Блог
«100 ЖАҢА ОҚУЛЫҚ»: ГУМАНИТАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ ӨРІСІНІҢ КЕҢЕЮІНЕ ЖОЛ АШТЫ
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы гуманитарлық білім саласына айтарлықтай жаңа леп әкелді. Себебі, әлемнің ең үздік деген университет оқулықтарын қазақ тіліне аудару тіл тұғырын биіктету деп түсінемін. Университетте мәдениеттану, философия, этика-эстетика салалары бойынша оқытушылық қызметімді бастағанда, жасыратыны жоқ, қазақ тіліндегі ғылыми ақпарат жұтаңдығы көңілге қаяу түсіретін. Жекелеген мамандар, тіпті, іргелі жоғары оқу орындары өз бетімен қазақ тіліне танымал шетелдік оқулықты аудару мәселесін кешенді түрде шешуге қауқарсыз екенін де жақсы түсінетінбіз. Өйткені, оқулықтың авторлық құқығына рұқсат алу, оның аудармасы мен редакциясын сапалы қамтамасыз ету, басып шығару – тек айтуға ғана оңай, аса күрделі шаруа. Бірақ осы күрделі де маңызды шаруа дер уақытында жүзеге асырылып жатыр. Елбасымыздың тікелей қадағалауымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша былтыр жарыққа шыққан Алан Барнардтың «Антропология тарихы және теориясы» кітабының және биыл аударылған Юрий Лотманның «Семиосфера» кітабының ғылыми редакторы болдым. Болашақта Юрий Боревтің «Эстетика» оқулығын редакцияламақ жоспарым бар. Аталған кітаптардың барлығы да менің мамандығыма тікелей қатысты. Әрі мақтанып айтарлық жайт – Алан Барнардтың кітабын мен кезінде жетекшілік еткен PhD доктор Жұлдыз Жұмашева аударып шықты. Бұл ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі деп есептеймін. Жобаны тиімді жүзеге асыру арқылы біз, біріншіден, қазақ тілінде білім алып жатқан студенттер мен ғылыми ізденушілерге әлемдік ғылымның соңғы жетістіктерімен өз ана тілінде танысу мүмкіндігін береміз. Бұл жоба отандық университеттер беретін білім мазмұны мен деңгейінің әлемдік оқу орындарымен теңесуіне, қосдипломды оқу бағдарламаларын даярлауға жол ашады. Себебі, біздің жоғары оқу орындары мен шетелдік әріптестердің оқу бағдарламаларын үйлестіруге, нәтижесінде отандық гуманитарлық білім саласын заман ағымына бейімдеуге мүмкіндік туғызады. Озық оқулықтар білім сапасын көтеруге, мазмұнын жан-жақты жаңартуға, тың әдістемелерді игеруге, сыни ойлау қабілетін арттыруға негіз болмақ. Оның үстіне, бұл оқулықтардың электронды нұсқалары мен онлайн курстары шығатынын ескерсек, бұл жоба цифрлы Қазақстанға қосқан өзіндік үлес болмақ. Сонымен қоса, антропология оқулығы бойынша көруге ыңғайлы 25 онлайн видеодәріс даярланғандығы да белгілі. Ол да қазіргі заманауи білім беру технологияларын қолдана отырып, қашықтан оқытуға зор мүмкіндік береді. Нәтижесінде ана тіліміздің ғылыми ортада қолдану аясын ұлғайтамыз, қазақ тіліндегі гуманитарлық ғылым өрісінің кеңеюіне мүмкіндік туғызамыз, мемлекеттік тілдің таным көкжиегін кеңейтіп, оны жаңа ғылыми ақпараттармен байытамыз. Демек, қазақ тілінің жаһандық үрдістер ауанында жұтылып кетпей, заманға сай дамуына жағдай жасаймыз. Енді бұл оқулықтарды оқу бағдарламасында қолдану мәселесіне келер болсақ, жобаның алғашқы кезеңінде аударылған оқу құралдары 112 университеттің гуманитарлық бағыттағы факультеттерінің оқу үдерісіне енді. Нақты айтсам, «Антропология тарихы және теориясы» оқулығы Абай атындағы ҚазҰПУ-да тарих, аймақтану, психология, философия, мәдениеттану, менеджмент, экономика мамандықтарында оқытылады. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде де философия, мәдениеттану, дінтану мамандықтарындағы студенттер бұл пәнді негізгі оқу курсы ретінде оқиды. Ал 2018-2019 жылдары аударылған оқулықтар қатарындағы «Семиосфераға» келетін болсақ, ол осы жоғарыда аталған мамандықтармен бірге, барлық тіл мамандықтарында – филология, лингвистика, сондай-ақ, өнертануда сұранысқа ие кітаптар тізімінде тұратынына сенімдімін. «Семиосфера» кітабының авторы Ю. Лотманның өзі ерекше тұлға. Оның тілді ғана емес, жалпы алғанда мәдениетті рәміздер жүйесі, мәтін деп түсінуі семиотика сынды лингвомәдениеттану мен философиялық бағытты туындатты. Қорыта келгенде, гуманитарлық ғылым-білімнің дүниетанымдық рөлін, сана ашықтығын қамтамасыз ететіндігін, жалпы тәрбиелік мәнін ескерер болсақ, онда болашаққа жасалған бүгінгі амалдың бағасы еселеп арта түспек.