Блог
ҰМЫТЫЛҒАН СӨЗДЕРДІҢ ЖАҢА ТЫНЫСЫ (сөздікпен жұмыс істеу туралы)
Ана тілінің, үйреніп жүрген шет тілінің сөздік қорын молайтудың ең тиімді жолдары қандай?
Тіл мамандары тілді әрі аударма кәсібін жетік меңгергісі келетіндерге мынадай маңызды кеңес береді:
- сөздердің сөздікте бірінші болып тұрған мағынасын ғана есте сақтап, оны орынды-орынсыз пайдаланудан сақ болыңыз;
- сіз іздеген сөзге арналған сөздік мақаланы ерінбей соңына дейін оқып шығып, сөздің басқа қандай мағыналарда жұмсалатынына назар аударыңыз;
- әсіресе сөздің бұрыннан бейтаныс әрі айрықша мағыналарына көңіл бөлгеніңіз абзал;
- жаңа сөздерді түрлі мысалдар (тұрақты сөз тіркестері, мәтелдер, т.с.с.) мен есте сақтауға көмектесетін нақты әрі абстрактілі бейнелер көмегімен өзіңіздің күнделікті/кәсіби сөздік қорыңызға қосып меңгеріңіз.
Бұл әдістің еш қиындығы әрі жаңалығы жоқ, бірақ оны зейін қойып, шынайы қызығып қолданбайтын болсаңыз, тілдер мен мәдениетаралық байланыстар әлемінде алда біраз «тосын сыйларға» тап болатыныңыз анық.
Бұл туралы неге сөз қозғап отыр дейсіз ғой?
Жақында «Абай жолы» романының үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) мәтінін салыстырып оқуды бастаған едім, бұрын француз тілін оқып жүргенде болған мына бір қызық жайт есіме түсті. Француз тілін үйреніп жүргендерге жақсы таныс Казакова деген ресейлік автордың оқулығында gay (гей) – қазір көпшілікке «гомосексуалист» деген мағынада таныс сөздің кезінде мүлде басқа нәрсені білдіргенін көріп, қатты таң қалдым. Бұрын француздар гей деп көңілді, жайдары, өмірге құштар адамдарды айтқан екен...
Бұл сөздің ағылшын тіліндегі қолданысы да уақыт өте келе осылай өзгерген. Оның қай уақыттан бері және қалай басқа мәнде қолданылып келе жатқанын зерттеген жоқпын (шамасы, Батыста бұл сөз қоғамдық дискурста XX ғасырдың 60 – 70 жылдарынан бастап жаңа мағынада жұмсала бастаған).
Қолда бар аударма (ағылшынша-орысша) сөздіктерді тексеріп көрдім: 1999 және 2004 жылдарда шыққан Оксфорд сөздіктерінде gay сөзінің алғашқы мағыналары ретінде «көңілді», «бейберекет» деген нұсқалар, ал gay colours деген тіркес «ашық түсті (ашық түстер)» деп аударылатыны көрсетілген.
Ал аталған сөздіктің 2006 жылғы және В.К.Мюллердің 2016 жылғы жаңа сөздігінде бірінші орында gay сөзінің бізге қазір жақсы таныс «дәстүрлі емес жыныстық қатынас» мағынасы тұр.
Сөз соңында жоғарыда аталған «Абай жолы» романынан алынған мына сөйлемді аудару мысалдарын келтірейін:
Түпнұсқада: «...қыз-келіншекпен сауық-сайран салмадым ба?»;
Орыс тіліне аударылған нұсқаларда: «…веселился с девушками и молодыми женщинами / развлекал молодух и юных красавиц»;
1970 жылдары ағылшын тіліне аударылған нұсқада: «…having a gay time with the girls».
«Абай жолын» қазір ағылшын тіліне аударатын маманның дәл осы сөйлемде ағылшынның дәл осы gay сөзін қолданатынына күмәнім бар...