реми Хесс пен Энтони Кеннидің баяндау тәсілдері күрделірек. Олардың, әсіресе Энтони Кеннидің оқулықтары философияны арнайы зерттейтін студенттерге, магистранттар мен докторанттарға арналған. Мысалы, Энтони Кенни белгілі философтардың ілімдерін жан-жақты қарастырып қоюмен шектелмей, «Эпистемология», «Логика», «Физика», «Метафизика», «Білім», «Құдай», «Саяси философия» және тағы басқа тарауларында олардың көзқарастарын талдауға қайта оралып отырады.
Бұл кітаптардың қазақша нұсқасы қалың көпшілік үшін ғана емес, отандық философия ғылымы үшін үшін пайдалы болары сөзсіз. Негізінен алғанда, көптеген терминдер бұрынғы кеңестік заманда, әсіресе тәуелсіздіктің жиырма жеті жылы барысында қалыптасып, оларды мамандар да, оқырмандар да қабылдап үлгерді. Сондықтан мұндай терминдерді де жалпы қабылданған түрде жеткізуге ұмтылдық. Әлемдік деңгейде қолданылатын және қазақ тілінде ғылыми айналысқа еніп, кеңінен қолданылып жүрген «материя», «субстанция», «субъект», «объект», «категория», «априори», «апостериори», «императив», «форма», «универсалия», «деконструкция» сияқты терминдерді, философиялық бағыттардың атауларын (позитивизм, герменевтика, экзистенциализм және т.б.) сол күйінде бердік. Сонымен қатар, ғалымдармен ақылдаса отырып, бірнеше жаңа терминдерді қолдандық, бұрын қате аударылып кеткен ұғымдарды қайта қарастырдық.
Философия оқулықтары бойынша аудармашылар мен ғылыми және әдеби редакторлардың шағын болса да тобы іріктеліп, қалыптасқанын және олардың сапалы қызмет атқарғанын атап өткен дұрыс.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды» деп атап көрсеткен болатын. Қазақ тіліне аударылған философия оқулықтары қазірдің өзінде көпшіліктің сұранысына ие болды. Республика жоғары оқу орындарында «Философияның» жалпы курсын оқитын студенттер ғана емес, «Философия» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантурада білім алушылар «Мамандыққа кіріспе», «Антика философиясы», «Орта ғасыр философиясы», «Прагматизм философиясы», «Ғылымның тарихы мен философиясы» және тағы басқа арнайы курстар бойынша аса қажетті және ана тілінде дайындалған әдебиетке қол жеткізді, сол арқылы бұрынғы құлдық психологиядан арылды. Аталған оқулықтар «Философия» пәні бойынша ҚР БҒ Министрлігі бекіткен Типтік бағдарламаға енгізілді, әсіресе, студенттердің өзіндік жұмысы ретінде көбірек ұсынылғанын және оқу нәтижелерін сырттай бағалауға арналған тест тапсырмаларына енгізілгенін айта кету керек. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасы оқулықтарды жоғары білім беру кеңістігінде кеңінен қолдану бойынша әдстемелік оқу құралын дайындады және біліктілікті арттыру курстарын өткізді.
Жалпы алғанда, «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы бойынша философия оқулықтарын аудару ісі отандық философиядағы елеулі де пайдалы құбылыс болды және философияның өркендеуіне өзіндік үлес қосқаны сөзсіз.